СОЛ ЗОБАЛАҢ ҚАТТЫ ОЙСЫРАТТЫ
2024 ж. 29 сәуір
1100
0
Оңтүстік өлкеміздің XX ғасыр басында Ресей империясы Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысына қарағаны мәлім.
Қазан төңкерісінен кейін осы аттас облыс болып, алғашында РКФСР-ға кірген Түркістан АКСР-інің құрамында, кейіннен КСРО құрамындағы ҚазАКСР-інде, ең соңында КСРО құрамындағы Қазақ КСР -і құрамында болғанын айтуға болады. Соған сәйкес әкімшілік-территориялық қатынаста да атаулар біртіндеп өзгертіледі: Сырдария облысы, дәл осылай аталған округ (округтік бөлініс кезінде), ары қарай Оңтүстік Қазақстан облысы, одан жеке бірліктер ретінде 1938-ші жылы Қызылорда облысы және 1939-шы жылы Жамбыл облысы бөлініп шығады.
Профессор Сейдахан Бақторазовтың айтуынша, Түркістан генерал-губернаторлығы құрамында Қазан төңкерісі қарсаңында 2.665.441 қазақ өмір сүрген. Қазақ жерлерінің қайтадан бірігуі нәтижесінде республика аумағы 700 мың шаршы километрге жуықтайды. Яғни, үштің біріне ұлғайып, 2,7 млн. шаршы шақырым болды, ал 1926 жылғы халық санағы бойынша қазақтардың саны 3.627.612 адамға жетіп, республика халқының 2/3-сіне жуықтаған (58,5%) еді.
Бұл арада Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі небәрі сегіз-тоғыз жыл аралығындағы аласапыранда аталған өңір тұрғындарының қосқан үлес салмағы қарапайым есептеулер тұрғысынан қарастырғанның өзінде ойсырап-ақ қалғандығын аңғаруға болады. (1917 жылы тек Түркістанда ғана 2.665.441 қазақ болса, 1926 жылғы санақ бойынша осыған тұтас ел бойынша, шамамен 1.000.000 қазақ қосылған). Дегенмен, осы сандық көрсеткіштер арқылы-ақ Түркістан өңірінде болып өткен оқиғалардың қазақ қоғамына тигізген ықпалын пайымдау қиын емес.
Әрине, құбылмалы, тұрақсыз саяси жағдайға қатаң қысы мен құрғақшылығы қосымша болған 1917 жыл мен азамат соғысындағы дүрбелең және одан кейінгі 1920 жылдардағы таптар мен саяси күштердің тартысы Түркістан қазағына жеңіл тимегені түсінікті.
– Тұрғылықты халықтың басым көпшілігінің шаруашылық жүргізуі мен тұрмыс-салты көшпелі сипаттағы Қазақ елінде Кеңес өкіметі орнағаннан кейін жүргізілген әлеуметтік және экономикалық-саяси эксперименттердің жан түршігерлік зардаптары болды, – дейді осы ахуалды егжей-тегжейлі зерделеген Сейдахан Уәлиұлы. – Мәселен, репрессия шаралары алдымен және бірнеше дүркін (1918-1921, 1927-1932, 1937-1938) Алаш зиялыларын қамтыды. Өйткені большевиктік билік қазақ қоғамындағы потенциалды оппозициялық күш зорлықпен басылып тасталынған ұлт-азаттық қозғалыс басшылары мен белсенділері екендігін жақсы түсінген-ді...
Әрине, халықтың ауыр жағдайы, олардың күйзеліс пен ашаршылыққа ұшырауы республикадағы көптеген ұлт зиялыларының және халық тағдырына жаны ашитын барлық адал адамдардың ашу-ызасы мен қарсылық-наразылығын туғызды. Алайда, каһарына мініп келе жатқан кеңестік репрессиялық аппарат оларды барынша тұқыртып ұстауға негізделген болатын.
Өңірдің экономикалық маңыздылығы, оның төңкеріске дейін де, төңкерістен кейін де үнемі дамып отырғандығында еді, осыған сәйкес қоғамның әлеуметтік қүрылымы да өзгеріп отырды – қала халқының, жұмысшы табының, гуманитарлық және ғылыми-техникалық интеллигенцияның саны өсті. Өңірдегі өзіндік ерекшелік ретінде, ұлттық- территориялық межелеудің нәтижесінде өңірдің Қазақ АКСР -і құрамына кіргеннен кейінгі кезеңдегі партия-кеңес элитасын ротациялауды, яғни, Оңтүстік Қазақстан өкілін республикалық басшылық органдарына алып (кіріктіріп), Оңтүстікке басқа өңірдің басшы кадрларының жіберілуін айтуға болады. Бұл жағдай 1930-жылдардағы оқиғалар барысында көп кесапатқа себеп болған еді. Әрине, ұлтымыздың игі-жақсыларын баудай түсірген 1937-1938 жылдардағы нәубеттің себебі тек осы ерекшелікпен шектелмегені де белгілі.
Ерасыл ЖАНТӨРЕҰЛЫ