АЛАШ ИДЕЯСЫ ЖӘНЕ БҮГІНГІ ҰЛТ САЯСАТЫ
2012 ж. 12 желтоқсан
3351
0
Алаш идеясы – ұлттық идея, ақтармен де, қызылдармен де үйлеспейтін үшінші жол еді. Ол ұлттық жаңару жолы болатын. Большевиктер ұлттық мұратты таптық идеяға бағындырып, тар, саяси, пролетариат диктатурасы құрсауында ұстаса, ақтар ұлы державалық, империялық пиғылдан аспайтыны белгілі. Осы саяси жағдайда тәуелсіздікке қол жеткізу мүмкін емес еді.
Дегенмен, алашордашылар елді оятты, алға бастады. Олардың трагедиясы-қазақ ұлтының трагедиясы. Финляндия, Польша сияқты ұлттар тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болып қалыптасты. Қазақтың ел болмауының бір себебі – ұлттық интеллектуалдық потенциалының төмендігі.
Ә.Бөкейханның «Киргизы» мақаласында «Формы национально-освободительного движения» (Санкт-Петербург, 1913ж.): «Число киргиз, обучающиеся в городах, совершенно ничтожно;
в средних учебных заведениях, университетах очень тепло, окончивших высшее образование можно, говоря фигурально, перечислить по пальцам».
Екіншіден, ұлт-азаттық қозғалыс біртұтас сипат алмады. Аталған мақалада Ә.Бөкейхан оны былайша бағалады:
«В ближайшем будущем в течении, вероятно, организуются две политические партии, соответсвующее двум политическим направлениям, складывающиеся в киргизской среде. Одно из них может быть названо национально-религиозным, и идеалом его является религиозное движение киргизов с мусульманами. Другое – западное направление. Первое, и вероятно, возьмем за образец мусульманские татарские партии, вторые –оппозиционные партии, в частности, партии народной свободы».
Ә.Бөкейхан бастаған ұлт интелигенциясы Ресей құрамын да терезесі тең автономияны армандады. Ол 1918 жылдың 11 ақпанында былай деген болатын: «Киргизский народ не питает сепаратистских замыслов, он не желает отделения от России. Мы – западники. В своем стремлении приобщить народ к культуре мы не смотрим на восток, в Монголию, мы знаем, что там культуры нет. Наши взоры устремлены на запад. Получить культуру мы можем оттуда, через Россию, при посредстве русских».
Кеңес заманында ұлттық идея, ұлттық патриотизм ұлттық астамшылыққа, ұлттық мастанушылыққа, басқаның мүддесін кемсітушілікке теңелді. Ал шындығында, М.Шоқай жазғандай, ұлтшылдық «халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді». Ұлтшылдықты бетке баса беріп, кінә таға берген соң А.Байтұрсынұлы былай деген: «казахский национализм не имеет колонизаторского характера. Он не добивается верховенства и подчинения себе, и, если сможет и сумеет достичь, добиться равенства. Казахский национализм-нищенствующий национализм».
Бүгін де алаш идеясы жүзеге асты, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Өзінің экономикасы, дербес территориясы, Конституциясы , мемлекеттік тілі, мәдениеті, әскері, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдары бар.
Қазақстанды шет мемлекеттер тани бастады. Бірақ, қазақ отарланған ұлт болғандықтан, әлі рухани тәуелсіздікке қолы жетпей отыр. Мүмкін, тарих оған әлі аз уақыт беріп отырған болар.
Индонезия ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Сукарно отаршылдықтың барлық түрлерін саралай келіп: «қолайлы», «жағымды» ауру болмайтыны сияқты, «жағдайлы» отаршылдық та болмайды деген еді. Ол тәуелді елдердің тек пайдалы табиғи қазбаларын пайдаланып қана қоймай, олардың рухани өмірін де аздырады. Ең бастысы, ел билігі басқаның қолына көшкен соң, елдік, азаматтық сана кемиді. Қоғамдық сана ұлттық, азаматтық деңгейден жеке бастың қамына ауысады.
Отаршылдық басқару жүйесі ұлттық келісімпаздық (конформизм) психологиясын, құбалма, екіжүзді, тұрақсыз, ыңғайшыл адамдарды қалыптастырады. Екіжүзді, табансыз, ел мүддесін ойламайтындар, ұлт алдында жауапкершіліктен айрылған тоғышарлар, шен-шекпен қуғындар көбейе келе күш алып, қауіп-қатер туғызады. Көбімізді заман таптық интернационализм идеологиясында тәрбиеледі және оған имандай сендік. Халықтар интелленциясының ұлт мәселесінде көзқарасы өзгере бастады. Ал партия, кеңес органдарының орны бөлек. Олар кеңес заманында ұлттық мүддені жылы орынға құрбан етсе, тәуелсіздік тұсында кеңес идеологиясын тағы да жылы орынға құрбан етіп, ұлттық демократиялық позицияға ауысуға тырысты. Шын мәнінде олар марксизм-ленинизмді де, ұлттық идеяны да түсінбегендер. Сондықтан, тәуелсіздікке қолы жеткен елдердің ұлттық шенеуніктерге көзқарасы алуан түрлі. Аргентиналық философ Э.Агости былай дейді (қолға түскен әдебиет тілінде келтірейік): «Судьбу нации нельзя доверять отсутвующим классам, так как оны были инструментом покорения, раболепно преданным миру. Новый национальный голос в сущности им чужд». Осындай идеяны Балтық жағалауындағы елдер де ұстанады. Өз шенеуніктерін кеңес оккупациясына жұмыс жасаған кадрлар деп, ел сыйлайтын абыройлы азаматтарынан басқасын жұмысынан босатты және жауапты жұмыс беруден бас тартты.
1960 жылы тәуелсіздік алған он бес африкалық мемлекет 2000 жылы қырық жылдық тарихын саралап, өткен жолдарына «мүмкіндікті пайдаланбаған уақыт» деп баға берді. Африкалық жазушы А.Квеи Арма «Жарқын шақ» атты романында саяси-экономикалық және этникалық салада армандаған «алтын ғасырға» қол жетпек түгілі, отаршылық өмір салты мен ойлаудың сиықсыздық түрлерінің етек алғандығына және бұл ұлттық тоқырауға ұлт «элитасының» жайбарақаттықпен қарайтынына қынжылады. Бөтен елдің үстемдігінен құтылғанмен, оның ақыл-санада қалдырған азабынан арылу – ұзаққа созылатын індет. Бұл бізді де ойландыратын тәжірибе. Ұлттық романтизмді біз де басымыздан кешіріп келеміз. Бір кезде қой үстіне бозторғай ұялаған, сүттей ұйып отырған ел едік. Отаршылар мен большевиктердің арам пиғылды саясаты ұлтымызды аздырды. Енді ғана өз билігіміз өз қолымызға тиген тұста бақыт пен молшылыққа жол ашылды деп бөркімізді аспанға лақтырудамыз. Табиғи байлығымыз отаншылдықтың бөлек бір түрін – ресурстық отаншылдық туғызды. Қоржынында ат басындай алтыны бар қайыршылар бар екенін, ол алтын бұйым, тауар болмайынша байлыққа айналмайтынын, оның кәсіби еңбекпен келетінін енді-енді түсініп келеміз. Ең басты байлық – білім, ең қуатты жанармай - тер екенін заман енді аңғартып келеді. Отаршылдықта болған ұлттарға тән, бір жағынан жылауық, екінші жағынан дандайсушылық, бұрынғы ұлттық кемсітушіліктің орнын ұлттық абыройлы іспен емес, лепірме, желөкпе мақтанушылықпен толтыруды біз де бастан кешірдік. Тарихты саралағанда барлық пәлені тек сыртқы күштерден деп сөйлеу, ұлтымызды бірыңғай мақтап, тек батыр, тек дана етіп көрсету-ұлттық нигилизм сияқты індеттің бірі.тарихтан өткен ұлт өкілдерін я періште, я жексұрын етіп көрсету де соның көрінісі.
Мемлекет – ұлтты ұлт ететін құрал. Кейде мемлекет елдегі тілі, діні, мәдениеті басқа ұлттарды негізгі ұлт төңірегіне ұйытып, білдірмей сіңіріп алуға да тырысады. Өйткені дін мен тілді ұлттың тұтастығы мен бірлігінің құралына айналдырады. Сондықтан Францияда: «Францияны Франция еткен француздар емес, француздарды француз еткен Франция» делінеді. Демек Қазақстанды Қазақстан ететін қазақтар емес, қазақтарды қазақ ететін Қазақстан, дәлірек айтсақ, мемлекеттің ұлттық саясаты.
Мемлекет Қазақстанды бірыңғай ел етуге біраз күш жұмсады. Оны Оңтүстік Қазақстан облысының ұлтаралық қатынастарынан көруге болады. Аталған облыстағы зерттеулерге қарағанда, орыстар әлеуметтік-экономикалық реформаларға басқа өңірлерге қарағанда бейімдірек болған. Бұл жерде солтүстік, шығыс, батыстық өңірлермен салыстырып айтылып отыр. 1990 жылы экономикалық жағдай өте қиын, «ақыр заман», апокалипсис деп бағалағандардың бестен бірі 2008 жылы «жағдай жақсарды» деп жауап бергенн. Яғни көңіл күй өзгерген. Екінші сауалға «сіздің жоғары еңбекақы алуыңызға, лауазымды жұмысқа қол жеткізуге мемлекеттік тілді меңгеру әсер ете ме?» деген сауалға, орыстардың 78% «әсер етеді» деп жауап берген.
«Сіздің отбасыңыздың экономикалық жағдайы жақсарды ма?» – деген сауалға орыстардың төрттен бірі, қазақтардың үштен бірі «жақсарды» немесе «аздап жақсарды» деп жауап берген. Ең бір көңіл аударатын мәселе, экономикалық жағдайдың жақсаруы негізінен ұлтқа байланысты емес, мысалы, кредит алу, кәсіпкерлердің мемлекеттен тапсырыс алуы барлығына бірдей делінген. Бірақ 2008 жылғы дағдарыстан кейін әкімшілік ресусрстар, ағайындардың қолдауы, әсіресе қазақтар арасында ашық көріне бастады. Орыстардың басқа елдерге қоныс аударуы дағдарыс салдарынан өсе бастады. Дегенмен, инженерлік қызметте, жоғары технологиялық өндірісте, ақпараттық технологиялық салада орыс халқының өкілдері еңбек етуде. Ұрпақ алмасып, жас толқын бүгін олардың орнын негізінен қазақтармен алмастырып жатқан сияқты.
Алайда елімізде Советтік интернационализм синдромы әлі жалғасуда, Қазақстанды «көп ұлтты» мемлекет деп есептеп, әлі де орыс тілінің үстемдігін аңсайды, әлі де психологиялық жағынан бүгінгі заманға икемделе алмайтындар әсіресе аға ұрпақ арасында көбірек. Соның бірі О.Сүлейменов.
Дегенмен, ел ішінің тыныштығы жайбарақат, қаперсіз, бейжай көңіл-күйге, келісімнің сылбыр, марғау, қамсыз ахуалға ұласпағаны керек. Кейде тұрақтылық төңірегінде қарабайыр, жаттанды ресми насихат халықты жалықтырады, этносаралық келісімінің қазақстандық моделін проблемаларды мүлдем біржола шешілгендей, барлығы тап бүгінгідей бола беретіндей көреміз. Экраннан әр түрлі тілде ән шырқап, би билеп жүрген этнос өкілдерін көріп, ішіміз одан әрі жібіп, мейірленуге де болар. Бірақ күнделікті тұрмыс ән мен биден тұрмайтынын, кейде күрделі мәселелердің барлығын біле тұра оларды айналып өтуге тырыстанымыз өкінішті.
Социологиялық зерттеулер бойынша, этносаралық келісім ел азаматтарын толғандыратын мәселелердің ішінде алдыңғы қатарларына шығып отыр. Ел бірлігі доктринасы төңірегіндегі, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына байланысты пікірталастар да елді ойландыруда. Көптеген күрделі мәселелер ашық айтылмағандықтан, пікірін сыртқа шығармай , көзге түспей, іштей ренжитіндер барлығы байқалады. («Литер», 3 қараша , 2010 ж.).
