Азат Перуашев «Алаш Орда» монуметіне гүл шоқтарын қойды
2020 ж. 05 қараша
2197
0
70 жыл кеңестік тоталитарлық жүйе Алаш арыстарының есімін айтқызбай, ұмыттырып жіберуге тырысса да, уақыт бәрін өз орнына қояды екен. Бүгін де кеңестік көсемдердің ескерткіштері енді орталық алаңдар мен даңғылдардан «жер аударғандай» адам аяғы сирек басатын қала шетіндегі саябақтарға көшірілді. Бұл заман талабы.
Алматы-Талғар тас жолының бойында Тұздыбастау (бұрынғы Калинин) елді мекенінде өз уақытында «бүкілодақтық староста» атанған М.И. Калининнің ескерткішінің орнына, шаңырақ астындағы екі қапталында «Алаш Орда» және «Тәуелсіздік күрескерлері Алаш арыстарына тағзым!» деген сөздер мен Алаш қайраткерлеріне арналған жаңа ескерткіш мемориал тұрғызылды.
Бүгін «Ақ жол» партиясының төрағасы А.Перуашев, партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы Қ.Бискультанов алғашқы болып Алаш қайраткерлеріне тағзым ету үшін ескерткішке барып гүл шоқтарын қойып, олардың рухына құран бағыштады.
- Биыл Қазақ АКСР-інің құрылғанына 100 жыл. Алаш автономиясымен қазақ мемлекетінің қайта жаңғыруы – тікелей Алаш қайраткерлерінің еңбегі. Осы азаматтардың қызметі мен ұстанымдары баршаға өнеге болуы тиіс. Қазақ автономиясының 100 жылдығын мемлекеттік деңгейде өткізу туралы үкіметке жолдаған ұсынысымыз қолдау таппады. Бірақ бұл тарихи датаны халық мойындап отыр. Сондықтан бүгін Алаш қайраткерлерінің еңбегі мен ерлігіне тағзым етіп, бас иіп тұрмыз, - деді А.Перуашев.
Алаш қайраткерлеріне тағзым етуге ескерткіштің авторы Нүкен Бейсенғазы Сәдуұлы да келді.
- Ескерткіштың ресми ашылуы еліміздің тәуелсіздік декларациясын қабылдаған 25 қазанға жоспарлаған еді. Пандемияға байланысты кейінге шегерілді. Сіздер алғашқы болып келіп тұрсыздар. Арнайы ат басын бұрып, Алаш қайраткерлеріне құрмет көрсеткендеріңізге ризашылығымды білдіремін. «Ақ жол» партиясының қызметіне үлкен сеніммен қараймын. Сондай-ақ, осы монумент құрлысы үшін миллион теңге қаржыны да алғашқылардың бірі болып аударып, қолдау көрсеттіңіздер - деді ескерткіш авторы.