СТАЛИН “ШЫҢҒЫСХАН” атаған БІРТУАР ТҰЛҒА
2023 ж. 11 қыркүйек
8073
3
Бүгін Лениннің өзі білімі мен қызуқандылығына қайран қалып, қайтпас қарсыласы Сталин: “Ол Ұлтшылдығын жасырмайды, Орта Азияның Шыңғысханы” деп мойындаған біртуар қайраткер Сұлтанбек Қожанұлының туған күні!
С.Қожанұлы Астананы Орынбордан қалың қазақтың ортасы – Ақмешітке көшіріп, ұлтымыздың «қазақ» атауына ресми қол жеткізген тұлға.
Біз бүгін белгілі Алаштанушы ғалым, Сұлтанбектанушы Амантай Шәріптің мақаласын жариялап отырмыз.
«Азат, күшті, алып жұрт» күткен тұлға
Бүгін – көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанұлының туған күні.
Сұлтанбек Қожанұлының қызы – Зиба апамыз ақтық демі біткенше әкесін жоқтаумен өтті. Соның үздіксіз сұрау салуының арқасында ұлт қайраткерінің туған күнін айқындайтын жалғыз құжат қана қолымызға тиген болатын. Ол – бұрынғы Өзбек КСР-ы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бөлімше бастығы В.П.Мельниченконың 1989 жылғы 1 қазанда берген Х№10/1-5313 нөмірлі анықтамасы. Бұл дереккөзде: «Қылмыстық іс материалдарынан көрініп тұрғандай, сіздің әкеңіз – Қожанов Сұлтанбек Қожанұлы 1894 жылы 10 қыркүйекте туып, 1938 жылы 10 ақпанда атылған», - делінген.
Кезінде әзербайжан лидері Гейдар Әлиев шығыс классигі Низами Гәнжәуидің құрметіне үлкен шара ұйымдастырады. Қазақстаннан шақырылған Олжас Сүлейменов: «Кешіріңіз, Гейдар Әлирзаоғлы, мерейтой – туғанына 800 немесе 900 жыл дегендей – «дөңгелек датаға» арналатын еді... Ал мынау 840 жылдық...», - дейді. Сонда Гейдар Әлиев: «Бұл секілді ұлы адамдардың мерейтойын жыл сайын атап өтсе де жарасады», - деп жауап қайтарған екен.
Сол айтқандай, бүгін – Сұлтанбек Қожанұлының дүние есігін ашқан күні. Мерейтойлық емес туған күні.
Сонымен, бар болғаны 44 жыл ғұмыр кешіп, соңында өшпес із қалдырған Алаш аяулысы Сұлтанбек Қожанұлы кім еді? Замандастары не айтқан? Мұстафа Шоқайұлы бір сөзбен бағасын бергендей, «қара басының қамын ойламайтын, халқы үшін қам жеп, ел үші еңіреп туған азаматтың» жұрт жадында қаларлық еңбегі қандай?
Өмірбаяндық мәліметтеріне сүйенсек, қысқаша баяны төмендегідей.
Саяси-қоғамдық қызметі:
Төңкеріс көсемі, Совет үкіметінің негізін қалаушы В.И.Ленин 1921 жылы желтоқсанда өткен Кеңестердің Бүкілодақтық ІХ сиезінде мінбеге шыққан С.Қожанұлының сөйлеген сөзін ұнатып, «Сіз аса білімді және өте қызуқанды қазақ екенсіз» деп қайран қалған. Нәзір Төреқұлов екеуін жеке қабылдап, әңгіме-дүкен құрған.
Бітіспес қарсыласы болған И.Сталин С.Қожанұлының өткірлігі мен өжеттігін мойындап, «Орта Азияның Шыңғысханы» деп ат қойып, ұдайы бақылауда ұстаған. Мысалы, 1925 жылдың өзінде 4 рет жеке қабылдауына шақырған.
С.Қожанұлы – 1917 жылы Ә.Бөкейханның басшылығымен Алаш автономиясын, М.Шоқаймен бірге Түркістан мұхтариятын құру ісіне белсене атсалысқан қайраткер.
С.Қожанұлы Түркістан Республикасында үш мәрте халық комиссары (бүгінгі тілмен айтқанда, министр), ең жоғары билік – Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Ол - Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы (Қазақстанның екінші басшысы) болған тұңғыш қазақ.
С.Қожанұлы қазақтың тәуелсіз ел болуын көкседі. Осы үшін Мәскеудің алдында Қазақстанның КСРО құрамына шарттық негізде енуін талап етті. Мұны қолымыздағы архив құжаттары растайды. 1924 жылы «Қазақстан ұлт мемлекеті жасасын!» атты мақала жазды.
С.Қожанұлы - түркі халықтарының бірлігін армандаған тұлға. Сол мақсатта Орта Азия Федерациясын құруды ұсынды. Бірақ советтік билік бұл мақсатты жүзеге асырмады.
С.Қожанұлы – Жетісуды келімсектерден тазарту науқанын жүргізіп, жер реформасын іске асырған қайтпас күрескер.
С.Қожанұлы Астананы Орынбордан қалың қазақтың ортасы – Ақмешітке көшірген комиссияға төрағалық етті. Өлкелік Кеңестердің V сиезінде президиумды басқарған ол Ақмешіттің Қызылорда атанып, ұлтымыздың «қазақ» атауына ресми қол жеткізуіне мұрындық болды.
Мәдени-ағартушылық қызметі:
С.Қожанұлы – ұлт зиялыларын большевиктер билігінің қудалауынан қорғап, басын бәйгеге тіккен батыл жан. Ол Ташкентте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойын ұйымдастырды. Осы шаһарда Мағжан Жұмабайұлының өлеңдер жинағын өзінің алғысөзімен бастырып шығарды.
Ташкент мұғалімдер семинариясында аз ғана қазақтың қатарында білім алған С.Қожанұлы ағартушы-педагог ретінде де танылды. Қазақ оқу-ағарту институтының (бүгінгі Абай атындағы ҚазҰПУ) негізін қаласты. Оқу-ағарту халық комиссары болды. «Есептану» атты оқу құралын жазып, жарыққа шығарды.
С.Қожанұлы 1929 жылы Ташкентте ашылған Орта Азия мақта-ирригация политехникалық институтының (САХИПИ) тұңғыш ректоры болды. Бұл оқу орнынан кейін Өзбекстанның 14 техникалық жоғары оқу орны ірге қалап шықты.
С. Қожанұлы ұлттық баспасөзді дамытуға өлшеусіз үлес қосып, Түркістан мұхтариятының органы – «Бірлік туы» (1917-1918), Алаш зиялыларының ошағы – «Ақ жол» (1920-1925) газеттерін басқарды.
С.Қожанұлы – әдебиетші, аудармашы, публицист. Ол өзінің көркем дүниелерінде Абайды, Махамбетті, А.Байтұрсынұлын, М.Дулатұлын ұстаз тұтқан және өлеңдерінде ел мүддесін батыл жырлаған.
Сталиндік «Үлкен террор» кезінде Сұлтанбек Қожанұлы «халық жауы» деген нақақ жаламен оққа байланды. Оның сүйегі Мәскеудегі НКВД полигоны – «Коммунарка» зиратында. Ол «Жаназа маршы» атты өлеңінде:
Зорлық, зұлым жығылар жылдар келер,
Азат, күшті, алып жұрт, күтер, білер.
Еске алып, босаған жұрт қабіріне кеп,
Сендерді айтып, адал көз жасын төгер, - деген екен.
Өзі сәуегейлікпен айтқандай, «зорлық, зұлым жығылды», «азат, күшті, алып жұрт күтті, білді». Ұлы рухына тағзым етіп, «адал көз жасын төгетін» күнге жетті.
Қазір еліміздің ірі қалалары (Алматы, Шымкент, Атырау, Орал, Қызылорда, Түркістан) мен үлкенді-кішілі елді мекендерінен Сұлтанбек Қожанұлы атындағы 22 көше кездеседі. Өкінішке қарай, Астанада көше жайы мәз емес. Қала шетіндегі ұзындығы 200 метрге жетер-жетпес шолақ «жол».
Бұдан басқа, С.Қожанұлының атында жеті мектеп, бір мәдениет үйі, бір мұражай бар. Үш ірі қалада (Алматы, Қызылорда, Түркістан) және басқа да бірқатар жерде ескерткіш орнатылған. Тағы да өкінішке қарай, Астана қаласы әкімдігі ескерткіш қою жөнінде 2018 жылы шешім қабылдағанымен, іс жүзінде әлі жүзеге аспай тұр. Мектеп туралы мәселенің де басы ашық.
Алаш арысының туған күні құтты болсын!
Тәңірі Сұлтанбек көруді аңсаған Қазақ елін жарылқасын!
Қазақ елінің ат үстіндегі азаматтары Сұлтанбектің рухын көкке көтереді деп үміттенеміз.
Амантай ШӘРІП,
Қазақ үні