Ұлтын сүйген жазушы

Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық уни­верситетінің 75 жылдық мерейтойы қар­саңында өткізілген «Ұлт руха­ниятының жанашыры» атты әдеби-музыкалық, таным­дық кеш көрнекті жазушы Сәбит Досановтың шығарма­шылығына арналды. Іс-шара көрінісі біршама айқын болуы үшін оқырман назарына кеш барысынан қысқаша үзінді ұсынуды орынды көреміз. 1-ші жүргізуші: – Қазақ әдебиетінің қабыр­ғалы қаламгерлерінің бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты жазушы Сәбит Досанов – туған әдебиеттің туын көтерген салмақты да салиқалы қайраткер. Ұлтқа бар болмысымен қалтықсыз қызмет жасап келе жатқан перзент. 2-ші жүргізуші: – Қазақстанның еңбек сіңірген кайраткері, М.Шолохов атындагы Халықаралық сый­лықтың лауреаты, Ресей педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының ака­демигі, Қырғызстан Республи­касының «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері. 1-ші жүргізуші: – Сәбит Айтмұханұлының бүгінде ел тәуелсіздігін толғаған «Тәуелсіздік толғауы» аталатын еңбегінен бөлек, алғашқы шығармасы «Қайырлы таң», одан соң «Дүние жалған», «Жусан исі» очерктер мен әңгімелер жинақтары, «Соны іздер» әдеби-зерттеу дүниесі, «Қыран қалғымайды» повестер жинағы мен «Тау жолы», «Екінші өмір», «Қылбұрау», «Ұйық», «Тұйық», «Намыс найзағайы» деп жалғаса беретін отыз томдай еңбек жариялаған кең танымал қаламгер. 2-ші жүргізуші: – Ол еліміздегі оқырманы ең көп жазушылардың бірі. Қаламгердің «Тау жолы», «Ақ аруана», «Жиырмасыншы ғасыр» роман-повестері орыс тілінде, «Ақ аруана» повесі неміс, француз тілінде сөйлеп, өз оқырманын шет елдерде де тауып жүрген құлашы кең жазушы. *** Бұдан соң кеш жүргізушілері Сәбит Досановты сахна төріне шақырып, іс-шара тізгінін Қазақ әдебиеті кафедрсының профессоры, филология ғылымының кандидаты Ләззат Әділбековаға берді. Ал осынау білім ордасының тәрбие ісі жөніндегі проректоры Жаңагүл Сұлтанова жазушы шығармашылығына байланыс­ты шағын баяндама жасады. Осыдан кейін жиналған­дар­дың назарына Сәбит Айт­мұханұлы өмірі мен шығар­ма­шылығының айшықты сәттерін қамтитын бейнематериал ұсынылды. Бұл – кеш модераторы Ләззат Махайқызы айтқандай, студент-жастардың жазушы шығармашылығымен жан-жақты таныса отырып, дайындаған тосынсыйлары еді. Сол секілді Ж.Аншаева, Ж.Немеребаева, Г.Нұрғожа сынды қыздардың қалам­герге арнаған жырлары да көп­шілікпен бірге кеш төріндегі қалам­­гердің де көңілін толқыт­қаны анық. Сәбит Айтмұханұлы кеш модераторының: – Сіз журналистерге берген бір сұхбатыңызда: «Тәңір берген талантты ұлтыма қызмет етуге жұмсадым», – деген екенсіз. Жалпы аға, ұлтқа қалтықсыз қызмету етуде қандай тұжырымдарды басшылыққа алар едіңіз? Сол сияқты сіздің шығармашылығыңыз талай тамаша ғұламаларымыз бен азулы сыншыларымыздың да назарынан тыс қалмай келе жатыр. Солардың ішінде әдебиет алыбы Сәбит Мұқановтың сіздің шығармашылығыңыз туралы «Үлкен әдебиеттің классигі» деп баға бергенін білеміз. Жалпы, қазіргі кездегі шығармашылықтың насихатталуына көңіліңіз тола ма дегендей сұрақтарына ыждағаттана жауап қайтарды. Кеш жүргізушісі: «Сіз жазушы драматург ретінде «Дауыл», Ертең – бюро», «Тозақ шеңбері» пьесаларын жаздыңыз. Бұл да бір айрықша шығармашылық мәнер. «Сәбитте жазушылық өнерімен ешкімге ұқсамайтын жаңа, тың бейне ашуға құқылы» деп бағалаған академик Серік Қирабаевтың пікіріне қарап сіздің шығармашылығыңызды жаңа буын жарыса жазып, көңіл­ге тоқып, көкейде сақтай­­тынына сенімдіміз. Ендеше, бүгінде отыз томнан асатын шығармаларыңыздың іздеушісі бар екеніне күмә­німіз жоқ. Сондықтан, өзіңіздің «Арманым көп, аз өмірім жетер ме?» деп аталатын өлеңдер жинағынан үзінді-композицияны факультет студенттерінің орындауында тыңдап көрсек» дей келіп, студенттер: А.Әсетова, Г.Исабек, Г.Бақытжанқызы, Л.Нұрымжан дайындаған С.Досанов қала­мынан туған өлеңдерден композиция ұсынды. Бұдан кейін Ләззат Махайқызы: – Өмір сізге салса да сынақтарын, Азаматтың ақ туын құлатпадың. Мамырдағы құралай салқынында, Шаба берсін шабытты пырақтарың, – деп ақын Өтеген Оралбайұлының осынау кеш қонағына арнаған өлеңімен сөз кестелей отырып, жазушының студент-жастардың бірқатар сұрағына жауап беруін өтінді. Ол сауалдар төмендегіше түзілген еді: 1. Сіздің «Жұмбақ Жүзік» әңгімеңізде Елбасымызды ел біле бермейтін бір қасиетін баяндағаныңызды оқыдық. Сізге қояр сұрағым – Ұлт серкесінің сол сапарында көпшілік біле бермейтін тағы қандай қасиеттерін байқадыңыз? 2. Сіздің «Отыз екінің күзі» деген аштық тақырыбындағы әңгімеңіз маған ұнады. Осы бағытта болашақта тағы қалам қозғайсыз ба? 3. Әңгімелеріңізден оқи келе, Елбасымызбен бірге көптеген іс-сапарларда болғаныңызды аңғарамыз. Ең алғаш рет Елбасымыз секілді ұлы тұлғамен сапарға аттанғанда қандай сезімде болдыңыз? Сол сапардан алған әсеріңіз қандай? 4. Жастарға қандай кітап­тарды оқуға кеңес бересіз? 5. «Алғашқы миллиард» әңгімесінде Н. С. Хрущев туралы: «Бұл пақырдың бойы ғана емес, ойы да аласа екен ғой» деп айтуға жүрексінбедіңіз бе? 6. Қазақтың ақиық ақыны Қ.Аманжолов туралы жазуға не түрткі болды? 7. Сіздің алғашқы туынды­ларыңыздың бірі «Аруана» атты хикаяңыздың өзі оқырман арасында күні бүгінге дейін қолдан түспей оқылатын шығарма. Қазақ әдебиетіндегі көбіне тұлпар бейнесі жайында жазылған шығармалар мол. Ал Сіздің «түйе» образын алудағы мақсатыңыз қандай? 8. Сіз қазақ, орыс әдебиеті ғана емес, әлемдік әдебиет кеңістігінде белгілі адамсыз. Сіздің өзге елдің оқырмандары туралы ойыңыз? 9. Қазақ әдебиетінде Қыран бейнесін символдық тұғырға көтерген адамсыз. Өзіңіздің құс салып, аң аулайтын саятшылық өнеріңіз бар ма? *** Жүргізуші: – СәбитДосанов шығар­машылығы қазақ әдебиетта­нуын­дағы қомақты дүние болып есептеледі. Тәуелсіздіктегі шығармашылық еркіндік жазушыға тың серпіліс бергенін қазіргі кезде айналымға түсіп жатқан шығармаларынан білеміз. Сондықтан, жазушыға алдағы уақытта да тың ойлар мен табысты еңбек, зор денсаулық тілейміз. *** Жазушы Сәбит Досановтың кеш барысында студент-жастарға айтқан тілегінен: – Мен қыздарыма ақыл емес, тілек айтқым келеді, – деді белгілі қаламгер. – Өйткені, «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деген сөз бар. Мен сіздерге ең алдымен еңбекшіл болуды тілеймін. Әрқашан талмай ізденуді әдет қылыңыздар. Одан соң өмірлік жар таңдауда қателеспеулеріңді қалаймын. Біреудің байлығына, атағына, мансабына еш қызықпаған жөн. Жалпы, жар таңдау мүмкіндігі адамға бір-ақ рет берілетін болу керек. Аллла-тағала сіздердің ешқайсыңызға екінші мәрте жар таңдатпай-ақ қойсын деп тілеймін. Одан соң біздің бәріміз де Ұлтқа қызмет етуіміз керек. Ұлтшыл болыңыздар. Өйткені, айналамызда Ел мен Жерге көз алартқан сұғанақ жұрттар көп. Отанды сүйіңіздер. Ол үшін алысқа бармай-ақ, әр жылдарда осы жоғары оқу орнын басқарған апайларыңыздың азаматтығынан үлгі алсаңыздар жетіп жатыр. Және ешқашан да Қазақ қызына тән ибалықты ұмыт­паңыздар. *** Өзара сырласу, бүкпесіз пі­кіралысу сипатында өрбіген кеш тартымды ән-күйге ұласты.

Гүлмира САДЫҚ

qazaquni.kz