Зарқын ТАЙШЫБАЙ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, абылайтанушы: АБЫЛАЙ ХАН «САБАЛАҚ» БОЛЫП ТӨЛЕ БИДІҢ ТҮЙЕСІН БАҚПАҒАН
2013 ж. 27 желтоқсан
5696
11
– Биыл Абылай ханның 300 жылдығы аталып өтті. Дегенмен атақты тұлғаның өмірі мен қызметіне байланысты баспасөз бетінде әртүрлі пікірлер айтылып жүр, соған қарағанда әлі де тиянағын таппаған мәселелер бар-ау. Алдымен, Абылайдың туған-өлген жылдары туралы. Былай қарағанда, осы екі мағлұмат жөнінде таласуымыздың өзі ұят сияқты.
– Рас айтасыз. Қазақта Абылай жалғыз және енді мұндай тұлға өмірге қайта келмесі хақ. Екіншіден, Абылай – біздің замандасымыз. Туғанына 300 жыл деген кеше ғана емес пе? Тас ғасырынан, қола ғасырынан бері қарай, сақ, ғұн дәуірінен бері зерттеп жатқанда, ХҮІІІ ғасырда, адамзат өркениетінің кемел шағында өмір сүрген, жартылай көшпелі, жартылай отырықшы жазу-сызуы бар, мына жағы көне ғылым мен мәдениеттің бесігі парсы жұрты, мына жағы 10 мың жылдық тарихы бар Қытай, іргемізде университет ашып, алтын сарай салып, дәуірлеп тұрған Ресей империясы тұрғанда, солардың ортасындағы Қазақ хандығының соңғы екі ғасырдағы тарихын жете білмеуіміз намысқа тиеді. Онымен қоймай, осы уақытқа дейін аңызға алданып, ертегі еміп келе жатқан соң не сұрайсың? Бұл – сендерге сабақ, аға ұрпақтың кемшілігі. Онымен қоймай, бірін-бірі аяқтан шалып, барды көрмей, көрсе де бағаламай, басы ашық нәрсені дауға айналдырғандарын көргенде...
– Абылай ханның заманы хатқа түскен қағаздардан көрініп тұр. Абылайдың аты аталған құжаттар да көп екен. Мысалы, Сіз Абылай хан 1711-1781 жылдары өмір сүрген дегенді түзеткіңіз келеді.
– Түзеткім келмейді, жазба деректер негізінде көзім жеткен соң, жазамын-дағы. Айталық, Абылайдың туған жылын дәл көрсететін қағаз қолға түскен жоқ. Ал, жанама дәйек қайсы? Біріншіден, ауыз әдебиетінде, аңыз-әфсаналарда «Абылай 70 жыл жасаған» деген сөз жоқ. Бұл жайшылық емес. Өзімізше айтқанда жетпісіңіз дөңгелек сан, айтуға, жаттауға жеңіл. Тіпті, жеті, жетпіс дегендер қасиетті сандар болып есептеледі. Ал, 68 жыл жасапты деген әр жерде кездеседі, орыс құжаттарында «69-ға қараған жасында» делінсе, бұл да қазақша толық 68 болғаны. Енді, Абылайдың бақилық болғанына келсек, бұл жөнінде ауыз ауыртып керегі жоқ, «1780 жылы 15 қыркүйек пен 15 қазан арасы» дегенді тайға таңба басқандай, нақты құжаттармен дәлелдеп шықтым. (Қараңыз: «Қазақтың ханы-Абылай», 2-том, 394-405 беттер). Демек, 1713-1780 деген сөз. Сол үшін де, биыл ұлы бабамыздың 300 жылдығын тойлап отыр емеспіз бе?!
– Бірақ, күні бүгінге дейін барлық оқулықтарда 1711-1781 деп жазылып жүр.
– Бір ғажабы, осы екі уақытты кім, қандай дәлелмен қашан қағазға түсіргенін індетіп іздеп, таба алмадым. Біреу жазған, сол күйі қабылданып кеткен.
