Алаштың ардақтысы
2012 ж. 26 қараша
4555
1
1930 ж. аштық пен 1937 – 1938 жж. репрессияның зардабын қоса есептегенде 3 млн. қазақтың қырылғаны тарихтан белгілі. Осы бір қасіретті қанды жылдардың оқиғасы шалғайдағы Түркістан топырағын да айналып өтпеді. Бір Түркістан өңірінің өзінен қуғынға ұшырап жапа шеккендердің санында қисап жоқ. Жергілікті үш тілде жарық көрген «Коммунистік еңбек», «Коммунистический труд», «Коммунистік мехнат» газеттері СССР Жоғарғы Совет президиумының 1989 ж. 16 қаңтардағы қаулысына сәйкес облыс бойынша 2105 адамның ақталғанын, соның ішінде 180 партия мүшесінің болғанын жазады.
Аты шулы сталиндік солшыл саясаттың тауқыметін көріп, жапа шеккен жанның бірі - алаштың аяулы азаматы, 1874 ж. қазіргі Түркістан қаласында туған Өтегенов Садық Қалмұхаммедұлы 1937 ж. 19 қарашасында Ішкі істер халық комиссариаты облыстық басқармасы «Үштігінің» шешімімен сотталып, атылған. 1957 ж. 17 шілдесінде ақталған. [6,б.625]. Осы бір сараңдау мәліметтен басқа біз не білеміз?
Әрине мүмкіндігі болып, қолға түссе Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік қауіпсіздік департаментінің мұрағатындағы С.Өтегеновтың жеке ісі талай құнды деректерді жарыққа шығарар еді. Мұның маңыздылығы тек Садық үшін ғана емес, Түркістан қаласының да Алаш қозғалысының іргелі орталықтарының бірі болғандығы деректік негізде дәлелденуінде. Сонымен қатар өскелең ұрпаққа аға буын ерлігін насихаттау жұмысына көп септігін тигізері хақ. Садық жайлы алғашқы деректі біз Міржақыптан табамыз.
1909 ж. Міржақыптың «Оян қазақ» кітабы Уфа қаласында «Шарқ» баспасынан жарық көрді. «Патша өкіметіне қарсы саясат жүргізуші» - деген жалаға да ілікті, ақыры абақты төрінен бір – ақ шықты. Семей түрмесіндегі бір жарым жыл оған оңайға түспеді. Есебін тауып босап шыққан соң Түркістан жаққа жылыстауға мәжбүр болды.
Оның бұл қалада қанша аялдағанын, кімдермен таныс – біліс болғандығын, немен айналысқанын 1913 жылы өз отбасына жазған хатынан айқын аңғаруға болады.
– Түркістан қаласына жеттім, жасырын күнкөрісте болғандықтан, сіздерге хабар жеткізе алмадым. Түркістанда оған таяу жердегі Қарнақ қыстағында қазақ, өзбек, қырғыз ағайындардың арасында паналап, 1913 ж. басына дейін сонда болдым. Түркістанда Садық Өтегенұлының үйінде тұрдым. Садықпен сіздерді сыртынан таныстырайын: Бұл кісі – Ташкентте Оқытушылар семинариясын бітірген мұғалім, нағыз молла, өте мәдениетті қазақ зиялысы, қаламы төселген, мақалалары газеттерге басылып жүретін белсенділерден. Садық- шаруасы дәулетті дерлік кісі елде тұратын ағайындары малдарын бағып береді. Қаладағы жекеменшігіндегі үлкен қызыл кірпіштен салынған көп бөлмелі үйінің есігі келушілерге ашық. Өздері үй-ішімен меймандос, қонақ-жайлықтарымен көпшілікті маңайына үйіріп отырады. Садықтың жұбайы Қадиша-оқыған әйел, мінезі жібектей жұмсақ, өте инабатты, сыпайы жүретін кісі, үй ішін таза ұстайтын, өзінің жәрдемшілеріне неше түрлі тағамдарды пісірткізетін. Үйлерінен қымыз үзілмейтін Садық Түркістандағы өзінің қаржысына салдырған мектебінде балалар оқытатын. Қолы босында мені ертіп Қарнақтағы таныс өзбектерді қыдыртатын. Сонда екі-үш күн жатып, келетінбіз. Сол Қарнақта тұратын Ақмешіттік Қоңырқожа Қожықов, оның жұбайы Латифа Лапина деген оқыған, мәдениетті кісілермен таныстым, біз оларда жиі қонақта болып, араласып жүрдік.
Бір-бірімізге үйреніп, бауыр басып, ағайындай жақындасып кеткен Өтегеновтер Түркістаннан жүрерімде менің құрметіме дастархан жайып, өңкей белгілі қазақ өзбек байларын, қырғыздың манаптарын қонаққа шақырды. Елдің салты бойынша олар жолға шығарымда :
«Жақа, сізді үйімізден аттандыра алмадық, сапарыңыз оң, ақ жол болуын тілейміз. Мынаны біздің мінгізген атымыздай көріңіз»,-деп әрқайсысы алдыма бұрқыратып буда-буда ақша тастады. Менің: «Ниеттеріңізге рахмет. Бұларыңыз артық шығар», деп бой тартқаныма. Садық : «Қой Міржақып бұлардың ешнәрсесі кетпейді, ертең-ақ екі есе ғып толтырып алады»,-деп күлді.
1913 ж. бас кезінде мен Орынборға келдім, сондағы ғалым-жазушы, өзімнің ұстазым Ахмет Байтұрсыновқа барып сәлем бердім. Ұзақ кеңесіп, қазақ халқына арнап газет шығармақ болдық. «Іске сәт» деп жұмысқа кірістік. Үкімет есігін тоздырып жүріп әзер дегенде рұқсат алынды. Түркістанда жиналған мол қаржыны, Уфадағы «Ғалия» медресесі шәкірттерінің қосқандарын осы игі іске бағыштадым.» - дейді. (Бұл хатты Гүлнәр Дулатова. «Бес арыс» кітабына жариялады («Жалын» 1992 ж.)».
Қаланың зиялыларымен сыйласып, мектеп, медреселерін аралаған жазушының Сұлтанбек Қожановпен таныстығы да осы кезден басталған. Осыған байланысты «дәл осы кезде орыс-қазақ мектебінде оқып жүрген Сұлтанбектің Міржақыпқа жолығып, одан аса құнды пікір естіп, өміріне азық боларлық нәр, бағдар тапқаны атап көрсетерлік нәрсе» деген академик Р. Бердібайдың пікіріне ден қоюға болады. Өйткені, Сұлтанбек Міржақыпқа қамқор болған С. Өтегеновты өзіне ұстаз тұтқан және олар жақын араласқан.
Кейін бұл үшеуінің жолы 1921 ж. Ташкентте түйіседі. Олардың арасында ұлттық мүдде төңірегінде терең түсіністік орнағанын аңғарамыз. С. Қожанов ұлт зиялыларының жоғарғы эшелонындағы басқару элитасының өкілі болса, М. Дулатов республикадағы шығармашылық элитаның көрнекті өкілі еді. Ал билік құрылымдарында ешқандай ресми лауазым атқармаған С. Өтегенов туралы Т. Рысқұлов:
«Құрметті, бірақ айлакер, монархиялық бағытты жақтайтын шал. Алашорда мен Қоқан автономиялық үкіметтерінің қайраткері. 1913 ж. Петербургке Романовтар отбасының тойына барған. Қожановтың барлық құпиясын біледі. Ол Өтегеновтың тәрбиесін алған. Өзі Қожановтың барлық тағайындаулар бойынша даладағы жаршысы. Болыс болғысы келетіндер Өтегеновке тәуелді. Көптеген коммунистер тек сол арқылы қызмет алады. Өтегенов жанжалдасқан коммунистерді бітістіруші ақсақал қызметін атқарады. Ол менен қандай қызметті қалайтынымды айтуды сұрап, оны Қожанов арқылы орындайтындығын айтты» деп жазады. Бұл мінездеме С.Өтегеновтың Түркістан этноэлитасының жеке құрамында шешуші қызмет атқарған ықпалды тұлға болғандығын айғақтай түседі. Бұл әрине Тұрардың жеке пікірі деп қарағанымызбен Садықтың іскерлігі тайға таңба басқандай байқалады.
1917 ж. большевиктердің Ташкентте билікті күшпен тартып алып кеңестік билік орнатуы өлкедегі ұлтжанды қайраткерлерді ұлттық бірлік, мемлекеттік тұтастық идеялары бойынша шұғыл әрекетке көшуге итермеледі. Осыған байланысты Қоқан автономиясы үкіметінің басшысы М. Шоқайдың бастамасымен және Алашорда үкіметі басшылары қолдауымен 1918 ж. 5 – 9 қаңтары аралығында Түркістан қаласында Сырдария облысы қазақтарының сьезі өтті. Бұл сьезд өзінің мәртебесі бойынша Алаш қозғалысының сьезі болды.
Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласы жаңа жағдайда ұлттың рухани орталығы болып танылған тарихи миссиясын осы жолы да атқарды. Алаш зиялылары сьезде ұлттық мемлекеттіліктің аса маңызды белгісі – территориялық тұтастыққа қол жеткізу идеясын алғаш рет көтерді. Сьезге негізін Сырдария облысының делегаттары құраған 82 өкіл қатысты. Алашорда үкіметі атынан Б. Құлманов, М. Дулатов, Т. Құнанбаевтар қатысқан сьезд шешімдері біртұтас қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы ұлттық элита қызметін айшықтай түсті. Сьездің ұйымдастыру жұмысында Түркістан қаласының азаматтары С. Өтегенов, С. Қожанов, С. Алдабергеновтер белсене қызмет жасаған.
Мұхтар Құл-Мұхаммед «Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы» атты еңбегіненде: - «1917 ж. ақпан революциясынан кейін Қазақ даласында сьезд шақыру туралы мәселе қозғалып, әуелі облыстық сьездер (Торғай, Орал) сонан соң 1917 ж. 21-26 шілде де Орынборда Бүкілқазақ сьез өтті. Сырдария облысынан лайықталған азаматтардың аты – жөндері «Қазақ» газетінде жарияланды Мұстафа Шоқаев, Санжар Аспандияров, Сұлтанбек Қожанов Әзімхан Кенесарин, Әлмұхамет Көтібаров, Хұсаин Ибраһимов, Дуалқарнин, Сейдалин, Ибраһим Қасымов, Башабек Болатмұқанов, Сегізбай Айзанов, Аямберген Табынбаев, Ғабдолла Қожаев Ғұмар Жанғалиновтер бастаған кандидаттар (делегаттар) ішінде Садық Өтегенов те болды» (1 - сурет) деп атап көрсетеді.
Ол шын мәніндегі ұлт – азаттық қозғалысы көшбасшыларының бірі еді.
Бөкейханов бастаған бір топ ұлт зиялылары Минск қаласынан қазақ даласына қалыптасқан жағдайдың мән – жайын баяндап жеделхат жіберуі оның Түркістан қаласындағы С. Өтегеновке жолдануы Садықтың өз кезіндегі қоғамдық – саяси оқиғаларға белсене араласқандығын аңғартады. Ақпан төңкерісінен соң жол таба алмай абдырап қалған ұлт – азаттық қозғалысқа тың бағыт сілтеген жеделхаттың көлемі біршама шағын болғанымен оның мазмұны өте бай.
Әсілінде, талай айтулы азаматтармен тығыз байланыста болған Садық жайлы «Қазақ зиялылары бас қосқан жер» деген мақаласында К. Керімбеков ағамыз деректі толықтыра түседі.
Қазақ халықының ардақты ұлдары С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов, С. Қожанов, С. Меңдешов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов сияқты зиялы қауым жайлы әкем Жұмаханбет естелік айтып отыратын.
Садық Өтегенов атамыз Сәкенге «заман жаман, көзге түсіп қаласың» деп отырады екен. Бұл уақыт Сәкеннің-Қызылжардан келе жатып Садықтың үйінде айтылған әңгіме.
Дүйсенбай қария да Сәкен жайлы көптеген қызғылықты әңгімелер айта білетін.
Сұлтанбек Қожановтың Садық ағайға жақын болатыны нағашы апамыз Күләндаға үйленген. Садық Өтегенов көпті көрген зиялы адам болатын. Садық ағаның 1932 ж. аштарға атала үлестеріп тұрған суреті әлі де сақтаулы. 1937 ж. Садық Өтегеновты халық жауы ретінде ұстады».
Қызыл империяның қуғынына түсіп, шетел асып, бас сауғалағанының арқасында ғана «37 – жылғы қырғынынан» әупірімдеп аман қалған алаш азаматы қаншама. Солардың бірегейі М. Шоқайдың Түркістанмен астыртын түрде хабарласып тұрғандығы жөнінде белгілі тарихшы К. Есмағамбетов былай деп жазады: «Германиядағы түркістандық студенттерді бақылауға алған кеңес елшілігінің хабарларында Ғ. Бірімжановпен бірге Лапин Мұңайтпастың есімі де аталады және ол С. Қожановтың «қайнысы» деп көрсетіледі. Әңгіме Лапин Мұңайтпастың баласы Әбдірахман (Лапиннің немересі) туралы екендігі, ал оның С.Қожановқа «балдыз» болып келетіндігі, Сұлтанбектің ол арқылы М. Шоқайдың амандық – саулығын біліп тұрғандығы мәлім. Әбдірахман 1920 ж. Түркістанда Сыр бойындағы жалайыр С. Өтегеновтың қызы Сараға үйленеді. Айналып келгенде, бұлардың барлығы да (Қ.Қожықов, С. Өтегенов, С. Асфендияров, Лапиндер) М. Шоқаймен көптен бері таныс адамдар болатын. Садық жөніндегі аса құнды пікірді біз Мұстафа жазған мақаладан оқып таныса аламыз.
Парижде елін, жерін аңсаған М.Шоқай досы туралы «Петербургке қайтып оралған соң, түркістандық Өтегенұлы Садық деген досымның өзінің Петербургке келмек екенін айтып жолдаған бір телеграммасын алдым. Келетін күні мен оны вокзалға барып қарсы алдым. Екеуіміз мен тұрған жерге келдік. Аздаған алтын ақша әкелдім. Түрік елшісіне өз қолыммен табыс етуім керек еді» деді ол маған ентігін басып үлгермей жатып. Ол кезде Түркияның Петербургтегі елшісі Тұрхан патша болатын. Арада екі күн өткен соң, кешке таман көшеде адам аяғы саябырлаған кезде, Садық екеуміз Түркия Елшілігіне келіп Тұрхан патшаның қабылдауында болдық. Түрік елшісі кең қабылдау бөлмесінің ішінде оңаша отырып, бізді мұқият тыңдады. Садық оған түрік жаралыларын емдеу үшін шалғайдағы Түркістанда тұратын түрік қандастары жинағын азын – аулақ ақша әкелгенін айқанда, елшінің көңілі босап, көздерінен жас парлады. Оған қосылып Садық екеуіміз де жылап алдық... Қадірлі Садық, сен қазір қайда жүр екенсің? Әлде Түркістанның қазіргі қожайындары жағынан итжеккенге кеттің бе? Жоқ әлде аштан өліп қалдың ба? деп жазады. Мұстафаның бұл күдігі орынсыз да емес еді.
И. Сталиннің Қырғыз өлкелік партия комитеті бюросының мүшелеріне жазған «Ақ жол» газетін қайта құру туралы хатында эмиграцияда жүрген М. Шоқайдың Қазақстандағы интеллигенциямен байланысы сөз болып, оларды партиялық және баспасөз қызметінен аластау мәселелері көтеріледі. Осы қаһарлы хаттың ықпалымен Қазақстандағы М. Шоқаймен араласқан зиялылардың бәрі ден қара тізімге алынып, құқық қорғау органдары тарапынан қуғындауға түсті.
Д. Досжанов өзінің «Абақты» деген еңбегінде: - «1930ж. қазанның бірінен 1931 ж. шілдесі аралығында қамалған 32 азаматтың есімдерін атай келе Садық Өтегеновтің де болғанын атап көрсетеді. Қамауға алынған бұл азаматтарды «алашордашылсыңдар», «басмашы болғалы жүрсіңдер», «совет елін жапонға сатпақшысыңдар», «бандалық әрекет платформасын қолдайсыңдар» деп тергеуге алғаны айтылады».
ОГПУ – дің ерекше бөліміндегі тергеу ісінің қалай жүргізілгендігін, Алаш қайраткерлерінің қиын тағдыры туралы Тұрсын Жұртбай «Ұраным – Алаш» кітабында дереккөздерге сүйене отырып, бұлайша ой өрбітеді.
Зады тергеудің бет алысына және айғақтарының жеткіліксіздігіне өздерінің де көзі жеткен ерекше бөлімнің адамдары жауапқа тартылғандардың жауабына қанағаттанбаған әрі тергеу басталысымен «астыртын ұйымның әшкереленгені» туралы Голощекиннің атышулы мәлімдемесін жоққа шығарудың амалын таба алмаған тіміскілер «қылмысты істің» көлемін ұлғайтып, «ұлттық қозғалыс» ретінде көрсетуге тырысып, оған жаңа «айыптылар мен күдіктілерді» тартқан. Оны І томның 457-бетіне тігілген «Қамауға алынғандардың тергеу мерзімін ұзарту туралы. 1930 жылғы 20-қараша күнгі» мына түбіртек растайды.
«Алматы. ПП ОГПУ-дің ерекше бөлімінің 1-бөлімшесінің бастығы: Тергеу жүргізу ісі туралы УПК-нің 116 бабына сәйкес №2370 іс бойынша қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымын құрғаны үшін УК-тің 58-7, 58-11, 59-3 баптары бойынша айып тағылған азаматтар:
1. Тынышбаев Мұхамеджанның, 2. Мұрзин Мұхтардың, 3. Мырзабаев Рамазанның, 4. Ақбаев Әбілхамиттың, 5. Ақбаев Мұраттың, 6. Омаров Әшімнің, 7. Қадырбаев Сейдазымның, 8. Омаров Ғаббастың, 9. Сұлтанқұлов Атбасардың, 10. Ыбыраев Абылдың, 11. Сырттанов Дәрібектің, 12. Токин Хамиттың, 13. Досмұхамедов Халелдің, 14. Мұсаев Шынәлидің, 15. Ақаев Серікбайдың, 16. Ахметов Ілиястың, 17. Ермеков Әлімханның, 18. Қожамқұлов Наширдың, 19. Күдерин Жұмақанның, 20. Қадырбаев Қалмақанның, 21. Ақбаев Жақыптың, 22. Қашқынбаев Исаның, 23. Мамырбердин (келесі хаттамада - Меңгелин) Алдабектің, 24. Бұралқиев Мұстафаның, 25. Досмұхамедов Жаһаншаның, 26. Әуезов Мұхтардың, 27. Сүлеев Біләлдің, 28. Кемеңгеров Қошмұхамедтің, 29. Кенесарин Әзімханның, 30. Өтегенов Садықтың үстінен қозғалған істі мерзімінде аяқтаудың мүмкін еместігіне және куәларды шақырып, барлық оқиғаны анықтау керектігіне байланысты Қаулы етемін:
№2370 іс бойынша жоғарыдағы жауапқа тартылғандарды тергеу түрмесінде ұстауды 1932 жылдың бірінші қаңтарына дейін созу туралы СССР ИКОМ-на ұсыныс жасалсын. Бұл туралы тәртіп сақтау орындарындағы тергеудің жүргізілуін бақылайтын прокурорға хабарланды.
ОО ерекше бөлімінің бастығы - (Попов). «Келісілді» - ОО бастығының орынбасары - (Волохов). «Бекітілді» - тергеу бөлімінің бастығы - (Пирогов)».
Түркістандық Алаш қайраткерінің үстінен жүргізілген қылмыстық істің нақты мазмұны белгісіз. Оған тағылған айыптың ең бастысы – оның Алаш қозғалысының белсенді қайраткері болғандығы.
«КПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілі жол. Каруцкийге. Алматы.
Ермеков және басқалардың контрреволюциялық әрекеттері туралы (Мәскеуден - Т.Ж.) қайтарылған істі қадағалап тексергенде мыналар анықталды:
1. Контрреволюциялық әрекеттер жасады деп айыпқа тартылғандардың тергеу ісіндегі айғақтарының барлығы да 18-20 жылдардың арасын қамтиды. 2. Соңғы жылдарға қатысты жүргізілген тергеу ісіндегі айғақтар ары дегенде айыпталушылардың өзарасында айтылатын ұлтшыл көзқарасын ғана білдіреді. 3. Айыпталушылардың түрікшілдік қозғалысты ұйымдастырудағы және жетекшілік етудегі әрекеттері мүлдем дәлелденбеген.
Сондықтан да іске тартылған айыпталушылар түрмеден босатылсын, оларды қылмысты іс бойынша тергеу тоқтатылсын. Босатылғандар тыңшылық қызметке тартылсын. Босатылғандардың соңына тыңшы қойылып, жасалған жоспар бойынша олардың ұлтшыл-контрреволюциялық әрекеттеріне баса көңіл бөлініп, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып бақылау астына алынсын.
ОО ОГПУ-дің бастығының орынбасары - (Дьяков). ОО-нің 4-бөлімі бастығының көмекшісі - (Паволицкий)", - деген ілеспе бұйрық жолданды.
Соңдарынан тыңшы қойып, әр басқан қадамын есепке алған ОГПУ қызметкерлерінің «жанкешті» әрекеттері әрине із – түзсіз жоғалмады. Ақыры сол жолы босатылғандардың бәрі де кейінірек ату жазасын алды.
Тәуелсіздік таңы арайлап атқанға дейін «Алаш» тақырыбы жете зерттелмегені былай тұрсын ол туралы жақ ашу мүмкін емес-ті.
Бүгінде, құдайға шүкір, сол ақтаңдақтардың олқысы орнына келгендей, Садық Өтегенов жайлы да Хазірет Тұрсын, Нұрмахан Назаровтар қалам тербеді.
Ендігі біздің айтпағымыз, Түркістан қаласында бұрынғы Садық тұрған үй орнына (қазіргі Эдем қонақ үйінің алдына) алашордашыларды ұлықтап, ескерткіш қойылса, сонымен қатар, НиколайІІ патша қышымен қаланған, кезінде қаншама алаш қайраткерлерінің (ішінде Садық та бар) қаны тамған, талайлы тағдырына куә болған түрме – тарихи ескерткіш есебінде мемлекет қарауына алынып, ел рухын еселер мұражайға айналдырылса. Бұл өзі кемелденген еліміз үшін де, рухани астанамыздың «атына заты сай» болуы үшін де сұранып тұрған іс.
Мұса Пәттеев,
«Ақ жол» партиясы төрағасының кеңесшісі.