ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ РУХЫ ЖАҢҒЫРДЫ
2023 ж. 03 қазан
7448
0
Мен өз өлкем туралы сөзге тым шорқақ екенімді аңдап жүрмін. Бұл кемшілік пе әлде... оқу іздеп Алматыға келгенде өзгелердің «оңтүстіктің адамдары шетінен мақтаншақ» деп осы аймаққа қаратыла айтылған сөзінен кейін тартынғандықтан ба, әйтеуір, туған өңірім туралы сөйлеуге һәм жазуға сараңдық пайда болды. Сол әдеттен әлі күнге арыла алмай келемін. Әйтпесе, біздің Отырар ауданында аңызға айналған тұлғалар мен кие қонған мекендер жетерлік.
Сондай-ақ мұнда ел дүниетанымын кеңейтіп, жеткіншек буынды қанаттандыру бағытынындағы әралуан дүбірлі іс-шаралар жиі өткізіліп жатады.
Әсіресе, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын еске алуға арналған айрықша жиын санама қонақтап қалыпты. Көз көріп, өзім куә болған іс-шаралар барысындағы атқарылған істерге Ахмет Байтұрсынұлының тағылым мектебі жанындағы оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығына өндірістік тәжірибеге келген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің 4-курс студенттері арасындағы белсенділерімен бірге оқушылар жазған жобаларды талдадық.
Жалпы, ұрпақ арасындағы рухани байланыс үздіксіз дамуы үшін аға, орта, кіші буын үнемі бірлестікте жұмыс істегені ләзім. Міне, ұсынылып отырған ойлар топтамасы руханияттың жарқын үлгісіндей жаршысы болса деген ниеттеміз.
***
Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №50 мектеп-гимназиясында «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтының ұлы ұстазы» атты қалалық семинар-конференция дүркіреп өтті. Діттеген мақсаты: ХХ ғасырдың біртуар азаматы, халқының айнасы болған ірі қоғам қайраткері, публицист, тау тұлғаның халқы үшін аянбай еткен еңбегін насихаттау;– Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шара арқылы Алаштың осынау рухани көсемі, тіл білімінің атасын жас ұрпаққа жан-жақты танытып, үлгі ету болды.
Алаш серкесін еске алу күндеріне Алматы қаласының тұрғыны, ұлт ұстазының жиені Айман Байсалова арнайы шақырылды.
Айман апай бұл күнде 87-де, тоқсанға кеткен егде кісіні бір қаладан екінші қалаға алып жүру де оңай шаруа емес. Үлкен кісі болған соң климатты ауыстырғанда, көлікке отырғанда құбылып тұратын қан қысымы және басқа да «қариялық дерттер» жетіп артылады емес пе?! Бірақ, соған қарамастан Айман Қабиденқызының оңтүстікке қыдыруға көңілі қашан да ауып тұрады. Жасыратын несі бар, бұл өлкенің қонақжайлығы, оның ішінде тарихи тұлғаларға деген құрметі ерекше ғой. Қалалық келбетпен барған апайды (апа, апай дегенді аса ұната бермейтін «алматинкамын» дейтіндердің қатарынан) басына ақ жаулық, иығына қазақы қыжым мен шапанның түр-түрін жауып, қазақы әже етіп жібереді. Оған Айман апайдан бұрын өздері мәз-мейрам болады. Көңілі толып қайтатын апай да ыразышылығын білдіріп, бата береді.
Аса баса айтатын мәселе, осыдан 35 жыл бұрын Алаш арыстарының есімі ортамызға оралғанда, бірінші болып мектеп атауларын берген. 1989 жылы қыркүйектің 11-і күні Ахмет Байтұрсынұлы есімін иеленген мектеп 1046 оқушымен ашылған. Бұл күні көп салалы мектеп-гимназия статусына ие бұл білім ордасының жетістіктері жетерлік. Әу баста орыс мектебі болған білім ошағында әр сыныпта бір қазақ тобы болған, одан қазақы болмысқа қол жеткізген бұл мектептің аты аралас болғанымен иісі қазақ.
Әлі есімде, осы мектепке 1993 жылы Шолпан Ахметқызының өтінішімен барғанымда мектеп директоры Анна Ивановна Кузнецова мені «баласынбастан» жайраңдап қарсы алған еді. Ол кісі қай уақытта үлгерткенін білмеймін, қоштасып жүргелі тұрғанымда «Мынау Шолпан апаға сәлем-сауқатымыз» деп, базарлығын ұстатқанында нәсілі орыс демесең, заттығында қазақтың дәстүрін жақсы меңгерген оңтүстіктің сары қазағына тәнті болып қайтқанмын. «Жақсы мен жайсаңдардың жақсылығын айту да бір ғанибет», бұл күні Шолпан апа да, Анна Кузнецова да ортамызда жоқ. Осы кісілердің тек жақсы әңгімелерін естіп, қарым-қатынастарындағы жылылыққа куә болғанымды міне енді естелігіме арқау етіп отырмын.
Бір қызығы, бұл білім ордасының Ахмет Байтұрсынұлы әулетінің ұрпақтары және Алматыдағы ұлт ұстазының тағылым мектебіне айналған музей-үйімен қарым-қатынас жасау дәстүрлеріне айналды. Бұл үрдіс кейінгі келген басшылардың да дағдысына айналғанын көз көрді, талай рет іс-шараларының төрінде құрмет көрдік. Мектеп-гимназияның ұжымы мен білім ордасына жаңадан тағайындалған директор Жанар Сәрсенбаева ханымның мектеп ішінде ғана емес, мектептен тыс шаруашылықта да ынтымақты тірліктерінен аңдасып, көңіліміз толды.
Шырайлы Шымқаланың басқа да жоғары және орта білім беру мекемелерінің арнаулы қонағы болу бақыты бұйырып жүрген жан ретінде тағы бір мектептің ерекшелігіне тоқталғанды жөн көрдім. Ол – Шымкент шаһарының Абай ауданына қарасты №54 жалпы орта білім беретін мектеп. Бұл білім ошағы 2000 жылы ашылған, аралас, мекемеде 194-тей қызметкер бар, оқушы саны – 2000-ның үстінде. Мектеп басшысы Эсма Бекзатова деген өзімізбен замандас ашық-жарқын жан. Бұл мектептің де Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған қалалық семинарына екі күн қатар қатысып, құмырсқаның илеуіндей болған қызу тірліктерін көріп, сүйсіндім.
Мектеп директоры Эсма Құрбанқызы мен оның басшылығындағы мектеп мұғалімдері мен оқушылары ұйымдастырған ұлт ұстазына арналған осынау ауқымды тақырыпты қамтыған «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» тақырыбындағы үлкен жиынды жып-жинақы, бағананың сымына қонақтаған қарлығаштардай көз қуантатын әсемдікте өткізуі кісі қызығарлық өнегелі іс болды. Семинарға шаһар мектептерінің тәрбие ісі орынбасарлары мен пән мұғалімдері белсенді қатысты.
Жиынның мақсаты: Ағартушы ұстаздың ғұмыр жолын өскелең ұрпаққа үлгі етіп, ғалым мұрасының тәрбиелік мәнін дәріптеу, ұлттық құндылықты әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті, өзіндік жеке көзқарасы қалыптасқан, өз елін сүюге әрі көркеюіне үлес қоса алатын тұлға тәрбиелеу және оқушылардың танымдық деңгейін дамытуды көздеген. Әлбетте, мақсат үдесінен шығу үшін мектеп ұстазы мен мектеп оқушысының екінші үйіне айналған білім беру ошағының ынтымақта «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірауыздан бірлесе жұмыс атқарғанда ғана нәтижелі болатыны белгілі. Бір таңғаларлығы, түрлі ұлт өкілінен топтасқан №54 жалпы орта білім беретін мектеп ұжымының бір кісінің баласындай ұйысқан тірліктері, заманауи форматқа сай қазақ, орыс және ағылшын тіліне бейімділігі – өркениетке ұмтылған өскелең ұрпақтың дайындығын паш еткендей.
Өз ісінің білікті маманы болып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеуде ұлағатты ұстаз атына ие болу – тынымсыз еңбек пен терең білімді, сонымен бірге көнтерлі төзімді керек етеді. Мұғалім бойынан табылуы тиіс осы қасиеттерді әріптестеріміздің бойынан көріп қуандым.
Сөзімді қазақ елінің оқу-білім ісіндегі тәлімгерлері өзіне үлгі тұтатын Ахмет Байтұрсынұлының «Баулу мектебі» атты мақаласымен қорытқанды жөн көрдім. Ұлы ағартушы оқу-ағарту ісінде оқыту жүйесі қашанда жаңарған заман талабына лайық болу керектігін айта келіп, бала оқыту ісінде: «Өлі оқу», «төте оқу», «көрнекті оқу» – бәрінің асылы – оқу» деп, әрбір әдістің ара-жігін ашып, қайткенде де мектептің міндеті – алдына келген баланың үмітін ақтап, мемлекеттің мақсатындағы көздеген түрде адам етіп, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетіні» тәрізді, баулынған қыран баласын шығару керектігін айтады.
Бұл бүгінгі біздің мектептерде де күн тәртібінен түспейтін аса қажетті тақырып, ендеше өскелең ұрпақты баулу ісінде абырой биігінен көрінуге жұмыс істейтін ұстаздарға «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» шәкірттермен мақтануды бұйыртсын. Өнегелі ұрпақ – ел ертеңі һәм болмысымыздың кепілі.
Райхан САХЫБЕКҚЫЗЫ,
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі жетекшісі,
«Тіл – құрал» ОӘҒЗО-ның директоры
Заңғар тұлғаның ықпалы
Мен Шымкент қаласындағы №54 жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімін. Ағылшын тіл пәнінен сабақ беремін. Бұл мектепте біраз жылдардан бері жұмыс ітеп келемін, жалпы мектеп саласында ұстаз болғаныма қырық жыл толады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім» деп бекер айтпаған ғой. Мысалы, біздің мектептің басшысы Эсма Құрбанқызы жақсы қырынан мектебімізді жаңа форматта дамытуға күшін салып, жас мамандарға үлгі-өнеге көрсетуде әрі мектепте оқитын өскелең ұрпаққа білім беруде олардың жан-жақты әмбебап болуына үлкен мән береді. Осы мақсатта заман талабына сай техникалық жабдықтармен сынып кабинеттерін толықтырды.
Сонымен қатар, директордың оқу ісі бойынша орынбасарлары: Гүлнар Тәукебайқызы, Ақгүл Есіркепова, Меруерт Иманалиева, Бақыт Бердімұратова, Гүлмира Айтжанова және Айнұр Суетоваларды да ерекше атауға болады. Әсіресе, оқу ісінің орынбасары Гүлнар Мақұлбекова ұстаз ғана емес, кәсібіне адал өте тиянақты іскер маман. Г.Тәукебайқызы – Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, оның әрбір ұстазға, әрбір шәкіртке деген шынайы құрметіне сүйсінеміз.
Былтырғы жылдың желтоқсанында Қалалық басқарманың бұйрығымен біздің мектепте Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аталып өтті. Үш күнге арналған бұл іс-шара үш тілде өтті. Бірінші күні қазақ тілінде ашық сабақтар, сахналық қойылымдар дөңгелек үстелдер, диспуттар ағартушы ұстаздың мұрасына арналды. Мектеп директоры Эсма Құрбанқызы мектеп ішін ұлт ұстазының жазбаларымен әсемдеп көмкертті. Екінші күні орыс тілі пәнінің ұстаздары Ахмет және орыс ақыны Пушкиннің әсерлі де мағыналы өлең жолдарынан ерекше қойылым ұйымдастырып, оған Ақгүл Есіркепова жетекшілік жасады. Үшінші күні ағылшын тілінде осы пән ұстаздарының белсенділігінің арқасында Жанар Маханованың ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлының өміржолы қамтылған «Ұлт ұстазы» телехикаясынан қойылым көрсетіліп, конференцияға жан-жақтан келген мектеп мұғалімдері мен оқушылардың ата-аналарын тәнті етті.
Жиын аясында А.Байтұрсынұлы шығармашылығы туралы ашық сабақтар өткізілді. Іс-шара барысында шәкірттеріміздің Ахмет бабаларына деген сүйіспеншілігін және ұлы ұстазға деген ерекше құрметін ағартушының рөліне еніп сахналаған қойылымдарын аңғарылып тұрды. Қазақ даласында елі мен жерін риясыз сүйген Торғай тарланы туралы мәліметтерден өзім де үлкен әсер алдым. Өткізген ашық сабағымда оқушыларым Ахметтің әмбебап тұлға екендігіне тәнті болып, олардың жанарында от ойнап, жүздері бал-бұл жанды. Қорыта келгенде, үш күндік бұл іс-шараның ықпалының зор болғаны соншалық, Алматы қаласына арнайы атбасын бұрып, немерелерім: Айбар, Алпамыс және Сафияны Ахмет Байтұрсынұлының тағылым мектебіне әкеліп, Ұлт Ұстазы рухына тағзым еттік.
Раушан Лаханова,
№54 жалпы орта мектебінің
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
«Мектептің жаны – мұғалім»
Заман көшіне ілесе отырып, жаңашыл бағытта жұмыс жүргізу – барша мұғалімнің міндеті. Әрбір ұстаз іс-әрекетіне қажетті әдіс тәсілдерді қолдана отырып, білім алушыға қоғам талабына сай білім беруде инновациялық іс-әрекеттің ғылыми педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін еліміздің саяси және рухани мәдениетін дамытуға үлес қосатын, әлеуметтік өркениетке көтерілетін парасатты азаматты тәрбиелеу ұстаз қауымының негізгі міндеті» екендігі нақты көрсетілген.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы біздің мектебімізде аталып өтті. Мектебімізде жаhандану кезеңіне байланысты үш тілде үш күн қала бойынша мектепте іс-шара өтті. Шет тілі маманы ретінде Ахмет өмірбаянымен толық таныса отырып, ағылшын тіліне аударып, мектеп оқушыларының сомдауымен сахналық қойылым «Ғасырдың ұлы ұстазы», «The teacher of the century» атты кинодан үзінді қойылды.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлт жазуы, қазақ тіл білімі мен әдебиеті оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алды. Ол әуелі қазақтың ұлттық жазуын (графикасын) жасауды мақсат еткен, бұл үшін араб алфавиті негізіндегі «Байтұрсынұлы жазуы» дүниеге келді. Сол жазумен сауат аштыруды үшін «Оқу құралы» атты әліппе, одан соң қазақ тілінің граматикалық құрылымын арналған «Тіл – құрал» оқулығының 3 бөлімін жазған.
Абайдың ағартушылық, сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық дәрежеге көтерді.
Жанар Маханова,
№54 жалпы орта мектебінің
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Жас талап талпынысы
Шымкент қаласының №54 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Шахзода Имамбаеваның «Ұлы халықтың – ұлы Ахметі» атты ғылыми жобалық жұмысы ұлағатты ұстаз тұлғасы Ахметтің болмысын, оның қазақ руханиятындағы орнын, ұлтжандылықтың тууына ықпал еткен әлеуметтік ахуал, педагогикалық мұрасы, оны қазіргі мектептің оқу-тәрбие үрдісіне енгізу мәселесі қамтылған.
Жас зерттеуші ұрпақ тәрбиесінде ұлт тағдырына ықпал еткен тарихи тұлға Ахметтің қалыптастырған қағидаларын қазық етіп алудың әлі де өзекті екенін алға тартады. Ағартушының «Қазақтың болжамдары мен ырымдары», «Оқу жайы», «Бастауыш мектеп» мақалаларының маңыздылығы «қайтсем халықтың көкірек көзін ашып, сауаттандыру» мақсат тұтқанын жаза отырып, жас өрен құдды білімнің бұлағынан су ішіп тұрған еліктей көз алдыңа келеді.
Ұстаздың ұлттық тәрбиені негіз еткен сауат ашу құралдарын тізбектей келе, «Маса», «Қырық мысал» атты өлең жинақтарының мәніне үңіледі. Мыңжылдық мысалдарды «Әдебиет танытқыш» еңбегіндегі таным-пайымдармен байланыстырады.
Қазақ тіл білімінің атасы Ахмет қалыптастырған тілтанымдық ілімді бүгінгі мектеп бағдарламасына пәндік үйірме ретінде енгізуді ұсынады. Ұлттық мектептің негізін салған тұлға мұрасының маңызын түсінген жас талаптың болашағының жарқын боларына сенеміз.
Ұлт руханиятында өзіндік орны бар Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын зерттеу, оның маңызын түсіну – бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы.
Жас зерттеуші Ахметтің қайраткерлік әрі шығармашылық тұлғасын оқушы өресімен зерделей отырып, өз замандас құрбы-құрдастарына тұлға келбетінің мыңжылдықтарға өнеге екенін ұғындыра алған.
Серікгүл Хамидашқызы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.,
филология факультетінің 4-курс студенті
Мысалдан туған мыңжылдық тәрбие
№54 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Ұлдана Кәрібай ғылымға бет бұрып келе жатқан жас жеткіншектердің бірі. Ұлдана Қазақ тілі мен әдебиеті секциясы бойынша «Ахмет Байтұрсынұлы – мысал жанрының шебері» атты ғылыми жоба жазған. Жобаға Айдосова Айнұр Ерубайқызы жетекшілік жасаған. Жұмысқа Шымкент университетінің «Филология» кафедрасы ф.ғ.к., аға оқытушы Р.Лауланбекова пікір жазған.
Ғылыми жоба кіріспе бөлімінде ғылыми зерттеу жұмысының мақсат-міндетіне, өзектілігі, зерттеу кезеңдері, әдісі мен күтілетін нәтижеге тоқталған. Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» (1909) және «Маса» (1911) атты өлең жинақтарының тақырыптық-идеялық ерекшеліктері ерекшеліктеріне тоқталады. «Ахмет Байтұрсынұлының мысалдарды аудару тәсілдері» атты арнаулы тақырыпшада И. Крыловтан аударған «Қасқыр мен тырна», «Ала қойлар», «Қасқыр мен қозы», «Аңдарға келген індет» және т.б мысал өлеңдеріндегі негізгі түйінге назар аударады.
Ағартушы ақын аудармаларының ерекшелігі – түпнұсқа мен қазақшаланған шумақтың көлемділігі, ұлттық дүниетаным мәселелерінің көрініс табуы, мақал-мәтелдерді мазмұнға қарай талғампаздықпен қолдануына мән береді. «Ахмет Байтұрсынұлының мысалдарының балаларға берер тәрбиелік мәні» тақырыбы бойынша ақын аудармаларындағы мысал кейіпкерлері арқылы қазақ баласын тәрбиелеуге, адам мінезінің алуан жақсы-жаман жақтарын тануға, зерделей білуге шақыратын мысал өлеңдерін талдайды.
Қорытынды айтқанда зерттеу жұмысына нысан ретінде алынған ағартушы ақынның «Қырық мысалы» бүгінгі нарық заманында өмір сүріп жатқан жастарды білімділікке, жанашырлыққа, имандылыққа, ізгілікке, «адамгершілікке тәрбиелеудің аса бағалы құралы» деп ой қорытады.
Мектеп оқушысы Ұ.Кәрібайдың бұл ғылыми жобасы Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын тереңірек тану жолындағы зерттеулік қадамы болғандықтан, алдағы уақытта Ұлдана білімін мұнан да толықтырып, мектеп мұғалімінен ұлт ұстазы мәртебесіне жеткен ғұлама мұрасын тану және таныту мәселесіндегі ғылыми ортаға келіп қосылатын арналардың бірі деп үміттеніміз.
Гүлбану Берікқызы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.,
филология факультетінің 4-курс студенті
Ағартушы өлеңдерінің жас ізденушісі
Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы – өскелең ұрпақ санасында мектеп бағдарламасы негізінде оқытылып, насихатталып келеді. Ағартушы-ақын шығармашылығы адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді дамытып, гуманистік ой-сананы жетілдіретін шамшырақ іспетті. Осы орайда Шымкент қаласы №54 жалпы орта білім беретін мектеп оқушысы Аянат Құралдың пән мұғалімі Э.Садықованың жетекшілігімен «Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдеріндегі күрескерлік рух» тақырыбында жазған жобасын сөз етпекпіз.
Мектеп оқушысы зор ынтасы арқылы өзінің қатарластарына ақын өлеңдерін таныстырып насихаттауға ден қояды. Талаптанушы тұлға мұрасын деректерге сүйене отырып тарқады. А.Байтұрсынұлы өлеңдерінің ұлттық сипаты және тәрбиелік мәнін талдайды. Мысалы, «Маймыл мен көзілдірік» өлеңіндегі ғылымның жетістігін дұрыс пайдалана алмайтын, мақтаншақ адамның қасиетін: «...Алғанға бұл кеңесте ғибрат бар, Маймылша іс ететін көп надандар. Пайдалы затты орнына жұмсай алмай, Сөгетін пайдасыз деп жоқ па адамдар?!» деген ғибратты шумағынан үзінді келтірген.
Мысал жанрының мақсаты адам бойындағы мінді дөп басып, астарлы ұтқыр оймен шебер ескерту екенін, Ахметтің де мысал өлең арқылы ұйқылы қауымға ой салуды көздегенін, адам санасына диқаншы болғанын жазады.
Әдебиетке «асыл сөз» деп атау берген ағартушының сөз зерделеудегі пайым мен танымындағы ізденімпаздықты қарапайым тілмен кестелеген кемеңгерлігін жан-жақты тануға талпынған. Жас жеткіншектің ахметтану ғылымына басқан алғашқы қадамы өзіндік тұжырымдарымен мәнді. Ахмет Байтұрсынұлының әлеуметтік әрі тағылымдық тақырыптағы өлеңдерін жас ұрпаққа меңгерту – таптырмас тәрбие құралы екендігін саралайды. Және оны жастарға ұсынып насихаттау керектігін ұстаным етіп қояды. Ақиқатында, ұлт әдебиетін, мәдениетін келешек ұрпаққа жеткізіп болмысымызды сақтап қалу бүгінгі күннің басты мәселесі. Ізденімпаз, саналы өрендердің мектеп жастарының арасында көп болуы – руханиятқа бет бұрғанның жемісі.
Гүлім Құмарбекова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.,
филология факультетінің 4-курс студенті
Асыл сөз ұрпаққа аманат
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының рухани мұрасы ел жадында мәңгі сақталары хақ. Қазақ халқының болашағына алаңдап, қуанышы мен қайғысын өз шығармашылығына сыйғыза білген, қазақ тілі мен әдебиеті үшін атаулы еңбектер атқарған ұстаздың есімі әрбір баланың санасына ой салары анық. Мұхтар Әуезов айтқандай, тұлғаның өмір жолы, рух көтерер мұрасы қазақ үшін құнды еңбектер. «Қазақтың Ахаңы» атанған ғұлама даналығы ұлттық ғылымның көптеген салаларына оң ықпалы болғаны тарихтан мәлім.
Ұлағатты ұстаз зерттеу мақаласында: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» – деп қазақ тілінің маңызына тоқталып, қазақ болып тұруды ойлар болсақ әуелі тіліміздің сақталу қамын ойлауымыз керектігін айтады. Осы орайда өскелең ұрпақтың да халық өміріндегі дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, дағдылы жолы, қисынын зерттеу жұмыстарына атсалысып жатқаны қуантады.
Мәселен, №54 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Жанеля Мубаракованың «Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл біліміне қосқан үлесі» ғылыми жобасы, ғылыми жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Мұратова Алтынай. Ұстаз бен оқушының бірлескен жұмысында «Оқу құралы» әліппесіндегі қазақтың төл әріптерін енгізген жаңалығына, «Тіл – құрал» дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерінің құрылымына, қазақ терминологиясына қосқан үлесіне тоқталады.
Ж.Мүбаракова жобаны жазу барысында ізденіп, ғылыми тұрғыда жүйелеп, өзіндік пікірін қалыптастыру нәтижесінде ағартушының тілтанымдық мұрасына талдау жасайды. А.Байтұрсынұлының тіл мұрасы туралы Е.Поливанов, М.Дулатов, Қ.Жұбанов тағы басқа да пікірлерден мысалдар келтіреді. Қазақ халқының қалыптаса бастаған төте жазуынан 1929 жылы жаңа жазу латын әліпбиіне көшу турасындағы талас-тартыстарды, КСРО кезеңіндегі жиындар мен баспасөздерде айтылған пікірлер мен орыс емлесіне байланысты көзқарастарды сараптайды.
А.Байтұрсынұлының қазақ терминологиясының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін, терминдерді қазақша сөйлетудегі түрлі тұжырымдарына тоқталған. Бұл жөнінде ғалымның тілтанымдық мұрасын зерттеушілердің еңбектеріне сүйенген. Жас талап «тілімізді таза ұстаймыз десек, жазу мәселесінде ұстаз қағидаттарды басшылыққа алып, ана тілді сырттан кірген терминдермен шұбарламай, төл тілдің ұлттық қалыбын қалыптастыруымыз қажет» деген тұжырым түйеді.
Фариза Таңсықбаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.,
филология факультетінің 4-курс студенті