Т. Кәкішев: Алаш арыстарының көп жазбасы КГБ мұрағатында жатыр
2015 ж. 20 тамыз
6141
4
Сексен сегіздің сеңгіріне серек те сергек ойымен, қалғып бара жатқан намысымызды қайрайтын қадау-қадау сүңгілі пікірімен жеткен ғибратты ұстаз. Қазақ әдебиетіндегі сын жанры революцияға дейін қалыптасқанын дәлелдеген бейнетқор ғалым. Сәкентану ғылымының негізін қалаушылардың бірі, бірегейі. М.Әуезовтың мейрімін көрген, С.Мұқановтың тәлімін көрген, Ғ.Мүсіреповтың сырын түйген қабырғалы қайраткер. Бұл кім десе, дүйім жәмиғат жаңылмай ол – көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі Тұрсынбек Кәкішев дейтіні анық. Абыз ақсақалмен жолығып, бүкпесіз әңгімелесудің сәті түскен еді.
Ақеділ Тойшанұлы: Тұрсынбек аға, жасырары жоқ, ел үшін қызмет еткен ұлы тұлғаларды бір-біріне қарсы қою, сүзістіру, сол арқылы батыл болып көрініп, арзанқол жарнама жасау – қазіргі қоғамдық өмірімізде зарарлы әдетке айналды. Қайраткер тұлғаның тұтас табиғатын түбегейлі танымай «құдықтағы бақаның көзімен» ұлыларды өлшеу рухани өмірімізге зор кесірін тигізетіні сөзсіз. Бұл тұрғыдан келгенде ұлтына қызмет еткен ұлыларды ақ пен қызылға жіктеу, «алаш, алаш» деп жалаң ұрандау, басқаларды ығыстыру, мәселен Сәкен мен Сәбитті түртпектеу сәнге айналған секілді?
Тұрсынбек Кәкішев: Сәкен жөніндегі зерттеулер бұрыңғыдай емес, себебі: совет үкіметінің құлауына байланысты және оның «Жасасын, Совет үкіметі!» деген өлеңдері болуына байланысты, қазір жұрт, газет-журнал, радио, телевидение төңірегіндегі журналистер, кейбір ғалымсымақтар «Сәбит пен Сәкен болмаса, Совет үкіметі Қазақстанда орнамайтын еді, сондықтан соның барлық күнәһары осы екеуі болды» дегендей пікір қалыптастырып келеді. Басқалар құтылды. Өңгені қойған уақытында Сәбитті алшы: тұлдай жетім, бақыршы бала, кедейліктің барлық тақсіретін көрген. Соған байланысты ол «кедейді әділ билікке жеткізем, елдің бәрін теңдікке жеткізем» деп келген үкіметке қосылмасқа шарасы жоқ еді. Әсіресе, Сәбиттің. Ал Сәкенді алып қараған уақытында, байшікештің баласы, оның ағайын туыстары мыңды айдағандар. Ал әкесі сал-серілікпен жүрген уақытында шаруасына құнттап қарай алмаған. Ал бірақ Сәкеннің Омбыда оқыған кезінде алған тәрбиесі, әсіресе ана Березовскийлермен тағы басқалармен байланысты болған уақытында кедей-кепшікке жәрдемдесу, елді көтеру, жеткізу керек екен дейтін бағытты сол кезде ұққан, ұнатқан. Сондықтан Сәкен бастап, қиналмай-ақ совет жағына шығуы содан. Әсіресе он алтыншы, он жетінші жылдары февраль революциясы болып жатқан тұста Сәкен ағаларына қарады. Алаш азаматтарының не айтатынын, не қоятынын аңдаған, сонда уһ жалғыздық деп жүрген кездері болған. Революция болған уақытында «Асығып, тез аттандық» деп, оқытып жатқан балаларын тастап салып, Ақмолаға келіп, сол жерде «Жас қазақ» ұйымын ұйымдастырған. Сол кезде «Тіршілік» дейтін газет шығарған. Осының барлығы Сәкеннің қара басына керек пе еді? Ал, бұның барлығы елдің мақсатына, «кел жігіттер, болыңдар ер, орғыт тұлпарды» дейтін өлеңдерінің барлығы да сол Октябрь революциясының тұсында жазылуының бір белгісі осы. Сондықтан, ел мақсатын көздеген, елді жеткізу мақсатын көздеген Сәкен, басқа ойы жоқ. Мына қазір алаш қайраткерлері жөнінде үлкен мақалалар жазылып, шаралар қолданынылып жатыр, ал шындығына келген уақытында алаштың көздегені де, Сәкеннің, Сәбиттің көздегені де – қазақ халқының жайы. Бірақ, олардың жолдары екі басқа болды. Алаш қайраткерлері демократиялық ағартушылық бағытпен кетті, ал Сәкендердікі ағартушы революциялық бағыт болды. Тез істеп, тез қамту мақсатын көздеген. Ана жолы мақала жаздым ғой «Сәкен және Троцкий» деген. Неге Сәкен Троцкийге өлең арнады. «Ойпырым-ай, қу ниет, қойдың ғой жеп» деп өзінің кейіпкерлерінің аузына неге сөз салады. Демек, революцияның алып бара жатқан қарқыны, алып бара жатқан бағыты онша болмағандықтан да, анау әлгі Троцкийдің әлемдік революция, тағы басқа пролетарлық әдебиетті жасау мүмкін емес, өйткені біздің әдебиетіміз пролетарлыққа жетілмеген дейтін идеялардың көбі Сәкеннің көңіліне қонған. Сондықтан Сәкен тірі үкіметті басқарып отырған Ленинге өлең арнамайды да, өлгеннен кейін арнады. Көзі тірісінде Ленинге арнаған Сәкеннің өлеңдерін мен білмеймін.
Осы жағынан келген уақытында мына біздің жігіттер бірін біріне қарсы қойып, бір кебісті бір кебіске сұғып отырмаса іштері пысады, онан да тарихта болған құбылыстардың тамырын біліп, соның шындығына жетіп, кім, не үшін күресті, соны фактімен білген дұрыс. Сәкен мен Сәбит қазақ халқын құрту үшін, оңбаған жолға түсіру үшін күресті ме?! Жарайды, олардың жүрген жолы теріс дейік, мына қазақ елінің осыншама көркейіп өсуі, мемлекет болып қалыптасуы ненің арқасы, өткен күрделі де күдір тарихтың арқасы. Олай болса өткеннің бәріне тас лақтыруға болмайды.
Ақеділ Тойшанұлы: Тұрсынбек аға, Сәкентану ғылымына келуіңізге не себеп болды?
Тұрсынбек Кәкішев: Сәкен ақталғаннан кейін Е.Ысмайылов, қазақтың ұлы сыншысы елу жетінші жылы шыққан Сәкен өлеңдерінің жинағына алғысөз жазды. Содан кейін елу тоғызыншы жылы Сәкенге қатысты деректерді жинайтын экспедициялар ұйымдастырды. Елу тоғыз, алпыс, алпыс бірінші жылдары. Сонда мен ол кісінің шәкірті болатынмын, ол менің жетекшім болатын. Маған сенген болу керек: мен экспедицияны басқарып жүрдім. Басқаратын себебім: иә, мен қырық төртінші жылы латын алфавитіндегі Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуін» оқыған едім. Маған оқытқан адам – қазақтың үлкен әншісі Қосымжан Бабақов болатын. Мынау Рабиғаның (Сыздықова емес), қазақтың үлкен әншісінің ағасы еді. Сол, өзі де әнші. Мен қырық төртінші жылы сол Бабақовтың үйінде жатқанда осы Алматыдан М.Төлебаев пен Ә.Ысмайылов, бірі суретші, бірі композитор, сол екеуі бір ай Қ.Бабақовтан ән тыңдап, мынау «Біржан-Сара» операсына көптеген әндерді сол Қ.Бабақовтан алған еді. Сол үйде мен алты ай жаттым: мен де әртіс болғам. Сол екеміз театрда бірге қызмет істегеміз. Сонда оқығам. Үйінде кітаптың не алғы беттері жоқ, не артқы беттері жоқ, кімнің кітаптары екені белгісіз, жұмырланған бірдеңені маған «оқы, оқы» дейді. Ананың ішінде, Ақмоланың адамдары кездескен уақытында өзінен өзі таратып, сөйлеп отырады. Сөйтіп, мен Сәкенді ертеден білетінмін, иә дұрыс айтасың, жабық кезінен. О кезде Сәкеннің атын атауға болмайтын, иә өлі әруақпен де алысты, оқуға тыйым салды.
Сосын университетке келдік. Оқуға түстік, сөйтіп жүрген уақытында сол С.Сейфуллиндерге құдаша боп кездесетін бір қызға кездестім, сол қыз маған айтты: сені С.Сейфуллиннің жесірі көргісі келеді. Сынатайын деп жүр ғой, енді мен үйленетін болғаннан кейін. Содан бардым, барсам әлгі әйел, уақыттың табы да бар шығар, ол Сәкенге онша келіңкіремейтін сияқты боп көрінді маған. Мен де жігіт көзімен қарап отырмын ғой. Бірақ, сөз, іс, айтатын ойды кесіп-кесіп, турап-турап айтқан уақытында, е, бәсе, Сәкенді осындай әйелдер ғана ұстай алады екен ғой дейтін қорытындыға келдім. Ол Гүлбарам Батырбекқызы Сейфуллина. Сәкен ұсталғанда жиырма тоғыз жасында қалған, содан кейін басқаның түтінін түтетпеген үлкен азамат жеңгеміз, апамыз. Осындай байланыстар арқылы елу жетінші жылы Сәкен ақталды, Сәкен ақталған кезде мен сол кісінің үйіне келген-еткен адамдардың қолына су құйған адаммын. Сәбит Мұқанов Мәриям екеуі ең алғаш келіп, сол үйден дәм татты. Құттықтап, бірін бірі құшақтап, бұрын да Сәбит араласып тұрады екен.
1957 жылы 22- қараша күні Жазушылар Одағында С.Сейфуллинді еске алу кеші болды. Сол еске алу кешінде С.Мұқанов екі сағаттай естелік айтты. Сондағы Сәбиттің ұлылығы мынада: сендер бұған дейін қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушы деп мені атап келдіңдер ғой, міне, шын иесі қайтып келді, енді бұдан былай қарай, Сәкен Сейфуллинді атаңдар деп сол жерде айтты. Сол жиналыстың аяғында Жұмағали Саин «оу, Сәкеннің әндері бар ғой, неге айтпаймыз?» деп «Көкшетауды» бастап жіберді. Сонда жұрт орнынан тұрып, «Көкшетау» әнін айтып, әрқайсысының көзінен жас сорғалағанын өз көзіммен көрдім. Содан бастап, «е, Сәкенге еңбектенуге болады екен, Сәкенді насихаттау керек екен» деген шешімге келдім.
Ақеділ Тойшанұлы: Сәкен мұрасын қалай жинастырып, түгендедіңіздер?
Тұрсынбек Кәкішев: Менің Сәкеннің туыстарымен, еңбектерімен жақындығымды сезген де, білген де менің ұстазым Е.Ысмайылов әлгі жерде экспедиция ұйымдастырды, сол экспедицияға үш адам болып шықтық. Алдымен Жаңаарқаға бардық, ақсақалдарға, Сәкеннің құрбыларына кездестік, сөйлестік, осында суреті де бар олардың. Сосын, Қарағандыға келдік, Сәкенді көрген адамдар елу тоғызыншы жылы көбі тірі болатын. Сосын, Ақмола, Көкшетау, Петропавлға бардық, көл-көсір мәлімет жинадық. Ал енді Сәкеннің шығармалары жөнінде келсек, Есмағамбет Ысмайлов бір томдықты шығарды, содан кейін Сәкеннің жетпіс жылдығы таяды. Сәкенді насихаттау, академияның, экспедицияның нәтижелерін елге жеткізуіміз керек қой. Сәкеннің бірінші, екінші томдарын құрастыру қиынға түскен жоқ. Өйткені, дайын кітаптардан алды да берді. Енді қалған прозалық шығармалары бар, газетте жазылып, журналда қалғандары бар. Солардың барлығын жинау үшін мені Ленинградқа, Москваға жіберді архивке. Қазақстанда ескі газет-журналдар толық сақталмаған. Жыртылып, қалғаны бар, кей кітаптар қолды болған. Соның бәрін мен Ленинград, Москвадан алып кеп, сол жиыны алты том болып шықты. Бесінші том «Тар жол, тайғақ кешу» болуға тиіс еді, бірақ ол шықпады, жеке өз алдына сексен мың тиражбен екі рет басылып шықты, сол кезде. Артынан қосамыз деп жүрдік, бірақ бес том болып шыққанның, соның төртінші, бесінші томдары, алтыншы томын да құрастыруға қатыстым. Маңдай терім сол уақта сыпырылды. Алтыншы том әйгілі «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген мағыналы еңбек. Соған Сәбит «Қазақ әдебиетіндегі жаңа эра» дейтін алғысөз жазды. Соңғы сөзі «Халық қазынасы» дейтін атпен менің бір жарым баспа табақтай Сәкеннің халық әдебиетін жинаған еңбектері, қазақтың ежелгі ауыз әдебиетіне сіңірген еңбектері жөнінде біраз нәрселер айттым. Бұл алпысыншы жылдары. Ал енді жетпісінші жылдары, Сәкеннің сексен жылдығы келген уақытында академияның жігіттері, қазіргі Әдебиет институтының, сол алты томнан бес том қылып қысқарта құрастырып шығарды.
Ақеділ Тойшанұлы: Соңғы кезде Сәкенді ұлттан аластатып, қызыл деп қырын қараушылар көп екенін айттық. Алайда сіздің бастап құрастырып отырған Сәкеннің он екі томдық мынау жинағына зер салсақ Сәкен ұлттың жан дүниесінің тұнық тұмасын қорыған нағыз көреген тұлға екендігі байқалатындай...
Тұрсынбек Кәкішев: Қазір біз Сәкеннің он екі томын шығарып жатырмыз. Сөреде тұтас тұр. Мұны шығарып жатқан, «Қазығұрт» баспасы, оның директоры Темірғали Көпбаев дейтін жігіт. Бұл кітапты құрастырып шығарып жатқан екі адамбыз: Тұрсынбек Кәкішев пен Күләш Садыққызы Ахмет. Қазір бұл да доктор болды. Екеміз бірігіп, менің архивімде жатқан дүниені, қазынаның архивінде жатқан дүниелерді жинап, қазір он томын шығардық. Мынау сегізінші, тоғызыншы, оныншы томдар Сәкеннің отызыншы жылдары экспедицияға барып, өзі әдебиеттен сабақ беріп, студенттерге дәріс оқып жүрген уақытында қажет болған жыршы, ақындардың барлығын жинап, шығарған жинақтар. Тіпті, мынау Алпамыс, Едіге батыр, Шора батыр т.б. былай қойғанда, Ақан серінің алғашқы жинағын шығарыпты Сәкен.
Ақеділ Тойшанұлы: Сәкен Сейфуллин 1931 жылы атылып кеткен Ш.Құдайбердиевтің мұрасын да қызыл өкіметтен қорықпай қайта жариялағаны, 1921 жылы жазым оққа байланған діндар ғұлама Ғұмар Қараш туралы зерттеу мақала жазғаны ерлік емес пе?
Тұрсынбек Кәкішев: Сәкен 1935 жылы Шәкәрімнің «Ләйлә-Мәжнүн» дастанын жариялап жіберді. Сонда бар айтқан сөзі: «бұл жырды қазақтың ақыны Шәкәрімнің аудармасы арқылы беріп отырмыз». Бар-ақ ауыз сөз. Одан басқаны айтуға оның правосы да жоқ еді. Ал сол қиын кезде, ұлы ақынды атқан оқ-дәрінің иісі кетпей жатып Шәкәрімді еске алған бір адам Сәкен. Қазір кеудесін керіп жүргендер маған айтсыншы, кім екендерін, ал сол кезде Сәкен тер төгіп Ақмолла ақынды шығарды, мынау татар, башқұрт, қазаққа ортақ шайыр деп. Сол Ақмолланың бұрын жинағын көріп пе едіңдер? Көргендерің жоқ! Ы.Алтынсариннің де өлеңдер жинағын шығарды. Ал қарашы: Бұқар жырау, Базар жырау, Шортанбай, Досқожа, Кемпірбай, Сүйінбай, Шөже. Осылардың барлығын қазіргі жазармандар «мен тауып, мен жеткізіп жатырмын, мен ашып жатырмын» деген сумақай нәрселерді айтады. Ал шындығына келген уақытында Сәкен баяғыда отызыншы жылдары осыны жинаған, жүйелеп жариялаған. Иә болмаса, «Орынбай мен Шөженің айтысы», «Балта мен Шөженің» айтысы, «Кемпірбай мен Шөже», «Жанақ пен Түбек», «Орынбай мен Серәлі», «Орынбай мен Тоғжан», «Құлмағамбет пен Жамбыл», «Құлмағамбет пен Майкөттің айтысы». Міне, көл-көсір еңбек, ұлты үшін соққан жүректің нығметі, берекесі.
Ақеділ Тойшанұлы: Кеңес одағы кезеңінде айтып өткеніңіздей С.Сейфуллиннің алты томдық таңдамалы жинағы жарияланды. Алтыншы томға «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген С.Сейфуллиннің құнды зерттеуі енген еді. Алайда осы жинақтың да қызыл цензураның кездігіне ілінгенін бүгіндері екінің бірі біле бермейтін секілді...
Тұрсынбек Кәкішев: Иә, совет заманында сол «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген әйгілі еңбектің кейбір тараулары расында жұлмаланып шықты. Осында, академияның өзі болсын, баспа болсын, сонда отырған жігіттер Мәскеуді шапқан Едігенің атын естіген уақта қорқып, лақтырып тастайтын, Қазанды қорғаған Шора батырдан да үрейленетін. Сол себептен қайшыға іліккен еді. Қазіргі біз құрастырып отырған он екі томдықта соның бәрін қайта қалпына келтіріп, беріп жатырмыз.
Ақеділ Тойшанұлы: Сәкен Сейфуллин кеңестік Қазақстанда үлкен билікке қолы жеткен санаулы қазақтың бірі. Ол қолында билік барда ұлтына қызмет ете алды ма?
Тұрсынбек Кәкішев: Сәкен Совнарком председателі боп тұрды. Бұл министрлер кеңесінің төрағасы, яғни қазіргі түсінікпен премьер министр дәрежесінде деген сөз. Ол кезде бізге бюджетті Москва береді, С.Сейфуллин билік қолға тиген соң соның тең жартысын оқу ағарту, мектеп салу жұмысына жұмсады. Сәкенге сол үшін партия ұйымы ескерту жасаған. Менің айтатын дауым бар: қазір қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе алып берген кім? Ол – Сәкен. Жиырма екінші жылы декрет қабылдаған уақытында С.Меңдешев, сосын Жанайдар Садуақасов дейтін жан жолдасы Кирцикте отырғанда, қозғалмай, содан Сәкен Ә.Жангелдинді, Әбдиевті, Н.Нұрмақов т.