Азат Перуашев: Алаш идеялары, ең алдымен, практикалық мән-маңызы бар дүние
2012 ж. 29 қараша
3634
10
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы «ХХ1 ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты ұлттық ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Биылғы жыл – Алаш қозғалысының 95 жылдығы. 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынбор қаласында өткен екінші жалпықазақ съезінде Ұлттық Кеңес құрылды. Яғни, 1917 жылдың 13 желтоқсаны – қазақтың алғашқы заманауи үкіметінің - Алашорданың дүниеге келген күні. Алашорда үкіметінің құрылып, ХХ ғасырдың басында қазақ даласында автономиялық биліктің болуы ұлт-азаттық қозғалыс тарихында елеулі кезең болып саналады. Ғұмыры ұзақ болмаса да қазақтың тұңғыш үкіметі құрылып, қазақ халқының мемлекеттікке лайықты ел екені паш етілді. Алаш арыстарының ең басты еңбегі – олар сол қиын уақытта толыққанды саяси партия мен үкімет құрып, өз халқының мүдделерін батыл қорғау жағына шыға алуында. Алаш қозғалысы заманалық маңызы бар құбылыс, оның идеялары мен бағдарламалары ұлттық мемлекеттікті қалыптастыруды мақсат етті. Бұл туралы жақында Астанада Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті бірлесіп өткізген «ХХ1 ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты ұлттық ғылыми-практикалық конференцияда егжей-тегжейлі әңгіме болды. Конференцияның жұмысына жетекші алаштанушылар, белгілі ғалымдар, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, шығармашылық интеллигенция өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері, БАҚ өкілдері, алашордалықтардың ұрпақтары қатысты.
«Алаш Орда» көшбасшыларының заңдық тұрғыда ақталғанына қарамастан, әлі күнге дейін «Алаш» қозғалысына толық баға бермей жүрміз», - деді конференцияны кіріспе сөз сөйлеп ашқан «Ақ жол» ҚДП төрағасы, Партияның Парламенттегі фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, - «Біз Алаш идеяларының әлеуетін әлі толық аша алғанымыз жоқ. Конференцияның мақсаты – Алаш қозғалысының, Алаштың көшбасшыларының әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық, ұлттық-мәдени салаларға қатысты көзқарастарына берілген бағалар мен пайымдауларды, ғылыми тұжырымдарды жаңа заманның талаптарына, сұраныстарына сай зерделеуге тырысу. Алаштың аманатына адалдық танытып, Алаш идеяларының іске асырылуының тәуелсіздігімізді нығайта түсуге қызмет ететіне қоғамдық пікір туғызу. Яғни, бұл біз үшін теориялық ғана емес, бұл ең алдымен, қоғамымыздың жаңғыруына, ұлт игілігіне қызмет етуі тиіс практикалық мәселе».
Конференция үш сессиялық бағытта жұмыс істеді. Оның біріншісі: «Алаш» көшбасшыларының мемлекеттілікке, ұлттық құндылықтарға көзқарастары» бойынша баяндамалар жиынтығын құрады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА-ның корреспондент–мүшесі Дихан Қамзабекұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Президенті, ҚР ҰҒА-ның академигі Өмірзақ Айтбаев, ЕҰУ «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов, саясаттану ғылымдарының докторы Әбдіжәлел Бәкір өздерінің баяндамаларында Алаш идеясының өзегі ұлттық мемлекеттік дербестік болғанын, бүгінгі Қазақстан Республикасы - Алаштың бұл арманының іске асуының көрінісі екенін, Алаш көшбасшыларының қазақ қоғамын біртіндеп Еуропалық деңгейдегі өркениеттің озық жетістіктерімен ақылға қонымды ұштастыру негізінде сол замандағы нақты жағдайларға бейімдеуді өздерінің анық та айқын мақсаты тұтқанын тілге тиек етті.
Екінші, «Алашордалықтардың» экономикалық тұжырымдамалары туралы» өтетін сессияның да жүктемесі жауапты болды. «Алаш» партиясының бағдарламасы, біріншіден, қазақ елін өзінің бөлінбейтін территориясы бар, отарлық тәуелділіктен азат елге айналдыруды, екіншіден, қазақ халқының өмірін жаңа сапаға көтеруді көздеді. Яғни, олар елде пәрменді реформалық шараларды іске асырғылары келді. Кез келген мемлекеттің тұрақты және тиімді өмірлік қызметі үшін сол елдің экономикалық дамуын қамтамасыз етудің маңызы зор екенін Алаш қайраткерлері жете түсінді. Оны ұлттық басымдылықтардың бірі ретінде қарастырды. Алашордалықтардың көбісі ұлттық буржуазияның өкілдері болғандықтан да жер мәселесін, кәсіпкерлік, жеке меншік мәселелерін ел экономикасынан бөліп қарамаған, оны экономикалық өсудің негізі деп санаған. Осы тақырыпта баяндамалар жасаушылар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Никитинская, экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемел, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Шәріп Амантай, ЕҰУ университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ Алашордалықтардың экономикалық тұжырымдамасына жаңа қырынан келе алды. «Алаш» қайраткерлерін саясаткер ретінде ғана емес, олардың әрқайсысының білікті мамандар болғанын нақты деректермен көрсетті.
«Алаш» көшбасшыларының әлеуметтік жаңғыртуға көзқарастары» үшінші сессия аясындағы баяндамаларда мұқият талданды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев еліміздегі әлеуметтік, сондай-ақ глобальды экономикалық және саяси үдерістер үшін тұжырымдамалық маңызы аса зор Әлеуметтік жаңғырту бағдарламасын ұсынып, ол халқымыздың қолдауына ие болып отырғаны белгілі. «Ақ жол» партиясының Орталық кеңесінің Пленумы бұл мәселені арнайы қарап, Мемлекет басшысы ұсынған бағдарламаны еліміздің бұдан әрі дамуының стратегиялық бағыты ретінде толық қолдайтынын, оны іске асыру үшін белсенді түрде атсалысатынын мәлімдеген болатын. Шын мәнінде, бұл бағдарлама мемлекетіміздің дамуына жаңа талаптар қойып, халқымыздың ұлттық мүдделеріне сай келетін жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастырып отыр. Қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеуді мақсат еткен «Алаштың» асыл мұраттары біздің еліміздің қазіргі жедел жаңғыру, модернизация бағытымызбен үндес келеді. Мұны, «Ақ жол» партиясының белсенді өкілдері: Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаевтің, «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасарлары Анарбек Орманның, Людмила Жуланованың, Қазыбек Исаның, Партияның Ақылдастар алқасының төрағасы Аманкелді Айталының, Ақылдастар алқасының мүшесі, белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызының, Партияның жастар қанатының жетекшілерінің бірі, саясаттанушы Мақсат Жақаудың, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Омар Жәлелдің, Семей қаласынан арнайы келген алаштанушы ғалым Ерлан Сайлаубайдың баяндамалары мен сөздеріндегі дәйектер дәлелдей түсті.
Конференцияға қатысушылар Алаш идеясын біржолата ысырып тастауды көздеген кеңестік жүйеде өмір сүрген кездегі ойлау жүйесінен, сол кездегі психологиялық пиғылдан тұтастай арылуға, ұлттық сананы биікке көтеруге күш жұмсаудың қажеттілігін айтты. Осы кезге дейін Алаш дегенде басқа ұлттың өкілдері осы қозғалысты ұлтшылдық бағытта деп қана ойлап, оған күдікпен қараушылар бар. Конференцияда осы күдіктер жоққа шығарылды. Орыс тілінде де бірнеше баяндамалар жасауға мүмкіндіктер берілді. Алаш идеясын әрбір қазақстандық үшін елді ажырататын емес, біріктіруші мақсатқа пайдалануымыз керек. Конференцияға қатысушылардың көптеген қадау-қадау пікір-ұсыныстары «Ақ жол» партиясы Парламенттік фракциясының осы мәселе бойынша жария етілген Үкімет басшысына жіберілген депутаттық сауалымен үндесіп жатты. Сонымен қоса тың ұсыныстар да айтылмай қалған жоқ. Жинақтай келгенде олар мынаған саяды: Тұңғыш Ұлт кеңесі – Алашорда үкіметі құрылған тарихи күн: 1917 жылдың 13 желтоқсаны құрметіне жыл сайынғы 13 желтоқсанды ресми түрде «Алашорда» күні деп атау; Жыл сайын қараша мен желтоқсан айларында оқу орындарында, мемлекеттік органдар мен әскери бөлімшелерде, мұрағаттар мен кітапханаларда «Алаш тағылымдары» тақырыбына Алаш оқуларын: бұқаралық лекциялар, сабақтар, дәрістер, конференциялар, жиналыстар, көрмелер т.б. шаралар өткізу; Астанада Алаш қайраткерлерінің ескерткіштері орнатылған «Алашорда» аллеясын ашу. Алаш қайраткерлерінің ескерткіштерін Алматыда, барлық облыс орталықтарында орнату; Алаш қозғалысына тікелей қатысы бар Ресейдің Петербор, Омбы, Орынбор, Өзбекстанның Ташкент, Қоқан қалаларында, еліміздегі Семей, Торғай, Жымпиты т.б. қала-кенттерінде Алаш қайраткерлерінің тарихи істеріне байланысты белгі, ескерткіш тақталар орнату, мұражайлар ашу жұмысын ұйымдастыру; Тілдік бағыттарына қарамай мектептерде Алаш ұғымын, Алаш идеясын, Алаш қозғалысын және Алаш қайраткерлерінің өмір жолын отаншылдық аясында кеңінен ұғындыру. «Қазақстан тарихы» оқулығына жеткілікті көлем беру. Жоғары оқу орындарында Алаш идеяларын оқытудың тиімді жүйесін құру; Алаш мұрасы мен тарихы, Алаш қайраткерлері туралы ғылыми-зерттеу монографияларын, әдебиет пен өнер шығармаларын, деректі және көркем фильмдер және теледидар туындыларын мемлекеттік тапсырыспен шығару; Алаш қозғалысының тарихын терең және жан-жақты зерттеу үшін Қазақстанның ғана емес, Ресей, Түркияның, Қытайдың, Францияның, Германияның, Өзбекстан, Қырғыз, Түркмен және басқа мемлекеттердің мұрағаттарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қаражаттар бөлу мәселесін қарастыру; Тарихи әділеттілік пен ақиқатқа қамтамасыз ету үшін Алашордалықтардың сот процесінің материалдарын қолжетімді ету шараларын жүзеге асыру; Қазақ елінде отарсыздану саясатын жүргізу. Әрине, бұл ұсыныстардың қай-қайсысы болсын маңызды. Мәселеге терең, кешенді келуді талап етеді. Сондықтан да «Алаш» қозғалысының 100 жылдығының (2017ж) дайындығына қазірден тиянақты да жүйелі кірісу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі арнайы кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдағаны жөн болар еді.
«Ақ жол» партиясы өз тарапынан баспасөз беттеріне шыққан Алаш тақырыбындағы ғылыми еңбектерге, тарихи, журналистік зерттеулерге студенттер, жас ғалымдар және журналистер арасында бәйге жариялап, оның қорытындысын жыл сайын шығарып тұруды жоспарлауда. Оның бас бәйгесіне миллион теңге қойылатын болды. Бұл туралы конференцияда Азат Перуашев өзінің қорытынды сөзінде мәлім етті. Орыс тілді аудиторияларды Алаштың бай мұрасына тарту, үрей мен күдіктен арылту мақсатында орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдарында шыққан жұмыстар үшін байқаудың жеке номинациясы белгіленетін болды. Байқау жеңімпаздары атанғандар осы жұмыстарын негізге ала отырып, келешекте өткізілетін конференцияларда баяндамалар жасайтын болады. Сондай-ақ «Ақ жол» Партияның Ақылдастар алқасының мүшесі, елімізге танымал ақын Ханбибі Есенқарақызының тікелей бастамасымен Алаштың көрнекті қайраткерлерінің бірі Сұлтанбек Қожановтың басқаруымен 1920-1926 жылдарында Ташкент қаласында шығып тұрған, Алаш ардақтыларының мінбері болған «Ақ жол» газетінің сандарындағы төтенше араб тілінде жарияланған материалдарды қазіргі қазақ әрпіне көшіріп, жазылған 2 томдық зерттеу кітаптарын жарыққа шығармақшы болып отыр. «Бұл ортақ іске қосылған азғантай болса да үлесіміз болмақ»,- деді Азат Перуашев, - «Қазақстан Тәуелсіздігінің бастауында тұрған Алаш арыстарына қандай құрмет көрсетсек те артық емес».
Тұтастай алғанда, «Алаш» көшбасшылары ұстанымдарының ұлтпен бірге өмір сүретін концепциялық мағынасы бар екендігін конференцияға қатысқандардың әрқайсысыда да сезінген сияқты. Әрине, идеялар да заманның өзгеруіне қарай дамып отыратыны түсінікті. Дегенмен де Алаш идеясы сол кезеңдегі тамырын тереңнен алған ұлтымыздың құндылықтар жиынтығы - экономикалық, саяси, философиялық ойлаудың кемелденген үлгісі болғандығы анық. Алаш рухы өшпепті, оны осы конференция да көрсетті. Тәуелсіздік жылдарында тура ойлағанымыздай болмағанмен, бәрібір Алаш рухы бойымызға сіңіп жатыр. Сонымен қатар Алаш қозғалысының бостандық пен тәуелсіздік мұраттары үшін күрестегі рөлі мен маңызын одан әрі зерттеуді жаңа серпінмен жалғастырудың қажеттілігі күмән тудырмайды. Конференцияны ұйымдастырушылар мен оның жұмысына қатысушылар «Алаш» қозғалысының 100 жылдығын еліміздің өміріндегі аса маңызды тарихи заманалық маңызы бар оқиға ретінде бағалап, оның дайындығына Үкіметті, Парламентті, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды қазірден кірісуге шақырды.
«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
2012 жылдың 27 қарашасы,
www.qazaquni.kz