ТӘРКІЛЕУ ТАУҚЫМЕТІ: ШАШ АЛ ДЕСЕ, БАС АЛҒАН
2024 ж. 19 мамыр
927
0
Сонау 1928-1938, одан 1950 жылдар басында өткен саяси қуғын-сүргін туралы әңгіме жаңғырығы әлі күнге дейін естіледі. Қазақтың өзге аймақтарымен қатар Түркістан өлкесінде өткен сол жағдайларға қатысты құжаттарға қарап отырып, бұл сөз келешекте де жалғаса берер деп толғанасың.
Рас, әлгі нәубетті қылышынан қан тамған советтік тоталитарлық жүйе жасағаны мәлім. Дегенмен осынау зұлмат тұсындағы жоғарының тапсырмасын жергілікті белсенділердің алаулата-жалаулата, асырып орындағанын әйгілейтін хаттамалар ойлантпай қоймайды-ау.
Бұл ретте жастық шағының он тоғыз жылын солақай саясат құрбаны ретінде Колыма жерінде өткізген Омар Қаймолдин еске түсер еді. Сөйтсе де, қанқұйлы Сталин атына шаң жуытпайтын ол:
– Өзі, мен кішкентай бала кезімнен-ақ коммунизм дегенге күдікпен қарайтын едім. Семейде оқып жүргенімде пионерге өт демей ме маған. Мен айтамын: «Не керек ол?.. Пионер деген кім өзі? Не нәрсе?» деп сұраймын ғой. Сендер білмейсіңдер, әуелде комсомолдың, пионердің билеттерін қапқа салып жүріп үлестіретін. Адам алмайтын оны... Тегінде, менің осындай «ұлтшылдығым» 1931 жылы қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы Академияны ашып, этнокартографияны жасаған кезімде-ақ тіркеліп қойылған екен. Содан қойшы, айдалып кете бардық қой жиырма бес жылға кесіліп. Мен «итжеккенге» 37-ші жылы кетіп, 56-шы жылы келдім елге, – деуші еді. Сонда жүз жастан асқан ақсақалдан:
– Сөйтіп жүріп Сталиннің төбесінен құс ұшырғыңыз келмейтіні қалай осы?! – сұрайтынмын.
– Бізді ұстатып жіберу үшін бір орыс келген жоқ қой ауылға... Сталин емес қой бізді тұтқындаған! Өзіміздің белсенділер ғой түбімізге жеткен! – дейтін-ді қария...
Мәселен, 1928 жылдың қыркүйек айында Түркістан өлкесінің Байбота ауылыныц кедей, орташаларының жиылысы бойынша түзілген № 1 хаттамасына қарайық.
Қатынасқандардың саны – 42 адам. Ішінде Қосшы мүшелері де бар. Президиум алқасы: Бердібекұлы, Сейітұлы, Көбесұлы.
Ағалық етуші: Бердібекұлы.
Хатшы: Сейітұлы.
Күн тәртібінде қаралатын мэселе:
Ауылдық жердегі ірі байлардың малын кәмпескелеу жөнінде Сарманұлының түсінігі.
Ауылдық жерден қолғабыс жәрдем комитетін түзу.
Ағымдағы мәселе.
Естілді:
Күн тәртібінде қаралатын Ауылдық жердегі ірі байлардың малын кәмпескелеу жөнінде Сарманұлының түсінігі.
Қаулы қылынды:
Сарманұлы жоғарыдан кәмпескелеу жөнінде шығарылған жариялау қағаздарды оқып, түсіндіріп біткен соң мынадай қаулыға келдік:
Бұл жұмыстың төменгі жердегі батырак-кедейлердің талап-тілегін орындап, шаруа тұрмыстарын көтеруге һәм бай, атқамінердің құлдығынан құтқарып, кедей, батырақ, орташалардың үстемдігін өршітуді үлкен маңызды жұмыс деп таптық. Біз кедейлер бір ауыздан сөз, бір жеңнен қол шығарып, бұл іс-шараға екпінді түрде ат салысуға уәде береміз. Байлардың қулық-сұмдықтары болса, оған мән бермейміз.
Естілді:
Ауылдық жерден қолғабыс жәрдем комитетін түзу.
Қаулы қылынды:
Біздің Байбота ауылынан ірі бай қатарына Көшеген Ақай, Сүлеймен Іздібай деген кісілер жатады. Бұлардың әрбірінде 800 шамасында қойлары бар һәм бірнеше ірі-қаралары болғаны үшін шетінен кәмпеске етуге лайық. Бұлардың мал-жандарының есебін, түсін, түгін анықтап, жасырып ауыстырмас үшін, ауылдық жерден бақылып отыруға мына адамдардан есеп комиссиясы белгіленсін.
Тәтейбай Теңізбайұлы, Лапес Мамырұлы, Шадан Естайұлы, Құдайберген Нұрлыбайұлы, Әлімбек Қарабекұлы, Керімсейт Қалмырзаұлы, Ералқан Сейітұлы, Апаш Тынпозынұлы.
Бұл кісілер осы бүгіннен бастап байлардың мал-мүліктерінің түсін белгілеп, есебін алуға кіріссін.
Және де байлардың мал-мүліктерін түрлі қулық жолдарымен ауыстырып жіберуіне жол бермесін. Болмаса қарауылдап бағып тұру үшін батырақ, кедейлердің қарауына тапсырсын.
Жиылыс ағасы Бердібекұлы (қолын қойған) Хатшысы Сейітұлы (қолын қойған).
Енді Келес аудандық 3-ауыл кедейлері батырақтардың жаңа орташалармен біріккен жалпы жиналысынын хаттамасы.
2 сентябрь 1928 ж.
Мәжіліске 3 ауыл ортасынан 105 адам қатынасты. Сырдария округінен келген уәкіл Дүйсенейұлы, Келес аудандық жерінен келген уәкіл Қалдыбекұлы, Атабекұлы, Мырсағат сайлау уәкілі Мұрат Әлиұлы, 3-ауыл союз Қосшы бастығы Сөлей Бекжанұлы, 3 ауыл атком ағасы Бекмұратұлы Абдірак, Ешан базар калалық бюро мүшесі Ермахан Нұрымбетұлы, Ешан базар қалалык бюро мүшесі Атабай Бейжігітұлы, Ешан базар қалалық Батырақұм бастығы Жанайұлы. Мәжіліс басқару үшін 15 адамның устав бастығы сайланды.
Қалдыбайұлы Керімбет.
Төтеұлы Шалабай.
Ермахан Нұрымбетұлы.
Тенебайқызы.
Мырзалы Әшірұлы.
Күн тәртібінде қаралатын мәселелер: ірі байлардың малын кәмпескелеу жайында, кәмпескеленген малға жәрдем комитет сайлауы, ағымдағы істер.
Тыңдалды: Ірі байлардың малын кәмпескелеу жайында баяндаушы Дүйсекейұлының байдың малын кәмпескелеу жайында өткен баяндамасы ұсынды. Жалпы мәліметке келген кедей-батырақтар жақсы тыңдадық.
Сонымен қатар кейбір күдікті болған төмендегідей сұраулар беріп жарыссөзді де сөйлейміз. Бұл бірақ болатын, сондықтан көкіректігі керек деп мынадай сұрауларды қойды:
Ешматтың сұраулары:
Бай деп кандай адамды айтамыз, байдың малын қандай төлмен алу керек. Жер аударуға ауылдық жер белгілей ме, өзі бай, бірақ көпке зияны тимесе де жер аударуға бола ма? Байдың жасырын малын қандай қып табу, кімдер таба алады? Малы бар байға қандай шара қолданылады? Байлардың өзіне жетерлік беріле ме? Жер аударатын байларды осы жиылыс белгілей ме? Кейбір байлар тұтқын үйінде жатыр, бұған қандай шара бар? Жер аударылатын бай тұтқында болса, кеткенінде егістерін кім басқарады? Жер аударуға ұйғарған байдың баласы жоқ болса, ауыстыру мүмкін бе?
Тағай Өтембеұлы:
Бай неше түрлі болады? Мүліктерін қарызға беріп қойған,бұған шара бар ма?
Өзбекстанның байларының малын қандай 3-3 ауылдық байлары Өзбекстанға жіберіп жатыр, бұған қандай шара бар?
Бекмұратұлы Абдірахман:
1. Саудагер бай болса, бұның малы кәмпескелене ме?
2. 1рі малы бар байлардың қанша малы бары кәмпеселенеді?
Кәмпескеленген малды кімдерге береді?
Байқұлұлы Сыздық:
1. Байлар бала-шағасымен аударыла ма, жоқ бір өзі ме?
2. Кәмпескеге алынған мал әр ауылдың өз кедейлеріне беріле ме, жоқ па? Жер аударылатын байдың диханшылығы бөліне ме, жоқ па?
Қалдыбек Келімбетұлы:
1. Байдың 3-4 әйелдері бар, басқа күйеуге тиіп қалуға болады ма?
Ескендір Атабекұлы:
2. Байлардың кәмпескеленген малдары жеке адамдарға беріле ме, жоқ па? Құлыметұлы:
1. Ірі байлар жерін кедей батыраққа өкілеттен қорыққаныннан қоркытып алып қояды, бұған қандай шара бар?
2. Түркістан, Қызылордадан 4-5 жылдан бері жүрген кедейлерге беріле ме, жоқ па? (ТОМА. Қ. 74. Тіз.1. Іс 194).
Сондай-ақ:
16-ауылдағы ауылдық жәрдемші, кәмпескелеу комисияларының
жиналысының № 1 қаулысы.
13 сентябрь 1928 ж.
Жиналысқа қатысушылар: Ауыл атком ағасы, Ауылком с/к ағасы мен сағат 12-де жиналыс ашылды.
Күн тәртібінде:
Бай балаларына енші бөлу туралы ағымдағы жұмыстар.
Тыңдалды:
Байлардьщ енші бөлінісі туралы жолдас Асабай Төлемісұлының баяндамасын тыңдап, төмендегі баяндамасы. Бұл туралы біздің қаулыға келеміз. Бұл туралы 6-ауылға Нұрсейіт Мәмет Әліұлының өкіметті алдап әкесінен еншісін бөлек қылып және Ақберді Нұралыбайұлы деген налогының жеңіл түсуін бұрынғы деп жүргендігі анық байқадық. Сондықтан бүгін кәмпескелеумен келе жатқан кәмпескелеу комиссиясынан әрқайсысынан бір үйде он сұранамыз. Біздің осы жан болса, малды салыққа кылған қаулымыз бойынша, оларды ол бөлек тізіммен шара қолдануын тілеп, енші алып беруін өтінеміз. Бұлардың енші беріп жүрген балдары өзімен бірге жүріп, бір тұрып, бір табақтан ауқат, бір қазаннан тамақ қылып, ішіп жүреді, көбінің қолының қорғаны бір. Мәмбет Әліұлы Нұрсейітті алсақ, бұл жолдас көп жылдан бері еншім бірге деп қолына алып, мал-жерді мүлікті өзімен бірге екені өкіметті алдап отырады, мұны біз тексере келгенде ат берген атақты тамыры Жұмабекпен шығысып, куәлік алған болыс уақытында ауылдық сельсоветінің бір аяқ көбісіне сатылып, бұл да жасап бере берген. Біз ауылдағы қоңсылас еншісі бірге деп уәде береміз.
Жиналыс ағасы Құралбайұлы. Хатшысы Төлеұлы.
Төбеден тура кешірілді деп 16-ауыл атком ағасы Құралбайұлы.
Келес аудандық атқару комитетінін, кәмпеске комиссиясының
ауылдық аткару комитеттеріне директивтік нұсқаулығы.
Барлық ауылдық атқару комитеттеріне:
Келестің барлық ауылында сайлау науқанымен қабат кәмпеске жөнінде түсіндіру науқаны да жүргізілді. Науқан жақсы өтті, кедей, орташалар жақсы түсінді деп отырмыз. Әйтсе де, барлық ауылда ойдағыдай болды дей алмаймыз. Кей жерде азғырушылар орташаларды шеттетпек болған. Бірақ, ондайлар кезінде жөнделді, енді түсіндіру науқаны бітті. Мәмбет, Әлмен, Әбдірахман бидің ғана малдарын кәмпескелеп жер аудардық деп отырмыз. Келестен басқа бай ілікпеді. Осы ретте теріс ұғым жайылып, момын байлар, әсіресе, орташалар сатынып, тығынып жүрмес. Оның үстіне байлар өсекшілдер, жағымсыз сөздер таратып, елдің тыныштығына іріткі салмасын. Яки, байлар «біз қалдық» деп есіріп, ықпалын жаярлық жағдай болмасын. Тағы да «үкімет дуасы байға тимейтін болыпты» деген үғым жайылмасын. Кәмпеске барлық байды іліктіретін науқан емес еді. Қылмысы асқан байлар керек еді, алдық. Бұдан қалған байлармен заңның жалпы жолдары, оның ішінде салық саясатымен бұдан бұлай да күресе береміз. Алайық: былтыр 5-6 жүз сом, биыл 3-4 мың сом салық төлеп отыр. Салық салмағы байға түсіп, кедейлер көбірек босанып отыр.
Ендеше, ел кедейлерінің еңсесі түспесін, осы жагдайларды ұға білсін. Ұйысқан бетімен өрлей беру, ыдырамау керек. Өздерінің тап жолын айқындап, төңкеріс заңына сүйеніп, байлармен үнемі күресуде болуымыз керек.
Ауыл аумағында осы айтқаннан асып кеткен ешқандай қылық болмасын. Соған сақ болу керек. Әрі бұл жайында атком пленумын шақырып, онан соң кедейлер жиылысын жасап, толық түсіндіру керек. Сонда алдарыңда мына міндет болсын, барлық байға тиеміз деушілік болмасын.
Аудандық атқару комитет төрағасы (қолы қойылған). Аудандық кәмпеске комиссиясының бастығы (қолы қойылған).
(ТОМА. Қ. 74. Тіз.1. Іс 186. Б. 8).
Әзірлеген – Құлан САҒАТҰЛЫ.