Барша қазаққа пана болған қара шаңырақ
2024 ж. 30 мамыр
1375
0
1997 жылдың жазында Қазақстан Республикасының Үкіметі ХХ ғасырдың 30-жылдары Қиыр Шығыстан Қазақстанға қоныс аударған корей халқына қатысты қосымша жеңілдіктер беру туралы заң жобасын Парламенттің қарауына енгізді. Себебі, бүгінгі Қазақстандық корейлердің негізгі бөлігі кезінде Қиыр Шығыс өлкесінен жер аударылған болатын. «Неліктен?» деген сауалға КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БК (б) П Орталық Комитетінің 1937 жылғы 21 тамыздағы «Корей халқының Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралық аудандарынан көшіру туралы» қаулысы бір ауыз сөзбен: «Қиыр Шығыс өлкесіне жапон шпионажының еніп кетуіне жол бермеу мақсатында» деп жауап береді».
Осылайша, жоғарыдағы қаулыға сәйкес Қиыр Шығыс өлкесінің 23 ауданынан Оңтүстік Қазақстан облысына, Арал теңізі және Балқаш көлі аудандарына, сондай-ақ, Өзбекстан жеріне корейлерді жаппай, шұғыл көшіру басталды. Бұл іс қысқа мерзімде, яғни 1938 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқталуы тиіс болды. Қағаз жүзіндегі қаулыда үкімет пен партия көшірілетін корейлермен қатар, басқа да ұлт өкілдеріне өздерінше «қамқорлық» жасап бақты. Оларға өздерімен бірге заттарын, тіптен дүние – мүліктерін ала кетуге рұқсат етілді.
Бұған дәлел, Түркістан облысы мемлекеттік архиві қызметкерлерімен Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатына жасалынған қызметтік іссапар барысында әкелінген құжаттарда төмендегідей мәліметтер бар. Онда №2433 қоныс аударушы эшалонмен 223 отбасы, 724 адамның, оның ішінде 468 әйел, 256 ер азаматтың Оңтүстік Қазақстан облысының Ильичевка ауданына жөнелтілгені туралы мәліметтер кездеседі. Сонымен қатар, 43 вагоннан тұратын эшалонның 2-не дүние-мүлік тиелсе, 7-не малдар мен үй құстары, қалған 33-не адамдар тиелгені көрсетілген. Орда және Теректі ауыл Кеңесіне қарасты колхоз тұрғындарының Оңтүстік Қазақстан облысының Ильичевка ауданына көшіруге өтініш білдірген арыздары, жиналыс хаттамалары мен өтініш білдіруші азаматтардың тізімдері қоса тіркелген.
Сонымен қатар, қаулының 5-ші бабында «Қайта қоныстанатын корейлерге шетелге кетуді қалайтын болса кедергі жасамау, шекарадан өтудің оңайтылған тәртібіне жол беру» қажеттігі атап көрсетілген. Қаулы сондай-ақ, көшкен кезде корейлер қалдырып кетуге мәжбүр болған дүние –мүліктің және егін алқабының шығынының оларға қайтарылатынын да атап көрсетті.
Жалпы, Қазақстанға көшірілген кәрістер нақты түрде қоныс аударудың екі кезеңін бастарынан кешірді. Біріншісі - 1937 жылдың күзінен 1938 жылдың көктеміне дейін. Олар уақытша босатылған жерлерде болды, осы уақытта олар жертөлелерде, қоймаларда атқораларда, шошқа қоралар мен соған ұқсас орындарда, өздерімен алып келген қаражатпен өмір сүрді. Ал олар өздерімен бірге тек киім-кешек, жолға арналып есептелген мардымсыз азық-түлік қорын әкелген болатын.
1938 жылғы көктемде кәрістерді қоныс аудартудың екінші кезеңі басталды. Кәрістерді жүк вагонымен тасымалдады, олар вагондарға артық тиеп жіберіп, жолда туыстарын жоғалтып алу, жаппай ауруға ұшырау жағдайлары болды. 1937 жылғы 28 қазандағы мәлімет бойынша Қазақстанға 70 эшелон, 12129 жанұя, 58427 адам әкелінді, тағы да 7927 жанұя жолда болды. Деректерде Қазақстанға барлығы 20789 отбасы, 98457 адам әкелінді, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысына – 8867 отбасы, 43181 адам орналастырылды деп көрсетілген. Бұл туралы Облыстық архив қорларында құжаттар өте көп. Онда қоныс аударылған кәріс шаруашылықтары, олардың тізімдері, орналастыру жөнінде хат алмасулар, жиналыс хаттамалары мен өтініштері, орналастырылғандығы жөнінде баяндау хаттары т.б. сақталған. Аталған құжаттардың барлығы қоныс аудару саясатын зерттеуші ғалымдар үшін таптырмас дерек көздері болары анық.
Жоғарыда көрсетілген деректер Қазақстандағы кәрістер тарихының аздаған бөлігін ғана қамтыса керек. Осы жерде олар өздеріне жаңа отан тапты, ал олардың қазақ даласындағы терең тамыры кәрістердің Қазақстандағы басқа ұлт өкілдерімен өзара түсіністікте және бірлікте өмір сүретіндерін көрсетеді. Осы жылдар ішінде кәрістер өздерін еңбексүйгіш әрі бейбіт халық ретінде көрсетті, олардың тарихы қазақ халқының тарихының ажырамас бөлігі болып табылады.
«Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын еске сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады». Бұл тәуелсіз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығына сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстар мен олардың нәтижелері осы сөзінің дәлелі болса керек.
Барша қазақтың қарашаңырағы, тағдыры саяси қуғын-сүргіннің қалқаны болған сан түрлі ұлттардың саялы панасы Қазақстанның азаттығы бекем, келешегі кемел болған сайын, өткен заманның ақтаңдақ беттері айқындалып, «жел айдаған қаңбақтың» күйін кешкен қорғансыз, дәрменсіз замандар енді қайталанбас өткен шақ ретінде қарастырылары сөзсіз. Жазықсыз жапа шегіп, жалғаннан ерте озған миллиондаған мұңлықтардың рухы шат болғай!
Айнұр Қайратқызы Нұржанова –
Түркістан облысы мемлекеттік
архивінің Архив құжаттарын
пайдалану және жариялау
бөлімінің басшысы