1991 жылдан кейінгі кезең түбегейлі өзгерістерге толы. Соның бірі-елдегі этнодемографиялық өзгерістер. Қазақстан екі қауымдастық (қазақтар мен орыс диаспорасы) басым болған мемлекеттен сан жағынан бір ұлт – қазақ ұлты басым елге айналды. Жаңа демографиялық ахуал этносаралық қатынастарға жаңа мазмұн беретіні және оны ой елегінен өткізу қажеттігі де туып отыр.
Ұлт саясатын талдағанда қазақ ұлтының мәселесі алға шығатыны анық. Бүгінгі ақпараттық заманда қазақтар өз мәртебесін кеңес заманымен салыстырып қана қоймады. Өз деңгейін басқа мемлекеттермен, олардың аштық-тоқтығымен ғана емес, мемлекет құраушы ұлт мәртебесімен, ұлттың даму деңгейімен, тіл, мәдениет дамуымен салыстырады. Ал мемлекет ішінде қазақтар өзін басқа диаспоралармен салыстырып, олардың мемлекеттік тілді меңгеруін де қазақты сыйлаудың индикаторы ретінде бағалайды. Ал алыс аудандарда тұратын қазақтар өздерін экономикалық-әлеуметтік жағынан дамыған өңірлермен салыстырады.
Көптеген мемлекеттермен салыстырғанда, мемлекет құраушы қазақ ұлтының отарланған ұлт екені әлі көзге ұрып тұр: 1) бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл, мәдениет әлі басымдыққа ие бола алмады; 2) азаматтық алу үшін мемлекеттік тілді білудің міндетті еместігі; 3) мемлекеттік тілді халыққа қызмет жасауға қолданбау; 4) сот жүйесі, құқық қорғау органдарының байырғы ұлттың тілін меңгермеуі, сондықтан байырғы ұлттың тілін қорғамауы; 5) жердің, жер асты байлығының халықтың мүддесіне толықтай қызмет жасамауы елді ойландырады. Қазақ ұлтының бүгінгі жағдайын әлемдік әлеуметтану ғылымында ішкі отаршылдық дейді. Сырттан саяси тәуелсіздік пен еркіндік алғанмен, ішкі рухани тілдік әлеуметтік тәуелділіктен толық арыла алмау соның белгісі. Осы мәселелерді кезінде Алаш лидерлері де өте өткір қойған.
Әлемдік тәжірибеге сәйкес, табиғи байлықты игеру барысында қоршаған ортаның бұзылуынан денсаулыққа келтірген зиянының орнын толтыру үшін жергілікті тұрғындарға әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізуді ойластырған орынды. Сондай-ақ кезінде депрессивтік деп аталған қырыққа жуық негізінен қазақтар тұратын аудандардың, ішкі көші-қон мәселелерін қолға алатын уақыт келді.
Елбасы Н.Назарбаев Жолдауында қазақстандықтардың үш тілді меңгеруіне зор мән берді. Бұл істе әлемдік тәжірибемен де есептеспей болмайды. Канадалық этнолингвист ғалымдар М.Сигуан мен У.Макки зерттеулерінше оқушыны екінші, үшінші тілге үйрету үшін сол тілдік ортада қай тілдің әлсіз екенін айқындап алу қажет. Егер оқушының ана тілі мықты болса, ана тілінің мәртебесіне қауіп төнгізбейді, себебі, оқушы елдегі басымдық тілді меңгерген. Ал әлсіз тіл деп отбасында, күнделікті өмірде, билікте кең қолданылмайтын тілді атайды. Канаданың Сен-Ламберс провинциясында ағылшын тілін терең меңгерген оқушылар үшін француз тілі ана тіліне қауіп төндірмеген. Ал ана тілі – француз тілін толық меңгермеген оқушылар үшін ағылшын тілі олардың ана тілін ығыстырушы қызметін атқарған («Социологические исследования»,2002ж. №8, 49-56 беттер). Сондықтан екі-үш тілді меңгеру үшін оқушыларды ана тілін меңгеруіне қарай таңдаудан өткізіп, арнаулы топтарда ғана енгізу жөн.
Сонымен, қазақ ұлтының экономикалық, әлеуметтік, демографиялық, рухани жаңаруын, ұлт ретінде тұтастығын қамтамасыз ететін жалпы мемлекеттік бағдарламалар дайындау және іске асыру қажеттігі бар. Мәселе қазаққа артықшылық беруде емес, отарлау саясатының жарақатын жазуда болып отыр. Бірқатар бұрынғы отарланған елдерде отарсыздану саясаты жүзеге асуда.
Білім саласының қызметкері, өзіндік өмірлік жоспары бар, кәсібі мансаптан да үмітті, Қазақстаннан көшу ойында жоқ, жасы отыздағы шымкенттік орыс азаматы көңіл-күйге ерік беріп, «Сен өзіңді қазақстандықпын деп есептейсің бе?» – деген сауалға былай деп жауап беріпті: «Нет, я не чувствую себя казахстанкой, несмотря на то, что здесь родилась и это моя родина, я не чувствую, что президент и его «программа 2030» что-то делает для людей обычных и простых. Я вижу постоянно, что у нас везде коррупция, пойти в налоговую, пойти в финполицию, финконтроль, везде надо дать на карман и везде казахские фамилии. Никакие мы не казахстанцы. Почему-то так получается, что все руководящие должности должны занимать или казахи или корейцы, а русские нет. Я вот в суд хожу, все судьи вышли из залов на перекур, все казахи. О чем еще здесь еще можно говорить? Какие казахстанцы? А русские где? Только прислуживают и моют полы. 70 школ в городе и в 68 из них казахи директора. И ждут, когда эти двое на пенсию уйдут».
Байлық, билік, мансап-мәртебе жеке адамдар ғана емес, әр этностық топ үшін де құнды. Қазақстандық диаспоралардың бүгін мемлекеттік билікте, оның жоғары басқару органдарында орын алуға тырысатындары айқын. Қазақстан Парламентінде Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған тоғыз депутат этностардың сұраныстарын толық қанағаттандырмайтын сияқты. Тіпті ашу-ызаға толы, іштей наразылығын сыртқа шығара алмайтындар қаншама! Ресейдің ТМД институты «Қазақстандағы орыстар» атты жобаға сәйкес Қазақстанда социологиялық зерттеулер жүргізген. Осы зерттеулер бойынша, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін орыс этносының 60%-ы жағдайымыз «жақсарды», 26%-ы «нашарлады» депті. Бұл-жалпықазақстандық үрдіс. «Қазақстанда кімге өмір сүру жеңіл?» – деген сауалға орыстардың 5,4 %-ы – орыстарға, ал 50%-ға жуығы – орыстілділерге деп жауап берген. Сондай-ақ 37%-ы Қазақстанда өмір сүру барлығына да оңай емес депті.
Орыстардың 17,1%-ы лауазымды жұмысқа жетуге мүмкіндік бар, 18%-ы қызметке әділ баға беріледі депті. Сауалнамаға жауап бергендердің 25%-ы Ресейде тұрмыс бәрібір жақсы депті. Респонденттердің 47,4%-ы Ресейге қоныс аударуға оңды қарайды. Ал 30%-ы оқта-текте Ресейге қоныс аударуды ойлап қоямыз, бірақ оған мүмкіндік жоқ және Ресейге қоныс аудара қалған күнде де болашаққа сенім аз депті.
Қазақ мемлекеті этносаралық қатынастарды реттейтін жаңа жүйе қалыптастырып келеді. Өйткені бейбітшілік пен келісім мәдениеті қалыптаса бастады. «Біз әлі жол басында тұрмыз», деді Президент. Икемді, оралымды, барлық ұлтқа адал, ашық саясат ертең де этносаралық қатынастарды орнықты жолға бейімдеп отыруға негіз болады.
Амангелді Айталы, философия ғылымдарының докторы, профессор.