АЛАШ ТАҒЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК
Биыл «Алаш» ұлттық демократиялық партиясы мен Алашорда мемлекетінің тарих сахнасына шыққанына – 95 жыл. Үстіміздегі 2012 жыл айтулы даталарға толы ерекше жыл болды. Алты алаштың алтын тұғыры киелі Оңтүстік өлкесінің төрінде, облыс әкімдігінің қолдауымен өтіп отырған халқаралық ғылыми-теориялық конференция соның бір айғағы. Сонымен бірге қазақ халқының санасын сансыратып, ойын ойсыратып, ұлт ретінде жер бетінен жойып жіберуге шақ қалған нәубет ашаршылыққа 80 жыл, саяси қуғын-сүргінге 75 жыл толып отыр.
«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтының мен емес, бір күнгі ісін.
Жұрт ұқпаса ұқпасын, жабықпаймын,
Ел – бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін!» – деп, арманын ақ қағазға айтып кеткен, Алаштың айтулы ұлы Ахмет Байтұрсыновтың аңсаған сол «ертеңіне» де бүгін 95 жыл. Ойлап қарасаң, бір елісі кем ғасыр толыпты.
Өткеніміз түгенделмей, бүгініміз бүтінделмейді. Өткеннің бұрысы сабақ, дұрысы өнеге. Мұны жүзеге асыру бірдің шаруасы емес, көптің мұраты болмақ.
Қазақ зиялыларының оянуы бажайлап қарасақ, 95 жылдың арғы жағында жатыр. «Құланның қасуына, мергеннің басуы» дегендей, көргені қорлық пен азапқа толы қазақтың адал сүт емген ұлдары – сана түйсігі толысып, алған білімдері көкірек көзіне сәуле түсіріп, оянарға келген сәтте, яғни, 1905 жылдың 6-тамызында Мемлекеттік Дума жанындағы патша манифесі жарық көрді. Онда басқа ұлттар мен қатар, қазақ еліне де, Думаға депутат сайлау құқығын берді. Мемлекеттік Думаның алғашқы депутаттары жылдың 12 айында 12 депутат болды. Олар: Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышпаев, Ахмет Бірімжанов, Бақытжан Қаратаев, Сәлімге-
рей Жантөре, Бақтыгерей Құлманов, Тілеулі Аллабергенов, Шәймерден Қосшығұлұлы, Алпысбай Қалменов, Дәуіт Ноян Тұндыт, Темірғали Нүрекенов, Молда Тайжанұлы сияқты қазақ саяси элиталары еді.
Олар ұлттық мүдде тұрғысынан үгіт насихат жұмысын жүргізерге, сайланған өкілдерге аманат тапсыру ісіне мұрындық бола алатын саяси партия құру қажеттігін сезінді.
1905-1906 жылдары Орал, Семей қалаларында өткен қазақ қоғамы өкілдерінің жиналыстарында қазақ кадеттерінің өмірде ұстанған мұраттарының орыс кадеттерінің бағдарламасымен қабыспайтындығы белгілі болды. Себебі, қазақ кадеттері: қазақ жерін қазақ елінің меншігі ретінде заң қабылдауды, ішкі ресейлік губерниялардан Қазақстанға қоныс аударушыларға шек қоюды, қазақ балалары үшін мектеп, медрессе, университеттер ашуды және тіліміз бен салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту мәселелеріне көңіл бөлініп, алғаш рет ұлттық идеяны көтерді.
Қазақ жұртының қолдауына сүйенген бұл қозғалыстың ұйытқысы – 1917 жылдың желтоқсан айында құрылған «Алаш» партиясы болды.
Осы мезгілден бастап, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсын, М.Дулатов бастаған ұлттық саяси элита өрлеу жолына түскен ұлт азаттық қозғалысқа нысаналы сипат беру мақсатында: газет-журнал шығару, азаттық үндеген кітаптар бастырып тарату, мемлекеттік Дума жанындағы мұсылман, түрікшілдік қозғалысына ат салысу сияқты саяси күрес әдістерін игере бастайды. 1911 жылдан бастап шыға бастаған «Айқап» журналы, 1913 жылдан жарық көріп, жалпы ұлттық басылым дәрежесіне көтерілген «Қазақ» газеті, 1917-1918 жылдары жарық көрген «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Ақ жол» газеттері ұлт азаттық күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет етті. Ахмет Байтұрсынов елді оятуға тырысып «Масасын» ұшырса, Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деп, рух пен жігер беретін ұран салды. Ұлт лидері Әлихан Бөкейханов азаттықтың туын аспандатуға шақырды.
Қазақ зиялыларының мемлекеттік Думада ұлттық мүдделерді қою талаптарының күшеюі, патша үкіметін сақтандырып, Қазақстандағы ұлт-азаттық идеяның өршуіне байланысты, Ш-Мемлекеттік Думаға Қазақстан депутат сайлауға тыйым салды. Тыйым салып қана қоймай, қазақ зиялыларының соңына шам алып түсті. Саяси сахнаға Кеңестік қызыл империяның билікке келуіне байланысты құрылғанына небәрі екі жыл болған «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі жойылды.
Бұл дүмпудің нәтижесі «Алаш» қайраткерлерін қуғындаудан бастап, 1937 жылғы жаппай репрессия – «Қызыл қырғынға» ұласты. Қазақстан бойынша 113 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, итжеккенге айдалып, абақтылардың азабын тартса, 25 мың адам жазықсыз атылып кетті.
Күнге тік қарай алатын, жас бүркіттей, Алаш партиясының топшысы қайырылды. Алашорда үкіметі жойылды, Түркістан автономиясы тарады яғни таратты.
Уақытша үкіметті құлатып, мемлекетті билеуге қылышынан қам танған, «Қызыл» империя келді. «Қанына тартпағанның қары сынсын» дегендей, Ақ патшаның басқа есебінен алыс түспейтін, большевиктер партиясының көсемдері қазақ халқына үлкен қауіппен қарады. Оның да себептері бар еді. Тумысынан қаны таза қазақ – қол бастаса көсем, сөз бастаса шешен, адалдығы мен әділдігі, батылдығы мен батырлығы, қарым-қабілеттілігі ана сүтімен дарыған халық еді.
Бір ұлтты түгел жойып жібере алмайтындығына көзі жеткен қара шекпенділер, сұрқия саясатын астыртын жүзеге асыруға кірісті. Яғни, қара халықты қолдан жасалынған ашаршылыққа тап қылды.
Бірден-бір, күн көріс көзі – төрт түлігінен айырды. «Бай – құлақ» деп елдің бас көтерерлерін кәмпескелеп жер аударды. Ұлттың ту ұстарларын тірідей тозаққа айдап, атты, асты.
Осыдан 95 жыл бұрын Алаштың Ахметі:
«Алхамдулла, аз-ақпыз,
Алты миллион қазақпыз!...» – деп, жырлағаны шайтанның құлағына шалынды ма, арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, әлі он миллионнан аса алмай жатырмыз. «Баласы ақ сұңқардың аз болады» дегендей, өзге елдердің әйелдері, баланы балағынан битше домалатып жатқанда, «осы біз неге көбеймейміз?» деген, көлденең сұрақ санадан бір өшпейді. «Ұлы Жұтта» қырылған қандастарымыздың арасында, аштан өлген алтын құрсақ қазақ әйелінің өмірге келтіре алмаған талай-талай алтын айдарлы ұлы мен қырмызы қызы кетті-ау, деп өкінерсің. Қайтейік, сенің обалың адамның адамға жасаған озбырлығында.
Бұл сол кездегі Түркістандағы болшевиктердің басшысы И.Тоболин сияқтылардың: «Марксистік көзқараспен қарағанда, қырғыздар мен қазақтар экономикалық жағынан өте әлсіз, сондықтан бәрібір жойылуы керек» –деген Геноцидік пиғылынан туындаған ұлт қасіреті еді.
Тарихта малсыз қазақ болған емес, мал – азығы, мал – киімі, мал – көлігі. Малынан айырылған намысты қазақ, қорлыққа төзбей, шетел ауа көшті. Ал, көшті! Діттеген жерінен басы аман, бауыры бүтін жете алды
ма? Әрине, жоқ. «Көш» деген, өлеңімде:
.... Ауды тағдыр безбені,
Туды зұлмат, бір қауіп.
Көшті, бабам, төзбеді,
Үркерменен бірге ауып.
Қара қайғы өрмегін,
Сөгіп кетіп барады.
Жол жөнекей, өлгенін,
Көміп кетіп барады.
Артып өмір азабын,
Желіп кетіп барады.
Желген сайын қазағым,
Кеміп кетіп барады – деп, қайғыра жырлаппын.
А.Байтұрсынов айтқан 6 млн. Халықтың үштен екісі саяси нәубет құрбаны болды деп айтар едік.
Осындайда ұлт жандылығымыз да сыр бергендей.
Мәселен, кешегі екінші дүние жүзілік соғысы жылдарындағы елімізге еркінен тыс әкелініп, тұтқынға түскен 39 мың жапондықтарды өз мемлекеті айрықша көңіл бөліп, қайта жерлеп, ескерткіштер орнатты.
Сондай-ақ, Украинаның Жоғары Радасы 2003 жылы ашаршылық жайында ресми түрде халыққа жолдау жолдап, 1932-1933 жылдары ашаршылықты қолдан жасалған геноцидтік қасірет деп таныды.
Украинада миллиондаған қандастарын еске алу мақсатымен
24 қараша күні, күн ұясына қонған кезде бүкіл электр шамдары
1 сағатқа сөндіріліп, сағаттар тоқтатылатынын мәлімдеді. Ал, бұл ашаршылық біздің халықты айналып өтпегені баршамызға белгілі. Ашаршылықты былай қойғанда, аты-жөні белгілі, «Елім деп!», қазақтың тәуелсіздігі үшін қасық қанын қиған Алаштықтардың, яғни қазақ қаймақтарының күні бүгінге шейін молалары беймәлім.
Кейде ойлайсын, «осы бізде тарихқа құрметпен қарау сезімі әлсіреп кеткен бе?» деп. Әсіресе, 70 жыл бұрынғы «37-нің құрбаны» болған қазақ зиялыларына деген құрмет, ынта-ықылас өз дәрежесінде емес. Өйткені бүгінгі қоғамдағы азаматтарда патриоттық сезім, өр рух аз. Отанға, тәуелсіздікке Қазақстанның негізгі иесі болып табылатын өз ұлтымызға деген мейір-шапағаттан гөрі, басқа жағдай аттардың мәселесі көбірек алаңдататын сияқты.
Ұлы тарих төзімді де, шыдамды. 95 жыл бұрын Алаш көксеген Тәуелсіздіңтің де күні туды.
Дербестікті армандап кеткен Алаштық алып ағалардың рухы алдында есеп бермек болсақ: өз мемлекетіміз, әз Әнұранымыз, төл теңгеміз, желбіреген көк туымыз, ұлттық Рәмізіміз жалпы мемлекетке тән атрибуттардың бәрін де алдық.
Атадан балаға мұра болып қалған кең байтақ жеріміздің асты да, үсті де құнарлы байлық. Шайлық қуып кетпей, ара-тұра рухани байлыққа да көңіл бөліп қоямыз. Тәуелсіздікті қанаттаса, қабаттаса алған, кешегі бір шекпеннен шыққан көршілерге қарағанда, адымымыз нық, бойымыз тік. Өзге жұрт есін жинай алмай жатқанда, біз өткенімізге үңіліп, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді қайта жақтық. Халық мерейіне ие болған батырларымызды қастерлеп, хандарымызға құрмет көрсетіп үлгердік.
Алаш аты атаусыз қалған жоқ.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен «Ұрпақтар сабақтастығы жалғасты». 1997 жылы – «Жалпы ұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күні 31-мамыр деп, танылды.
Әрбір істе, көшбасшы болып қалыптасқан, оңтүстік өңірінде 1937 жылғы жаппай репрессияға ұшыраған аға буынды мәңгі есте қалдыру мақсатында Шымкент қаласындағы «Қайтпас» елді-мекенінде «Қасірет» мемориалы бой көтерсе, Тәуелсіздіктің 10-жылдығына орай, қала орталығына «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына» арналған мұражай пайдалануға берілді. Бұл қасиетті ғимараттың алқызыл лентасын елбасымыз Н.Назарбаевтың өзі қиды.
Дәл осы мұражай бүгінде алаш қайраткерлерінің тарих қойнауында қалаған қолтаңбасы «Шолпан» журналын, «Ақ жол» газеттерін төте араб жазуынан кириллицаға көшіріп кітап етіп шығарып жатыр.
Бүгінде алыстан жылтылдаған көмескі жалыны жалқындай түсіп, болашақ ұрпаққа «Алаш» деген ұғыммен, оның қайраткерлерінің аты-жөні архивтерден аршып алынып, тоң мойын тарихтың мойнын бері бұрған жағдайымыз бар.
Оңтүстік бастамашылдығымен бағалы. Республикада тұңғыш ашылған тарих ақтаңдақтарының шаңын сүртіп, тәу етер орынға айналдыра алғанымыз үшін, тәуелсіздікке тәуба айтамыз.
Бұл – 1937 жылғы жаппай «Қызыл қырғында» құрбандыққа шалынған, яғни шейіт кеткен 25 мың адамның, оның ішінде екі жарым мың жерлестеріміздің рухын мәңгі есте қалдырмаққа жасаған ұмтылыс.
Әлі де, ала алмай жатқанымыз баршылық. Ол не?
Кешегі Алаш қайраткерлерінің көксеген армандарының бір саласы – Тіл!
Тіл – ұлттың паспорты, ұлттың ұстыны да тіл. Ұлтты ұстап тұрған да, рухты ұстап тұрған
да – Тіл. Алдаспандай өткір тілі, қырандай шамырқанған өр екпіні жоқ қазақ – қазақ емес.
Жүзге жетсек те, күзге жетпейтін әдетіміз бе? Алаш аңсаған ана тіліміздің жарасын әлі жаза алмай келеміз. Атса да, асса да, мойымай:
Қаным қайда төгілген?
Қабірім қайда көмілген? – деп, бүгінгі ұрпаққа сұрау салған, кешегі Алаш зиялыларымен, бүгінгі зиялылардың арасы алшақ жатқан сияқты.
Бүгінгі зиялыда үрей басым. Үрей – адам жанына бір алса, өмір бойы сонда қалатын сияқты. Бір мысал келтіре кеткім келіп тұр. Баршаңызға белгілі Ақмола облысындағы «Малиновка» деген жерде, «халық жаулары» – деп табылған зиялы азаматтардың әйелдерін апарып тоғытқан «Алжир» яғни, «Отанын сатқандардың әйелдері» отырған лагерь бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін бүгінгі күнге аман жеткен көзі тірі аналарға үкімет тарапынан басын жиып, құрметтеп, сый-сияпат жасайды. Қайран, аналар, алғыстарын айтып, мәз-мейрам болып отырғанда, өткен шақта сол лагерьде комендант болып істеген кісі келе қалады. Әлгі әжелер, қорыққандарынан тізелері дірілдеп, отырған орындарынан тұра қашады. Міне, бұл аналардың бойындағы бұрын қалыптасып қалған үрей.
Біз, 2006 жылы желтоқсан айында, репрессияға ұшырағандардың ұрпақтары мен белгілі ғалымдарды шақырып, конференция өткіздік. Атын айтпай-ақ қояйын, үлкен ғалым, көптеген мемлекеттік наградалардың иесі, жасы жетпістен асқан бір абыз ағамыз да келді. Жол бойы әкесінің «халық жауы» ретінде атылып кеткендігі мен жетімдікпен өткен өмірін ой елегінен өткізіп келген болуы керек, күтіп алушы жігіттер, «Сіз сол кісісіз бе?» – деп аты-жөнін сұрағанда, ол өз ойының шырмауынан шыға алмай, «Жоқ, мен емеспін деп», қайта вагонға кіріп кеткенінің куәсі болды.
Бұл да, бала кезден қалыптасқан үрей!
Сондықтан, зиялы қауым өкілдері мен бүгінгі ұрпағы-
мыз – жастар, сіздер мен біздер, Алаш ардақтылары салып кеткен, «Ертеңшіл» жолға сай болмай, Тәуелсіз мемлекетіміздің көк туын жасқанбай, жасымай, жоғары көтере берейік!
Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ, Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси Қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері.