ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНЫ – ӘЛШЕКЕЙ КҮЙШІ
2024 ж. 19 мамыр
779
0
1916-1930 жж. Мемлекеттің жазалаушылық әрекеттері мен биліктің саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақстандық босқындары ақтау бойынша зерттеу, ұсыныстарды дайындау және енгізу жұмыс тобының жетекшісі, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Тарих кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсын Хазретәлінің ауакөшудің сыры мен жыры турасындағы мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Мақалада саяси қуғын-сүргіннің құрбаны Әлшекей күйшінің зұлмат заманда бастан кешкен оқиғалары баяндалады.
Бектібайұлы Әлшекей күйші 1847 жылы Жаңақорған ауданының бүгінгі Сүттіқұдық ауылдық округіне қарасты Қаратауддан құлай аққан Жиделі өзенінің бойындағы Бектібай сазы деген қоныста дүниеге келген. Жиделі, Түлкілі деп аталған қос өзеннің арасында Бектібай, Нарбота, Қабыл-Мұңай, МайшыТұңғышбай деп аталатын саздар мен Аралбайдың ақ шиі дейтін шүйгін алаптар күйші әулетінің ежелден жаз жайлау - ата қонысы болатын.
Уақытында дәулескер күйшілігімен Сыр бойы мен Арқаға тең танылған Әлшекей күйшіні халқымен тағдырлас деуіміздің үлкен мәнісі бар. Кеңестік тоталитарлық қоғамның өткен ғасырдың 20-30-жылдары жүргізген жойдасыз реформаларының қысымымен туған жерін тастап, ауакөшкен елдің қалың ортасында болып, сүйегі жат жерде қалған жүздеген мың қандасымыздың шерлі тағдырын бөліскендердің бірі Әлшекей күйші!
Осы күні ауакөшу қазақтың генетикалық қорын сақтап қалды дейміз. Рас сөз. Ауакөшу үдерісі миллиондаған қазақты аман алып қалды. Сонымен, бірге кеңестік идеология барынша жаманатты еткен ауакөшу халқымыздың руханияты мен мәдениетінің де мәйегін сақтап қалды ғой. Оның бір мысалын ауакөшкендермен бірге бүгінде ортамызға оралған Әлшекей күйшінің мұрасынан көреміз.
Ауакөшу дегеніміз – халқымыздың жан сақтау мен ел сақтаудағы ежелден қолданған тәсілі. Дәстүрлі қоғамда еліміз халықты қынадай қырған ауру мен індеттен қоныс аударып, ауакөшіп құтылған. Жайсыз тиген билеушіден де, зәбір көрсеткен рубасыдан да ауыл-аймағы, бота-тайлағымен ауакөшіп бас сауғалаған. Сүттей ұйыған дәстүрлі қоғамның тұрмыс-салты мен ғасырлар бойы рухын шыңдаған тарихы мен мәдениетіне кеңестік биліктің жасаған озбырлығына халық төзе алмады. Тағы да ауакөшу. Бұл жолғы көш «бұрынғыдан басқарақ» еді.
Елдің басына төнген зұлмат кезең халықтың жанына жара салып кете бермей оның жадында аңыз болып, жыр, дастан, күй болып сақталып қалатыны бар. Сыр бойындағы елдің басына төнген сондай зұлмат кезеңнің бірі – тоталитарлық биліктің қысымымен 1927-1934 жылдары Жоғарыға ауа көшу еді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жарлығы бойынша жүргізіліп жатқан іздестіру жұмыстары барысында ауакөшу тарихына қатысты зерттеу-іздестіру тобының жетекшісі болғандықтан Әлшекейдің де саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғандығына, миллиондаған ауакөшушілермен бірге оның да саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылмағандығын, соған сай осы күнге дейін ресми тұрғыда ақталмағандығына елдің назарын аударғым келеді.
