Абылай-Алашорда-Нұрсұлтан: үш дәуір, бір идея
2014 ж. 02 маусым
2729
4
Мойынуымыз керек, Алаш идеясы – ең алдымен аман қалу идеясы. Абылайдың заманында да, Алашорда дәуірінде де және бүгінгі таңда да қазақ алпауыт елдердің азуынан аман болуды ғана ойлап, сол үшін амал жасап жатқан жұрт.
Бөрі арығын білдірмес деп желке жүнімізді қанша күдірейткенімізбен шама-шарқымыз белгілі, аюмен алысып, айдаһармен жұлысатындай қауқарымыз жоқ. Бұл бөтеннен қорқу, жаттан жасқану да емес, бұл – шындықты мойындау. Абылай да, Алашорда да мойындаған шындық. Салыстыра айтсақ, 200 келі тартатын алыппен 30 келі салмағы бар бозбала қанша жүректі болса да күресе ала ма?! Жағаға жармасса өзін-өзі жарға итергені. Оны тек ақылды айла-тәсілмен, салқын сабырмен және жүректегі сеніммен ғана жеңе алады.
Біз күрестің осы жолын таңдағанбыз. Біз емес-ау, бұрынғы дана бабаларымыз сол жолмен жүрді, кешегі ақылды ағаларымыз сол ізге түсті. Бүгін де халқымызды қилы кезеңнің қиындығында аман сақтап қалу күн тәртібінде тұр.
Абылай бастаған ұлы мұрат – қазақтың басқамен терезесі тең болып, үзеңгі қағысуы бір-екі ай, бір-екі жылың былай тұрсын, бір-екі ғасырда жүзеге толық аса қалатын іс емес екенін түсіндік. Абылайдың мұратын іске асыру әлі жалғасып жатыр. Ұрпақтар сақбақтастығы үзілген емес. Себебі Абылай амал іздеген, Алашорданы шарқұрғызған сынақтар әлі біткен жоқ. Иә, біз таңдау жасағанбыз. Соғыс, шапқыншылық біздің қолымыз емес. Ешкімге агрессия жасай қоятындай империялық ұстаным бізде жоқ. Біздің таңдау – бейбіт жолмен өсіп-өркендеу. Халқымызды көлденең қырғыннан сақтау.
Рас, еркімізбен өрге бассақ та, еріксіз ылдиға домалаймыз. Ондай ақтаңдақ сәттер біздің тарихта тым көп. Сондықтан өткенге тек тарих деп қарамаймыз, сабақ аламыз, саясатымызды ұштастырамыз, шыңдаламыз, дайындаламыз.
Әркім әр саққа жүгірткен Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойылды. Орыстың «от құшағын» ұмытпаған, отаршылардың зәбірі етінен өтіп, сүйегіне жеткен біраз жұр бұған қара тырнақтарымен қарсы. Обыр жұрттың көмейінде кетеміз десіп, жаңбыр жаумай су болып жүр. Елбасына сенген, оның да бір ойлағаны бар деп білетін оптимист жұрт болса бұл одақтан өз пайдамызды ала білуіміз керек деп алақанын ысып отыр.
Дегенмен, қай қайсысының да ойлағаны жұрттың қамы. Ендеше, екі тарап бір бірін айыптамауы керек, әуелгі ортақ мүддені еске алсын. Ол – қазақтың амандығы. Аман болу үшін салқын сабырлы һәм білімді болуымыз керек.
Еуразиялық экономикалық одақтың жақсы да, жаман да тұстары бар. Қалай болғанда да енді қазақ ұлт болып ұйысуда бұрынғыдан да ынтымақты болады. Қазақтың жауы - қазақ емес, қазаққа дос қазақ қана екенін ұғына түседі. Империямен дос болу үшін санымыз аз болса да, сапамыз мықты болу керек. Әр қазақ білімді және кәсіп иесі болмағы ләзім. Біздің мақсат осы болу керек.
Және бұл мақсатты біз дәл бүгін есімізге тағы аламыз. Ұлтымыздың қаймақ бетіне шығарларын қырып салған қандықол отаршылардың зардабын ұмытпауымыз үшін. Алаш идеясы жолында жан қиған ардақтыларымыздың рухына дұға арнау үшін. Абылай арқалаған бабалар аманатының уақыт керуенімен бізге жеткенін біліп жүру үшін.
Иә, Алаш идеясы – аласапыранда аман қалу, дүрбелеңнен есен шығу иедясы. Демек, бүкіл әлемді бүлік жаулап, азғындық адамгершіліктен, жамандық жақсылықтан үстем түсіп тұрған бұл күнде Алаш идеясы бұрынғыдан да өзекті, маңызды бола түспек.
Бек ДАТҰЛЫ,
«Шын-ақпарат» порталы