М.Шаханов: Қазіргі Наурыздың аты бар да, заты жоқ
2012 ж. 21 наурыз
2099
0
1926 жылы Кеңес Үкіметі Наурызды Ислам дінінің қалдығы деген желеумен тойлауға тыйым салғаны мәлім. Содан бастап осы бір ұлық мереке елімізде аттай 62 жыл аталып өтпеді.
Әйтсе де ықылым заманнан бері келе жатқан ұлттық мереке мемлекеттік, халықтық деңгейде тойланбаса да, кей жерлерде, әр отбасында жасырын аталып өтіп жүрді. Ал 1988 жылы белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбинге Наурыз мерекесін өткізу туралы хат жазды. Бірақ Колбин хатты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюро мүшелерінің талқысына салады.
«Бюро мүшелерінің ішінде мені екі-ақ адам қолдады. Оның бірі – сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков. Қалған бюро мүшелерінің бәрі қарсы шықты. Сонда Колбин «бюро мүшелері қарсы, сондықтан Наурыз мерекесін тойлай алмаймыз» деп кесіп айтты. «Желтоқсан оқиғасы екі ұлттың: орыс пен қазақтың арасына сына қақты. Өзіңізге де жұрттың көзқарасы оң емес. Егер сіз халықтың көзқарасын өзгертем десеңіз, Наурыз мерекесін тірілтесіз. Сонда жұрт сізге басқаша қарайды» деп едім, көзі жайнап кетті», - деп еске алады Мұхтар Шаханов.
Осы оқиғадан кейін Колбин сол кездегі КСРО басшысы Михаил Горбачевті көндіретін болып келіседі. Бірақ ол биыл кеш болып қалғанын айтып, Наурызды тойлауды келесі жылға қалдыруды ұсынады. Әйтсе де Шаханов бірінші хатшыны онда да көндіріп, ақыры мереке дәл сол жылы өткізіледі. Алғашқы жылы Наурыз үш жерде аталып өтті. Олар – Алматы қаласы мен Еңбекшіқазақ ауданы және Ұзынағаш ауылы.
«Алматының Горький паркіне 100 мыңнан артық адам жиналды. Ол кезде Желтоқсан оқиғасынан кейін 10 адам жиналса, биліктен рұқсат сұрайтын. Халықтың ықыласы өте керемет болды. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, көзіне жас алғандар болды. Сол жылы Наурыз мерекесі қыркүйек айының ортасына дейін тойланды. Елімізде бұрын-соңды мұндай ауқымды той болған емес. Ал келесі жылы Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан және барлық түркі тілдес елдер де тойлатты. Осылайша 62 жыл тоқтап тұрған Наурыз мерекесінің бүкіл Кеңес Одағында жаңғыруына себепкер болдық», - дейді М.Шаханов.
Бірақ белгілі ақын қазіргі Наурызды аты бар да, заты жоқ деп санайды. Ол: «желтоқсанда болатын жат жұрттың Жаңа жылына дайындықты билік 1-1,5 ай бұрын бастайды. Көшелерде құттықтау жазылған плакаттар ілулі тұрады. Ал Наурызда ондай ештеңе көрген жоқпын. Өкінішке орай, ұлттық мүдденің кемшін тартып бара жатқаны өзекті өртейді» деген өкінішін де жасырған жоқ.
Оның айтуынша, ең бастысы, Ұлыстың ұлы күні жұрт тал егіп, бұрын ренжісіп жүргендер болса, бір-біріне өкпесін кешіріп, мәмілеге келу керек. Ол «ұлы мерекеде осы игі амалдарды дәстүрге айналдыру үшін күш салу керек» деген пікірде.
Автор: Асқар Махмұтұлы