Қымбаттым, міне екі ай бойы біздің комиссия лагерлерді аралауда. Екі миллион тұтқын болады деп жоспарлаған немістердің түрмелерінде адам саны үш жарым миллионнан асып кетті. Бұл адамдардың барлығы көмекке зәру және менен қолдау күтеді. Көмектесемін деп уәде бердім. Бірақ айтқанымның бәрі де олардың бір сәт болсын көңілдеріне демеу болсын дегенім. Қолымнан еш нәрсе келмейтінімді біліп, алдауға мәжбүрмін.
Бұл жерде түркістандықтар өте көп. Лагерлерде адам саны шектен тыс. Титтей болсын ағаттығы үшін барар жері айнзацгруппа (өлтірілуі тиіс адамдар тобы). Кеше 35 түркістандықты өлімнен арашалап қалдым, бар кінәсі сүндетке отырғызылған екен (еврейлер де сүндеттелгендер). Қазір қараша айы, олардың біразы жаздық киімімен, біразы тіпті жартылай жалаңаш. Суықтан қорғану үшін жерді қазып тығылуға мәжбүр. Астыларына төсейтін бірдеңе берулерін өтіндім. Итке тамақ берген сияқты нан лақтырады. Су деген мүлдем жоқ. Өзімнен еш көмек болмайтынына қатты қиналып жүрмін. Мынаны көргенімнен өлгенім жақсы еді.
Тіпті, осы лагердің өзінде де түркістандықтар орыс тұтқындардан залым көруге. Мен шыдай алмай, қарсылығымды білдіретін хат жаздым: «Сендер, немістер, өздеріңді Еуропадағы ең өркениетті, білімді адамбыз дейсіңдер. Егер тұтқындарға істегендеріңді мәдениет деп атасаңдар, дәл осындайды сендердің бастарыңа да тілеймін. ХХ ғасырда сендер зұлымдықтарыңмен ХІІІ ғасырда өмір сүрген Шыңғыс ханнан да асып түстіңдер». Бұл хатты оқыған «СС» офицері ойымды тікесінен айтуым артықтау емес пе деп сұрақ қойды. Мен: «Бұл үшін дарға асуға не атып тастауға бұйрық берсеңдер, мен дайынмын. Осындай «өркениетті» қоғамда өмір сүргенімше, өлгенім артық” дедім.
Өзің де түсініп тұрған шығарсың, дәл бұндай жағдайда ұйқы мен тамақты ойлау да мүмкін емес. Күнделікті ондаған шақырым жүріп, лагерлерді аралаймын. Күш сарқылуда. Жиырма бес жыл бойы шет елде жүріп жан күйзелісі ұшырадым. Шаршадым. Туғандарым алыста қалды. Бәрін да түсінесің. Осының бәрін көріп, өмір сүргім келмей кетеді. Өзіңді күт.
Хатты оқығаннан соң, өртеп жібер.
Мұстафа Шоқай, 1941 жыл қараша айы.
Хат Бақыт Садықованың «Мустафа Чокай» еңбегінен алынды. Аударған Рүстем Нүркен. namys.kz