ҰСТАҒАННЫҢ ҚОЛЫНДА КЕТКЕН МАЛ-МҮЛІК
2024 ж. 29 сәуір
1143
0
Сонау зұлматты дәуір көрінісі, қалай болғанда да, біршама хатталғаны да көңілге медеу. Өйткені, жас ұрпақ мың өліп-мың тіріліп, қаншама қан жұтқан халық өмірінің тақсыретін сол дүниелер арқылы түйсіне алады.
Мәселен, бір мезет Оңтүстік өлкедегі сонау қуғын-сүргін тұсында, нақтырағы, 1928 жылы қазан айының 3-і күні толтырылған төмендегі бір жазбаға көз жүгіртейік:
Ескі Құмарық болысына қарасты 16-ауылының Союз Қосшы мүшелері, батырақ және кедейлерінің жалпы жиналысының хаттамасы.
Жиылысқа қатысқандар: Қосшы мүшесі – 47 адам, батырақтардан 13 адам, кедейлерден – 43 адам, бәрінің жалпы саны – 119 адам болды. Бұлардан басқа қатысқандар Қосақұлы, Сапарбайұлы, ауыл атком бастығы Зәуірбекұлы, хатшысы Жарылқасынұлы, ауыл атком союз қосшы бастығы қол қойған. Уақытша жиылыс бастығы қол қойған. Мүшесі – Иманқұлұлы, Зәуірбекұлы, хатшысы Әбшағайұлы.
Күн тәртібінде қаралатын мәселе:
Ірі байлардың малын кәмпескелеу туралы Қосақұлының баяндамасы.
Кезектегі мәселе.
Тыңдалды:
Ірі байлардың малдарын кәмпескелеу туралы Қосақұлы алдымен баяндамадан бұрын жоғарғы жерден шығарған ұран қағаздарын оқып түсіндіріп берді. Сонан кейін баяндама оқып төмендегі көрсеткендерді айтып түсіндіріп берді. «Не себептен ірі байлардың малы кәмпескеленіп жатыр?», «Ол малды кімге береді?», «Батырақтарға қандай ұйым ашу керек?», «Көшпелі нешеге бөлінген?», «Кәмпескелеу туралы қанша адамнан комиссия дайындалды?», «Ол комиссия не қылады?».
Осылардың барлығын халыққа толық түсіндіріп айтып баяндама қылып берді. Ерназарұлы Әбілтай жолдастың батырақ, кедей, союз қосшы және орташаларға қарай жазған хатын оқып халыққа түсіндіріп бергеннен кейін халық тарабынан ауызекі сауал берді. Түсіне алмай қалған жеріне жолдас Қосақүлы берген сауалдарға толық жауап берді. Бұдан кейін айтыс сөзі болып, айтыс сөзге ауылком, союз қосшы бастығы мынаны айтады: «Біз өзіміз бір старшын Күнту деген елміз, біздің дәл осы уақытқа дейін жер- суымыз жоқ, сұрасақ та бермейді. Не себептен екенін білмеймін! Бұлардың бастығы неше атадан бері қарай ата-бабасынан дәулет үзілмеген және Николай уақытынан да неше жыл болыс болған Дәулетқұл Дәліұлы деген.
Бұл Дәулетқұл Дәліұлы өзі бай адам және Николай уақытынан бері датқалығын қалдырмай келе жатыр. Кедейлердің тұрмысына кедергі қылып, дәл осы бүгінге дейін атқамінер арқылы датқалығын жүргізіп келе жатыр. Өзі келмегенде де үйінде отырып үлкендігін жүргізеді. Дәулеткұл Мырзақан Қалаубайұлы дегенге қызын берген. Сол Мырзақан Қалаубайұлы Қызыл отау жанындағы сот болған. Сол күйеуі Мырзақан Қалаубайұлына арқа сүйеп, бұрынғы ескі датқалық орнатқан. Сүйтіп кедейлерге зиян қылған, күйеуіне айтқанын қылдырған», – деп сөзін тоқтатты. Жиылыста отырған халық Байназарұлының сөзін қуатгап төмендегі қарарға келеді:
Дәулетқұл Дәліұлының қылған істері жоғарғы жерді шығарған ұран мен қарарына лайық келгені туралы аудандық атқару комитетінің кәмпескелеу туралы құралған комиссиялардан сұралуын Дәулетқұл Дәліұлының малын кәмпескелеп, батырақ, кедейлерге бөліп беріп, өзін басқа жаққа жер аудару туралы деп көпшілік сұранып бір дауыспен қарар қылдық.
II. Кезектегі мәселе кезектегі сауал болмағаны туралы ашық қалды.
Жиылыс бастығы: (белгісіз).
Мүшелері: Иманқұлұлы, Мәутіұлы хат білмегендіктен Байназарұлы қол қойған. Зәуірбекұлы хат білмегендіктен Жарылқасынұлы қол қойған.
Осы протоколдың растығына және түбірден тура көшірілді деп куәләндіріп 16-ауылком Союз Қосшы бастығы қолын қойған.
Әзірлеген – Қуандық БЕГІМБАЙ.