Қазақша білмейтін министр елге қауіпті
2014 ж. 15 маусым
2526
3
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке риза болдық. Шыны керек, жағымпаздық пен жампоздықтан аулақпыз. Дегенмен, оның Астанадағы тау-кен металлургия конгрессінде өзінің құттықтау сөзін таза қазақ тілінде оқып бергенін ерекше атап өткіміз келеді.
Әрине, қазір кейбір министрлердің қазақ тілінде сөйлеуге тырысып жатқаны байқалады. Олар сұрақ-жауап кезінде барын салып, тұщымды ақпарат беруге талпынады. Алайда солардың ішінде мемлекеттік тілге атүсті қарайтындар да аз емес. Ауызекі тілде сөйлегеннен бұрын жазылған нәрсені оқи алмай жатады. Ал дауыстарында тілге деген құрмет ешбір сезілмейді. Ондайда не күлеріңді, не жыларыңды білмейсін.
Алысқа бармай-ақ қояйық, «24 KZ» телеарнасы тікелей эфир арқылы күн сайын баспасөз мәслихаттары көрсетіліп отырады. Міне, содан біздегі басшылардың мемлекеттік тіл тұрғысынан қаншалықты сауатты екенін анық байқауға болады. Мәселен, жақында өткен баспасөз мәслихаттарының бірінде бір «көкеміз» өз баяндамасының қазақ тіліндегі үш минуттық кіріспесін де дұрыс оқи алмады. Сол кезде біз ондаған қателерді санамалап шықтық. Атап айтқанда, "сулы" деген сөзді "сұлу", "бағдарламаны" - "бағрлама", "әкімдіктерді" - "әкімдігдер", "жаңғыртуды" - "жаңғарту", "көрсетілетінді" - "көрсілетін", "кешенді" - "көшен", "өңдеуді" - "еңдеу", "қағидатты" - "қағиғат", "мерзімді" - "мірзім" деп ежіктеп оқып, баяндамадан мән де мазмұн да кетіргені есте. Соның салдарынан оның қазақ тілінде жасаған кіріспе сөзі жартылай түсініксіз болып қалды. Сонда мемлекеттік қызметте жүрген осы азаматтар өздерін тікелей эфир арқылы бүкіл қазақ халқының көріп отырғанын білмей ме? Жоқ, әлде, түсінбей ме?
Бас кезінде мемлекеттік қызметкерлер үшін қазақ тілін білу міндетінің енгізілгенін жақсы білеміз. Дегенмен, ол талаптың нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Тілді білу ол бір басқа, ал оны меңгеріп, сауатты түрде сөйлей білу мүлдем басқа мәселе екен. Содан болар, мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін меңгеру тілді дамытудың екінші кезеңі аясында маңызды міндеттердің бірі ретінде қарастырылып отыр. Бұл мәселе жақында Үкімет отырысында қаралып, ол жайында Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндаған. «2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы болып саналады. Осы мемлекеттік бағдарламаны орындаудың үш кезеңі бар. Қазір 39 іс-шарадан тұратын 2011-2013 жылдарға арналған бірінші кезең аяқталды. Соңғы үш жылдың ішінде мемлекеттік тілді оқыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. «Қазтест» жүйесін жетілдіру жұмысы аяқталды. Қазақ тілін оқытуға арналған бес деңгейлі әдістемелік кешен әзірленді. Қазіргі кезде аталған кешен барлық оқыту орталықтарына таратылды. Ендігі кезекте, мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін меңгеруді міндеттеген дұрыс. Біз оны 2015 жылдан бастап орталық және жергілікті атқарушы органдарының стратегиялық жоспарларына "Қазтест" жүйесін енгізу арқылы бірте-бірте шешетін боламыз», - дейді министр.
Негізі, қазіргі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың мемлекеттік тілге қатысты ұстанымын бұған дейін де байқағанбыз. Үкімет отырыстары да бірді-екілі бастан-аяқ мемелкеттік тілде өткен-ді. Сүйтіп, қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының өзі де мемлекеттік тілдің мәртебесін кәдімгідей сезіп қалған. Дегенмен, Үкімет мүшелері әлгіндей тәжірибені қоя тұруды жөн көрген тәрізді. Дегенмен, дәл қазір министрлер түгел тек қазақ тілінде ғана сөйлесін деген бұйрық берілсе, олардың барлығы «мылқау» болып қалатын сияқты көрінеді.
"Алаш айнасы", Арман Асқар