Республикада осы жойдасыз қуғын-сүргінді ұйымдастырған Ф.Голощекинге жазылған әйгілі «Бесеудің хаты» авторларының бірі, Мәскеудегі Сталин атындағы КУТВ түлегі Емберген Алтынбековты осы хаттан соң Жаңақорған аудандық партия комитетінің жауапты хатшысы етіп жіберген екен. 1995 жылы Шымкентте Ембергеннің жары Мағрой апамен сұхбаттасақанымда «Біз Жаңақорғанға барғанымызда көшеде аштан өлгендердің сүйегі шашылып жататын еді. Бұрынғы жауапты хатшы қызметін тастап ауакөшкендермен бірге кетіп қалған екен» деген естелік айтып еді. Міне, осы аудандағы 1933 жылдың 17-20 желтоқсанында өткен партия ұйымының V конференциясында 1931-32 жылдары жылқы 27 мың, түйе 16 мың, қой 123 мың, ешкі 103 мың болса, 1933 жылы содан 4940 мал ғана қалғандығы баяндалған. Аудан басшысының баяндамасынан 1931-32 жылдары ауданда 10 мың үйден 1933 жылы 3 мың үй ғана қалғандығын білеміз.
Аудан көлемінде мал мен жанның осынша кеміп кетуінің астарында халықтың басына төнген ауыр тақсыреттің зіл батпан салмағы жатқанын біреу білер, енді біреулер біле бермес.
Мен де осы Жаңақорғаннан Жоғарыға (Сыр бойынының халқы Өзбекстан, Тәжікстанда осы күнге дейін осылай атайды) ауа көшкендердің ұрпағымын. Туған жерден үдере көшіп, туған елден жырақта күн кешудің ащы дәмін бесікте жатып сезінгенмін. Ауа көшудің шерлі тарихы санама анамның әлдиімен, әкемнің өлеңсөзімен сіңген еді.
Әкем Тұрсұнұлы Махан (1911-1974) 1930 жылдың қаңтарында Төменарықтың жанындағы Қысты Ата деген қыстаудан шешесі Жұмакүл екеуі ағасы Ысмайылдың бастауымен жетім көштің күйін кешіп, туған жерден жасырын жылыстап, ауа көшкен екен. Жызақ, Самарқан асып, Тәжікстанның Ауғанстанмен шекаралас Пархар ауданына барып табан тіреген көш 1960 жылы ғана елге қайта бет түзеген. Пархар дегенің Памир тауының етегі, Ауғанстанмен шекаралас ең шеткі аудандардың бірі ғой. «Арқадан арқар ауып кетсе, біз Сырдың бойынан Пархар ауып кеттік қой» деп отырушы еді әкем.
Әкем де, оның әкесі де жалғыз еді. Осы күнде «сайынан сайғақ құрлы сая таппай» туған жерден ауа көшкен «Дәу Маханның» ұрпағы бір қауым елге айналыппыз. Шүкіршілік! Егерде әкеміз итжеккенге айдалып немесе ашаршылықтан ісіп-кеуіп бір сайда қалғанда осыншама ұрпақ дүниеге келер ме едік!
Бұндай тақсірет қазіргі кезде туған жердің ырыс-берекесін келтіріп отырған аудан тұрғындарының көпшілігіне ортақ ащы тағдыр!
Соншама тәш-пүш көретіндей әкемнің не жазығы бар еді?
Соншама қайғы-қасіреттің дәмін татып, азап отына өртенетін елдің не жазығы бар еді Құдай алдында?
Өткен жылы ауакөшу тарихын індетіп Душанбенің архивын ақтардым. Биылғы жыл Мәскеудің орталық архивтерін, еліміздегі құпия архивтерді сүзіп шықтым. Көп сырдың шетін тарқатқандай болдық. Шындығында, ауакөшу ешқандай да стихиялы болмаған екен. Өз отанына өзі өгей болып қалған елдің шет жерлерге ауа көшуін елдің арқасүйер азаматтары кеңестік биліктің жойқын «қайта құруларынан» аман алып шығу үшін амалсыздан ұйымдастырған екен!
Қызылордалық Алаш қайраткері Иса Тоқтыбаев 1931 жылдың тамызында Ташкентте Ниязбеков көшесіндегі Сұлтанбек Қожановтың пәтерінде болған кездесуде оның «қазақтардың жаппай ауа көшуі Қазақстанда жүргізілген саяси бағытпен байланысты. Егер осы саяси бағыт алдағы уақытта да жалғаса берсе, онда Қазақстанда бірде-бір қазақ қалмайды және қазақтар көрші аудандардан ғана пана табады» деген еді деп жауап береді тергеушіге.
Мұстафа Шоқайдың гимназиялас досы, Жаңақорғанда болыс болған, Перовск уездік атқару комитетінде қызмет істеп, қанішер Гержодтың қуғынымен Қызылқұмға алғаш рет ауа көшкен Серіқұл Алдабергенов деген Алаш қайраткері болған. Оның Орынбордағы Алаш съезіне Түркістан-Шиелі атырабынан өкіл болып қатысуының өзі бір тарих. Осы Серіқұл бастаған елуден астам адамды НКВД-ОГПУ қызметкерлері 1934 жылдың жазында Тәжікстан жерінен тұтқынға алып, Шымкенттің абақтысына жабады. 8-9 айға созылған тергеуде оларға істемеген ісін мойындатып, айтпаған сөзін айтқызады. Осы Серіқұл айтады тергеушіге берген жауабында «1929 жылы Жаңақорғанда Бегайдар Аралбаевтың ұйымдастыруымен бас қостық. Сонда Бегайдар мал мен жанды аман сақтап қалу үшін Өзбекстанға көшіңдер» деген тапсырма берді» дейді. Жантөренің Бегайдары 1925-1928 жылдары Қызылордада Қазақ Орталық Атқару Комитетінің хатшысы болған еді.
Архивтердің құпия қорларында сарғайған парағы ішіне бүккен тарихты жарыққа шығаратын сәт келді. Тергеуге алынғандардың барлығы да өздерінің Тәжікстанға орналасуына Сұлтанбектің ықпалы болғандығын жазады. Тергеу құжаттарында Жаңақорған-Түркістан атырабынан қай ру қанша үймен көшіп жүргені, қанша мал-жаны бар екендігі, керуенбасылары кімдер екендіктері тәптіштеп жазылыпты. Не деген ыждағаттылық десеңші!
Ауакөшушілердің көшбасшылары ретінде Серіқұл Алдабергенов 1935 жылдың ақпанында бес жылға Сиблагтың Красноярск лагеріне, теріскейлік бұрынғы болыс Жанаділ Исаев Қарлагке жер аударылған. Басқаларына да сондай жаза кесілген.
Би, болыс болмаған, бай болып кісі жалдамаған, домбырасын шертіп жайына жүрген Әлшекейдің ауакөшуіне не себеп? деген сауал тұрары сөзсіз оқырманның көкейінде. Оның сыры – тоталитарлық биліктің қазаққа жасаған жаппай қысастығында болатын.
Әлшекейдің ауа көшуге еруінің сыры – бүкіл әулетінің қуғындалуында еді. Осыған байланысты күйшінің әулеттік шежіресін тарқатуға болады. Әлшекей қоңырат тайпасының Құрбан руының Киікші атасынан өрбиді. Киікшінің Бекбаулысының Үсен атасынан Жанысбай, Сиқымбай, Балтабай тарайды. Осы Жанысбайдың немересі Жәнібек Тұрсынбаев болса, Сиқымбайдың Бектібай, Бердібай деген екі ұлы болған. Бектібай Әлшекейдің әкесі. Ал Бердібайдан Аралбай, одан Жантөре болып келеді. Осы немере-шебере болып келетін әулеттен 1928 жылдың қазанында Қазақ Өлкелік өкіметі мен үкіметі бекіткен ресми тізім бойынша «мың жылқы айдаған» Жәнібек Тұрсынбаев пен он екі жыл болыс болған Жантөре Аралбаевтар кәмпескеленіп, Оралға жер аударылды. Сонда жеңгелері «Оралға кеткен ауып екі бегім, Аман бол қайда жүрсең асыл тегім» деп дауыс салған екен.
Бұл әулет Қазақ Орталық Атқару Комитетінің хатшысы Бегайдар Аралбаев арқылы кәмпеске науқанының жақындап қалғанын алдын-ала біліп отырды. Жантөре болыстың атқосшысы болған Молжан ақсақал Қызылордаға Бегайдардың үйіне қонаққа барғанында «қолдағы малдарыңды сатып, елге таратып, басын азайтыңдар. Ертеңгі күні өз малың өзіңді шаян болып шағады» дегеніне «өмір бойы біреуін екеу етеміз деп ебіл-дебіл болып жүрсек, бұның малыңнан без дегені несі, оқыған адам осындай болады екен, ә» деп наразы болып қайтқандығын айтады. Кейін, 1933 жылы Б.Аралбаев істі болғанда оған «кәмпеске науқанынан байларды хабардар етіп отырды, Жаңақорған ауданындағы жаппай ауакөшуді ұйымдастырды» деген айыптар тағылған.
1929 жылы байдың, болыстың, бидің туысы деген желеумен орташаларды тап ретінде жою мақсатында ет салығы мен астық салығын күшейтіп, сайлау құқынан айырып, «жеке тұр» етіп қысымға алу қуғын-сүргіннің басты тетігіне айналды. Міне, күйші әулетінің Жаңақорған атырабынан ауакөшуінің түпкі себебі осы. Екі бірдей арысының кәмпескеленіп, жер аударылуы бүкіл әулетті қуғындаудың басты дәлеліне айналды. Кеңестік биліктің қуғыннан бас сауғалаған күйші әулетінің ауа көшуі осылай басталды. Бұл жағдай Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бардың кері еді.
Күйші әулеті алғашқыда Өзбекстанның Жызақ, Самарқанд жағында кірекештік кәсіппен күн көреді. Бірақ, ауакөшушілерді елге қайтару деген желеумен соңдарынан барған қуғыннан ізін суыту үшін жылыстай көшіп, Тәжікстан арқылы Ауған асып кеткендер де болды. Күйші әулеті Тәжікстанның Шерабат ауданындағы Яван қыстағына тұрақтаған. Осы қыстақта екі немересі қатар шетінейді. Жасы сексеннен асқан күйші де осы қыстақта 1932 жылы қайтыс болады. Күйшінің сүйегі Яван қыстағының шетіндегі қорымға, қос немересінің қасына қойылады. Елге жете алмай...
Сырдың бойында туған жерімен қоштасарда шығарған Әлшекейдің «Толқын» күйі ата жұртын аңсаған елдің көңіл-күйінің көркем бейнесіне айналды. Халқымен тағдырлас Әлшекей күйшінің мұрасы жөнінде айта берсе әңгіме көп-ақ. Ел үркіншілікке түскенде мал-мүліктің құмда ізі, сайда саны адыра қалады ғой. Әлшекей өзімен бірге жат жерге шашауын шығармай өнерін ала кетті. Сүйегі жат жерде қалды. Оның мұрасына назар аударған билік болмады. Тұтас ұлтты керек етпеген билікке оның төлтума өнері неге керек болсын. Жарлы-жақыбайдың өнері (пролеткульт) алға шығып, Әлшекей сияқты дәстүрлі өнерпаздардың мұрасы шет қала берді...
Ақселеуден қалған сарасөз
Ақселеу Сейдімбектің соңында ұлт руханиятына олжа салған қыруар еңбек қалды. Солардың арасынан халқымыздың күй өнерінің тарихын екі мың жылдыққа ұзартқан, жүздеген күйшілер мен мыңдаған күй аңыздарын тірілткен «Қазақтың күй өнері» монографиясының орны бөлек. Ақаңның шығармашылығына қанып өстік, әр мақаласын, кітабын сондай тұщына оқыдық, Баябан шөлден шыққандай шөліркей бас қойдық. Ол бір қазақы рухты тірілтіп, дәстүрлі мәдениетіміз бен тарихымызды түгендеген санаулы ғана ағаларымыздың шығармашылық өрлеуге түрен салған кезі екен ғой.
1996 жылдың қоңыр күзінде Алматы қаласына жолым түсті. Мың-сан жұмыстың бірі – Ақаңа жолығып, сұхбаттасу болатын. Алдын-ала поштамен біраз деректер жібергем. Ағаның шаңырағында көл-көсір сұхбат болды. Әңгіменің түйіні – Әлшекей күйші еді. Менің деректерімді кітап сөресінен лезде тауып алып, алдыма қойды.
Жап-жақсы тұлғалапсың, күйшіні. Неге өз атыңнан жарияламайсың? – дегеніне мен де жұлып алғандай етіп
Аға, «Бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген бар ғой. Аузыңыз дуалы, сіздің сөзіңіз өтімді. Оның үстіне күй мен күйшіні сізден артық танитын кім бар! – дедім.
Оның рас, ата-баба мұрасын біздің ұрпақ түгендемесе кейінгіге ұмытыла береді-ау – деп қайырды. Көп ұзамай «Егеменді Қазақстанда» Ақаңның Әлшекей күйші туралы етектей мақаласы жарық көрді. Содан бастап жергілікті жерлерде күйші мұрасына деген қызығушылық арта түскендей еді.
Күйшінің шығармашылығын жүйелей талдай отырып «Әлшекей - күйші-композитор ретінде Сыр бойындағы музыкалық мектептің көшбасында тұрған көрнекті тұлға. Қазақтың ән өнерінде Сыр бойының жыршы-жыраулық дәстүрі қандай дара болса, күйшілік өнерде де Әлшекейдің қолтаңбасы сондай дара» деген Ақаң ағамыз Әлшекей күйлерінің әуендік бояуы мейілінше қанық болып келеді. Ал, бітім құрылысы жөнінен дәстүрлі тік күйлердің де, қоңыр күйлердің де қасиеттері мінсіз кірігіп, тұтастық танытып отырады» деп ой түйеді. Оның күйлерінің ұлттық төлтума бояуының қанықтығына назар аударады. Сонымен, Ақаңның тануымен Әлшекей күйлері алғаш рет теориялық бағасын алды.
Ақаң Әлшекейдің шәкірттері қатарында Жанғабылов Ақбала, Әлиев Сүгір, Қаламбаев Жаппас сияқты дәулескер күйшілерді, ал тағылымын алған келесі буыннан Момбеков Төлегенді атайды. Бұл тұжырым қазақ күй өнерінің арғы-бергі тарихына қанық, күй мектептерін жүйелеп, жіктеген ғалымның Әлшекейден бастау алған өнердің жалғастығын танығандығы.
Күйшінің Арқа мен Сыр өңірінің күйшілік өнерін домбыраның қос ішегіндей қатар алып жүргендігін көшпелі өмір салтымен ұштастырады. Әлшекейдің атақонысы Қаратаудың түйетайланып аяқталар тұсына таяу Күмісті асуынан таяқ тастам жер. Одан әрі Бетпақдала, Арқа болып кете барады. Дәстүрлі қоғамда Сырдың қазағы Арқаны жайлап, Арқаның қазағы Сырдың бойын қыстап, мидай араласып жататын еді ғой. Осындай көші-қон байланыстары «Әлшекейдің Арқадағы Тоқа, Дайрабай, Ықылас, Қыздарбек сияқты күйшілермен дидарласуына, олардың өнерін өнеге тұтуына елеулі ықпал еткен» деп күйшілік өнердің сабақтастығынан сыр тартады Ақаң ағамыз.
2008 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне Ханағамды, бүгінгі академик Әбжановты іздеп бардым. Ақаң екеуі бір бөлмеде отырады екен. Әдеттегідей, ағамыздың әңгімесі күй мен күйшілерге ойысты. Жақында Тәжікстанға барғандығын, ол жақтан Әлшекейдің қабірін іздестіргендігін айтты.
-Халқымыздың «сүйек қосу» деген дәстүрі бар ғой. Қазақ күй өнерінде өз орны бар Әлшекей күйшінің сүйегін туған топырағына әкеліп жерлесе ғой, шіркін, біраз тірлік орнына келер еді!
Әрине, жақсы идея. Ол үшін алдымен күйшінің қабірін тауып алу керек еді. Атадан немереге жеткен ауызша деректердің ізін қуып, күйші қабірін іздеген Данабектің немересі Оңғарбай 2013 жылы Тәжікстанға арнайы барғанында қазақ-тәжік әдеби байланыстарының білгірі профессор Абдусаттар Нуралиевпен жолығады. Профессор ата бейітін табуға үлкен көмек көрсеткен. Осы жағдайлар туралы профессордың «Тәжікстандағы қазақтар» (2017 жыл) атты еңбегінде жеткілікті баяндалған. Ең бастысы, зерттеу-іздестіру барысында күйшінің Яван қаласындағы «Шахидон» (шахидтер) зиратындағы қабірі анықталып, басына ескерткіш белгі орнатылғандығы. Қазіргі кезде Әлшекей күйшінің қабірі де Мұстафа Шоқайдың Берлиндегі, Н.Төреқұловтың, Т.Рысқұловтың, С.Қожановтың, Ғ.Бірімжановтың Мәскеудегі (Коммунарка арнайы нысаны), Мәскеудегі Дон зиратындағы Әлихан Бөкейхан, Н.Нұрмақовтардың қабірі сияқты шетелдегі қазаққа қатысты киелі орнындардың қатарын толықтырып отыр. Ақаң, Ақселеу ағам айтқан «сүйек қосу» дәстүрін жаңғырту уақыттың еншісі. Бәлкім, тарихи-мәдени мұра ретінде сол күйінде сақталып қалғаны дұрыс па?
2019 жылы Тәжікстанға арнайы сапарлап барғанымызды бізді Душанбедегі «Бәйтерек» қазақ мәдени орталығының төрайымы Зәуре Самидинова мен Абдусаттар Нуралиев және қазақ елшілігінің хатшысы күтіп алған еді. Олар тәжік еліндегі қазақтардың арасында алғашқылардың бірі болып Әлшекей күйшінің тарихын қалпына келтіру қолға алынғандығын еске салды. Абсаттар аға қазақ тілінде Оңғар Жидебаевтың демеушілігімен жарық көрген «Тәжікстандағы қазақтар» кітабының жалғасын жазып жатқандығын әңгімеледі. Қолда бар деректермен бөлістік. Әттең, ағамызға 2021 жылы Душанбеге барған сапарымызда жолыға алмадық. Карантиннің құрығынан құтыла алмапты. Өзімен бірге кетті қазақ-тәжік байланыстарын бекемдейтін қаншама құнды ой-пікірлері!
Қазақтың күй өнерін, соның ішінде Әлшекей мұрасын да руханият игілігіне оралтқан Ақселеу ағамыздан да қапияда көз жазып қалып едік-ау! Бұларды тағдырдың жазуы дерміз. Ал Әлшекей күйші қазақты саяси биліктен айырып, торғайдай тоздырған кер заманның құрбаны ғой!
Үркіншілік жылдары Жиделі-Байсынға ауа көшкен ел әлдеқашан туған жеріне қайта оралып еді. Бүгінгі күні жат жерге жамбасы тиіп, арманда кеткен Әлшекейдің күй мұрасы туған елімен табысты!
Тұрсын ХАЗРЕТӘЛІ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Тарих кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы.