ҚАЗАҚИЯДАҒЫ ҚИЛЫ-ҚИЛЫ ПАРАДОКС
2012 ж. 04 ақпан
3543
2
Бізде парадокс жетіп артылады, оны көріп, естіп тұрып бетті баспақ түгілі, бетке басып тұрып айтады. Соның бірнешеуі: 1. Біреудің бодауында болған Кеңес дәуірінің өзінде Қазақ Республикасы (толық атауы- Қазақ Советтік Социалистік Республикасы) деп аталып келген мемлекетіміздің азат болған күні «Қазақстан Республикасы» болып шыға келуі – парадокс. 1995 жылғы Конституцияның жобасы «Қазақ Республикасының Конституциясы» деп аталды да нақ референдум өтерде жеме-жемге келгенде «Қазақстан Республикасы» болып шыға келді. Жоба бізді алдап соқты. Алғашқысы кіндік ұлттан бастау алатын атау болса, соңғысы жердің атауымен байланысты. 2. Біздер Президент-тұлға мен Президент-органды шатастырамыз. Кейбіреу осы сөзді естігенде-ақ көлеңкесінен үркеді. Тұлға-Президентті мен және Сіз сыйлауға, құрметтеуге тиістіміз. Өйткені, ол қандай болған күнде де біздің басшымыз, бізде басқа мемлекет жоқ. Ал орган-Президенттің қабылдап жатқан құжаттарын, әрекеттерін сынауға қақымыз бар, әлбетте жеке бас мәселесіне бармай. Құрметтеймін деп адамның ызасы мен ұятын келтіретін кездер де аз емес. Кей-кейде құрметтеуі жағымпаздыққа, жағымпаздығы мазаққа айналып кетеді. Мысалға, «Нұр Астана», «Нұрлы жол» деген сияқты әдемі бастаманыың артын мазаққа (басқаша айтарға сөз жоқ) айналдырды. Мысалға, Астанадағы «Нұрдомофонға» немесе «Нұрбазаға» нұр сөзінің қажеті қанша. Алланың жаратқан нұрынан басталатын әдемі сөздің итрәсуасын шығарды. Ұят. 3. Жанын шүберекке түйіп, пәтер жалдап жүріп «бүгіншіл» елдің ертеңі үшін күрескен, өздерін құрбандыққа саналы түрде шалған Әлихан, Ахаң, Жахаң бастаған Алаш арыстарының елдік мәселелерге байланысты білдірген пікірлеріне сілтеме жасап жатқан бірде бір билік өкілін көрмейсің. Неге? 4. Бүкіл әлем Қытай экспансиясынан қорқады. Бізде керісінше: 1991 «Қазақстан Республикасындағы азаматтық туралы» Заңы қабылданып, онда шетел азаматтығынан шыққан және азаматтығы жоқ тұлғаларға ҚР аумағында 10 жыл тұрақты тұрғаннан кейін ҚР азаматтығы берілетіндігі туралы айтылған. 1995 жылы 3 желтоқсанда ПЗКБЖ өзгеріс енгізіліп, 5 жылға түсіріледі. Әлем қаймыққан қытайға азаматтық беруге өзіміз даңғыл жол салдық. Қытайдағы қандастарымыз «Бізге виза ашпайды, қытайларға бір жылға виза береді, олар мың доллар пара беріп дегеніне жетуде» деп зар жылайды. Сол мың доллар алып жатқан адам ұлтының болашағын өз қолымен сатып жатқанын түсіне ме екен?! Өйткені, бір жылда ол қытай бәлен баланың әкесі атанып үлгіреді. ҚР-да репродуктивті жастағы әйел азаматарының саны ерлерден әлдеқайда артық. Қазақтың сұлу қыздары ұлттық рухынан ажырап қалғаны сонша, кәпірді қойнына қысудан да қымсынбайды. Енді елу жылдан соң қисық көз күйеу балалар мен қысық көз жиендердің қыспағына ұшырауымыз әбден ықтимал. 5. Отарлаушы мемлекеттердің негізгі көздегені байлық қана: ұрпағыңның, ұлтыңның денсаулығының, генофондыңның құны – бақыр тиын ғана. Кез келген уақытта тастайды кетеді. Атырауда 2008 жылғы мәлімет бойынша ғана мұнаймен қосарлас шығатын 9 млн. тонна күкірт ашық далада жатты. Осы мәлімет бойынша іс қозғалғанның өзінде ары кетсе бірнеше жүз мың теңге ғана әкімшілік айыппұл салады. Бітті. 6. Біздің билік кейде белден басып, «бетбақ жеңдім дейді, бейбақ көндім дегейдінің» керін жасайды. Мысалға, Президент сайлауы науқанында қазақша жазу былай тұрсын, еркін сөйлемейтіндер мемлекеттік тіл емтиханынан сүрінбей өтеді. Мысалға, Ғ.Қасымов. Ғ.Қасымовтың Сенатта қазаққа керекті мәселелерді көтеріп жүргеніне шәк келтірмеймін (мысалға, девольвация, педофильдермен күрес мәселелері т.б.), бірақ қазақша сөйлемейтін адамды комиссияның өткізіп жіберуі кім-кімге болса да түсініксіз. Өйте берсе, ертең Козлов та өтіп кетпей ме?!! 7. З.Нұрқаділовтің өзін өзі үш оқпен атқанына бізді «сендірді». Министр мүмкін кездестірген шығар, өзім танысқан әдебиеттерде ондай фактіні криминалистика тарихынан кездестіргем жоқ. 8. М.Аблязов 2002 жылы коррупциялық қылмыстары үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. 2003 жылы оған қатысты кешірім беру актісі шықты. Актімен жеке танысқан емеспін, бірақ БАҚ өкілдері жариялағандай негізгі шарт – «5 жыл саясатпен айналаспау». Сонда, алғашқы кінәсі мен жауаптылықтан босату актісінің арасындағы байланыс қандай? Оған егер «5 жыл мемлекеттік қызметпен айналыспайсың, не 5 жыл бойына пара алмайсың» деген талап қойылса, түсінер едім. Сотталған қылмысы – коррупция, ақталғаны – саяси себеп. М.Аблязовтың не істегенінде және кейінгі тағдырынша шаруам жоқ, бірақ құқықтық дәлдік қайда? Парадокс па? Әлде, биліктің әуел баста оның саяси себептермен сотталғанын еріксіз мойындағаны ма? 9. Сол сияқты И.Тасмағанбетов Алматы қаласының әкімі болып тұрғанда, Алматыда жерлер заңсыз бөлінген деген желеумен жиырма шақты адамнан комиссия құрылып, «қасқырға қой бақтырған былай болады» дегендей оның белді мүшесі қылып бұрынғы әкім В.Храпуновты жіберді. Ақыры, шынымен де Алматының жоғарғы жағындағы жерлер заңсыз бөлінген болып шығып, олар мемлекетке қайтарылды, біздің, яғни салық төлеушілердің есебінен үйлер бұзылды, қирандылар күресінге тасылды. Дұрыс. Ал енді кінәлі тұлға қайда. Не бұрынғы, не бүгінгі (сол кездегі) әкімнің бірі жауап беруі керек еді ғой. Қылмыс құрамының барлық элементтері бар да, субъектісі жоқ болып шықты ма? Парадокс. 10. Біздің билік қаржылық ауыртпалықтарды халықтың мойнына артып дәніккен. Мысалға, 2007 жылға дейін оң жақ рөлді автокөліктерді әкелуге, пайдалануға тиым салмай келді де, бірақ мезетте Ө.Түсімовтың бастамасымен әкелуге де, пайдалануға да тиым салғысы келді. Хош делік. Әкелінбей-ақ қойғаны дұрыс, ал Конститутцияға сәйкес пайдалануға тиым салу үшін үкімет өз қаржысымен оларды оң жақтан сол жаққа ауыстыру керек еді ғой. Жоқ, үкімет кезінде өзі жіберген қатені өз азаматтарынан есебінен түзегісі келді. 11. Германия 40 жылдары неміс банктерінде болған, заңсыз алынған есеп-шоттарды мойындап, әлемнің түкпір-түкпіріндегі еврейлер мен поляктарға т.б. олар өзге елдердің азаматтары болса да егер де сол кездегі есеп-шоттарды дәлелдейтіндей құжаттары болса, қалпына келтіріп, орнын толтырып береміз деп кепілдік берді. Ал біздің «Жинақкасса» (қазіргі күні мемлекеттік банкке айналған «Халықбанк») өз азаматтарының алдындағы сандаған жылдар жинақталған, құнсызданған, ақыры халықтың көз жасына айналған мыңдаған «сомдық» ақша-қаражатын қайтару тұрмақ, мойындауға емеурін танытқан емес. 12. Бір Институттың бір профессор шалы маған 1991-2001 жылдар аралағында бір облыстың бір ғана ауданында туылған 18 министр шықты деген болатын. Тікелей зерттеу жүргізіп көргенім жоқ, бірақ шалдың сөзіне сенсек, ол ауданнан жылына екі министрден тағайындалып отырған. Бір өңірден ақын-жазушы, не өнерпаз, не ғалым көп шықты дегенді естуші едік, шенеунік көп шықты дегенді алғаш естуім. 13. Біз ұнамай қалған адамды ит қосып қууды қойған жоқпыз, оның халықаралық арена мен болашақ ұрпақ алдындағы моральдық жүгін ескермейміз. Мысалға, Ж.Құлекеев пара алғаны үшін ұсталды. Сотта пара алу фактісі дәлелденген жоқ та, өзге айыптаумен, яғни қызметтік өкілеттігін артық пайдаланғаны үшін сотталды. Ал ол сәл ғана бұрын білім министрі болғанын ескерсек, біз болашақ ұрпақ тәрбиесін моральдық тұрғыдан азғындаған «парақордың» қолына тапсырған болып шығамыз ғой. 14. Бір таң қаларлығы – шетелге қашқан, сотталған, қудалау көрген, жеп қойған, деп қойғандардың ішінде қазақтан өзге халық өкілдері жоқ. 15. «Біз көп ұлтты мемлекетпіз» деп жар салудан танбай келеміз, жоқ біз мемлекет ретінде бірұлтты мемлекетпіз, ал қоғам көпұлтты. Мемлекет пен қоғам екі түрлі ұғым. Мемлекет үшін қазақ халқынан басқаның бәрі – диаспора. 16. Республика халқының бар-жоғы 40% ғана құраған кезде қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейіне дейін көтере алған халық халықтың 70%-на тақаған кезде дәрменсіздік танытып отыр. 2000 жылдың 5 мамырында ҚР Қылмыстық кодексіне өзгертулер енгізіліп «государственная тайна» сөзі «государственные секреты» деп ауыстырылды. Қазақшаға аударсаң, екеуі де «мемлкеттік құпия», осы заңды аударған тәржімашы қулыққа салып септік жалғауларының орнын ауыстырып қана құтылып кеткен. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 162-бабын дұрыс тәржімаламауы себепті (тәржімалау туралы айтудың өзі ұят, өзге амал жоқ) азаматтық талап тек қана есі дұрыс еместерге қойылатын болып шыққан. Осы іске қатысты 1998 жылдан бастап мыңдаған істер қаралды, соның жартысы қазақ тілінде. Бірақ бір де бір судья Кодекстегі осы қатені көріп, істі тоқтата тұрып, не Конституциялық кеңеске, не жоғарғы тұрған сотқа мәлімдеме жасаған емес. Бұл – немқұрайлылық па, әлде орыс тіліндегі Кодекске қарап отырып, қазақша іс жүргізудің салдары ма? 17. Бұрын «арақ ішпе» деп шалдар балаларға ұрсатын еді, енді балалар шалдарға ұрсатын болды, өйткені, сол кездегі балалар қазір шалдарға айналды. Олар орыстың бодауында қалыптасқан көзқарастары мен талғамдарын өзгертуге дәрменсіз. Зиялы деп жүргендеріміздің өзі қыздар жартылай жалаңаш жүргенде, сызық шалбар, тесік шалбар кигенде үндеген жоқ, сұқ көзден сақтанамыз деп, киінеміз деп, бүркенеміз деп жүргенде неше түрлі мінберлерден «айқай» салды, «Мыналарың дұрыс екен, осыны пайдаланып, қазақтың ұлттық киімдерін қалпына келтіріп алайық» деудің орнына бір жазушы ағамыз заңмен тиым салуға шақырды, бір театр сыншысы лекцияларына кіргізбей қойды. Біздің апа-әжелеріміздің, тіпті еркектердің өзі де ешқашан жалаңбас жүрмегендігінен бұ кісілер бейхабар сияқты. Олардың айтуынша, ол қазақтың киімі емес екен де, жартылай жалаңаш, жырық етек, шұрық дамбал, тесік шалбар, тор көйлек, де-кольтемен жүру қазақтың киімі екен. 18. Шетелден келген пицца тағамын италяндықтар да, ағылшындар да, француздар да «Pizza» деп жазады, бірақ дәл осы әріптерді айту орыс тілінде өрескел мағына беретін болғандықтан (әсіресе, орыстар үлгі тұтқан француз тілінде) олар «пицца» деп жазып «питса» деп оқиды. Астана мен Алматыда «Амбассадор» деген бірнеше халықаралық қонақүй кешені бар. «Аmbassador» ағылшынша елші, өкіл деген мағына береді, осындай аспалы көпірдің атауы да бар. Бірақ қанша жерден халықаралық кешен болса да, төрт буыннан тұратын сөздің алғашқы екі буыны осы елдің мемлекеттік тілінде сұмдық өрескел мағына беретінін айтататын бір қазақ табылмады ма? Не болмаса, барлық мекемелердің алдында хабарламалар орыс тілінде жазылатынын білеміз. Көптеген мекемелердің көлік тұрақтарының алдында «Кроме служебных автомобилей» деген жазуы бар тақтайша тұрады. Кішкене тақтайшаға барлық мәтін сыймағандықтан соңғы «авто+мобилей» дегеннің орнына екі қосынды сөздің басқы әріптерін ғана үлкен әріппен жаза салады. Бұдан соңғы мәтіннің мағынасы көлік туралы болмай шығатыны анық. Амангелдіні, Амалбекті, Әмірханды «әбеке» деп сыпайылап атайтын қазақ үшін бұл сұмдық өрескелдік. Мұны бәріміз көреміз, көреміз де көзімізді жұмып өте береміз. 19. Дін мәселелерін реттейтін заң өз уақытынан кешігіп қабылданды. Бір халық бір ғана діннің, оның ішінде бір ғана бағытпен (мәзхабпен) жүруге тиісті еді. Енді қазақтың ішінен Иса құдай дейтіндер де, не құдайдың ұлы дейтіндер де, сиырды құдірет дейтіндер де, мұсылман болып қол жаймайтындар да, қол жайып тұрып бет сипамайтындар да түр түрімен табылады. Енді қазаққа тіпті жақсы болды, өйткені оны бір бауырларының сиырмен бірге суға шомылып, енді бірінің не сиырды соғымға соя алмай, не сиыр жүрген жерге үй сала алмай жүргені толғандырмайды, тек өз ішінен жау іздегенде осылардың ішінен біреуіне тели салса болады, дұшпаннан құтылады. Діні мен конфессиясы көп мемлекетті, әсіресе ол бір ғана халықтың, этностың ішінде болса, айдап салуға, әлсіретуге, ақыры диверсия жасауға және «қуыршақ мемлекетін» беріп қойып, саяси тәуелділігін алуға оңай. Сол себепті де 20 жыл ішінде жүздеген секталар мен діндер, конфессиялар бізге бас қойды. Қазақстан сияқты тіпті бос тұрған, барлық химиялық элементтер кездесетін, халқы рушылдық, парақорлық, шенқұмарлық дертіне ұрынған мемлекетті кім құр жібергісі келеді дейсің!!!… 20. Біз көп мәселеде 20 жылға кешіктік. Тәуелсіздікпен тел құрдас 1991 жылдың 16 желтоқсанында туған бала бұйырса келесі жылы Институт бітіреді, бірақ жұмысқа орналасып, маман болып шығуы екіталай. Себебі, оның істегісі келіп жүрген мекемелердің барлығында іс жүргізу, жиналыс жүргізу мемлекеттік тілде емес, көрші елдің мемлекеттік тілінде жүргізіледі. Парадокс…
Алмас ЖҰМАҒАЛИ,
заң ғылымдарының кандидаты