б. жанына ертіп алып, кезексіз сессия өткізіп, қазақ тілін өркендету жөнінде мәселе қойған. Сол жиырма екінші жылы, жиырма екінші қарашада декрет қабылдатқан: қазақ тілін мемлекеттік тіл болсын деп. Сол декреттің копиясы мынау: үйімде сақтаулы тұр. Ал енді сонымен қатар, Сәкен 1922 жылы он бесінші февраль күні «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік!» деп мақала жазды. Біз 1925 жылға дейін «Киргизия» боп келген елміз. Яғни қазақ ұлтының төл атын өзіне қайтарып, мемлекетті қазақ деп атаған Сәкен. Ол жиырма үшінші жылы үкімет басына келген уақытында, А.Байтұрсыновтың елу жылдық тойын өткізді қызыл мемлекет басшысы Совнарком төрағасы бола тұра. Сондағы айтқан сөзі не? «Патша заманының өзінде қазаққа жақсылық ойлаған. Қазақты қалай жеткізем, өркендетем деген мақсатпен халқына шын жаны ашыған, шын ұлтшыл Ахмет Байтұрсынов» деген пікір айтқан. Осыған байланысты, осы пікірге қарсы шыққан адам болды. Ол – Әбдірахман Әйтиев, министр внутренных дел, Сәкеннің қарамағында. Ол «Советский степ» дейтін газетке «Отписки и поправки» деген мақала жазды. Соның екпіні Сәбитке тиді. Сәбит «Қара тақтаға жазылып қалмаңдар, шешендер!» дейтін мақаланы жазған уақта Сәкеннің үйінде жатқан, Сәкеннің қамқорлығын көріп отырған адам. Сәбиттің ең алғаш атағын да, шатағын да шығарған, күні бүгінге шейін Сәбитті ұмыттырмай келе жатқан мақала – осы. Әлгі Сәбит Сәкеннің үйінде жатқан сол кезде.
Сәкен Совнарком председателі болғаннан кейін сәуір айының ішінде сол мекеменің қызметкерлерін жинап алып, істі қазақ тілінде жүргізу мәселесін көтереді. Әлгі жиналысқа қатысып отырған орыстарды былай қойғанда, қатысып отырған қазақтар «иә, бәсе» дейтін сөздерді міңгірлеп қоймайды. Соны көрген, сезген Сәкен «Еңбекші қазақ» газетін, өзі редактор «Істі қазақ тілінде жүргізу» дейтін мақала жазады. Қазақ тілін мемлекет тіліне айналдыру жөнінде Сәкенде тоғыз мақала бар. Ең соңғы жазған мақаласы, ауданның, облыстың басшылығына арнаған «Ашық хаты». «Әй, ағайындар-ау, қазақ тілі мемлекеттік тіл болды, енді істі қазақ тілінде жүргізбейсің бе? Еліңнің жетпіс бес, сексен проценті қазақ» дегенде өңге емес, мынау Баянауылды басқарып отырған басшылар қарсы шығады. Жоқ, орыс тілінде жүргіземіз деп. Құдайдың құдіреті, сол санадағы сары індет күні бүгінге шейін Павлодар секілді өңірлерге жайылып діңкелетіп тұр. Тіпті, әрі беріден соң орыс тілі қазірдің өзінде басымшылықта, үстемдікте. Қаншама тәуелсіздік келсе де, қазақ жөнінде, қазақ тілі туралы тілмен ғана айқайлап айтылады да, нақты іс істелмейтін деңгейге жетті. Сондықтан, Сәкендердің осындай еңбектерін, батылдығын қадірлеу, үлгі тұту – қазіргі басшыларға үлкен сабақ. Алаш көсемі Ахаңның қазақ тілі жөнінде айтқандарына қарсылығым жоқ, қазақ тілін көтергеніне де. Бірақ, қолында мөрі, билік болмағаннан кейін зиялы, оқымыстының асыл сөзі құр сөз болып қалатыны да бар. Ал Сәкен қолында билігі тұрғанда қазақ тілі үшін осындай ірі қадамдарды жасап кетті. Сондықтан, үкімет басынан қудаланып ерте кетті. Екі жылдай ғана уақыт болды премьер министр тағында.
Ақеділ Тойшанұлы:Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында алашорда қайраткерлерін көп сынаған, сол себептен де олардың жазалануына осы роман себепші болған деген пікір бар. Бұл түсінікті өзгерте аласыз ба?
Тұрсынбек Кәкішев: Біз құрастырып отырған осы он екі томдыққа «Тар жол тайғақ кешу» романын алғаш рет 1927 жылғы басылымымен бердік. Оның не ерекшелігі бар: мынау байшыл, ұлтшыл, алашордашылар дегенді құртуға, тұқыртуға үгіттеген адам Сәкен болып отырған сияқты боп көрінеді ғой қазіргі сендерге. Ал «Тар жол, тайғақ кешудің» 1927 жылғы жарияланған нұсқасында мұндай сөздер жоқтың қасы. Келесі жарияланған нұсқаларда қызыл цензура, лито білгенін істеп, тізеге басып, Сәкеннің аузына не секілді күлдібадам әшкерелегіш сөздерді салып жіберген тәрізді. Ал мына 1927 жылғы нұсқада «қазақтың оқығандары, қазақтың төрелері» деген сөздермен алашорда қайраткерлері туралы түсініктерін тұспалдап береді. Ал 1936 жылғысында байшыл, ұлтшылдар, алашордашылар дейтін терминдерді Сәкен өзі қолданды ма, жоқ литода отырған адамдар немесе редактор қолданды ма, мен әлі соны анықтай алмай жүрмін. Ал Сәкен көп жағдайда анау алдыңғы толқын ағаларына ілтипатпен қарап отырған. Тек Ә.Бөкейхановқа төніп кететін тұстары көп болды «Тар жол, тайғақ кешуде». Ал Ахмет Байтұрсынов жөнінде айтып отырғаны әлгі «шын ұлтшыл» деген. Ал ұлтшыл дегенді жаман сөзге айналдырып алдық қой.
Ақеділ Тойшанұлы: Сонда «Тар жол, тайғақ кешудің» 1927 жылғы нұсқасы алғаш рет жарияланып отыр ма?
Тұрсынбек Кәкішев: Алғаш рет. Бірінші том сонымен басталады. Соның соңғысы отыз алтыншы жылғымен аяқталады. Себебі, екеуінің арасы біраз нәрсе. Бұлай етіп отырғанымыз, мынау Күләш Сәкеннің сол жиырма жетінші жылғысын зерттеп, сондағы алшақтықтардың бәрін ашып, тіпті «Сәкен және Алаш азаматтары» деп Сәкеннің жүз жылдығында мақала жазып, С.Қирабаев, М.Базарбаев, Р.Нұрғалиев, сосын мені, барлығымызды сынап өткені бар. Бұлар 1936 жылғымен ғана сөз сөйлеп келе жатыр деп. Ал шындығына келгенде Сәкеннің мынадай мынадай ағаларына айтқан сөздері бар деп, нақты цитаттармен сөйлеген.
Ақеділ Тойшанұлы: Сәкен шығармаларының түпнұсқасы, қолжазбасы сақталмаған ба, іздестіріп көрдіңіз бе?
Тұрсынбек Кәкішев: Қолжазбасын көргем жоқ. Оны әйелінен, тағы басқалардан сұрадым. Архивте жатса, жатқан шығар. КГБ-ден де іздедім. Ондағы жігіттер атып тастаған соң, оның қағазын аяйды дейсің бе деп жауап берді, бастығына шейін. Е.Ысмайылов екеміз Арыстанбековке дейін барғамыз. Жоқ. Артынан мен «Сәкен соты» дейтін еңбек жаздым. Архиві де тұр. Сол архивінде көп қағаздар жоқ. Ал мен соны сұрастырған уақытында әлгілердің айтқаны сол. Ол жігіттердің айтқанына сенбеймін, олай ойламаймын, Бейімбеттің де, Ілиястың да қағаздары сол қараңғы қапастың бір түкпірінде жатыр. Бір нәрсе айтайын: мынау біздің архивімізге ие болып отырған КГБ ғалымдарға әлі күнге дейін сенбейді. Әлі күнге шейін. Сәкеннің материалдарын оқып отырғанда қасымда, аңдушы старшый лейтенант отырады «не надо переписывать, читайте, и запомните» деп. Тоқсан үшінші жылдары сондай болды. Ал қазір қандай екенін білмеймін. Байқауымша қазір де сақтықтар жүріп жатыр.
Өмір шындығын айтуға келгенде, Сәкенде бір қылаудай өтірік жоқ, істеген ісі мен еңбегінде де. Анау жиырма жетінші жылғы «Тар жол, тайғақ кешу» бар ғой, сол кезде алаш қайраткерлерінің бәрі тірі болған. «Әй, Сәкен не айтып, не істеп отырсың?» деген біреуінің сөзі жоқ. Тек қана Н. Төреқұловтың бір мақаласы: «Сәкен аспанда қанша жұлдыз бар екен? Қанша сұлуларды көрдің?» деп қағытқан мақаласы болған. Басқа ештеңе болған жоқ. Ал алаш қайраткерлерінің ешқайсысы, ол кітапты оқымады емес, өйткені оның алғашқы тараулары жиырма үшінші жылдан бастап, «Қызыл Қазақстан» журналында жариялана бастаған.
Ақеділ Тойшанұлы: Сіз Р.Бердібаев, Ә.Нарымбетовтермен бірге 1958 жылдары қазақ тілінің мәселесін көтеріп мақала жазып, билік тарапынан біраз қыспаққа түскен нағыз ана тілдің жанашырысыз. Өкініштісі көптеген зиялы ағаларымыздың баласы орыс тілді мектептерде оқиды бүгіндері де. Өз балаларыңыз қазақша сөйлей ала ма?
Тұрсынбек Кәкішев: Ана тілін ұрпақтың зердесіне құятын алдымен ана. Әлгі сен айтып отырған өзі қазақша сөйлеп, баласы орысша сөйлейтін зиялылардың үй-іші, не келіні орыс тілді-ау. Соңғы кезде қыздарымыз басқа тілде сөйлемек түгіл именбей-ақ шетелдіктерге қосақталып кете беретін болды. Қазақтың интеллектуалды потенциалы қыздардың бойында кетіп бара жатыр жат елге. Өйткені оқитын жастарымыздың жетпіс, сексен проценті қазақтың қыздары. Және олар шүлдірлеп орысша сөйлейді. Тапқан балаларын орысша тәрбиелеп жатыр. Совет кезінде тіл білмейтін қазақтар қырық болса, қазір алпыс пайызға шығып отыр. Айттым, оған үлес қосып отырған қарагөз қыздарымыз. Мен өңгені білмеймін. Өз үйімде бар. Келінім қазақша білмейді. Екі баласын 12, 159-мектепке таксилетіп барып, трамвайлатып келіп жүріп қазақ тілінде оқытып бітірттім. Бірақ үйге келген уақытта шешесінің ыңғайымен немерелер кейде орысша сөйлеп кетеді, мен оларға тәк-тәк деп отырам.
Ақеділ Тойшанұлы: Сіз қазақ сынының тарихын зерттедіңіз. Өзіңіз де сыншысыз, баспасөзде үнемі қазіргі қоғамдық өміріміз туралы сыни пікірлер айтып отырасыз. Сыншы болу үшін адамда қандай қасиет болу керек?
Тұрсынбек Кәкішев: Адалдық болу керек. Сыншы – адалдықтың күзетшісі. Менің жан әлеміме адалдықтың да, адамдықтың да нілін жұқтырған – Сәкен. «Тар жол, тайғақ кешуде» жүрсе де Сәкен тура сөйлеген. Адалдықты, Сәкенді, Сәбитті ұнатпаған адамдар мені де ұнатпайды. Өйткені шындықты айту, жазу қай заманда да оңай болған емес.
Әңгімелескен - Ақеділ Тойшанұлы,
фольклортанушы ғалым
Түйінсөз:
Сәкен 1922 жылы он бесінші февраль күні «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік!» деп мақала жазды. Біз 1925 жылға дейін «Киргизия» боп келген елміз. Яғни қазақ ұлтының төл атын өзіне қайтарып, мемлекетті қазақ деп атаған Сәкен. Ол жиырма үшінші жылы үкімет басына келген уақытында, А.Байтұрсыновтың елу жылдық тойын өткізді қызыл мемлекет басшысы Совнарком төрағасы бола тұра.