Рейхстагқа ту тіккен
2022 ж. 04 сәуір
8680
1
1945 жылдың сәуір айы соғыстың ең шешуші, ең қиын соңғы сағаттарына тура келді. Фашизмнің соңғы қамалы – Рейхстаг қана қалды. Енді барлық кеңес жауынгерлерінің назары соған ауған. «Гиммлер үйі» мен Рейхстаг арасын үлкен жасыл алаң бөліп тұр. Небәрі 300 метр! Мыңдаған шақырым жерді кескілескен ұрыспен жүріп өткен кеңес жауынгерлері құзғындардың ең соңғы ұясы – Рейхстагты алғанға дейін әлі де едәуір шығындар болатынын жақсы түсінді. Герман фашизмінің күлі көкке ұшатын тарихи кезеңнің тіпті жақындап қалғаны да белгілі. Қансыраған жаралы жаумен соңғы айқас асқан ерлік пен батылдықты қажет етті. 1945 жыл. 30 сәуір. Сағат 11 мен 19 арасы. Берлин.
Кешегі сұрапыл соғыста фашистік Германияны талқандауға елеулі үлес қосқан, жау ордасына кеңес халқының Жеңіс туын тіккен құрама Қостанайда жасақталған. 151-атқыштар бригадасының жауынгерлік жорық жолын жалғастырған 150-атқыштар дивизиясы тарихта өшпес із қалдырды. Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығы бойынша 1941 жылғы 21 желтоқсанда Қостанай қаласында 151-жеке атқыштар бригадасы жасақтала бастады. Оның командирі болып Ленинград майданынан келген майор Л.В.Яковлев тағайындалды. Майданда ол полк командирі болған еді. Қызу іске ол дереу кірісті. Жаңа құраманы жасақтауға Бас командованиенің ставкасы да, Орал әскери округі де, сондай-ақ Қазақстан Компартиясының Қостанай облыстық және қалалық комитеттері де тікелей араласып, көп көмек көрсетті. 8 сәуірге қараған түні дивизия Мантель көлі түбінен аттанып, марш жасады да, Одер өзеніне таяу орманда шоғырланды. 13 сәуірде Блохиннің батальоны ұрыс жүргізе барлау жасады. Кешке дейін батальон жаудың екі траншеясын басып алды. Түнде ол жерге дивизияның бірінші эшелоны бекінді. 14 сәуірде дивизия бөлімдері Одерден өте бастады. Өзеннің жалпақтығы ол жерде үш жүз метр болса, дивизия жасаған плацдарм шақырымнан сәл астам ғана еді. Сол күні кешке дейін батальондар түгелдей арғы бетке бекініп үлгерді. Осы арадан Берлинге дейін турасынан 60 шақырымдай ғана қалып еді. Бірақ бұл қиын шақырымдар болды. Қиындығы сол – кімнің тағдыры қалай болары, көптен күткен жеңіс қашан келері ешкімге белгісіз, ешкімге де болжай алмастай кез еді. Ұясына батып бара жатқан күн сәулесі қара қошқыл түтін мен шаң басқан зәулім де қапас үйге түсіп тұрды. Кеңес жауынгерлері жау ордасына, осы үйге жету үшін 1410 күн мен түн сапар шекті. Ақыры жетті де. 30 сәуір таң ата біздің артиллерия оқ жаудырды, осы атысты пайдаланған атқыштар роталары Король алаңына қарай лап қойды. Бірақ жүз метрден артық жылжи алмады. Жау өжеттердің өздерін жата қалуға мәжбүр етті. Шабуыл тоқтап қалды. Рейхстагқа бекінген гитлершілер атысты үдете түсті. Жүздеген зеңбірек Рейхстагқа, Бранденбург қақпасына және Тиргартенге снаряд жаудырды. Снарядтар Шпреенің арғы бетімен жағасынан да зулап өтіп жатты.
Рақымжан Қошқарбаевтың естелігінен:
«...Біздің батальон 1945 жылғы 30 сәуір күні таңертең герман фашизмі ішкі істер министрлігінің үйіне (Гиммлердің үйіне) шабуыл жасады. Мұнда бірінші болып жеткен аға лейтенант, тәжік жігіті Атеевтің қол астындағы бірінші ротаның жауынгерлері еді. Олар жаудың шебін бұзып-жарып, басқа бөлімшелерге жол ашты. Үйге жеткеннен кейін олар айнала қорғаныс шебін құруды да, басқа бөлімшелердің, соның ішінде біздің үшінші ротаның да алға жылжуына жағдай жасады. Басқа бөлімшелердің оғының тасасымен келіп, министрліктің үйіне біздің екі ротаның взводы лап қойды. Бірінші взводтың командирі, лейтенант Триченков (қазір Кеңес Одағының Батыры), ал екінші взводтың командирі мен едім. «Гиммлер үйінің төртінші қабатындағы бөлмелердің бірін босатқаннан кейін, менің взводым гитлершілдердің сілімтік қалдықтарын соңғы бөлмелерден қуып шығу үшін өжеттілікпен ұрыс жүргізді. Дәл осы кезде батальон командирінің мені шақырғанын хабарлады. Өз орныма аға сержант Николай Гончаровты қалдырдым да (ол сол күннің кешінде қаза тапты), үйдің төменгі қабатындағы комбатқа келдім. Батальон командирі майор В.И.Давыдовпен бірге оның саяси жұмыс жөніндегі орынбасары Васильченко, батальон парторгі К.Исаков, біздің полктің барлаушылары М.Провоторов, И.Лысенко, С.Орешко және полктің барлаушылар взводының командирі, аға лейтенант С.Сорокин, барлаушы Г.Булатов бар екен мұнда. Комбат маған бұрылды да, жау оғы толастаған кезде терезе арқылы алдағы алаңға қарап: «Төбесінде күмбезі бар үлкен сұр үйге – Рейхстагқа, яғни герман фашизмінің ең мәртебелі канцеляриясына назарыңызды аударғайсыз», – деді. Комбат айтқан жаққа қарасам: қазан шұңқырларға айналған, қираған кірпіш сынықтарына, ағаштарға, металл қалдықтарына, істен шыққан қаруларға толы үлкен алаң көрінеді. Одан әрірек суға толған шұңқыр, траншеялар мен доттар. Рейхстаг та көрініп тұр. Оның есік-терезелері кірпішпен бекітіліпті. Бранденбург қақпасының алдында жерге жартылай көмілген ауыр зеңбіректер мен танкілер тұр. «Біздің батальон Рейхстагқа ең жақын тұрған бөлімше, сондықтан біздің алдымызда тұрған міндет – Рейхстагқа қайткенде де тезірек жетіп, оған Қызыл жалау тігу, – деді комбат тапсырмасын одан әрі жалғастырып. – Міне, осы аса жауапты әрі абыройлы міндетті орындау үшін мен Васильченко жолдастың ұсынысы бойынша сізді шақырттым. Бұл – бұйрық емес, біз еріктілерден ғана топ құрып жатырмыз, ойланыңыз да, өзіңіз шешіңіз. Егер сіз бұған бел байласаңыз, штабтан әдейі келген мына барлаушылар сіздің ілгері жылжуыңызға оқпен жол ашып, жәрдемдесетін болады». Мен бұл ұсынысты қабылдап, жалма-жан даярлана бастадым. Үстімдегі күртешені жылжуға кедергі болмасын деп шешіп тастадым. Қарудан қолға алғаным – автомат, пистолет және үш қол гранатасы. Комбатқа тапсырманы орындауға дайын екенімді баяндадым. Давыдов қолын ұсынып, «Жолың болсын!» деп ақ тілеу білдірді. Ал Васильченко менің қасыма келіп, құшақтап сүйді де: «Сапарың сәтті болсын, Рақым!» – деді де, ол