М. Шоқай жөніндегі шетел архивтеріндегі құжаттар Астанадағы көрмеге шығарылды (ФОТО)

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатында қазақ мемлекеттік және қоғам қайраткері, ойшыл, ғалым, Түркістан халықтарының көсемі Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығына орай «Мұстафа Шоқай: Алаш арысы» атты құжаттық көрмесі ашылды.

20150925165412

«Көрмеде алғаш рет Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне қатысты Армения, Венгрия, Мысыр, Иран, Қытай, Польша, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Франция мұрағаттары, кітапханалары мен ғылыми орталықтарынан алынып, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының №83 қорында сақталатын және көрнекті қоғам қайраткерлерінің жеке қорларынан алынған мұрағаттық құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері қойылады», - дейді Ұлттық мұрағаттың өкілдері.

Мұрағаттың баспасөз қызметі атап өткендей, Мұстафа бастауыш білімді ауылда ата-анасынан алып, Ташкенттегі орыс гимназиясын және Петербор университетінің заң факультетін үздік бітірген. Мұстафа Шоқай Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы Саяси бюросында Түркістан халықтарының бірден-бір өкілі болған. Гуманист-ойшыл, демократ, энциклопедиялық білім иесі, ағартушы Мұстафа Шоқай Орта Азия мен Қазақстан халықтары тарихы мен мәдениетінің жоқтаушысы болды, ағылшын, француз, неміс, түрік және араб тілдерін өте жетік меңгерген. Бүкіл ғұмырын ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ар-абыройын қорғауға, шындық үшін күреске арнады. Ұлы Отан соғысы басталысымен нацистер Парижде барлық алдыңғы қатарлы орыс эмигранттарын тұтқындап, Компьен концлагеріне жіберді. Олардың ішінде Шоқай да болды. Үш аптадан кейін оны Берлинге әкеліп, құрамына тұтқындалған кеңес түріктері алынатын Түркістан легионын басқаруға үгіттеген. Мұстафа Шоқай 1941 жылдың 27 желтоқсанында осы лагерьлердің бірінде дүниеден өтті.

inform.kz