Отан отбасынан басталады
2019 ж. 09 мамыр
6797
1
Мамытбек Қалдыбай, жазушы
Авторлық қызғаныш
– Қарапайым деген сөз бар. Бұл – ұлы сөз. Халқымның қарапайым ұлдары, қыздары болмаса, ұлыларымыз шықпас еді. Ұлылар қарапайым ұл-қыздарымыздың қарапайымдылығын, соның күре тамырын сезгеннен кейін ұлы боп шықты. Мысалы, Асан қайғы, Майқы би, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер, Әлихан Бөкейханұлы, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, қос Досмұхамедов, тағы басқалары аспаннан түстік деп еш уақытта ойлаған емес. Оған дәлел – ол кісілердің өздерінің сөздері.
Батыр да, жазушы да аспаннан түспейді. Ол халықтың әр заманға лайықты рухани, салт-сана, дәстүр тәрбиесінің жемісі.
Әр ұлттың, әр елдің өз қасиеті, өз дәстүрі бар. Олардың осы ерекшеліктерінің терең мағынасына түсініп, заманымыздың, үлкен дәуіріміздің қиын жағдайында бастарын, ниеттерін қосып тәрбиелеп, тәлімдеп отыратын жеке тұлғалардың болғаны – бақыт. Біздің халқымыз бұдан кенде емес. Мұны достарымыз былай тұрсын, дұшпандарымыз да мойындайды, мойындамауы мүмкін емес...
Баукең темекі тұтатып тартып, ойға енді. Ұзақ үнсіздіктен соң:
– Кейінгі жылдарда менің жаңа шығармаларым жоқ қой, – деді жұмсақ үн қатып. – Соған қарап кейбіреулер: «Бауыржан сарқылды», – дейді екен. «Сарқылды» деген әжептеуір сөз ғой, ә? Әрине, мұны есту маған жеңіл тиген жоқ. Жеңіл тимесе де, оларға өкпелемедім. Ақымақтарға өкпелеп қайтем? Олар жазған соң өзі автор болуы керек дейді екен.
Көріп жүрсің, қарағым, мен өз тәжірибемді, білімімді ешкімнен қызғанған емеспін. «Ойбай, мынаны өзім жазайын, мынаны бұған айтпайын» деген мінез менде жоқ қой, әлде бар ма?
– Жоқ.
– Е, сөйтсеңші. «Сен жаз, мен жазайын» дегеннен аулақпын. Ал шынына келгенде, шын авторы мен ғой. «Курица на сетке» дейді орыстар. Соның кебін кисем, мен бәрін жазып үлгере алмас едім. Мамытбек болсын, Михаил болсын, менің айтуым бойынша жазған авторларға ұрпақ, оқырмандар әділеттілігін өздері айтады. Түсіндің бе? Сол себепті мен ешкімнің жәрдемін қажет етпеймін. Мұны ақымақтық десең, өзің біл. Меніңше, бұл ешқандай ақымақтық, не тоңмойындық пікір емес.
Бірде бір туысым маған: «Неге көрінгенге әңгімеңізді айта бересіз? Өзіміз де жаза аламыз ғой», – деді. «Өзіміз» де дегені жалпы сөз ғой.
Мен «Ұшқан ұяны» әжеммен, әкеммен, Үбиан әпкеммен, тағы басқаларымен ақылдасып жазғаным жоқ қой. Оны алған әсерлерім жазғызды емес пе? Ал ана туысыма мені тыңдап, алған әсерлері бойынша ой қорытып жазуына кім кедергі жасап жүр? Мен ешкімге өзінің алған әсері, түсінгені туралы жазуына тыйым салған емеспін, тыйым сала алмаймын да ғой.
Ал, шырағым, сенен жасыратын ештеңем жоқ. Мына ақымақ жеңгең де әлгі туысыма ұқсап, «па-па» дейді. Анау қырыққа қарай, мынау елуге қарай кетті. Бұларға жазбаңдар деппін бе?
Сырымды айтқанда мені түсінеді деп сеніп айтам. Бар материалды түсініп, келістіріп жаза білсең жақсы, ал оны іске асыра алмай қор қылсаң ше? Оған қабілетің жетпесе ше? Онда оқырман өз-өзінен кейіп, несіне малтаңды езіп отырсың демей ме?
Горькийдің ең үлкен шығармасы – «Менің университеттерім». Оны оқымасаң, оқып шық. Максим Горький жаяу, тиынсыз қаңғып, елді аралаған. Оның кәмелеттік аттестаты да болмаған, ал университеттері болған.
Сендерге тегін орта, жоғары білім берді. М.Горький ондай мүмкіндіктен құралақан өсті.
...Маяковскийдің де жоғары білімі болған емес. Есенинді алғын. Шоқан Уәлиханов кадет корпусын бітірді. Кадет корпусы деген сөз осы күндегі түсінік бойынша бастауыш әскери училище. Ол ефрейтор, кіші сержант дайындайды. Шоқан соны ғана бітірген. Бірақ бойында құдай берген қабілеті бар, ол халқына мәңгі өлмес қазына сыйлады.
Тума таланттың осындай құпиясы көп. Оны түсініп, мойындау керек.
– Әй, Бауыржан туралы Бек, Әзілхан жазды ғой. Мамытбек те жазып па? Қойсаңдаршы! – депті бір журналдың білдей қызметкері. Мұның атын іштарлық дейді. Іштарлық деген нәрсе ақылды кісінің ісі емес. Іші тар болса, оның басы да тар, жаны да, ары да тар. Іштарлық ақымақтарға ғана тән нәрсе.
Біздің қазақта бір әке, бір шешеден туғандар қастасып кеткен. Бұл іштарлықтан.
Әрине, іштарлық басқа халықта да бар. Бұл – бүкілхалықтық кемістік. Дегенмен, іштарлық жағынан басқаларға қарағанда біз әжептеуір «бәйге» аламыз. Менің ұғымымша, қарағым, жақсыны да, жаманды да көрген кісімін ғой, іштарлық – өзіңді-өзіңе қас ететін ауру... «Мұны неге айтып отырсың» деп менен сұрамаймысың?
– Мұны неге айтып отырсыз?
– Мен өзімді өзіме қас еткім келмейді. Түсіндің бе?
– Түсіндім.
– Түсінсең, шырағым, менде авторлық қызғаныш атымен жоқ...
Ақымақтың ақылы
– Саналы ойлануды творчестволық ойлану дейміз, – деді Баукең сабырлы қалпын өзгертпей.
Соның өзінде қанша қайшылық бар? Бір ойың бір ойыңа сәйкес келмейді. Бір санаң бір санаңа қарсы. Ертеңінде «қап!» деп өкінесің. Бүгінгінің соты – ертеңгі күн, ертеңгінің соты бүрсүгіні. Сол сотқа кейде жөнді жауап бере алмай күйіп-пісіп бармағыңды тістейсің, қиналасың. Бұл жайында халқымыздың «Ақымақтың ақылы түстен кейін кіреді» деген мақалы бар. Оны кекетіп айтқан деп мазақтап күлесіңдер...
Баукең езу тартты.
– Это – убийственное слово. Бұл, шын мәнінде, философиялық сөз. Сен, шырағым, мені періште деп ойламағын. Мен періште емеспін, адам баласымын. Өз заманыма, өз қоғамыма жарастықты жетістігім де, кемістігім де бар. Оның түп себебі қара шаңырақтан, ортадан басталады. Ешкім қаражүрек, оңбаған, не дана боп тумайды...
Бұрнағы күні сағат алтыға он бес минөт қалғанда Асқар Тоқпанов деген інім келді.
– Ассалаумағалайкүм, батыр аға! Жаман ініңіз алпысқа толды.
– Иә, газет-журнал біткен шуылдап жатыр. Теледидардан сөйледің. Оны көрдік, шырағым. Құтты болсын.
– Ағатай, балалар балалық істепті. Сіздерге шақыру билетін жібермепті. Бүгін М.Әуезов атындағы драмалық театрда жиналыс. Соған өзім шақыра келдім.
Оған қырық бес минөт қалыпты.
– Қап! Қап! – деп қояды.
– Кешіріңіз, ағатай, кешіріңіз... Апам, жеңгей үшеуіңіз келіңіз. Сіз келсеңіз, жұрт «Бауыржан келіпті» дейді. Төбем көкке жетеді ғой...
– Иә, қарағым, дұрыс.
– Күтемін, ағатай.
– Енді баруға тырысамыз.
– Тырысуды қойыңыз, келіңіз. Ехе-хе, – деп күлді. Қып-қызыл ақымақ. Билетті кемінде он күн бұрын таратқан. Енді қырық бес минөт қалғанда самолетпен ұшып жетуім керек пе? Қатыным болса – жұмыста.
Бір сағат қалғанда бұл ақымаққа біреу: «Әй, Бауыржанды шақырмағаның қалай?!» – деу керек. Соған әпкем түсініп:
– Адыра қалғыр мұнысы несі? – деп ашуланды.
– Әпке, оған ренжімеңіз. Мұның себебі бар. Алғаш: «Бауыржанды шақырып қайтесің?» – деген сөз болу керек. Әйтеуір, себепсіз емес. Асығып киініп, елдің соңында сүмірейіп баратын мен бала-шағамын ба? Бұл – екіжүзділік, өзін-өзі сыйламағандық. Оған мен ренжіп отырғам жоқ. Еш болмаса бір күнібұрын билетін бермей ме? Тапқан екен «балалар балалық жасапты» деп алдауды. Тағы, дәстүріміз бойынша құрқол бара алмаймын...
Баукең темекі тұтатып тартып, бөлме ішін кезе бастады. Әлден соң орнына кеп отырды. Кенет:
– Екінші жағдайды айтайын, – деді серпіле. – Сапекең (Сапарғали Бегалин) телефон соқты. – Қазір бір баланы жіберейін.
– Рақмет, Сапеке, билетті алдым. Баланы әурелемеңіз. Сіз шақырсаңыз да, шақырмасаңыз да барамын.
– Иә, ата баласысың ғой. Сен келсең қатты көтеріліп қаламын, қарағым.
Баукең маған барлай қарап:
– Мінеки, өзің салыстыр. Тоқсандағы Сапекең қандай, алпыстағы алжыған ақымақ інім қандай?!
Ертең Сапекеңнің жиналысына, сөз жоқ, барамыз. Сөйле десе, сөйлеуім де мүмкін.
Сәл бөгеліп:
– Асқар ақымақтың ақылы түстен кейін емес, кеш батқанда кіріпті, – деді кекете күліп.
Кім болды
екен?..
Жеңгей қызмет орныма телефон согып, мені іздепті. Хабарластым.
– Неге үнсіз кеттің, қарағым?
– Үнсіз кетпей қайтем? Барсам, жақтырмай қабақ шытасыз, сәлемімді де алмайсыз. Содан, лаж жоқ, сырттай тілеулес болып жүре берейін деп шештім.
– Әй, қарағым, қатындардың майда сөзін қой. Адам әртүрлі жағдайда жүргенде амандасқан, амандаспағанын да білмейді екен (бұл – кінәсін мойындау ғой). – Түс қайта қолың тие ме?
– Тиеді.
– Тисе, үйге кел. Ақылдасатын шаруа бар.
Түс қайта бардым. Баукеңнің өңі жуған шүберектей боп-боз, көзінің алды томпайыңқырап, жақ сүйектері шодырая түскен. Ұйқыдан тұрғандықтан ба, шашы ұйпа-тұйпа.
– Неге келдің, а?! Сені кім шақырды?!
– Мен, – деді жеңгей маған ара түсіп.
– Е, бүлдірген сен екенсің ғой. Мұны үйден қуып шығайын десем...
– Бұл баланың жазығы не, Бауке?
– Жазығы – сен жамандамасын деймін.
Жеңгей бұрқылдай ашуланып, бөлмеден шығып кетті.
Баукең асықпай темекі тұтатып тартып, сөзін бастады.
– Қарағым, көңіліңе алма, сені жақтырмай дауыс көтергенім – жеңгең ойлансын дегенім. Бүгін қаңтардың он жетісі ме?
– Он тоғызы.
– Жарайды, нешіншісі болса да, маған бәрібір. Сен жөндеп тыңда. Сырқатымнан арылып келе жатқаныма екі-үш күн болды ма, болмады ма, білмеймін. Жетпіске толған тойымды өткізгенде ниетім адал еді. Лермонтов атындағы орыс драма театрында салтанатты жиналыс болып, жұрт сөйледі. Мен де сөйледім. Сен оған қатыстың ғой, ә?
– Қатыстым.
– Орден берді. Ол – сыйлады деген сөз. Елге де, үкіметке де рақмет.
Менің бір ақымақтығым (солай деп біл), мына жеңгеңнің жамағайынын тойдың комиссия мүшесіне енгізуге келісіппін. Онымен де тұрмай ұйымдастыру тізгінін соның қолына беріппін. Оған өзіме сенгендей сеніппін.
Талғардың мал бордақылау пунктінен бір семіз жылқыны Мекемтас екеуің әкелдіңдер. Әйтеуір, ет, тамақ жағынан қосымша дайындығымыз жаман болған жоқ.
Арам жамағайын қалалық сауда бөлімі бөлген азық-түліктің бәрін «Қаламгер» кафесіне тапсырады. Бірер күн өткен соң:
– Ойбай, «Қаламгердің» жағдайы нашар, мұнда қонақтар аяқ асты болып кетеді екен, тағы маскүнемдер көп. «Алматы» мейрамханасының бесінші қабатындағы зал меңгерушісімен келістім, – дейді.
Жеңгең туысым деп оған (менімен ақылдаспай) «мақұл» дей салады.
– Ақша керек!
– Қанша?
– Адам басына он екі сомнан. Екі мың сом бересіз. – Жеңгең маған айтпай сарт дегізіп екі мыңды береді. Кейін тағы алты жүз алады. Жылқы, сойыс өзімізден деп жаңа айттым ғой.
– Кімді шақырамыз?
– Жаманды-жақсылы Жазушылар одағы бар. Соның басшыларымен ақылдасыңдар, – дегем. – Ал Алматыдағы туған-туысқандарым қатын-қалашымен жиырмадан аса қоймас. Тек тізімді алып кеп көрсетіңдер. Дастарқан мол болсын. Мен сексенге жетем бе, жетпеймін бе? Құдайға шүкір, орташадан жоғарылау дәулетім бар. Ақша жағынан қысылмаңдар.
– Иә, дұрыс.
– Жүз елу кісіге есеп жасаңдар. Үш сом, бес сом деп саудаласпайық. Анау-мынау дегенді қойыңдар. Қысылмаңдар, тағы келім-кетім болады ғой.
Ертесіне телефон тырр-рр етті.
– Бауке, осылай келістік, есеп жасап қойдық. Банкетіңізді Асқар Тоқпанов басқарса деп ұйғарып отырмыз.
– Әй, қарағым, Асқар Тоқпанов жаман жігіт емес, жақсы, таланты бар жігіт. Ол – режиссер-қоюшы. Ол екі сөзінің бірінде Станиславский, Данченко-Неморович деп кете береді. Ел оларды біле ме, білмей ме, ісі жоқ.
Профессор деген атақ берді, онысы да жарасымды. Ол барлық тапсырған нәрсеге режиссер-қоюшы ретінде қарап, елдің бәрін актер істегісі келеді. Сол себепті, оған мұндай нәрсені тапсыруға болмайды. Келем десе, келсін, сөйлеймін десе, сөйлесін. Жазушылар одағының шешімі бойынша тойдың комиссия төрағасы – Ғабит Мүсірепов. Ғабең жетпіс жылдығыма арналған жиналысымды сөз сөйлеп ашты. Енді тойдың дастарқан ағасы да сол кісі болсын...
Арам жамағайын келіскендей үнсіз қалды. Театрда өткен салтанатты жиналыста өзің болдың, қарағым. Қалай өткенін білесің. Тахауи Ахтанов баяндама жасады. Тойдың да қалай өткенін көрдің. Ғабиттің, Әбудің, Әбділданың, Әбдіжәмілдің, Жұбанның, Тахауидың, тағы басқалардың төрдегі орны бос тұрды. Келеді деп ешкімді отырғызбай күттік. Біреуі келген жоқ. Кейіннен білсек, оларға шақыру билеті берілмепті.
Жас болсын, кәрі болсын, әркімде көкірек бар, қарағым.
– Бәріміз сыйлаймыз. Кім көрінгенді шақырып, бізді неге шақырмайды? Бауыржанның мұнысы несі? – деп олар көңілдеріне алған ғой.
Әрі-беріден кейін қандыкөйлек досым Снегиннің өзіне шақыру билеті берілмеген. «Өз бетімше сүмірейіп барғаным өлім ғой» деп ол да келмей қойды. Оларға арналған орын бос тұрды.
Тойға келгендердің көбі мен танымайтын өңкей бала-шаға. Шырағым, көңіліңе келсін, келмесін, біздің атағы, таланты бар жігіттер есепте ғой. Солардың көбісі жоқ. Қадірлі қонақтардың біреуі келмеді. «Бұл қалай?» деп не істерімді білмедім. Жарылсам ба екен, жарылмасам ба екен?
– Хватит, банкет отменяется, – деп айтуға аузым бармады. Екі қолым, екі аяғым тұсалып қалды. Мына жеңгеңнің жамағайыны билетті өзіміз таратамыз, сіз ол жағынан алаң болмаңыз деп жаны ашығансыған еді. Бүйтіп жаны ашығаны құрып кетсін! Мұны қарсыластырмның әдейі ұйымдастырғанын кеш білдім. Тойда кімге риза болдың десеңші?
Мен үндемедім.
– Мәриям жеңгей мен Хамит, Ғафу інілеріме риза болдым. Хамит пен Ғафуға:
– Тойды екеуің басқарыңдар, – деп біреу сыбырласа керек.
– Ғабең қайда? Сендер басқармаңдар, – деп қайтіп айтам? Өйтсем, қып-қызыл ақымақтық қой.
Хамит, Ғафу екеуі басқарғансып отырды. «Басқарғансып» дегенге дұрыс түсін, қарағым.
Шатақ шығарғым келмеді. Шатақ шығарайын десем, өз тойын өзі бұзды деген сөзге қалам ғой. Сонда да шыдай алмай, ашуым, намысым қозып, орнымнан екінші рет тұрдым. Мәриям жеңгей көзін алартып, түсін суытып:
– Болды, екі рет сөйлейсің бе?! Жаңа сөйледің ғой, отыр орныңа! – деп тастады.
Мәриям жеңгем тыйым салмағанда:
– Таңғаламын, таңданамын, ардақты ағаларымды, ұстаз тұтатын адамдарымды, аяулы інілерімді шақырып едім, сіздер келдіңіздер, рақмет, – дер едім.
Иттердің иттік істегенін Мәриям жеңгей сезе білді. Текті жердің қызы екені рас екен. Менің ашуланып, намыстанып отырғанымды байқапты. Бұл жеңгемнің кім екеніне үлкен бір мінездеме. Көргенсіз, тексіз әйел болса:
– Оттай берсін, менің нем кетті, – дейді ғой.
Хамит пен Ғафу тойды төрде емес, іргеде отырып басқарды. Екеуі, байқауымша, «енді қайттік?» деп қиналып отырды. Арам жамағайын аха-халап күліп мәз. Мәз болмай қайтсін, қарсыластарымның тапсырмасын артығымен орындаса.
Ашуымды үйімде де баса алмадым. Ертеңіне Мекемтас келіп, мына сенің орныңда отырып, өз обалың өзіңе дегендей мені кінәлады.
– Бауке, біздің өзімізге тапсырғаныңызда қатырып ұйымдастырар едік, – деді. Он абсолютно прав. Ол да бәрін байқапты. Жақын көріп, сенгеніміз мына жеңгеңнің жамағайыны ит, ит емес шошқа екен. Кейін тексеріп білдім, ол мұның жай рулас, әйтеуір, атасы алыстан қосылатын біреу екен. Бұл соған сеніпті, мен бұған сеніп ақымақ болыппын. Енді өкін, өкінбе, бәрі кеш.
– Мен еш уақытта мұндай үлкен нәрсеге араласпап едім, тәжірибем жоқ еді, – деп жеңгең болар іс болған соң ақталмақ сыңай танытты.
– Тәжірибең жоқ болса, неге араласасың? Осында Мекемтас, Мамытбек деген сырмінез, шын жан ашыр, жақсы жігіттер бар еді. Оларды жолатпай қойдың, – деп ашуландым. Так я был оскораблен, так я был обижен перед друзьями, перед аксакалами.
Тойымда бас ұстауга тиіс, жасы үлкен ақсақалдарымыз Сапекеңнің (Сапарғали Бегалинның), Ғабиттің, Ғабиденнің болмағаны жаныма өте-мөте қатты батты. Жақсылы-жаманды Бауыржан ғой, жетпіске екі рет келе ме деп шақыру билетін алса, ол кісілер сөзсіз төбе көрсетер еді.
Жеңгеңнің кесірінен той бүлінді. Өзің көрдің, ақсақалдардың орны бос тұрды. Мал сойылған үйдің төрінде бас ұстайтын ақсақал отырса, дастарқаны берекелі, көңілді, ниеті қабыл болады. Мал сойған үйдің төрінде бас ұстайтын ақсақал отырмаса, сойған малы да, ниеті де зая кетеді. Жастар: «Пәленше атам құлағын пәленшеге берді, мен бастан дәм таттым», – дейді қуанып.
Бас ұстады деген аты ғана, әйтпесе, шалдар басты жемейді, ырым ғып дәмін ғана татып, жағалай отырғандарға қыдыртады. Бұл, шын мәнінде – құрмет. Төрде осы құрметке лайық ақсақалдың отырмағанына қатты күйіндім. Өз қолыммен жазған тізімді ана арамза былай шыға бере сызып тастап, мен танымайтын өңшең бала-шағаны шақырыпты.
Әбділда Тәжібаев сырқаттанып ауруханада жатса керек, әйелі Сараға: «Сен бар, ағаң ауруханаға түсіп қалды дегін», – деп нұсқау береді. Сөйтсе, шақыру билеті жеңгемнің қолына тимейді. Жұбан болса, «Баукеңнің жетпіс жылдығына арналған жиналысты ашуым, парыз, Жазушылар одағының бірінші хатшысымын», – деп Мәскеуден, жұмысын тастап келеді. Оған рақмет. Оның үстіне, «Алматы» шипажайына жолдама да алып қойыпты. Әйелі:
– Бір күнің өтіп кетті. Шипажайға кеше баруымыз керек еді, бүгін барайық, – десе: – Шипажай ешқайда қашпайды. Баукеңнің дастарқанынан дәм татып, елдің ортасында болып, бір-екі күн кешігіп барамыз, – дейді. Сөйткен оған да шақыру билеті жоқ. Күтіп әрі отырады, бері отырады.
– Ойбай, мұнысы несі, Құдай-ау? – деп Жұбан ашуланады. Дмитрий Снегин болса:
– Сүйіктім, Бауыржанның банкеті жақсы болады. Көптен бері қазы-қарта жеген жоқ едім, әдейі тамақтанбай, аш барғым келіп отыр, – дейді әйеліне. Ол да күтіп әрі отырады, бері отырады, шақыру билеті жоқ.
Кеше естідім, Ғабең: «Орталық комитетке» Бауыржанның тойын ұялмайтындай, жақсы өткізейік» деп өзім бардым, салтанатты жиналысын өзім аштым. Бұдан артық менен не керек? Бұл иттің жетпіс жылдық тойының комиссия төрағасы болам деген де өзім едім. Мен де жерде жатқан кісі емеспін. Бауыржанның тентектігін де, еркелігін де көтеріп ем», – деп ренжіпті.
Әбділда Тәжібаев болса: «Күллі Алматыдағы ит пен құсты шақырғанда бізді ұмытарлық жазығымыз не? Жаманды-жақсылы сыйласып жүр едік қой. Мені менсінбеді, екеуміз бір ұядан ұшқан едік», – деп өкпелепті. Маған деген Тахауи Ахтановтың да, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің де, Әлжаппар Әбішевтің де өкпесі қара қазандай. Тахауи:
– Мен Баукеңнің жетпіске толған салтанатты жиналысында жақсылы-жаманды баяндама жасадым. Мені елемегені несі? – депті ренжіп. Әбдіжәмілдің не айтқанын білмеймін, ол да ренжулі. Жазушылар одағы хатшыларының біреуі шақырылмапты.
Көшеде Қалтай мына жеңгеңе жолығып қап, амандасып:
– Жәмке, Жазушылар одағы хатшыларының біреуін шақырмадыңыздар. Бұларыңыз тіпті ерсі көрінді, түкке түсіне алмадық. Біздің жазығымыз не? – десе:
– Мен қайдан білейін, па-па, – депті мына ақымақ қатын. Өзі не сөйлерін де білмейтін біреу-ау деймін...
Мен шыдай алмай мырс ете жаздап, өзімді әрең ұстадым.
– Бауке, Бауке дегеннен басқа не жазып едім? Бір ауылда өстік, бірге оқыдық, бір күлшені бөліп жедік. Тағы екеуміз құрдаспыз. Ол жетпіске келсе, мен де келдім. Бір кесе шайын аяды ма? Әлде қартайғанда алжыды ма? – деп Құрманбек Сағындықовтың да өкпесі қара қазандай.
Тағы бір құрдасым жетпіске толды. Банкет істепті. Естіген құлақта жазық жоқ.
– Баукеңді шақырмағансыз ба? – деген бір жігітке ол жақтырмай қарап:
– Әй, – депті. – Бауыржан үшін заң жазылмаған. Сол себепті шақырмадым.
Баукең күлді.
– Мұнысы – ақымаққа заң жазылмаған дегені ғой. Мені ақымақ деп отыр. Қалай тауып айтқан?!
Баукең темекі түтінін қомағайлана жұтып:
– Бұл банкет мен үшін моральдық үлкен соққы болды, – деді ауыр күрсініп. – Ақсақалды ағаларым, ақ шашты жеңгелерім, қанаттас құрбы-құрдастарым, ізбасар іні-келіндерім алдында қатты қорландым, қатты ұялдым. «Дос боп жүріп қас болғаннан сақтан» дегенді мына жеңгеңе сенем деп естен шығарғаныма қатты өкіндім... Бұл қастықты ұйымдастырған кім болды екен? Оған мен не істеппін? Әкесін өлтіріппін бе, жоқ, әйелін айналдырыппын ба? Түсінсем, бұйырмасын?..
qazaquni.kz