маған кәдуілгі жай қағазға оралған Қызыл жалауды қолыма ұстатты. Барлаушылар да сақадай сай тұр екен. Бораған оқ сәл толастағанша күтіп тұрып, мен әйнектен секіріп түстім де, апандай болып ойылып қалған қазан шұңқырға жата қалдым. Григорий Булатов тура менің үстіме құлай түсті. Ол маған: «Жолдас лейтенант, барлаушылар секіріп шыға алмай қалып қойды, оқ нөсері оларды бізден бөліп тастады. Біз екеуміз-ақ қал-дық», – деді. Мен Булатовқа біріміздің соңымыздан біріміз жер бауырлап, ілгері жылжитынымызды айттым. Тұс-тұстан жаңбырдай жауған пулемет пен мылтық оғы біздің бас көтеруімізге мұршамызды келтірмеді. Соған қарамастан, біз жұбымызды жазбай, жаралылар мен өліктердің ара-арасымен жер бауырлап, баяу жылжып келеміз. Біздің тым баяу жылжығанымыз сонша – тіпті біздерді тірі жандар деп ойлаудың өзі екіталай еді. Бір жарым сағатта елу метрдей жер жылжыппыз. Біз енді Рейхстагқа шамасы екі жүз метрдей жерде жатырмыз. Оның айналасы кірпішпен өрнектелген екен. Терезесін, әйнегін де ап-анық көріп жатырмыз. Біздің сол қанатымыздағы немістер огнеметтерден, фауст патрондардан төпелеп ата бастады. Немістердің улап-шулаған дауыстары да естіліп жатты бізге. Бір жерге бой тасалап, жасырына тұру керек болды. Каналдың іргесін қазып, қуыс шұңқыр жасап алып, бас сауғалай тұрдық. Қыбыр етпестен тым-тырыс отырғанымызға да 20-30 минуттай өтті. Осы кезде Қызыл жалауды жазып жібердім де, оның бұрышына сия қарындашпен біздің полктің 674-ші нөмірін және «Лейтенант Қошқарбаев, қатардағы жауынгер Булатов» деп аты-жөнімізді жаздым. – Жазып қойғанымыз дұрыс болды, әйтпесе өліп қалсақ, біздің кім екенімізді, қайдан жүргенімізді ешкім білмес еді, – деді Булатов. – Гриша! Біз өлуге емес, жауынгерлік тапсырманы орындауға, Рейхстагтың үстіне Қызыл жалау тігу үшін бара жатқан жоқпыз ба? – дедім. Солай дегеніммен, «ең болмаса Рейхстагтың бірінші басқышына дейін өлмей, тірі жетсек жарар еді-ау» деп ойлап қоямын ішімнен. – Жүр, жүгіреміз! – дедім. Сол-ақ екен, оның қалай атып тұрғанын өзім де байқамай қалдым. Менің алдымда бес метрдей жерде зымырап барады. Ештеңені көргеніміз де, сезгеніміз де жоқ. Жанұшырып, алға қарай жүгіріп келеміз. Рейхстагтың көше жақ есігінің бірінші басқышына жеттік те, бір сәт демімізді алып, тым-тырыс тұра қалдық. Тап сол жерде Булатовты иығыма мінгіздім де, оны терезенің жақтауына дейін шығарып, көтеріп тұрмын. – Гриша, жалауды мүмкіндігінше жоғарырақ қада! – Сол қадайтын жердің өзі болыңқырамай тұр ғой, тағы да сәл көтере тұрыңызшы. Мен терезе жақтауынан кірпіш суырып алайын, – деді ол. Бір минуттан кейін Булатов «қададым, болдым» деп дауыстап жіберді. Мен иығымнан Булатовты енді ғана түсіріп бола бергенімде бізге қарай жақындап келе жатқан біреулердің дыбысын естідік. Қарасақ, жүгіріп келе жатқан өзіміздің екі жігіт екен. Бұлар 756-шы атқыштар полкі командирінің орынбасары, майор В.А.Соколовский мен оның бай-ланысшысы екен. Олар өздерімен бірге телефон сымын тарқатып, сүйретіп келеді. Соколовский бізге қарап тұрып былай деді: – Жарайсыңдар, жігіттер! Қай полктен едіңдер? Біз полковник А.