Дәуірінің дарасы болған
2024 ж. 15 сәуір
977
1
Қазақтың басына не келіп, не кетпеген. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» №456 Жарлығы шыққаны белгілі болып, аймақтарда осы істер бойынша жұмыстар жасалғанын естідік. Қызылорда облысы Арал ауданында өмір сүрген менің нағашым Есмырзаұлы Демекбай Құмбазар, Нұрша елді мекендерінде 18 жыл болыс болып еңбек еткен. 1928-1929 жылдары дүние мүлкі тәркіленіп, өзін Қарақалпақ жеріне жер аударған. Сол айдаудан 1931 жылдары еліне әрең жетіп, қиыншылықпен өмір сүріп 70 жасында туған жерінде өмірден озған. Қазіргі Арал ауданы, Құмбазар елді мекенінде қам кірпіштен соққан үйтамы әлі бар. Кезінде еліне қамқор болған, ақылымен жұртын басқарған нағашымды білетін ірібасты азаматтар қазір жоқтың қасы. Ертеректе бізді көрген ауыл адамдары:
– Уа, болыстың жиені-деп, тұра қалып амандасушы еді. Нағашы атамның 10 баласы – 9 ұл, 1 қызы болған. 1932 жылы кенже баласы Ақеділ дүниеге келген екен. Сол жалғыз қыздан тараған біздер кезінде анамыздан естіген еміс-еміс естеліктерді ғана білеміз. Бала болдық, шала болдық кезінде ескермедік. Алай-түлей заманда 9 ұлдан 3 ер бала Сүлеймен, Ақеділ және Әбу тірі қалып, қалғандары жастай қайтыс болған екен. Үлкені Сүлейменді әкесі ұсталып жер аударылған соң балалар үйіне беріп, кейін 1949 жылы елге аман оралды. Мен сол кісі келген соң 40 күннен кейін өмірге келген екенмін. Ақеділ біздің үйде анамның тәрбиесінде болған. Бәрі де өжет, қайратты жандар еді. Ал, Әбу Қызылорданың Пединститутында оқып жүргенінде (1920 ж.) екінші дүниежүзілік соғысына әскерге шақырылып, 1942 жылы Сталинград шайқасына қатысып Сталинино селосында қатты жарақаттанып Саратов госпиталына әкелінген. Сол жарақатынан қайтыс болып, Саратов қаласында жерленген екен. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында интернеттен осы мәліметті алдым. Аты-жөні Әзбергенов Әбу болып өмірден өтті. Әкесі «халық жауы» болғандықтан ағайынының атына жазылып комсомолға өткен. Үйленбеген күйі ақылды, білімді азамат зұлмат заманның құрбаны болды. Нағашым Есмырзаұлы Демекбай тәркілеуге ілініп мал мүлкін талан-таражға салған екен. Тіпті рулас ағайындары малдарын бөліп алып бөліске салған. Анамның айтқан мына жай есімде қалыпты: –Үйдің киесіндей ай мүйізді өгізі болған екен соны жаман ағайындар ұстай алмапты. Алдына келсе сүзіп, өкіріп артынан келсе теуіп маңайлатпаған екен. Міне, соны ауылдас жақындары өші бардай балта лақтырып қанжоса етіп құлатып, етін бөліп алғанын, сол өгіздің етінен бір жапырағын жегендердің ұрпағы үлкен қасіретке ұшырады-деп айтып отыратын еді анам. Бұл да бір құпия құдірет шығар. Сонымен бірге 2 құмыра алтынды ауыл сыртына көмген екен, кейін ол жерден әлгі зат табылмаған. Алтынды я көмген алар, я көрген алар дегендей бұл да ағайындарының ісі еді. Ал Демекбай нағашымның әкесі Жанайұлы Есмырза Қазалы уезінде ояздың судьясы болып өмірінің соңына дейін қызмет еткен. Бұл кісі өте сақи әділ Қарасақал Ерімбет, Жетес билермен бірге аралас-құралас, пікірлес болып бір-бірін қадірлеп сөз таластырып бірге өмір сүрген асыл жан екен. Мен де сол қасиетті жандардың ұрпағы ретінде мемлекет басшысы Касым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауымен жүріп жатқан үлкен адамгершілік іспен танысып, нағашым туралы мәліметті толық біліп, заңды түрде ақталғанын естігім келеді.
Есқұлова Құралай,
Қазақ үні