ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТҮБІНЕ ЖЕТКЕН КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ ОРЫС ТІЛІ ТУРАЛЫ БІР СӨЙЛЕМ!..
2014 ж. 31 тамыз
11168
12
СОЛ СӨЙЛЕМ ҚҰРЫМАЙ, ТІЛІМІЗ КӨГЕРМЕЙДІ!..
Қазақстандағы тіл дамуының саяси-әлеуметтік проблемалары
Алдымен цифрларды сөйлетейік. 1999 жылғы санақ бойынша, Қазақстан халқы 14 953 13 мың болса, ұлттық құрамы төмендегіні көрсетті: қазақтар - 7 985 000 (53,4%), орыстар - 7 985 000 (29,96%), украиндар - 547 100 (3,66%), өзбектер - 370 000 (2,48%), немістер 353 400 (2,36%), татарлар - 249 000 (1,66%), ұйғырлар - 210 400 (1,41%), белорустар - 111 900 (0,75%), корейлер - 99 700 (0,67%), әзербайжандар - 78 300 (0,52%), түріктер (75 900 (0,51%), поляктар - 47 300 (0,32%), дұнғандар - 36 900 (0,25%), шешендер - 31 800 (0,21%), тәжіктер - 25 700 (0,17%), башұрттар - 23 200 (0,16%), молдавандар - 19 500 (0,13%), ингуштер - 16 900 (0,11%), мордвалар - 16 100 (0,11%), басқалары 142 000 (0,9%). Сонымен бірге жалпы саны 200-ден аспайтын 64 абазиндық, 185 абхаздық, 126 агул, 130 адыгей, 46 албан, 8 алеут, 33 белуджи, 30 веппсс, 25 долған, 15 ижор, 2 ителмен, 28 қарайым, 5 кет, 48 коряк, 3 лив, 8 манси, 19 нанай, 83 ненец, 1 негидаль, 8 нивх, 4 ороч, 313 рутуль, 20 рушан, 2 саам, 3 селкуп, 1 серб, 48 словак, 51 тат, 29 тофалар, 35 тува, 47 удэгей, 3 ульч, 39 хорват, 24 хантый 17 цахур, 19 чукот, 21 шугнан, 30 эвенк, 28 эвен, 6 юкагир, 115 якут мекендеген (Э. Д. Сулейменова, Ж. С. Смагулова. Языковая ситуация и языковое планирование в Казахстане. Алматы, 2005, 15, 19-20 беттер). Осы санақ бойынша, Қазақстанда тұратын қазақтардың 88 пайызы, орыстардың 3,6 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлей алған; қазақтардың 92,4, орыстардың 0,8 пайызы қазақ тілін ана тілі санаған (Сулейменова Э. Д. Языки народов Казахстана. Алматы, 2007, 43-44 беттер). Ал орыстар өздерінің ана тілін 100 пайыз меңгеріп, 14,9 пайызы қазақ тілінде сөйлей алады. «Соңғы санақ мәліметтеріне сүйенсек, орыстар –3 774 000, өзбектер – 470 000, ұйғырлар – 227 000 адам санын құраған екен. ҚР Статистика агенттігінің мәліметінше, қазақтар саны өткен санақпен (1999) салыстырғанда 26,1%-ға өсті және 10 098,6 мың адамды құрады. Өзбектер саны 23,3%-ға өсіп, 457,2 мың адамды, ұйғырлар - 6%-ға өсіп, 223,1 мың адамды құрады. Байқағанымыздай, еліміздегі өзбек, ұйғыр ұлттарының саны арта түскен. Керісінше орыстар саны 15,3%-ға азайып, 3797,0 мың адамды құрады, немістер - 49,6%-ға азайып, 178,2 мың адамды, украиндар - 39,1%-ға азайып, 333,2 мың адамды, татарлар - 18,4%-ға азайып, 203,3 мың адамды, басқа этностар - 5,8%-ға азайып, 714,2 мың адамды құраған көрінеді» (Б. Карипов. Қазақстан түркі-моңғол мемлекетіне айналады. «Қазақстан-заман», 06.05.2014). Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы: қазақтар 65,5%; орыстар - 21,5%; өзбектер - 3%; украиндар - 1,8%; ұйғырлар - 1,4%; татарлар - 1,4%; немістер - 1,1%; кәрістер - 0,6%; әзірбайжандар - 0,6%; дүнгендер - 0,4%; белорустар - 0,4% . Қазір (01.01.2014) республикадағы қазақтардың үлесі облыстар бойынша Ақмола 49,2%; Ақтөбе - 81%; Алматы - 69,7%; Атырау - 91,8%; Батыс Қазақстан -74,3%; Жамбыл - 72%; Қарағанды- 49,1%; Қостанай - 38,8%; Қызылорда - 95,8%; Маңғыстау - 90%; Оңтүстік Қазақстан - 72,8%; Павлодар - 49,8%; Солтүстік Қазақстан - 34,2%; Шығыс Қазақстан -58,4% (Б. Бейсенұлы. Қазақтың қарасы көбейіп келеді. «Айқын», 22. 08. 2014) болып отыр. Ал енді осыларды сандық көрсеткіші жағынан ретімен орналастырғанда: 1. Қызылорда - 95,8%; 2. Атырау - 91,3%; 3. Маңғыстау - 90%; 4. Ақтөбе - 81%, 5. Батыс Қазақстан - 74,3%; 6. Оңтүстік Қазақстан - 72,8%; 7. Жамбыл - 72%; 8. Алматы - 64,2%; 9. Астана қаласы 63,4% 10. Шығыс Қазақстан - 58,4%; 11. Алматы қаласы - 56,1%; 12. Павлодар - 49,8%; 13. Ақмола - 49,2%; 14.Қарағанды - 49,1; 15. Қостанай - 38,8%; 16. Солтүстік Қазақстан - 34,2%;. Бұл көрініс бойынша, қазақтар негізінен, республиканың батыс және оңтүстік облыстарына шоғырланған. Ал республиканың теріскей, орталық өлкелеріндегі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарындағы қазақтардың үлесі тұрғын халықтың жарымына да жетпейді. Міне, осы бір солтүстік облыстардағы демографиялық ахуал мемлекеттік тіл саясатын қарқынды жүргізуге теріс әсерін тигізіп отырған бірден-бір негізгі фактор болуда. Профессор Э. Д. Сүлейменованың мына бір деректері ойлантпай қоймайды. Қазақ тілі мектепте 49,2%, жұмыста 31,2%, достармен ортада 47,2%, көршілермен араласқанда 51,2%, дүкендерде 24,8%, көлікте 27,6%, банктерде 22,4%, мемлекеттік мекемелерде 29,6%, базарларда 30,0%, газет-журналдар оқығанда 38,4%, көркем әдебиет оқығанда 48,8%, ғылыми әдебиеттерді оқығанда 45,6%, радио тыңдағанда 35,2%, теледидар көргенде 31,2%, интернетте 17,6%, компьютерде 16,8%, әскерде 28,0% қолданылады екен. Ал қазақ тілін орыстардың 1,8 пайызы жұмыста, 0,9 пайызы достарымен кездескенде 0,9 пайызы базарда ғана қолданып, басқа жерлердің барлығында да орыс тілін пайдаланған (сонда, 46-бет) . Осы мәліметтерге назар аудара қарасақ, Қазақстанда қоғамдық өмірдің барлық саласында дерлік, орыс тілі қазақ тілін ығыстырып, басымдық танытып тұр екен. Өзбектердің 97 пайызы ана тілінде, 80 пайызы қазақ, ұйғырлардың 81,3 пайызы ұйғыр, 80,5 пайызы қазақ тілдерінде сөйлей алады. Осы көрсеткіштердің өзі-ақ Қазақстанда өзге ұлттарға, олардың тілдеріне жасалынып жатқан жағдайлардың өз дәрежесінде екендігін аңғартса керек. Өздерінің ұлттық ортасы жоқ болғандықтан да осы аз санды ұлт өкілдерінің дені ұлттық болмысын жоғалта бастаған. Барлығын тізбелемей-ақ, Қазақстанда тұратын түркітектес алтайлықтардың 14,5, балқарлардың 26, гагауыздардың 15,2, ингуштардың 58,2, қарақалпақтардың 21,4, қарашайлардың 13,7. құмықтардың 32,7, ноғайлардың 20,9, якуттардың 7, қырым татарларының 37,1, месхет түріктерінің 84,7; хахастардың 16,9, шорлардың 14,6 пайызы ғана ана тілін меңгерген. Бұл жерде назар аударатын тағы бір мәселе: Қазақстанда тұрғандықтан да бұлардың тілдерінің әлсіреуіне қазір елдің үштен екісіне жуығының ана тілі саналып отырған қазақ тілі емес, жиырма пайыздан сәл-ақ астам орыс тілінің ықпалы айтарлықтай болып отыр. Бүгінгі таңда (01.04.2013) қазақ елінде барлығы 130-дай этносқа жататын 17 миллион халық тұрады. Оның ішінде қазақтардың саны - 11058 мың адам, немесе 65,2 пайыз, орыстар - 3698 мың (21,8%), өзбектер 511 мың (3%), украиндар - 306 мың (1,8%), ұйғырлар - 243 мың (1,4%), татарлар - 203 мың (1,2%), немістер 182 мың (1,1%), басқалары - 766 мың (4,5%). Осы деректерге зер сала қарасақ, елімізде 11 миллионнан астам қазақ, 6 миллион басқа ұлт өкілдері, ары қарай нақтылай түссек, 1,5 миллион түркітектес, 2 миллиондай мұсылман тұрады екен (А. Тойшыбайұлы. Тіл бірлігі - мемлекет тәуелсіздігінің кепілі. «Ислам және өркениет», 11-20.12.2013.) Жуырда ғана Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смаилов республикадағы «қазақтардың үлесі 65,6 пайызға жетті» («Дат», 20.02.2014)-деп мәлімдеді. Халықаралық өлшем бойынша, жергілікті ұлттың көрсеткіші жалпы халықтың үштен екісінен асса, мұндай мемлекет бір ұлтты (моноұлтты) мемлекет саналады. Демек, халықаралық стандарт өлшемімен біз осы уақытқа дейін көпұлтты мемлекет болып келдік. Осы себептерден де Қазақстандағы тіл саясаты көптілді ел тұрғысынан жүргізілуде. Зерттеушілер көбіне республикадағы жалпы тілдік ахуалды, мемлекеттік қазақ тілінің көптілділік жағдайындағы басқа тілдермен қатар өмір сүру барысында туындаған проблемаларды анықтап, саралаумен шұғылданды. Қазақ тілін әлеуметтік тұрғыдан зерттеп жүрген философ Қ. Жүкешевтің пайымдауынша: «Қазақ тілі Х1Х ғасырдың екінші жартысына дейін қазақ қоғамымен біртұтас, оның аграрлық болмысына сәйкес дамыды. Оның тоқырауы Қазақстанның Ресейге толық бағыныштылыққа түсуімен байланысты болды. Қазақстанға орыс тілінің келуі, оның қызметіне толық жағдай жасалуы қазақ тілінің өмір сүру ареалын тарылтып жіберді және бұл шара үкімет тарапынан пәрменді жүргізілді. Қазақ тілі қоғамдық-экономикалық өмірден, әкімшілік іс жүргізуден шеттетілді. Соның салдарынан біртіндеп, өзінің онтологиялық және конститутивтік қасиеттерінен айрыла бастады. ХХ ғасырдың екінші жарымынан басталған халық шаруашылығын индустрияландыру шаралары қазақ тілінің қолданылу аясын одан ары тарылтты - ол өнеркәсіпте, ғылым мен техникада мүлдем қолданылмайтын, саясатта, мәдениет пен білім салаларында ішінара ғана қолданылатын тілге айналды. Біртіндеп ұлттық тұтастықтың іргесі сөгіліп, орыс тілінде сөйлейтін, менталитеті басқа социум пайда болды. Жыл өткен сайын ол белең алып, екіжақты шынайылық - қазақ өміріндегі рухани дуализм орнай бастады. Алдымен, сауатты адамдардың өміріндеорын алған қазақша-орысша екідайлық кейінгі кезеңде бүкіл халық бұқарасына таралып кетті. Орыс тілінің ықпалының артуы қазақ тілінің ықпалының кемуімен қабаттас жүріп отырды. Кеңес Одағының құлауы алдында қазақ тілі мен ұлттық мәдениеттің жағдайы апаттық межеге дейін жетті»-дей келіп, мұның себебін «Бұл құбылыс қазақ ұлтының кінәсі нен немесе қазақ тілінің қауқарсыздығынан емес, тіл мәселелерімен айналысушылардың тарихтың сол сатысында ұлттық мәдениетті, тілді сақтап қалудың баламалы жолын көре алмауының салдарынан орын алды. ...тілші ғалымдар өздерінің теорияларын сол баяғыша құрып алып, тіл мәселелерін үйреншікті шеңберде ғана қарастырудан аспады. Соңғы 70 жыл ішінде тіл білімдері аясында сіресіп, қатып қалған қағидалар, азаматтық қоғамы адамы қабылдай алмайтын, индустриялы нарық жағдайында орындалмайтын, қиындатылған ережелер пайда болды. Қазақ тілінің «байлығы» және «бейнелілігі» туралы қағидалар осы уақытқа дейін үстемдік құрып, қазақ тілінің имманеннті ерекшеліктері ретінде санаға орнығып алды... Біріншісі - Қазақстандағы тіл мәселелерін шешуге құзіретті ең басты интеллектуалдық күш - қазақ лингвистері өздерінің қарауына берілген ғылымдағы міндетін өзгелерге аударып қойып, бұл мәселені барынша ушықтырды. ...қазақ тілін индустриялы қоғам жағдайында әмбебап қолдануға даярлау және мемлекеттік тіл ретінде орнықтыру мәселесін ғылыми жолмен шешуге қазіргі қазақ лингвистикасының шамасы жетпеген... Екінші себеп - қазақ тілші ғалымдары өздеріне тиесілі миссиясын атқаруға шамасы келіп тұрса да, оған зауықты болмағандықтан бағытты өзге жаққа әдейі бұрып жіберген» (Жүкешев Қ. Мемлекеттік тіл: қазіргі күйі және даму философиясы. Алматы, 2008, 13-14, 114, 125- беттер)-тұрғыда көрсеткен. Бұл жерде Жүкешевтің қазақ тілінің осындай күйге ұшырауының себеп-салдарларын әлеуметтік-саяси, ғылыми тұрғыдан дәл көрсетіп отырғанына айрықша мән берумен бірге оның мұндай жағдай «тіл мәселелерімен айналысушылардың тарихтың сол сатысында ұлттық мәдениетті, тілді сақтап қалудың баламалы жолын көре алмауының салдарынан орын алды» деген сияқты тілші ғалымдарды айыптау, қазақ тілінің «байлығы» мен «бейнелілігіне» күмән келтіру, мемлекеттік тіл болуға қазақ лингвистикасының шамасы жетпеді деген сияқты субьективтік пікірлерімен келісу қиын. Бұлайша тұжырым жасау қазақтың болашағын оның тілінің болашағынан көріп, осы жолда күресіп, опат болған қаншама боздақтардың, сыпайылап айтқанда, аруақтарын сыйламағандық болып табылады. Осы жерде тағы да бір еске сала кететін жәйт: ұлт үшін, тіл үшін күрес не бір қиын-қыстау кездерде де бір сәтке де еш уақытта да тоқтаған жоқ; тоқтамайды да. Өйткені, тіл майданы - мәңгілік майдан. Кезінде ұлт көсемдері бастаған ұлт үшін мәңгілік ұлы майдан тәуелсіз ел болған бүгінгі күндері де жүріп жатыр. Тәуелсіздіктерін алған соң, басқа ұлттар уақытты босқа жібермей, бірден бодандықтың былықтырған ауруларын емдеуге кірісіп кетті де ұлттық дамуға кедергі келтіретіндердің барлығынан дер кезінде арыла білді. Ал бізде отарсыздану саясаты жүргізілмеді де халқымыздың болмысына ғасырлар бойы батпандап кірген әлеуметтік кеселдер енді оған қолайлы қоғамдық – психологиялық жағдайларды барынша шебер пайдаланып, мысқалдап та шықпай жатыр.


Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
С. Демирел атындағы университет
ректорының кеңесшісі, филология
ғылымдарының докторы, профессор.
qazaquni.kz