Д.Плехаданов полкінен екенімізді айттық. Бұл кезде байланысшы телефонның құлағын бұрап жатыр еді. Майор трубканы алды да: «Біз Рейхстагта тұрмыз, мұнда бізден бұрын лейтенант Қошқарбаев пен жауынгер Булатов келіп, олар Қызыл жалау тігіпті. Қазір біз төртеуміз. Рейхстагтың қабырғасында сіздерді күтіп тұрмыз», – деп хабарлады. Бұл кешкі сағат алты жарым шамасы болатын. Ал бұл кезде Рейхстагқа біз тіккен Қызыл жалау желбіреп тұр еді... Сәуірдің 30-ы күнгі сағат 18 бен 19-дың аралығындағы біздің көңіл күйімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өзіміздің тірі екенімізге, фашизмнің ордасы – Рейхстагтың дәл өзінде тұрғанымызға сенер-сенбесімізді білмедік. Қуанғанымыздан көзімізден жас шыққанын да аңғармай қалдық. Біз сол кезде әлі жас едік. Вяткалық Григорий Булатов болса он тоғызда, ал мен жиырмадан жаңа асқан едім. Сол күні жеті сағат ішінде (сағат 11-ден 18-ге дейін) тақтайдай жазық, еш бұдырсыз асфальт үстімен, жаңбырша жауған оқ астында бар-жоғы 300 метр ғана жер жылжыппыз... Шынында да, біз туралы талай кітаптар да, естеліктер де жазылды. Рейхстагты алуға қатысқаным үшін үкімет мені «Қызыл Ту» орденімен наградтады. Ұлы Отан соғысының тарихы жөніндегі кітаптарда менің есімім Рейхстагқа бірінші ту тігуші кеңес жауынгерлерінің қатарында аталады. («Қазақстан коммунисі», 1970, №5). 1945 жылдың 30 сәуірі күні Рейхстагтың табалдырығынан бастап биік күмбезінің ұшар басына дейін жеңіс тулары желбіреді. Рейхстагта ту көп болды. Бірақ әр тудың өз тарихы бар. 150-дивизияның «Воин Родины» атты газеті 3 мамыр күні естен кетпес фактілер деп хабар берді. Сол хабарда «Рейхстагқа алғаш жеткен және оған жалау тіккендер – лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қызыл әскер Григорий Булатов. Жеңіс туын тіккендер – Егоров пен Кантария. Рейхстагқа алғаш өз әскерлерімен Сьянов, Гриченков, Неустроев, Давыдов, Логвиненко басып кірді» деп жазды. Қазақстандық майдан-дастары Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстаг баспалдақтарына бірінші боп жетіп, бірінші болып ту тіккендігін, Жеңіс туын қадағандары үшін Кеңестер Одағының Батыры атағын алған М.Кантария мен М.Егоров та «Знамя Победы» («Молодая гвардия», 1975) кітабында зор ілтипатпен айтады. Қазақ офицерінің айтулы ерлігіне осы операцияда ерекше көзге түскен дивизия командирі В.Шатиловтың «Знамя над Рейхстагом», полк командирі Ф.Зинченконың «Герой штурма Рейхстага», батальон командирі С.Неустроевтің «Путь к Рейхстагу» кітаптарында да лайықты орын берілген. Өзінің «Так это было» (Политиздат, 1975) кітабында «Рейхстагқа жалауды 150-дивизиядан Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов, ал кейінірек көптеген басқалар да тікті» деп басын ашып жазған «Правда» тілшісі Мартын Мержанов соңында жау бекінген ғимаратқа Р.