– Абылайдың асыл тегі туралы тарих докторы, профессор Талас Омарбеков: «Жиренше шешеннің Аршын есімді жиеншарынан туғандығы айтылады. Төле би мен Қазыбек би: «Қарадан бір хан дайындайық» деген ойда болған», дейді. Профессор айтқан соң, сенбей көріңіз. «Сабалақ» есімімен түйе бағыпты. Тіпті Абылай төре емес, жаныс руының Қарабай деген қазағының кіндігінен екенін дәлелдейді.
– Астағфиралла! Біздің билеріміз қолдан хан жасайды екен-ау. Тарихты, заман ерекшелігін, әр дәуірдің салт-дәстүрін, қоғамдық-саяси жағдайын білмегендер айтса, соны қойшы, дей салар едік. Ал, енді бұл арада Таласекең білгісі келмеген. Басқа бір, бақай есеп пе, бір жерден естіген әуезе ме? Тіпті, «Жиренше шешеннің жиеншарынан туған...» дегені де қызық екен. Әйтеуірі Абылай болатын болса, Жиренше шешенге тағы бір табан жақындатып, туған жиені ете салмай ма? Абылай туғанда қасында болғанымыз жоқ, қисынға қарасақ, Абылайдың «арқар ұранды төре екеніне» сенбейтін дәлелім жоқ.
– Сонда бірде жас Абылай Ораз аталық екеуі қашып келсе, тағы бір аңызда Бөгембай батырға міңгесіп келмеген дейсіз ғой.
– Жарайды, Абылайды міңгестірдіңіз. Жаңағы мен айтқан, ағасы Сұлтанбек, Құдайменділер кімге міңгесіп келген дейміз. Олай болса, айтпағым, жырауларды да, ақындарды да сыйлаймыз, бірақ, ең болмағанда шындыққа жақын, қисын болуы керек қой.
Мынаны айтқым келеді: Аңыздың аты – аңыз, бірақ, ол тарих емес. Жыраулар айтса-айтқан шығар, күнәға қалмайық, бірақ сол айтқандарға кейін қоспа, әсірелеу, уақыттың еркіне қарай, құрау-жамау көп болады. Бұл- мен ашқан жаңалық емес. Мысалы, Бұқар жыраудың, басқалардың Абылайға зілденіп: «сен сарт едің, қайыршы едің, қай жеріңде төре едің, күңнен туғансың...» тағы басқа айтқандары делінетіндерді бүгінгі ұрпаққа таныстырып, «міне, Абылайдың кезінде осындай демократия болған, ханға қарсы тұрып айтқан аталарымыз болған...» дегендерді естігенде, жай тұрып ұяламын. Бұлар кейін қосылғандар. Наразылық, тіпті өшпенділіктен туған сарындар. Әр заманның тұсында бір сұрқылтай деген сияқты, қазақты ел қылған төрелерге, көзін ашып, шариғатқа бағындырған қожаларға кейде разы болмағаны, тіпті қарсылық жағдайлар болды ғой. Сол кезде, мал ашуы, жан ашуы дегендей, сөздер ілгері-кейінде ауыздан шығуы мүмкін. Ал, олардың Абылай ханға қатысы жоқ. ХХІғасырда өмір сүріп, жаңа ұрпақты ертегімен ауыздандырып, өтірікке баулымайық деймін.
– Абылайға да, Сізге де қатысты бір сұрақ қояйын. Ж. Артықбаев былай депті: Осыдан бірнеше жыл бұрын ... екі журналист Жақсыбай Самрат пен Зарқын Тайшыбай «Абылайдың ақ үйі» туралы дауласты. «Егеменді Қазақстан» қолдаған, облыс әкімі Тайыр Мансұров қуаттаған Жақсыбай жеңді, бірақ дау қалды. Осыған байланысты «Түркістан» газеті «Тарихшы ғалымдарымыз қайда? Екі жақты дауластырып қойғанша, төрелігін айтып, дұрысқа нұсқамаушы ма еді?» деген әңгімені тағы көтерді. Жасырмай айту керек, бізде бұл кезең туралы арнайы маманданған тарихшылар аз, екіншіден бар тарихшы журналистер мен жазушылар тисе терекке, тимесе бұтаққа деп тартып жібіретін, оқырман алдында батыл көтере беретін мәселеге бірден кірісе қоймайды, себебі ғылыми пікір айту үшін бұлтартпас дәлел керек». Осы туралы не айтасыз.
– «Артықбаев былай депті, олай депті», деп мені қинайсың. Сонда менің жазған-сызғанымның дұрыс-бұрыстығын Артықбайдың аршынымен өлшейсіздер ме? Әлде мен оны үнемі дұғама қосып, шоқынып отыруым керек пе? Әркімнің өз пікірі болады. Байқадыңыз ба, менің мақалаларым мен монографияларымда: « бәленшекең былай депті, ол дұрыс емес, менікі ғана жөн» демеймін. Бұл – қарапайым ғана әдеп. Әдептен озсаң, шатыса бастайсың.
Реті кеп қалыпты, «Абылайдың ақ үйі» туралы жазғанында жаңағы Жақсыбай деген журналист мен туралы аузына келгенін айтып, балағатқа дейін барды. Артықбаевтың «айтысты» деп отырғаны жалған. Мен жауап бергенім жоқ.
Сондағы сөзді қайта қозғадың ғой, айтайын. Абылайдың әруағы үшін. Бүгінгі ұрпақ білсін. 1760 жылы, Ресей шекара бастықтарының бірі Веймарн деген генерал қазақ жерлерін отарлауды тездетудің оңай жолы ретінде «Абылай сұлтанға және оның батырлары мен билеріне тұрғын-жай, қора-қопсы салып беріп, отырықшыландыру» туралы мәселе қояды. Абылай бірнеше жыл көнбей жүреді де, ақыры келісім береді. Петропавл бекінісінен 250 шақырым, Қылшақты өзенінен 7 шақырым қырда бес бөлмелі үйі, кеңсесі мен моншасы, тағы біраз ғимарат 1765 жылы 11 мамырда басталып, 29 тамызда ағаштан қиылып салынады. Ішіне 4 жерден татардың «шұбалма» деп аталатын пеші орнатылады. Құрылысқа келген 20 балташының орнына бекіністе 14 қазақ аманатта ұсталады, олардың ішіп-жеміне 49 пұт астық жұмсалады. Қыркүйектің 1 жұлдызында қайтқан құрылысшылар, жолда адасып, алты күн дегеде бекініске келеді. Салынған ғимараттардың сызбасы, шыққан шығын түгел қатталып, сақталған.
Петропавлда салынбағаны көрініп тұр ғой. Осыдан кейін қандай дау болуы мүмкін. Бірақ, осы оқиғаға саяси астар беріп, «ІІ Екатерина Абылайды ұнатып, орыс-қазақ достығының белгісі ретінде Абылайға бекініс басынан сарай салып беріпті, Абылай төрде жантайып жатып, қымыз ішкенде бәленшенің атасы барып сәлем берген көрінеді», деп, бұл жөнінде З. Тайшыбай түк білмейді деп жазған. Хош, енді былтыр Ж. Артықбай істің ақ-қарасына жетпек болып, солтүстікті аралайды да, «Қойшыбай ақсақалдың айтуы бойынша» Абылайдың ордасы Жаңғызтау деген жерде екен, себебі патша үкіметі Абылайды көріп отырайық деп, бекіністен 100 шақырым жерге салып беріпті» дейді. Бұл туралы 1926 жылы Телжан Шонанов жазып, Қылшақтыны Құлшанбай деп көрсеткен. Ал, менің «Қазақтың ханы – Абылай» деген кітабымның 2-томының 221-225-беттерінде құжаттар тізіліп тұр.
– Мазаңызды алсам, кешіріңіз. Бірақ, ақиқат қымбат. Садық Смағұлов деген тарихшы Сіздің 1737 жылы жазда Әбілқайырдың ортақ хан болып сайланды дегеніңізге келіспейді, тіпті тағы бір ғалымдар «бұл сәуегейлік...» депті.
– Баспасөз не үшін керек. Осындай шындықты айтуға, жаңылған жұрттың көзін ашу үшін керек. Әуелі, Смағұлов деген автордікі тіпті, байбалам екен. Ойлаймын, Әбілқайыр қайта тіріліп келіп, хан боламын десе, жарылып өлетін кісінің сөзі ғой мынау. Бұл тәрбиесіздіктің белгісі.Ал енді сұрағыңызға қарай, менің ақталатын жағдайым жоқ. Сілтемесі бар, қайда жарияланғаны көрініп тұр. Тек, мына екі құжаттан үзінді берейін. Жауабым сол.
[1737 жылғы] 19 маусым. «Барақ, Әбілмәмбет және Абылай сұлтандар өзара келісіп, Ресей патшасына бағынбақ. Сол үшін Орынборға таяп көшіп келмек...». Екінші хабар: «[1737 жылғы] 24 маусым күні қазақтардың үлкен жиыны болды. (Хан кеңесі туралы сөз болып отыр. – З.Т.). Оған Әбілқайыр хан, Барақ сұлтан, Орта жүздің көптеген билері мен батырлары қатысты. Жиналыстары біткен соң, киіз үйге Әбілқайыр хан және Құлсары би кірді де, бізді шақыртып алды. Әбілқайыр хан бізге қарап: «Сұлтандар, билер мен батырлар, барлық қазақтар ақылдаса келіп, мені өздеріне хан сайлады, иіліп тағзым етті. Дұға оқып, қол жайды. Бұдан былай ханның әмірі болмаса, ешкім ешкіммен соғыспайды. Ресей патшасына менің берген антымды сақтап, адал қызмет етеміз», деді. «...башқұрттар да Ресей патшасы алдындағы айыбын мойындады. Патша рақымы түсіп, оларға кешірім жасайтын болса, бұрынғысынша қанатының астында ұстайды. Мен башқұрттарды билеуге сұлтан беремін» деді
Қалай десек те, Орта жүз бен Кіші жүздің біріккен Хан кеңесінде1737 жылғы 28 шілдеде қабылданған шешімнің тұжырымды нұсқасын Әбілқайыр ханның төлеңгіті Байбек батыр Орынбордағы Ресей шегара әкімшілігіне заңды құжат ретінде апарып тапсырды. Толық мәтіні мынау:
«Қазақтың ханы Әбілқайыр және мына аты аталған сұлтандар, билер мен батырлар: Әбілмәмбет сұлтан, Барақ сұлтан, Керей сұлтан, Батыр сұлтан, Барақтың ұлы Әділ сұлтан, Нұралы сұлтан, Абылай-баһадүр сұлтан, алты алаштың үлкенді-кішілі билері мен батырлары Ұлығ мәртебелі патша ағзамға қызмет ететінімізді мәлімдейміз.
Біз Қарақалпақ хандығын, Хиуа мен түркімендерді талқандадық.
Патша ағзамның мейірі түссе, осы жазда, Орынборда, генералмен және полковник Тевкелевпен жүздесіп, патша ағзамға ант бермеген сұлтандар, билер мен батырлар ант берсек деп едік.
Әбілқайыр ханға қыстау есебінде Орынбордан үй-жай, мешіт пен мектеп салып, қазақтарға сауда орнын ашуды сұраймыз.
Патша ағзамның сауда керуендерін өзіміз қорғап-сақтаймыз.
Бізге жіберген Иван Михайлович Шишков арқылы жиырма екі орысты тұтқынын босатып отырмыз.
Әбілқайыр хан генерал мен мырзаға жүздессе, солардың айтқаны болатынына сендіреміз.
Бұны аударған Жайық бекінісінің казагы Сайын молла Азиков. Құжаттың түпнұсқасы Ресей мемлекеттік көне құжаттар мұрағатында жатыр.
– Басқа да сұрақтарымыз бар еді. Оқырмандардың қалауынша тағы кездесерміз.
– Абылай хан тақырыбы – еріккеннің ермегі емес, қазақ тарихының абылайтану деген маңызды саласына айналып келеді. Осы саладағы азды-көпті еңбегімізді еске алып, менің шығармашылығыма назар салған редакцияңызға рахмет.
Сұхбаттасқан
Ербақыт Амантайұлы