Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ: "ҚАЗАҚ" газеті қалғыған ел рухын оятты

  Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ, "ҚАЗАҚ" газетінің Бас редакторы:   

        «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ ҚАЛҒЫҒАН ЕЛ РУХЫН ОЯТТЫ

– 2013 жылдың 2 ақпаны – бұл күн қазақ қауымы үшін аса айтулы күн, қазақ баспасөз тарихының соқталы да ноқталы күні! Өзіңіз бас­қарып отырған "ҚАЗАҚ" га­зетіне 100 жыл! Құтты болсын аға! – Бұл күн – аса елеулі күн! Әсіресе қазақ қауымы үшін – қазақ баспасөзін құрметтер ел үшін аса қымбат күн. Себебі бел­гілі. Сонау қадым заманнан, бергісі өткен қазақ дәуіріндегі үш жүз жыл бойы бодандық бұ­ға­уын­да тұншыққан қазақ хал­қы­ның қайтадан дербес мемлекетін орнатып, айналасы жиырма шақты жылдың ішінде бүкіл төрткүл дүниеге танылуына жет­кізген қандай ұлы күш еді десек, сол ұлы күш осы – ғасырлар бойы халқымыз көкірегінен өш­пеген азаттық рухы емес пе. Со­нау көк түріктер заманында айбы­нымен жарты әлемді ық­тырған жауынгер жұрттың тіке­лей мұрагерлері кейін адамзат көшінің соңына сырғып, бодан­дық қамытын мойнына киеді деп кім ойлаған? Бұл, бәлкім, кезінде ертеңгі болашағын парасатпен ба­ғамдай алмай, қатерлі жерде қауіпсіз отырған, өзге жұрт жап­пай меңгеріп жатқан жаңалық атаулыны көзіне ілмей астамсы­ған тәкаппарлығымыздың жаза­сы. Бұл, бәлкім, адамзат дамуы­ның ұлан-асыр дамуының өн бойында көшбасшылық тізгінін алма-кезек қолына алған халық­тарды дүркін-дүркін сынға са­лып, ділі мен тілінің, рухы мен төзімнің беріктігін тексеріп оты­ратын тарих заңы. Жасырмайық, бұл – Ұлы Абай айтқандай «Өз еркіміз өз қолымыздан кетіп», жат жұрттың қабағына жал­тақ­таған үш ғасыр бойғы тәуелділік халқымыздың бірнеше буын ұр­пағының бойындағы елдік, отан­шылдық, ұлтжандылық рухын езіп-жаншып, дүниетанымымыз бен ділімізді әр түрлі қитұрқы идео­логиялық қисындар қалы­бына салуға тырысып баққан өк­темділіктен көрген зардап. Бі­рақ әуелдегі халық көкірегіндегі арманы елдігін қайта орнатсақ деген үміт ұшқыны ауық-ауық қоз­дап жанып, лап етіп белгі беріп қалатын. Ұшқын тұтанды. Осы тұста түпкірлі ой, негізгі нысана, халық рухын оятудың көзі – ел арасына ресми түрде кең тарай алатын, басқа елдердегідей ұлттық идеяны насихаттауға қол жеткізетін басты құрал газет ұйымдастыру керек еді. Міне, «ҚАЗАҚ» газеті осы мақсаттан туды. Бірақ, сол замандағы қа­лыптасқан ахуал тұрғысынан ба­ғаласақ, отарлық езгідегі елде, отаршылардың көз алдында, жария түрде тәуелсіздік идеясын насихаттайтын газетті шығару үлкен жұмыс болатын. Қазақ зия­лылары нартәуекелге барды және қандай талаппен! Талап нақты істі лаулата жандырды. Ахмет Байтұрсынов бастаған алаш арыстары жұмыла кірісіп «ҚАЗАҚ» газетін шығарды. Осы­лайша әуел бастан-ақ басылым өз бағдар-мұратын ұлт жолына жұм­сап, барша қазақ зиялыларына тынымсыз соғылған қоңырау сын­­ды халықтың қалғи бастаған рухын оятып, мыңдаған зерделі жасты тәуелсіздік туының астына жинай білді. Қазақ тарихындағы ең алғашқы ірі қоғамдық ұйым: ұлттық-демократиялық «Алаш» пар­тиясының ұйымдасуына ұйт­қы болды. Заман аударылып-төң­керіле бастаған тұста Қазақ елін аласапыраннан аман-есен алып шығып, автономиялық мем­лекет мәртебесіне жеткізуді мұрат тұтқан Алашорда үкіметі­нің үні болған да осы газет. – Қоғабай аға, осы тұста та­рихқа көз жүгіртпей бүгінгіні сөз еткеніміз әбестік болар. Сон­дық­тан, егемен елде әрбір қазақтың серігіне айналған «Қазақ» газетінің алғашқы саны турасында айтып берсеңіз... – Осы ретте "ҚАЗАҚ"-тың алғашқы (1913 жыл, №1) саны­нан бір мысал келтіре кетелік: "Га­зеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, соғұрлым га­зет-журналдары көп. Оны мына­дан байқауға болады. 1909 жылғы санаққа қарағанда Америкада шығатын газет һәм жур­налдың есімі жиырма бір мың төрт жүз отыз бес, Фран­ция­да сегіз мың, Италияда үш мың бір жүз жиырма, Россияда екі мың елу сегіз екен. Ең білімді, һәм өнерлі халық Америка, сол Америкада газет пен журнал бә­рінен де көп. Америкада «Сон» деген газеттің үйі отыз екі қабат, биіктігі алпыс бір сажен. Ондай үйдің бағасы әлденеше миллион боларға керек? Неге десеңіз, ол үй тұрған қалада үй орнының жері ғана екі-үш миллион сом тұрады. Газетті жұрт керек қылмаса, миллиондап капитал ол үшін жұмсамас еді. Осылардың бәрі де газет керек нәрсе екендігін көр­сетеді. 1907 жылғы санаққа қа­расақ, Россияда сол жылы екі мың бір жүз жетпіс үш есімді га­зет һәм журнал шыққан екен. Оның бір мың үш жүз тоқсан алтысы орыс тілінде, сегіз жүз алпыс жетісі басқа тілде ба­сы­лыпты. Сол сегіз жүз алпыс жеті­нің ішінде біздің татар қан­дас­тарымыздың отыз шамалы газеті-журналдары болды. Бізде біреуі де болмады. Онан бері бес жыл өтті. Бұл бес жылдың ішінде газет-журналдардың саны бұ­рын­ғыдан да өсті. Бізде құр ала­қан болғанымыз жоқ. «Айқап» журналы шықты. Бұл бұрын­ғы­дан гөрі, бір адым болса да, ілгері басқанымыздың белгісі. Бірақ бір адым ілгері басып, сол күйімен тұрып қалсақ, онымен алысқа ұзай алмаймыз. Ілгері басқанның үстіне ілгері басуымыз керек. Оз­ғандарға жету керек, жеткендер­ден озу керек. Дүниенің төріне қызыққандар төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр. Есікте қалмай, төрге тырмысалық, басқалар төр­ге қарай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік. Басқалардың заманға қарай өтіп жатқан амалын көруімізге газет-журнал керек", – деп жазды тәу басылымның бас мақаласында шығарушы бас редактор Ахмет Байтұрсынов. Сәл-пәл шегініс жасағанға "ҚАЗАҚ" газеті әуелде 1907 жылы наурыз айында, Троицк қала­сында шыққан. Бір саны шығып тоқтап қалған. Шығарушысы – Хаим Шумлов-Сосновский, бас­тырушылар – Жетпісбай Ан­дреев, Ешмұхамет Иманбаев. Бұл жайлардың бәрі татар зерттеушісі Рәмиевтің "Уақытылы татар матбұғаты" деген альбомында жа­зыл­ған. Алайда, ұлттың бас газеті, қалың қазақ елінің айна­сы, шамшырағы болған, білім мен өнерді, мәдениетті насихат­тап, жұрт­шылыққа таныстырған "ҚАЗАҚ" газеті Ахмет Байтұр­сынов пен Міржақып Дулатовтың арқасында оқырмандарымен қайта қауышты. "АйҚАП" пен "Дала уалаятының газеті", "Түр­кістан уалаятының газеті", "Қа­зақ­стан" беттерінде жарияланған мақалалар мен хат-хабарлардың библиографиясына "ҚАЗАҚ" газетінің Орынборда 1913 жылғы 2-ші ақпаннан бастап шыға бас­тағаны айтылады. Редакторы Ахмет Байтұрсынов, бастырушы "Азамат" серіктігі, Құсайынов – Кәрімов баспаханасы. Архивте газеттің екінші редакторлығына М.Дулатовты тағайындау туралы 1914 жылғы 19 мамырда Орынбор губернаторына жоғарғы баспасөз басқармасының берген бұйры­ғында: "Орынборда Ахмет Бай­тұрсыновтың редакторлығымен шығып тұрған "ҚАЗАҚ" газетінің екінші жауапты редакторы қыз­метін атқаруға Торғай облысы, Сарықопа болысы, №1 ауылдың қазағы Мир-Якуп Дулатович Ду­латовқа рұқсат беріледі", делінеді. Ал газеттің 1918 жылғы 261-265- сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков болған. Жазықсыз жазаға ұшыраған асыл азаматтарымыздың ішінде А.Байтұрсынов пен М.Дулатов­тың есімдерін қазір тебіренбей ауызға алу мүмкін емес. Олардың ағартушылық қызметі, ғылым­дағы, әдебиеттегі аударма ісін­дегі, оқу құралдары мен әдеби шығармаларды шығарысудағы және журналистикадағы зерттеу­шілік дарынды қызметтерін ерек­ше атап өтпеске болмайды. Тұңғыш журнал "АйҚАП" пен "ҚАЗАҚ" газетінің беттерінде жа­рияланған мақалаларын оқы­ған­да олардың сан қырлы еңбекте­рінің куәсі боламыз. "ҚАЗАҚ" газетін ұлтшыл, буржуазияшыл, либералшыл орган, алашор­да­шылардың рупоры ретінде, ал оның редакторлары А.Байтұрсы­нов пен М.Дулатовтарды алаш­ор­дашыл "халық жауы" деп баға­лап, газетте басылған халқымыз­дың әдебиетінен, мәдениетінен, тарихынан, экономикалық-сая­си жағдайларынан, әдет-ғұрпы мен заңынан бай мағлұматтар беретін материалдардың бетін жылы жауып қойған заман да өтті. – Газеттің қандай қиындықтар­мен шыққаны жұрт жадында болса керек. Дегенмен өзіңіз де аз-кем тоқталып өтсеңіз артық болмас… – "ҚАЗАҚ" газетін тексеріп, бақылауда Торғай облыстық бас­қармасының тілмашы, татар тіліндегі мерзімді баспасөздерді бақылаушы Тунганчинге тап­сыр­ғаны туралы Орынбор генерал-губернаторы генерал-лейтенант Сухомлиновтың бұйрығы бар. Архив материалдарымен таны­сып отырғанда газеттің әр мақа­ласының қандай қиындықтармен өмірге келгенін көз алдымызға елестетуге болады. Орынбор гу­бернаторының Ішкі істер ми­нистріне жазған қатынас қағаз­дарынан "ҚАЗАҚ" газетінің 1914 жылғы 78-санындағы "Алашқа" және 1914 жылғы 79-санындағы "Россиядағы ұйымшылдық" де­ген мақалаларда үкіметке қарсы үгіт-насихат әрекеттерінің көрі­ніс беретіні айтылып, патша сая­сатына бас көтергені үшін Бай­тұрсыновқа екі жылға жер ауда­руға, ал газеттің 1914 жылғы 91-санында басылған "Бұл қа­лай?" деген мақала үшін (аударған Тунганчин) 50 сом айып салын­ғаны немесе 2 апта түрмеге жабы­луға шешім қабылданғаны айты­лады. 1914 жылғы 80-санында басылған "Закон жобасының баян­дамасы" деген мақаласы (Тунганчиннің аудармасы) үшін Орынбор генерал-губернаторы А.Байтұрсыновқа 1500 сом айып немесе 3 ай түрмеде отыру үкімін кескен екен. А.Байтұрсыновтың Орынбор губернаторына, Ішкі істер министріне, Сенатқа жазған арыздары да осы архивте сақтау­лы. Бұл арыздарды тебіренбей оқу мүмкін емес. Ақыры Сенат Орынбор губернаторының үкі­мін бұзуға мәжбүр болады да "ҚАЗАҚ" газетінің редакторы – А.Байтұрсынов 1500 сом айып тө­леуден босатылады. Қалай дегенмен де қазақ бас­па­сөзі оңайшылықпен қалыпта­сып, дүниеге келген жоқ. Бүгінде осының бәрі, әрине өткен тарих боп қалды. Дейтұрғанмен қазіргі заман басқа, қазақ қоғамы өз­герді. 1918 жылы жабылып қал­ған "ҚАЗАҚ" газеті 2006 жылы араға 88 жыл салып, қайта шыға бастады, бүгінде жаңарған Тәуел­сіз елдің бас басылымдарының біріне айналып отыр. "ҚАЗАҚ" газеті, – деп жазды Мұхтар Әуезов 1923 жылы «Шолпан» жорналында, – ел дертінің себе­бін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жинап, патша саясатына қарсылық ой­лап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа келді. Бұл тұтынған жолында «ҚАЗАҚ» газеті өз міндетін дөп атқарды". Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов әділ бағасын берген «Қазақ» га­зеті қаққан Тәуелсіздік қоңы­рауы­ның үні ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, енді дербес ел болған Қа­зақ Мемлекетінің рухы бүгіндері әлемдік беделге ие болды. «Қа­зақ­тың» басты жетекшісі болған Әлихан Бөкейханов, газеттің төл ұйымдастырушы редакторы Ах­мет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов және басқа да Арыста­рымыздың арманы қалған жерде қайта жаңғырып, жұртымен тұтас жасаса – мақсаттың орындал­ғаны, тарихы терең, халқымен шынайы мың өліп, мың тірілген «ҚАЗАҚ» газеті қалған тағдырын елімен бірге жүріп жасамаққа ниет етеді. «ҚАЗАҚ» былайғы тұс­та ұлтының қоғамдық-саяси ой дамуы мен әдеби, мәдени өмірінің шежіресі болуды басты мұратым дейді. Демек, бұл – ұлы ұстанымы, бағыт-бағдары да осы жол! Сонымен, «ҚАЗАҚ» өз халқы­мен және дидарласуға қадам жасады, таза пиғылмен есік аш­ты. Тағдырдың не бір қиын тау­қыметін бастан өткерген «ҚА­ЗАҚ» газетінің өз халқына ниеті адал, сонау жылдары Ахмет Бай­тұрсынов, Міржақып Дулатов қол қойып шығарған қайсар мі­незді, кезінде ұлтының саналы үні болған газет Тәуелсіз Еліне оралды. Бүгінгі ұрпақ газет жұ­мысына кезінде оқтай зырлап, қордай борап, тер төге, жұмыс еткен Жүсіпбек Аймауытов, Мағ­жан Жұмабаев, Шәкәрім Құдай­бердиев, Құдайберген Жұбанов, Ғұмар Қарашев, Халел Досмұ­хаметов, Жиһаша Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышбаев, Жи­һанша, Жансұлтан Сейдалиндер, Асылбек Сейітов, Мұстафа Шо­қаев, Бекмұхамет Серкебаев, Мұстафа, Ахмет Оразаевтар, Сұл­танмахмұт Торайғыров, Сә­бит Дөнентаев, Сәкен Сей­фул­лин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты бұрынғы ата-баба еңбегіне ізетпен алғыс айту­ға тиіс. Аттары аталған жайсаң­дарымыз сол тұста газеттің тұ­рақты авторлары болуымен бірге, басылымның ел арасына кең тарауына меценаты да бола білген зиялылар. – Аға, бүгінде баяғы заманда­ғыдай емес, Қазақстанда газеттер көптеп шығады. Әсіресе Тәуел­сіздік алғаннан бері бұл салаға кең жол ашылды. Осы орайда Жаңа Қазақстанмен бірге жасап келе жатқан жаңа «Қазақтың» бүгінгі жай-күйі қандай? – Мұндай қадамға қуану ке­рек. Тіпті «Қазақ» газетінің дәс­түрін жалғастыруды ниет етуші басылымдар да табылады, аб­залы, асығып-аптықпай, осы­лайша түгенделеміз десек, бүтін­деле береміз, бәрі орынды. Әйтсе де енді жарық көріп отырған «Қазақтың» ешқандай басылым­мен таласпақ ойы жоқ,бәсекеге де түспейді, әр газет-жорналдың өз жолы бар, сол жолда кім-кім де оза шапса, беті қабыл. Әріптес басылымдармен бірлесе «Қазақ» қазақ жүгін сүйреуге тартын­байды, ақ сөйлейді, ешкімнің айыл тартпасы болмайды, түтіні түзу шығады. Өмірге қайта келген «Қазақ­тың» мақсаты – айқын, ұстаны­мы – берік, жүрегі – адал, қыз­меті – халыққа, тілегі – ұлттық мінез, тілінің, дінінің, ділінің сау, өсіп-өркендеуіне үлесін қосады. Осы ретте «Қазақ» газеті сөз жоқ оқушыларына арқа сүйейді, аталы жұрт, ауқымды миллетіне иек артады. Имандай сыры – «ҚАЗАҚ» қазағымен әрдайым бірге! «ҚА­ЗАҚ» әр қазақтың шаңырағынан табылам деп өмір есігін ашты. Арыстарымыз басылымның атын әуелде "ҚАЗАҚ" деп қойған ғой. Бұл атты олар аталы жұрты­мыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп қойған. Милләт халын ойымызға алып, қызмет етуді мойнымызға алып, арнаған ісіміз дейді және. "Құдай сәтін салсын "әумин" деп қол жайып, "әуп" деп күш қосып, "Алла" деп іске кіріселік", дейді тағы. Міне, қан­дай аталы сөз, дуалы уәж! Біздің ұстаным да осы болмақ, бола береді де! – Әңгімеңізге рахмет! «Қазақ» қазағымен мәңгі жасай берсін! Сұхбаттасқан Әмiр ӘБСАДЫҚ