Қошқарбаев пен Булатовтың бірінші болып енгенін айтады. Сөйтіп, Қостанайда жасақталған құрама жауынгерлері жау ордасына Жеңіс туын тігіп, жерлестеріне берген сертін бұлжытпай орындап шықты. Берлин және Рейхстаг үшін айқастарда ерлік, өжеттік, табандылық танытқан дивизияның бүкіл адам құрамы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталды. 15 адамға, соның ішінде жерлесіміз И.Я.Сьяновқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Илья Яковлевич Алматыда ұзақ жылдар бойы экономист болды. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін Сочи қаласына қоныс аударған. Ұлы Жеңістің 20 жылдығында соғыс ардагерлері Мәскеуге шақырылған. Сонда грузин Кантария 150-дивизияның Рейхстагқа тігілген туын Қызыл алаңға ұстап шығады. Сол топта Рақымжан Қошқарбаев та болған. Ол Кантарияның қолынан туды жұлып алып: «Бұл туды Рейхстагқа бірінші мен тіккенмін», – деген. Шындықты білетіндер оған қарсы келмейді. Қошқарбаевтың сол туды көпшіліктің ортасында ұстап тұрған суреті қазір бар. Соғыс ардагері Зекен Темірғалиев 1962 жылы Ялтада демалған екен. Шипажайдың мәдени қызметкерлері оларды Ставропольға алып барып, соғыс мұражайымен таныстырады. Мұражай қызметкері Рейхстагқа ту тіккен Егоров пен Кантария деп екеуінің суреттерін көрсетіп жатқанда топ ішінен оралдық Тәшкенбаев деген ардагер орнынан тұрып: «Бұл мәлімет қате. Егоров пен Кантариядан бұрын туды Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов тіккен. Сол кезде мен 150-дивизияның байланыс бөлімінің бастығы едім. Дивизия командирі генерал Шатилов 30 сәуірде І-Беларусь майданының қолбасшысы Жуковқа Рейхстаг қабырғасына Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың Рейхстаг қабырғасына ту тіккенін хабарлады. Жуков қатты ашуланды: «Неге қайдағы бір азиаттарға ту тіккіздің? Ертең қалайда бір орыс пен бір грузин Рейхстагқа қайта ту тігетін болсын», – деп бұйрық бергенін құлағыммен естідім. 1 ма-мырда фашистер аса күшті қарсылық көрсетпеді. Өйткені капитуляцияға келісуге көнген еді. Сол күні Егоров пен Кантария көп қиындықсыз Рейхстаг үстіне ту тікті. Қысқасы, оларға сондай мүмкіндік қолдан жасалынды», – деді. Кеңес өкіметінің басшылары бұл соғысты Ұлы Отан соғысы деп жариялады. Барлық ұлтты сол Отанды қорғау үшін күреске шақырды. «Отан – біреу» деген ұғымды саналарына сіңірді. Қазақтар да сол үшін жан аямай шайқасты. Ерліктің үлгісін көрсетті. Бірақ сол ерлікті бағалауға келгенде Кеңес өкіметінің басшылары нәсілшілдікке, кемсітушілікке бой алдырды. Рақымжан Қошқарбаевтың кезінде бағаланбай қалған ерлігі – соның мыңнан бір дәлелі. Белгілі жазушы Борис Горбатов: «Герой штурма Берлина» деген естелігінде: «Пора кончать сравнивать наших воинов на орла и беркута. Какой орел, беркут может сравняться на казаха Кошарбаева, который на моих глазах водрузил Знамя Победы над Рейхстагом, несмотря на сильный и ураганный огонь немцов», – деп жазды. Көзі көрген жанның осы жазғандарынан артық қандай дәлел керек? 1961 жылдың желтоқсан айында КОКП Орталық комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институтының Ұлы Отан соғысы тарихы бөлімі ұйымдастырған Берлинді алу операциясына қатысушылардың кеңесінде 150-шабуылдаушы атқыштар дивизиясының командирі, генерал-лейтенант В.Шатилов кезінде ұсынылып, бірақ наградталмай қалған жолдастардың мәселесін қайта қарап, әділдікті қалпына келтіру жөнінде мәселе көтерді. Ол Кеңестер Одағы Батыры атағына ұсынылып, ала алмай қалған жеті адамның қатарында Р.Қошқарбаев пен оның взводының жауынгері Г.Булатовты да атайды. Майдангерлердің бірауыздан қабылдаған ұсынысы аяқсыз қалдырылды. Тап осындай ұсыныспен шық-қан бір топ қоғам қайраткерінің хаттары бойынша Қазақстан КП Орталық комитетінің бюросы 1965 жылдың 7 сәуірінде, 1969 жылдың 29 қаңтарында КОКП Орталық комитетіне Р.Қошқарбаев пен Г.Булатовқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру мәселесін қарау туралы өтініш жол-дады. Оған да құлақ асылмады. Қазақстан басшылығының Р.Қошқарбаевқа Жеңістің 25 және 35 жылдығына орай жоғары атақ алып беру талабынан ештеңе шықпады. «Шындық қап түбінде жатпайды». Рас сөз. Ұлы Жеңістің 62 жылдығы қарсаңында қазақстандықтар үшін үлкен қуанышты жаңалық болды. Ұлы Отан соғысының батыры Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхс-тагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккені расталды. Ресей осы ерлікті айқындайтын құжаттарды еліміздің мемлекеттік мұражайының қорына табыс етті. Ресми Мәскеу тарихи қажеттілікті түзетіп, қазақ батырының ерлігін мойындауға мәжбүр болды. Рақымжан аға жайлы өзіміздің қазақ жазушылары да қалам тербеді. Кәкімжан Қазыбаевтың, Мұзафар Әлімбаевтың шығармалары жұртшылықтың көңілінен шығып, жоғары бағасын алды. Өмірден ертерек озса да, артына өшпес із қалдырды. Жаңа астанамызда үлкен көшелерінің біріне батырдың есімі, Елбасының Жарлығымен Халық Қаһарманы деген құрметті атақ берілді. Хал-қымыздың сүйіспеншілігіне бөленді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның естелігінен:
Баспасөз бетінде Рақымжан Қошқарбаев туралы 1946 жылдан кейін жазылмаған. Рақаңды құрметтеудің орнына оны «халық жауының баласы» деп түртпектеген. Соғыстан кейін Мойынты – Шу жолында қара жұмыс істеген. Кейін астанаға көшіп келеді. «Менің көңіл күйімді лаулатып, халқымның сүйікті ұлы, батыры дегізген, ұмытылған ерлігімді халқыма танытқан – Баукең мен Кәкентайым» (Кәкімжан дегені) деп Рақаңның көзіне жас алған кездері есіме оралады. Кәкеңнің 1953 жылы 28 ақпанда «Лениншіл жас» газетінде «Қазақ жігітінің ерлігі» деген Рақымжан туралы алғашқы материалы шыққан күннен бастап Рақаңның отбасымен таныстық. Сол жылдардан бастап Рақаң Кәкеңе аға, маған қайнаға, оның зайыбы Рақила жеңге болып туысқаннан да артық сыйластық. Рақаң туралы Кәкең 100-ге тарта деректі құжаттар жинады. «Кернеген кек» деген повесін жазды. «Социалистік Қазақстан» газетінде 1960 жылы 21 қыркүйекте «Рейхстагқа ту тіккен жігіт», «Жұлдыз» жур-налының 1960 жылғы 11-санына «Рейхстагтағы алғашқы жалау», 1961 жылы «Простор» журналының 5-санында «Рейхстагтағы жеңіс жалауы» деген және тағы басқа қомақты материалдар жарық көрді. Жеңістің 20, 25, 30, 35 жылдығына қарай орталыққа Рақымжан мен Булатовқа батыр атағын сұрап, оны деректі құжаттармен дәлелдеп, Баукеңнің басшылығымен, Әзілхан Нұршайықов ағамыздың ұйымдастыруымен Кәкеңнің Рақаң туралы жазылған еңбектерінің негізінде анықтама жазылды. Оған республикамыздағы атақты ағаларымыз – Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, И.Шухов, Ә.Тәжібаев, М.Ғабдуллин, Б.Жетпісбаев, Ж.Молдағалиев, Қ.Қайсенов, С.Луганский тағы басқа да ақын-жазушы-лардың аттарынан бір емес, бірнеше анықтамалар қоса жіберілді. Соңғы хат Л.И.Брежневке жазылды. Ол «Тарихты қайта қарап қайтеміз» деген. Сонымен, Рақаң тірісінде атақ ала алмады. Кінә Рақаң ерлігі туралы жазылған анықтамалардың шалалығы емес, орталықтың әміршіл-әкімшіл өкіметінің «аға ұлтын» жоғары қойып, басқа ұлттың ерлігін аяқасты етуінен деп ұғылды. (Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев. Естеліктер. Алматы. «Жібек жолы», 2004, 187-188 беттер) ... Ешкім де Кантария мен Егоровты күстәналағалы отырған жоқ. Алайда дәрежесі мен маңызы жағынан теңдес ерлік жасаған Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың есімдерінің көлеңкеде қалуы әділетсіздік. Мұндай әділетсіздікке шыдай алмаған Г.Булатовтың өз-өзіне қол жұмсағанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл жөнінде қазақстандық журналист Юрий Прохоров 2002 жылы «Простор» журналының №5 санында «Кто водрузил знамя над Рейхстагом?» деген мақаласында «Григорий Булатов звезды героя не получил и молчал о своем подвиге до 1965 года, но когда он начал заявлять о себе и рассказывать о штурме и взять Рейхстага, то многие не верили и смеялись над ним, даже называя его «Гриша – Рейхстаг». Больно писать об этом, но не выдержав насмешек, Г.Булатов повесился». Гриша өлерінде өзінің командирі Рақымжан Қошқарбаевқа жазған хатында бір-ақ ауыз сөз болған: «Дорогой командир Рахимжан! В этом жизни нет справедливости». ...Ұлы Жеңістің 20 жылдығына байланысты ГДР-дан Р.Қошқарбаевқа шақыру телеграмма келді. Бірақ оны жіберуге байланысты аяқасты бір мәселе тағы туды. Ол кезде Рақымжан қаланың ортасындағы моншаның директоры болып жұмыс істейтін. – Оу, қазақтар, білдей бір батырларың ертең ГДР-ға барғанда, қазір не істейді десе не айтасыңдар, моншаның директоры дейсіңдер ме? – деді Баукең. Бұл, шынында да, ойланатын жай еді. Соншама аты шыққан батырына қазақтардың берген жұмысының түрін қара демей ме. Бетке басып айтпаса да, солай деп ойлауы мүмкін ғой. Тағы да қаракет. Обалы не, сол кездегі Алматы қалалық советі атқару комитетінің председателі Есен Дүйсенов жағдайды бірден түсінді. Екі күннің ішінде Рақымжан Қошқарбаев монша директорлығынан қалалық коммуналдық және көркейту басқармасы бастығының орынбасары болып шыға келді... (Кәкімжан Қазыбаев. Бұл осылай болған. «Қазақстан коммунисі», 1990, №11, 53-бет). Письмо воинов Южного фронта Казахстанцам. Март, 1943 г.
Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы