АХУАЛ АЛАҚАНДАЙ АНЫҚТАМАДА ТҰР
2024 ж. 22 сәуір
1414
0
Қазақстанның оңтүстік өңірінде советтік кезеңде жүргізілген саяси қуғын-сүргін: байларды кәмпескелеу, оларды дауыс беру құқығынан айыру, күштеп ұжымдастыру, бірыңғай ауылшаруашылық салығын салу және осының негізінде күнкөрістен айыру, сөйтіп, тегін еңбек жасату сияқты сорақы үрдістердің барысын ашатын ахуалды кейбір шағын хаттама құжаттардан-ақ аңғаруға болатын секілді. Мысалы, бір сәт сондай деректерге көз жүгіртейік:
Қаулы етілді:
Ірі байлардың малын алу туралы баяндаманы естігеннен кейін жиылысқа жиналған жалшы, Қосшы мүшелері мынау төмендегі қаулыға келеміз.
Үлкен байлығының арқасында бұрынғы ата жуандығы, бектің мықтылығына сүйеніп, ел ішінде рушылдықты қоздырып, кеңес жұмысының ілгері болуына кедергі келтіріп отырған Қазақстандағы ірі байлардың малын кедейлерге беріп, өздерін жер аударту туралы Қазақстан үкіметінің шығарған қаулысын қарсы алып, өз аузымызбен осы науканды өткізу үшін жәрдемдікке мынау төмендегі адамдарды сайлаймыз.
Жиылыс ағасы: Атымбайұлы Хатшы Мұздыбайұлы.
Бадам ауданы 14-ауылдағы №7 партия үясының һәм Союз Қосшы,
батырақтардың жалпы коспа мәжілісінің хаттамасы
15 сентябрь 1928 ж.
Партия мүшелері – 11, Союз Қосшы мүшелері – 18, батырақ жалшылары – 9.
Қаралатын мәселе: ірі байлардың малын алып, өзін жер аудару туралы ұя хатшысы Мұратұлының баяндамасы.
Мәжіліс бастығы: Бекмұратұлы.
Хатшысы: Шалабайұлы.
Тыңдалды: ірі байлардың малын алып, өздерін жер аудару туралы Бекмұратұлының баяндамасы.
Қаулы етілді: баяндаманы тыңдағаннан кейін мынадай қаулыға келеміз. Бұл туралы Қазақстан үкіметінің шығарған қаулысын алып мына байларды зиянды деп табамыз:
14-ауылда Сағатбек Балпықұлы өзінің аты жуандығының арқасында дәулетіне сүйеніп, қараңғы халық еңбекшілер арасында іріткі салып, партияның жолбасшылығына кедергі келтіріп жүрген ірі байдың бірі деп табамыз.
Сонымен әкесі Ниязбек еңбекшілер дұшпаны болып табылып ГПУ арқылы Оралға жер аударылып кеткендігін ескертеміз.
Ірі байдың бірі болып ел арасындағы еңбекшілерге күнде жауыздығын істеп ата жуандығымен пайдаланып еңбекшілер дұшпаны Сағатбек Балпықұлының жер аударылып, мал-мүлкі кедейлерге беруін сұраймыз.
Жиылыс бастығы Бекмұратұлы Хатшысы Шалабайұлы.
***
Міне, саяси репрессиялардың социалистік шұғыл жүзеге асырудың негізгі тәсілдері мен амал-айласын осындайдан-ақ байқауға болатын шығар.
Әзірлеген Гүлжарира АЙХАН