Ақын Есенғали Раушанов ТМД сыйлығын алды
2019 ж. 16 мамыр
5943
0
Ақын Есенғали Раушанов мемлекетаралық сыйлықтың иегері атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Түрікменстан астанасы Ашғабат қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше елдердің шығармашылық және ғылыми интеллигенциясының XIV форумы аясында мамырдың 15-і күні көрнекті ақын, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов ТМД елдері мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының "Достастық жұлдыздары" ("Звезды Содружества") мемлекетаралық сыйлығымен марапатталды.
Сыйлық құрылтайшысы, ТМД елдері мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының арнайы мәлімдеуінше, аталған сыйлықтың табыс етілуі Есенғали Раушановтың мәдениет және өнер саласындағы жасампаз еңбегі мен жетістіктерін ТМД елдерінің жоғары бағалайтынын көрсетеді.
Айта кетейік, Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушанов - қазақ ақыны, жазушы. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2006). Парасат және Құрмет ордендерінің иегері. Алғашқы жыр жинағы "Бастау" деген атпен 1980 жылында жарық көрді. Кейін ұлт бостандығы, туған дала тарихы туралы жазылған" Келінтөбе" (1984) "Шолпан жұлдыз туғанша" (1988) "Ғайша бибі" (1991) "Қара бауыр қасқалдақ" (1995) атты жыр кітаптары жарық көрген. Прозалық туындыларынан "Нұрдан жаралған" романы, құстар табиғатын сөз еткен "Құстар біздің досымыз" атты шығармасы бар. Көптеген өлең, поэмалары орыс, литва, украин, болгар, чех, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Өзбек тілінен ортағасырлық мұра "Темір жарғыларын", Хамза Ниязи өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған.