Билік өзі бекіткен заңды өзі бұзбаса...
2012 ж. 26 маусым
2014
0
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ – ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымының кандидаты, әдебиеттанудың доценті. Вашингтон, Нью-Йорк, Атланта секілді АҚШ-тың жетекші қалаларындағы университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өткен. Мадридтегі халықаралық журналистер ұйымының мүшесі.
«Азат ойдың айнасы», «Мен көрген Америка», «Сөз бостандағы және масс медиа», «Демократиялық қоғамдағы баспасөз», «ХХ ғасырдағы әлем журналистикасы» секілді 9 кітаптың, көптеген ғылыми-танымдық, публицистикалық мақалалардың, сатиралық шығармалардың, әдеби-көркем аудармалар мен сын зерттеулердің авторы.
1994 жылдан бері еліміздің жетекші университеттерінде журналистика, мәдениеттану, арт-менеджмент, қоғаммен байланыс, іскерлік қатынас, бизнес этикасы пәндері бойынша дәріс беріп келеді. Оқырман қауымға етене таныс ғалым журналиспен жүздесіп, бірнеше сауал қойған едік.
– Сіз 90-жылдардан бері еліміздің жоғары білім беру саласында еңбек етіп келесіз. Осы салаға көңіліңіз тола ма, қаптаған реформадан шаршаған жоқсыз ба?
– Қазақта бір сөз бар ғой, «жазған құлда шаршау жоқ» деген. Өзіне міндеттелген жүктемені мінсіз атқарып, жастарға сапалы білім беру үшін жанын сала тер төгетін қатардағы қарапайым көп лектордің бірімін. Жоғары білім беру саласында бір артықшылық бар. Өзге салалардағы секілді өзіңді басқарып отырған лауазым иелеріне тікелей тәуелді емессің. Әрине, жанама түрде бағынасың ғой. Дегенмен, сенің еңбегіңе шынайы баға беретін де, күнделікті жұмысыңа бақылау жасайтын да, жалпы қожайының – студенттер мен магистранттар. Олар – халық! Ал, сен шын мәнінде халыққа қызмет көрсетуші тұлғасың. Осылайша, демократияға бір табан жақындайсың деген сөз.
Рас, соңғы 20 жылда түрлі реформаны бастан кешірген, ең көп рет сынақ алаңына айналған сала білім мен ғылым шығар. Оны қисынсыз деп тағы сөге алмайсың. Негізі керек. Кенес кезінде ғылым мен білім бөлініп, әрқайсы өз бетімен қалды. Ал, оның тәжірибелік базасы мүлде ай далада жататын. Әсіресе, гуманитарлық саладағы осындай кереғарлық бүкіл социалистік жүйенің күлін көкке ұшырды. Оған сыртқы күштердің де ықпалы болған шығар. Дегенмен, іштен іріткен факторлардың бірі гуманитарлық ғылымдағы өмірден тым алшақ даңғазалық пен әсіре қызыл мақтаншақтық, шектен шыққан қағазбастылық, жалған есепке алданушылық болғандығында еш күмән жоқ. Қазір де соның сарқыншағынан толықтай арылып біткен жоқпыз. Оны сол қаптаған реформалардың нәтижесінен де аңғаруға болатын сияқты.
Айталық, алған білімді сынақтан өткізудің әлемдегі ең тиімді тәсілі тестілеу. Дұрыс, біз оны қабылдадық. Мұндай реформа керек болатын. Ал, оны жүзеге асырғанда шалағайлықтарға, қателіктерге жол беріп қойдық. Себебі, университеттерде гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар бойынша пәндерден сабақ беретін оқытушылар тест жасай алмай-ақ қойды. Жалқаулық па, жауапсыздық па, білмеймін. Кейбір әріптестердің жасаған тестілеріндегі сұрақтары мен түрлі нұсқадағы жауаптарын оқығанда көзден жас аққанша күлесің. Тұнып тұрған сатиралық роман дерсің.
Тест негізі логикалық тұрғыдан тақырыптың мазмұнын айшықтайтын, берілген жауаптары арқылы студенттің пайымының қаншалықты дәрежеде екендігін көрсететін өте әділ түрдегі сынақтың аса қолайлы түрі. Оны сапалы жасай алмаудың салдарынан бүгінгі таңда «әжептәуір ән еді, пұшық айтып қор қылды»-ның керін келтіріп жүрміз. Оны қазір өзімізден көріп жүрген ешкім жоқ. Бәрі дерлік, мейлінше одан бас тартуға, бұрынғы жүйге қайта көшуге кері тартуда.
Жоғары білім берудің кредиттік жүйесін тағы да осындай жүйеге көшіріп «қазақшалап» алдық та тіпті құтын қашырып жібердік. Бұл жерде ең басты мәселе – студент пен магистрантқа таңдау құқығы іс жүзінде берілуі керек. Олар оқитын пәндерін, дәріс беретін оқытушысын (доцент, профессор) да өздері таңдауға тиіс. Жоқ, қазір бізде бәрін кафедра меңгерушілері әкімгерлік-әміршіл тәсілмен үйлестіріп отыр. Ал, қағаз жүзінде құрғақ есеп берушілік баяғы сол кеңестік социализм кезіндегідей. Кафедра факультетті, факультет ректорат пен ғылыми кеңесті, олар министрлікті, министрлік үкіметті, үкімет Парламентті, парламент Президентті алдап «бәсекеге барынша қабілетті алдыңғы 50 елдің қатарындамыз» деп мінберлерге шығып алып кеуде соғамыз. Ал, нәтижесін көрейін десең, жоғары дамығандарын айтпағанның өзінде көрші Ресейің де біздің дипломдарды мойындамайды.
– Басшыға халық сыншы ғой. Білім, ғылым саласын басқарған сапырылысқан көп министрдің санынан да жаңылдық. Осы жүйедегі қарапайым қызметкер ретінде қай министрге жоғары баға берер едіңіз?
– Өзімнің субьективтік пікірімді айтайыншы. Жақсыбек Күлекеев мықты министр еді. Жәкеңді жаңашыл іскер, білікті адам деп білемін. Амал не, кезінде салада реформаның шынайы әрі қарқынды жүріле бастағанынан өлердей қорыққан дарынсыз, керітартпа, ескі күштер соңына шам алып түсіп, еш жазығы болмаса да қызметтен кетуіне мәжбүр етті. Ол білім-ғылымды басқарып 8-9 жыл тұрғанда ғой. Көп дүниеде оң өзгеріс болып, жоғарыда айтқан кредиттік технология да, тест жүйесі де өз мазмұнына сай дұрыс бағытта қалыптасқан болар еді.
– Абажадай аппарат демекші, қазір билікті сынаушылар көп. Мүбәда, билік тізгіні өз қолыңызға тисе, құзыретіңіз болса не істер едіңіз?
Әзиз Несиннің бір сықақ әңгімесі бар. Бір топ адам жиналады да орталарындағы ең адал әрі кішіпейіл адамды таңдап алып, қалаға әкім етіп қояды. Оны таққа отырғызған күннен бастап, бәрі жапа-тармағай мадақтап, неше түрлі сый-құрмет көрсетіп бағады. Кейін әлгі жақсы адамы әбден бұзылып, адам танымастай өзгерген соң бәрі жабылып «мынауың адам емес екен ғой, әбден шектен шықты» деп алып тастайды да, орнына тағы да таңдап біреуді қояды. Оның қарсылығына қарамастан таққа отырғызады да тағы келесі жолы одан құтыла алмай жүреді. Осылай жалғаса береді. Сықақ әңгіме болғанымен нағыз өмір шындығы дерсің. Адам баласы негізі басына туған қиындығын көтере алады. Ал, биік мәнсап пен атақ-даңқты көтеруге келгенде әлсіздеу көрінеді ғой.
Бiздiң елде қабылдана салып орындалып кететiн заңдар да, аты бар заты жоқ боп құр сүлдерімен сүйрелетіп жүретін заңдарымызда жоқ емес. Осы тұрғыдан қарағанда тіл туралы заңның қауқары қалай деп ойлайсыз?
Қабылданғанына табаны күректей 20 жылдан асса да орындалуы арманға айналған мен білетін бір заң бар. Ол – «Тілдер туралы» деп аталады. Өзге тілдерін қайдам, әйтеуір қазақ тіліне сол заңнан қайыр болмай-ақ қойды. Жат жұртта жүріп осы тілден айрылудан қорқып, тарихи Отанға оралып едік.
Түрлі мәдениет үлгілерімен ежелден етене таныс Қазақстан бүгінде өзінің төл мемлекеттік тілінің ахуалына қатты алаңдаулы. Оның негізі де бар. Дегенмен кейде тым атойлап, әсіре белсенділікке басқанымызбен онымыз сөз жүзінде ғана қалып қойып, нақты істің қолға алынбайтын тұстары кездесіп жатқандай көрінеді. Соңғы кезде тіпті тіл дегенде тым артық кетіп, кейбір игі бастамаларды, мемлекеттің ұстанған дұрыс саясатының өзін жоққа шығаруға тырысып, орынсыз қарсыласатын болып алдық. Мұнымыз енді тым артық кету деп ойлаймын. Мысалы билік тарапынан көтерілген «үш тұғырлы тіл» деген саясатты өз басым қолдаймын.
Бұл менің «маргиналдығымнан» немесе «мәңгүрттігімнен» емес, таза ұлтжанды патриоттығымнан шығар десем артық айтқандық болмас. Ол үшін өзімнің қазақтілді екендігімді дәлелдеп жатудың мүлде қажеті жоқ. Бәріміз де ана тіліміздің жанашырымыз, оның жоғын түгендеуші, кемдігін бүтіндеуші мәдениет саласының мамандарымыз. Қазақ тілінің кең арнада қанат жайып, қоғам өмірінің барлық саласында қолданылуына әр қазақ мүдделі екендігі еш күмән тудырмаса керек. Олай болса, ана тіліміздің дамуына үлес қосатын, оны әлемдік сахнаға шығаратын кез-келген қадамдарды қолдауымыз керек. Ол үшін ең алдымен әр мінберден тіл үшін айғай мен ойбайға басу, жоқтау айтып, жылап-еңірегендей байбалам салу жеткіліксіз. Керісінше, мейлінше оған прагматикалық тұрғыдан қарап, сөзден гөрі іске көшуге ұмтылғанымыз абзал.
Рас. Біздің заң шығарушы органдар қазақ тіліне толық көшкен жоқ. Ресми билік, Парламент қазақша сәлемдесуден ары аспайды. Солай екен деп айғайлаудан не түседі? Ал нақты іске көшу үшін қандай тетікті қолданамыз? Осы сауалдарға жауап бермес бұрын бір мысалды тілге тиек ете кеткен дұрыс болар. Біз қазір зиялы қауымның өзін қазақтілді, орыстілді деп бейресми түрде болса да екіге бөліп алатынды шығардық. Ал ана тілі мәселесіне келгенде ең алдымен таяқтың ұшы биліктегі тұлғаларға келіп тиетіні шындық. Бар пәлені орыстілді қандастарымызға жауып, соларды кінәлауға әрдайым даяр тұратынымыз тағы бар. Олай болса, мен Қазақстан үкіметін бірнеше шет тіліне қамшы салдырмайтын полиглот Қасым-Жомарт Тоқаев басқарған кезде қазақ тілін бизнес саласындағыларға, тауар өндірушілерге еш айғай-шусыз-ақ тырп еткізбей мойындатқанын ерекше атап айқым келеді. Оған тіпті көрші елдердің кәсіпкерлері де еріксіз мойынсұнып, көнуге мәжбүр болды. Сондағы Қ.Тоқаевтың жасаған бар ерлігі үкімет орнының бір ғана қаулысы болатын. Қаулыда шекарадан Қазақстанға өткізілетін тауарлар мен сауда маркаларында қазақша мәтіндердің жазылуы міндеттелген. Егер олай болмағанда, яғни қазақша мәтін жазылмаса, ол тауар контрабандалық зат ретінде саналып, тәркілеу қарастырылған.
– Жазушылар одағы төңірегіндегі дау-дамайға күле қараймын. Өзге амалым жоқ. Социализм тұсында әр елдегі осындай одақтар дәуірлеп-ақ тұрды. Оған мүшелікке өту деген қазіргі кездегі докторлық ғылыми дәреже қорғаудан да биік мәртебелі іс болатын. Осыдан 20 жыл бұрын Монғолияда жазушылар одағы екіге бөлінді. Қазір екеуінің жеке газет, журналдары дербес аппараттары бар. Өзара бәсекелесіп жұмыс істейтінге ұқсайды. Бірақ, өзгерген дәнеңе жоқ.
Әлемнің көп елдерінде жазушылар одағы тіпті атымен жоқ. Бірақ, Нобель сыйлығын алған жазушылары бар, әдебиет жасалып жатыр. Одақты кім басқарғанында тұрған не бар, әрі-беріден соң оның мәртебесінің өзіне келсек, бар болғаны, қоғамдық бірлестік қана ғой. Жазушылық, ақындық дегеніміз адамның пешенесіне жазылған тағдыр ғой. Ол Алланың адамға берген сыйы! Егер құдай тағала дарын бермесе, жазушылар одағы әлдекімге роман, поэма жазып бере ме?! Жақсы жазушы одақсыз да өмір сүре алады, ал, адамзат қоғамы жазушысыз алға баса алмайды. Қазақ жазушысы, журналисі – жазбаса тұра алмайтын жанқиярлық еңбек құмар адамдар болуға тиіс.
– Оралман мәселесі төңірегінде не айтасыз. Оралман Қазақстан үшін бе, Қазақстан оралман үшін бе? Кімге, не, не үшін керек?
– Екеуі де бір бірі үшін керек әрі өте қымбат. Тіпті оралмағандар үшін де Қазақстан ауадай қажет әрі асыл құндылық. Бүгінгі таңда шетелдегі қазақ диаспорасы үшін Қазақстан деген ел әрдайым айналасына мақтана көрсететін брендісі болғаны абзал.
– Сіздің базалық мамандығыңыз журналистика бола тұра неге бұл саладан тысқары жүрсіз? Негізі, болашақ журналистерге дәріс бергеніңіз әлдеқайда тиімді болар еді ғой.
– Соңғы кезде осындай сұрақтар маған жиі қойылып жүр. Бірақ, мен төл мамандығымнан тысқары жүрген жоқпын. Өткен жылы өнер саласындағы шәкірттерге сабақ берсем, бүгінде болашақ экономистерге, менеджерлерге дәріс оқудамын. Бірақ, журналистикадан тыс жүрген жоқпын. Менің зерттеулерімнің нәтижесі отандық және шетелдік түрлі ғылыми басылымдармен қатар Интернет порталдарда да жарық көріп жатыр. Айталық, abai.kz, minber.kz т.с.с. БАҚ қызметкерлеріне арналған семинар-тренингтерде сабақ беретін кездеріміз де болып тұрады. Таяу күндері www.planetasmi.ru және https: //sites.google.com/site/kuandyksh/ сайттарында бейнелекцияларым жарыққа шығарылады.
– Өзі тынымсыз еңбектен қолы босамайтын әрі жазбаса тұра алмайтын журналистің отбасы туралы білгіміз келеді...
– Бір үйде бес-ақ жанбыз. Екі ұл, бір қыз және жан жарым – Айша Құрманғали. Зайыбым да журналист, «Заң газетінің» Парламенттегі тілші болып қызмет істейді. Үлкен ұлым машина жасау мамандығы бойынша 3 курста білім алып жатыр. Кейінгі екеуі орта мектепте оқиды. Қызым Айбибі бірінші сыныпты бітіруге азғана уақыт қалды. Сабағы жақсы, күн сайын бестік бағамен бәрімізді бір қуантып тастайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