«Ақ жол» демократиялық партиясы «Алашқа тағзым» дәстүрлі шеруін өткізді
2023 ж. 02 маусым
5406
0
Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясы 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Алашқа тағзым» дәстүрлі шеруін өткізді.
Шеруге «Ақ жол» лидері Азат Перуашев, Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардағы партия атынан сайланған депутаттар және партия белсенділері қатысты.
«Ақжолдықтар» алдымен «Ашаршылық құрбандары» ескерткішіне барып, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, құран бағыштады.
- «Бүгін ел тарихындағы ең қасіретті трагедияны еске алу күні. Өзін қазақпын деп санайтын кез-келген азамат бұл күні саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына құран бағыштап, еске алу керек деп білеміз. Өкінішке орай, сол зұлмат кезінде талай ата-бабаларымыз, жасы да, жасамысы да шейіт кетті. Миллиондаған адамдардың есімдері де сақталмады. Сол үшін бүгін белгілі және белгісіз кеткен еліміздің азаматтарына құран бағыштап, құрмет көрсетіп, сол оқиғадан сабақ алу керекпіз. Тоталитаризмге, авторитаризмге, диктатураға жол бермеуіміз керек. Бұл деген олардың өмірі зая кеткен жоқ деген сөз. Баршамызға бұл үлкен өнеге. Біз де заманауи жаңа өркениетті Қазақстанды құрайық десек, осындай оқиғаларды ұмытпаумыз қажет.
Біз ашаршылыққа дұрыс баға беру мәселесін сауал ретінде 2020 жылдан бері үнемі көтеріп келе жатырмыз. Оған, мүмкін, әзірше билік дайын емес болса да, халықтың бағасы меніңше анық және де ерте ме, кеш пе, билік те оған келеді. Менің ойымша, біз бұдан ең алдымен сабақ алуымыз керек. Біз мұны зұлмат деп ресми түрде мойындауымыз керек. Сол пікірдемін және тағы да айтып отырмын, біздің органдар соны мойындауға әлі дайын болмаса да, ерте ме, кеш пе, соған келеді деп білеміз.
Ашаршылық болмаса, демографтардың дерегінше, қазақтардың саны бүгінде бұдан әлдеқайда көп болар еді. Тіпті 2000 жылдардың басында қазақ халқының саны 60 миллионға жуықтайтын еді. Зұлмат жылдарында түрлі есептерге қарағанда, біз халқымыздың 70 пайызын жоғалттық.» - деді партия төрағасы Азат Перуашев.
Мұнан соң, Алжир қасірет мемориалына барып, зұлмат пен зобалаң құрбандарының рухына құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды.
Сондай-ақ «Алашқа тағзым» дәстүрлі шеруі Алматы, Талдықорған, Шымкент қалалары мен Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарында да өтті.