Құлтас ДОСТАН,«Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы:
Алаштың ардақты аламан-ұлдары кейінгі ұрпағын жері мен елі үшін қайтпас күреске, ұлты мен жұрты үшін таймас тартысқа тәрбиелеп-тәлімдеген. Осынау орасан күресті, маңызды майданды – Алаштың асқар асулардан асатын ақ жолы деп түсінген.
Алаштың жолы – тым бұралаң-бұрылысты болса, «Ақ жол» партиясының да соқпағы тақтайдай тегіс, оқтаудай түзу болған жоқ. Тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей келе жатқан «Ақ жолдың» енді ғана арнасы ашылып, даңғылы тазарған сияқты…
Қай-қай байыпты басшыға да ақыл мен алғырлық ауадай қажет. Саяси күрестің кескілескен күрестерінен сүрінбей өткен атпал азамат Азат Перуашевтың келуімен, шындығында, «Ақ жол» партиясының тынысы кеңейіп, қанаты ашылды. Ең алдымен, Қазақстандағы №2 партияға айналған «Ақ жол» Парламент Мәжілісінің 8 депутаттық орнына қол жеткізді. Сөз жоқ, бұл – жалпы партия басшылығы мен мүшелерінің жеңісі десек те, ең бірінші, Азат Тұрлыбекұлының ерен еңбегінің, биік беделінің, асқақ абыройының жемісі. Бір данышпанның: «Мықтыны мойындай білу де – мықтылық!» дегені бар. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын!» дегендей, ақиқаты: Азекең «Ақ жол» партиясының жұмысына жаңа бағыт, тың түрен салды.
Қазір «Ақ жол» партиясының мүшелері күн санап артып келеді. Біздің Алматы қаласының қарсы қалың зиялы қауымы біздің партиямыздың бағыт-бағдарларын ұстана бастады. Міне, бүгін ішінде өзім де бар, 15 адам "Ақ жол" партиясына өтудеміз. Өйткені, "Ақ жолдың" жолы - біздің жолымыз ақ, ниетіміз түзу, жұмысымыз айқын, бұл – Алаштың мәңгілік мұраты мен мүддесі. «Қазақ хандығы – мемлекетшілдіктің алтын көпірі» десек, ал, Алаштың идеясы – қазақ руханиятындағы ең биік, ең берік идеялардың бірегейі. Алашорда, Алаш үкіметі, Ұлттық кеңес сынды ұғымдар қазақтың мемлекетшілдігіне асыл арқау болды.
Алаштың парасаты мен өлшемін белгілеген «Алаштың айнасының» көрнекті қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды сындарлы да саңлақ тұлғалар – бүгінгі жаңа тұрпаттағы, тың тыныстағы «Ақ жол» партиясының ұлағатты ұстанымы, таймас тұғыры болып табылады.
Жақында ғана Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан–2050»: Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді дамыту. Біз ұрпақтарымызға тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет.
Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз », – деді.
Алаш арыстарының басты арманы – қазақтың бостандығы мен тәуелсіздігі еді. Құдай қолдап, бодандық қамытын шештік, бірақ, елдің шынайы еркіндігі мен жұртымыздың бақытын ешкім алтын табаққа салып әкеліп бермейді екен…
Алашорда – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұр. Алаш идеясы, Алаш мұраты дегеніміз – қазақтың құқығын қорғау мен қолдау. Алаш зиялыларының пейіл-ниеті, ақыл-ойы, парасат-пайымы бізді ата-баба болмысынан тамыр үзбеуге, салт-дәстүрінен күш-қуат алуға, жаңашыл, озық, көпшіл, бейбітшіл болуға үндейді. Мұны «Алаштың айнасы» деп атаймыз.
Кешегі кемеңгер алаш азаматтарының сара соқпағына Азат Тұрлыбекұлы бастаған тың тұрпаттағы, жайсаң бағыттағы «Ақ жол» партиясы түсті.