Ащы да болса, шындық...
2019 ж. 26 қаңтар
5758
2
АРДАҚТЫ АҒАЛАР ТУРАЛЫ БІР ҮЗІК СЫР...
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ 1983 жылдың қаңтары. «Алматы» мейманханасының астыңғы кабатында Жүсекеңді – Жүсіп Алтайбаевты (Ол – қарт журналшы, жазушы, «Ара-Шмельде» көп жыл Бас редактор болған) кездестіре қалдым. Тонының түймелерін ағытып жіберіп, пенжағының оң жақ жанқалтасына қолын салып, құлдыраңдап келеді. – Жүсеке, ассалаумағалейкүм! – дедім қол созымда кідіріп. Қиыс өте берген Жүсекең қалт тоқтап, маған жалт қарап: – Ә, Ғаббас, сенбісің! Уағалейкүммәссалам! Мұнда неғып жүрсің? – деді. – Мен де бір келіншекпен кездесуге келіп едім, – дедім Жүсекеңмен қалжыңдаса беретін әдетімнен жаңылмай. Ол «хе-хе» деп екі тынысты жекеменшік күлкісін алға жіберіп, содан кейін: – «Таздан тарақ қалғалы қашан», жай, әншейін свежий гәзет ала салайын деп кіріп едім, – деді. Мен: – Мәскеуден үлкен Литфондтың директоры келген, соны орналастырып жүрмін, – деп жөнімді айттым. – Ә, Рахымжанға келген екенсің ғой, жақсы болды... Сенің кездескеніңді айтам, бері, былайырақ жүрші, – деп Жүсекең мені өзіміз кездескен орта тұстан шеткерірекке, қабырға іргесіне қарай икемдеді. Жұрттың жолынан аулақтап барып тұрдық. – Үйіңе телефон шалайын деп ойлап жүр едім, пенсионер болсам да кейде уақыт таппай қалам ба, ұмытып кетем бе, білмеймін, құнттамай жүр едім, шынында, жақсы кездестің, бір әңгіме бар, сен асығып тұрған жоқсың ба? – деді Жүсекең. – Жарты сағаттай уақытым бар, жете ме? – дедім. – Бес минут та жетіп жатыр, – деп жымиды да, әңгімесін бастап кетті. Жүсекең «Ағыбай батыр» деген кітап жазып, оны баспаға тапсырып, бірақ жыры бітпей, біреу олай деп, біреу бұлай деп, соны шығарта алмай, «шақшадай басы шарадай болған» күйде екенін бұрын бір ашынып айтқан-ды. Соның мән-жайын баяндауға, кітап етіп шығаруына жәрдем жасауға көмегі тиер деген оймен Кәкімжан Қазыбаевқа барып жолығыпты. Қазыбаев: «Көрелік, ақылдасалық» деуден аспапты. – Кәкімжан сақ жігіт қой, өзін Орталық Комитетке хатшы болғалы көрмеп едім, жаңа орнымен жақсылап құттықтадым, бірақ жалбақтаған жоқпын, өзің білесің, құдай маған ондай «қасиет» бермеді ғой, ал Кәкімжанға сен туралы айттым, сен оны білуші ме едің? – деп Жүсекең маған барлай көз тастады. – Бір-екі рет кездескенмін, баяғыда, ол «Жетісу» гәзетінде редактордың орынбасары болып жүргенінде, – дедім. – Хатшы болғалы көрмеген екенсің ғой, құттықтап шығуың керек еді, әлі жассыңдар, – деді Жүсекең. – Портфель сұрайтын «сырқат» менде де жоқ қой, Жүсеке, – дедім, оның «әлі жассындар» дегеніне орайластырып. – Өзің білесің, журналда отырған анау Әлжіков қуды сонау жылдары Қызылордадан осында өзім алып келіп едім, күшік кезінде, құйрығынан сүйреп, сол енді... журналдың берекесін кетіре бастады, айналдырған оншақты адамды үшке бөліп, айтыстырып, тартыстырып, пәле болды, – деді Жүсекең кенет шаршай сөйлеп, тыжырыныңқырап. – Е, Жүсеке, кімнің ішіне кім кіріп шығыпты?!. – Сөйтсе де... ол мал болмауға айналды, журналды жұрдай қылады, соны айттым... Кәкімжанға... – деп Жүсекең маған көзін қадай қарап: – Сені айттым, ананы басқа жаққа ауыстырыңдар, орнына Қабышевты апарыңдар дедім! – деді. Мен бетіме біреу су бүркіп жібергендей тіксіне қалдым: – Оныңыз не, Жүсеке?! Маған оның керегі не?! – дедім. – Оным – сол. Журналдың саған керегі болмаса да, сен журналға керексің, сатира үшін керексің. Сенен басқаның ыңғайы келмейді, бірі кәрі, бірі партияда жоқ, бірі ішеді, пәлелер! Жөн – сенікі. Барасың дейді екен, дейтін де шығар, онда сен бар, бас тартпа, ұқтың ба? – деді Жүсекең маған тағы да тік қарап, баласына аманат тапсырып тұрған әкеше қатқыл сөйлеп. Мен енді не дерімді білмей қалдым. Жүсекеңе анық ренжідім. «Адам деген, пенсияға шыққан соң, тыныш қана жүрмей ме екен?! Сізден қызмет сұраған кім бар?» – дей жаздадым. Менің үндемей тұрғанымды неге жорығанын кім білсін, Жүсекең газет-журнал сатылатын жайма жаққа бұрылып қарады да, малақайының маңдайын көтеріңкіреп қойып, жөнеле берді: – Сен Кәкімжанмен хабарлас, ол «көрелік, хабарлассын» деген, «вертушкаң» бар ғой, кешіктірмей хабарлас, ал сау бол! – деп, кетті. Ол кезде мен «СССР Жазушылар одағының Әдеби қоры» деп аталатын Бүкілодақтық үлкен ұйымның Қазақ бөлімшесінде директор едім. Ал Жүсекеңмен жолығысқан күні, бізге Мәскеуден сол Әдеби қорымыздың директоры Юрий Воронин келіп, оны атақты қаһарман ағамыз Рахымжан Қошқарбаев директор болып істейтін «Алматы» мейманханасына орналастыруға апарғанмын (марқұм Рахаң, иманды болсын, қашан барсам да, неше мейман апарсам да, бетімді шіркеулемей кайтаратын; әрқашан: «Әй, осы жазушылардан-ақ көрдім көресімді, басымды қатырмай тез айтшы, өзіңе неше нөмір керек? Баяғы мәскеулік орыс достарың ба?» – деп күлетін де, рұхсат қағазын жазып беретін. Аңқылдап отыратын асыл аға-ай десеңші!) Құрылысы созылып, енді бітуге жақындаған Шығармашылық үйіміздің қалай боларын білу үшін Ю.Н.Воронин Алматыға жиі келетін. Арада бір аптадай уақыт өткенде іңірде Жүсекең телефон соғып, менің Қазыбаевпен әлі хабарласпағаныма реніш білдірді. «Бармаймын» десең сені сүйреп апармайды ғой, хабарласып, кіріп шықсаңшы!» – деді. «Кәкімжанның көмекшісі – Амангелді Қайырбаев деген жігіт. Мен соның телефон нөмірін айтайын, сен жазып ал!» деп және салмақ салды. «Сүйреп апармайды ғойы» көңіліме қонды да, әлгі Амангелдісіне бір күні телефон соқтым. Ақырын сөйлейтін сібірлеу жігіт сияқтанды ол. «Үгіт және насихат бөлімімен хабарласыңыз, солар арқылы келесіз, біздегі тәртіп солай» деп ақыл айтты. Тәртіптің болғаны дұрыс қой. Ақылдың да артықтығы жоқ. Сонымен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт және насихат бөлімімен хабарласып, ертеңінде белгіленген сағатта Күләш Байсейітова көшесімен көтерілдім де, теңіз төсінде тұрған алып ақ кеме тәріздес алты қабат үйге бардым. Орталық Комитетке бірінші баруым. Үйдің іші де сыртына сай салтанатты екен: кілең мәрмәр, гранит, емен, никель бұйым-бөлшектер, аяқ астың былпылдаған қызылала түкті кілемше, тіпті, табанымның таңбасы түсіп, кірлетіп алар ма екенмін деп жасқанғандайсың. «Пропуск бюросының» рұхсат қағазында көрсетілген бөлмеге кіріп едім, бауырсақ мұрын орыс келіншек: «Бөлім меңгерушісінің орынбасары тосып отыр, кіріңіз» деп оң қол жақтағы есікті нұсқады. Онда кіріп едім, ащытқысы келістіріліп пісірілген тоқаштай томпиған аппақ жігіт жылы шыраймен қарсы алды. Ақ шала бастаған қара бұйрасын шашты. Таныстық. Аты-жөні – Әбдеш Қалмырзаев екен. Әңгімелестік. «Ара», «Шмель» журналдарының соңғы бірнеше сандарын алдына жайып салып, о тұсы мен бұ тұсына қызыл қарындашпен қойылған белгілерін көрсете кейіп сөйледі. «Журналдың қазақшасы да, орысшасы да журнал болмай барады, қараңызшы, міне, жаңажылдық нөмірлерінің мұқабасындағы суретке қараңызшы, ұят емес пе? Бөлке нанның үстіне бөтелке арақ қойыпты, сонда жаңа жылды арақ ішумен қарсы алыңдар дегені ғой!» деп ренжиді. «Мейманқостықты насихаттағаны шығар?» деймін. «Насихаттарының, түрін, тіпті, ұят!» дейді орынбасар жолдас. Әбдеш мені бөлім меңгерушісіне ертіп барып таныстырды да, өзі шығып кетті. Меңгеруші Георгий Шестаков ойлана сөйлейтін биязы адам екен. Сатира журналының редакциясында береке қалмағанын, бар-жоғы он жорналшы үш топқа бөлініп, бірімен-бірі жұлқысып, Орталық Комитетке арыз-шағым айдаумен жүргендерін, олар туралы «домалақ хат» та көбейіп жатқанын, соларды қараумен, реттейміз деумен өздерінің де жүйкесі жұқарғанын әзілдей отырып айтты. «Журналға барғаныңыз жөн, бірлесіп жұмыс істейміз» деді. Оған ойланайын деп кеттім. «Ойланайынымның» түбі идеология жөніндегі хатшы Кәкімжан Қазыбаевқа терістеу көрінсе керек, бір күні оның қабылдау бөлмесінен бір-ақ шықтым. Орта бойлы, көзі бажырайған, өңі қожа нәсілдес қара қошқылдау жігіт – Жүсекеңнің Аманкелдісі маған қадала қарады. Жүзіне күлкі нышаны жоламағалы біраз жыл болған сияқты. Маған құдды көңіл айтатын кісіше тұнжыраңқы келіп, оң қолын ұсынып: «Сіз кім боласыз? Документіңіз?» деді құпия бірдеңе айтқандай күбірлеп. Мен СССР Жазушылар одағының мүшелік билетін алып ұстаттым. Жігіт билетімді ашып, оқып, сонсоң өзіме қайтарды да, үнсіз бұрылып, есіктің оң жақ қапталындағы жалпақ столына барды, онда тұрған жазу мәшіңкесіне бір жапырақ қағазды қыстырып, бір-екі сөз жазып алып, сірә, менің аты-жөнім шығар, соны оң қолына шошайтып ұстаған күйі қызыл қоңыр емен есікке қарай бұрылды; қайраттылау қара шәшін сол қолымен бірер сипап, пенжағының өңірін де бірер сипап, галстугын ырғап қойып, ішке еніп кетті. Оның сахнаға шығатын артисше сыланғаны маған қызық көрінді. «Артист» ізінше оралды да, маған ішке кіруге ишара жасап, өзі жалпақ столына беттеді. Нән-нән қос есік еменнен жасалмаған, қалың матадан тігілген тәрізденіп, ешбір дыбыссыз ашылып жабылды. Соған іштей таңдана тұрып, бөлме төріне көз жібердім. Қозы өрісіндей дерлік тұстағы төргі қабырғада Лениннің үлкен портреті ілінген. Оның астыңғы жағындағы үстел басында Кәкімжан Қазыбаев отыр. «Келіңіз, төрлетіңіз!» деді ол, қағазынан бас көтермеген қалпында. «Төбесімен көріп отырғаннан сау ма?» деп іштей күлдім де, Кәкеңе қарай аяңдадым. Жете бере: – Ассалаумағалейкүм! – дедім. Орнынан тұрып, маған қарсы қозғалған Кәкең сәл жымиып: – Ә, Ғаббас, сәлеметсің бе? – деп қолын ұсынды. «Уағалейкүмәссаламды» айтпады, саясатшы ғой, бірақ жымиды, «ұмытпаған екен» деп ойладым. Ол менің ойымды оқып қойғандай: – Ғаббас жолдас, сен оншама өзгермепсің, сол қалпың, мен ұмытқан жоқпын, – деп жылы сөйлеп, аман-есендігімді сұрады. Қиыстау тұрған үстелдің кеуде тұсындағы арғы шеттен екінші орындыққа отырды да маған қарсысынан орын нұсқады. Содан кейін тағы да жымиып: – Бір қалада тұрсақ та, жүз көріспегенімізге үш-төрт жылдай болып қалды-ау, ә? – деді. – Жазушылар съезінде жолыққанбыз, иә, төрт жыл болды. Жаңа орныңыз құтты болсын, мәртебіңіз өсе берсін! Әдейілеп келуге ыңғайсыздандым, уақытыңызды алмайын деп ойладым, – дедім. – Е, қызмет – қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ, оны қайтесің. Міне, жарты жылдай болды ма, бір әңгіме жазуға уақыт таппадым, творчествома обал болды. Сендер рахаттасыңдар ғой, жылара бір кітап шығарасыңдар! –деді Кәкең, дауысынан шынында бір сызат сезіліп, сірә, жазушылығын билікке айырбастағанына өкініші бары рас болса керек. Бірақ мен сене қоймадым. Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы болғанына риза емес деу көкейге қонар ма?! Риза болмайтыны бар – неге келді? «Сүйреп апармайды» ғой?!. – Кәке, біз жазғанымызды әрең шығарамыз, баспаға, анау баспасөз жөніндегі комитетке, одан сіздердің бөлімдеріңізге жалтақтап жүргеніміз. Ал сіздерге оп-оңай емес пе, жазсаңыздар болды – өзінен-өзі кітап болып шығып жатады, – дедім. Кәкең орындықтың биік арқалығына шалқия сүйеніп, сиыр жалағандай жып-жылтыр боп жатқан тықыр қара шашын қос алақанымен сипағандай ишара жасап, жайдарлана ақырын ғана күлді де, қараторы дөңгелек жүзіне жарасымды қой көзімен барлай қарап: – Ғаббас, сен де айтасың-ау! Бір әңгіме жазбағалы қашан! Жазбаған дүние қалай шықсын?! Уақытымның бәрі мына жұмыспен өтіп жатыр, тіпті сенбі, кейде жексенбі күндері де осында отырамын, командировка дегенің – өз алдына бір қиямет, – деді. – Мүмкін, – дедім. – «Мүмкін»... Жарайды, ал өзіңнің қызметің қалай? Сықақ әңгімелеріңді оқып жүремін, бірақ сен сирек жарияланасың, әлде сенде де уақыт жоқ па? – деді Кәкең. – Творчество үйін салдырамыз деп әуреге түсіп, мен де уақытқа жарымайтын болдым, – дедім. – Жарайды, – деп Кәкең салмақтана қалып түзу отырды да, маған салқындау қарап: – Сені «Ара-Шмель» журналына бас редактор етіп тағайындауды ұйғардық, ал сен бөлім меңгерушісіне анық жауабыңды бермепсің, оның қалай? – деді. – Барғым келмесе, басқа не айтуым керек? – Барамын, бармаймын деген болмайды, партияның сенімін ақтау деген болады. – Кәке-ау, мені қинамаңызшы! – Себеп? – Творчество үйін табанымнан тозып жүріп салдырттым, бейнеттің көкесін көрдім, енді соның рахатын да көрейін, тым болмаса екі-үш жыл?! – Оның рахаты ешқайда қашпайды, өздерің үшін салдыңдар, рахатын да өздерің көресіңдер, ол әңгімені қоялық осымен. – Сонда... – Журналдың халі қиын, оны оңдауымыз керек. – Кәке-ау, сонда менен басқа барар кісі жоқ па? – Сатиралық журналға сатирик қана басшы болуға тиіс, ол бір ізбен тарта беретін басқа газет-журналдардай емес. – Сатирик те жетеді... – Ғаббас, кадр жоқ емес, бірақ біз саған тоқтадық, өйткені сұрыптағандарымыздың бірі партияға мүше емес, бірі орыс тіліне шорқақ, бірі ішіңкіреп жүреді... қысқасы – біз сені ұйғардық. Жүсіп Алтайбаевтың анау жолы мейманханада кездескенімізде айтқан мағлұматын енді Кәкеңнің аузынан естідім. – Кәке, сенім білдіргендеріңізге рахмет, алайда мен бара алмаймын, – дедім, «сүйреп апармайтындарын» есте ұстап. – Неге бара алмайсың? – деді Кәкең, шұқшия қалып. – Қып-қызыл отқа түсіп не сорым? – Ештеңе етпейді. – Жоқ, бармаймын! – Ғаббас, сен қызбаланба, –деді Кәкең, ақырын сөйлесе де ақырғанға татырлық зілмен. – Енді... – Тоқта, қызбаланба. Біз көкбазарда отырған жоқпыз, саудаласпайық. Қалтамызда партбилет барда біздің қайда, қашан барарымызды шешетін, иә, шешетін орын бар. Алдымыздағы аптаның сейсенбісінде бюро болады, сонда бас редакторлыққа бекітілесің, дұрысталып кел. Сау бол! – деп Кәкең қолын ұсына орнынан тұрды. Менің жаным шыр етті. – Кәке!.. – Басқа айтарың болса, кейін әңгімелесеміз, ал бүгінгі сөз осымен бітті! – деп ол үстеліне қарай беттеді. Менің амалым құрыды. «Партия айтты – бітті!». Белгілі жәйтті бекерге шығарғым келгені неткенім?!. Мен есікке қарай аяңдадым. – Айтпақшы, Ғаббас, баяғыдағы саудаласқанымыз да жетер, есінде ме? – деді Кәкең ту сыртымнан. Дауысы көңілді шықты. Мен естімеген кісіше кете бардым. «Көңілдене қалғанын!» деп іштей қыжырттым; қолымнан келгені сол болды. ...Кәкеңнің «баяғыдағы саудаласқанымыз да жетер, есіңде ме?» дегенінің әлде қызық, әлде шыжық сыры бар. Ол «сауда» бұл «саудадан» он тоғыз жыл бұрын болған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқып жүрген кезім. Көктемде кезекті сессияға келгенбіз. Бір күні старостамыз газеттің техникалық көркемделуінен лекция болатынын, сонсоң одан сынақ тапсыратынымызды ескертті. Лекция оқуға келген жігіт өзін: «аты-жөнім – Кәкімжан Қазыбаев. Алматы облыстық «Жетісу» газетінің редакциясында редактордың орынбасарымын», – деп таныстырды. Қоңыр үнмен ақырын сөйлейді екен. Сабырлы, салауатты. Лекциясын үш күн оқып, соңында сынақ алды. Бізбен қоштасып тұрып, маған иегін ұмсынта қарап: – Сіз, Ғаббас жолдас, макеттің мастері екенсіз, қай гәзеттен келдіңіз? – деді. – Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» гәзетінен, – дедім. – Ә, Мұқан Әбуғалиевтың кадры екенсіз ғой? – Иә, сол кісінің кадрымын. – Жауапты хатшысыз ғой? – Иә. – Жүріңіз, далаға шығалық, әңгімелеселік, – деді. Екеуіміздің әңгімеміз «Жетісу» газеті редакциясына, жауапты хатшының орынбасарлығына шақырылуыммен аяқталды. – Әзірше, бірер ай орынбасар боласыз, содан кейін жауапты хатшылыққа тағайындаймыз, бізге бір тиянақты жауапты хатшы керек болып жүр, – деді Кәкең. – Алматыда журналист көп емес пе? – дедім. – Журналистің кез келгені жауапты хатшы бола ала ма? – деп қарсы сұрақ қойды. Мен үндемедім. Көкейімнің сонау да сонау түкпірінде «Шіркін, Алматыда тұрсам ғой!» – деген бір арман бұғып жатушы еді, сол пақыр ұшып тұрып, қуаныш биін билей жөнелгендей күй кештім. – Ертең редакцияға келіңіз, сағат он шамасында, жарай ма? – деді Кәкең. – Жарайды, – дедім мен. Ертеңінде «Жетісу» қайдасың?» – деп тартып келе жатыр едім, Панфилов көшесінен Совет көшесіне бұрылар бұрышта Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовке кез болдым. Көгенкөз таныстар шұрқыраса табыстық. – Қайнына ұрын аттанған күйеудей қайда асығып барасың? – деді Шәмші мәз болып. – Ойбай, бір қызық бар! – деп қайда, неге кетіп бара жатқанымды баяндап бердім. – Дұрыс, дұрыс, Алматыға келгенің дұрыс. Астананың аты – астана. Оспанханға сарбаз боласың, кітаптарыңды шығарасың, – деп Шәмші шын қуана құптады. – Дұрысы дұрыс қой, тек пәтер жағы қинап жүрмесе, – деп Жұмекен сабыр сақтай пікір қосты... – Пәтер деген мәселеде біздің көмегімізге сенуіңізге болмайды, ол жағына ұяттымыз, қызметкерлеріміздің біразы пәтерсіз жүр, қалалық Совет бізге оң көзімен қарамайды, – дегенді «Жетісу» газетінің редакторы Әбдуәли Қарағұлов бірден айтты. Кәкең мені өз бөлмесінде көп кідіртпей, сол кісіге алып барып таныстырған-ды. Әбекең байсалды адам екен, өзі тым ақырын сөйлейді, «Кілең ақырын сөйлейтіндер жиналғаннан сау ма?» деп іштей күліп қойдым. Редактордың кабинетіндегі «жылы шырайлы достық әңгімеміз» нақты келісімсіз тәмәмдалды. Әбекең: – Қызметіңізде перспектива бар, Кәкең айтқан болар, – деп тоқтады. – Бізге сіздей кадр керек, келіңіз, өкінбейсіз, – деп Кәкең тұжырды. – Ойланайын, үй-ішіммен ақылдасайын, хабарласамын, – деп мен кеттім. Дәлізде Жұмекен тұр екен. – Иә, қалай? – деді ол, көзі жылтырай жымыңдап. – «Қалайың» не? Үй-ішіммен ақылдаспай не дей аламын? – дедім. – Біздің журнал да осы үйде, бірақ менің бөлмем оңаша емес, үш кісі отырамыз, жүр, далаға шығайық, саған бір қызық айтайын, – деді Жұмекен. Ол «Мәдениет жөне тұрмыс» журналында бөлім меңгерушісі. Екеуіміз сыртқа шықтық. – Иә, не айтасың? – дедім. «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында бір орын бос көрінеді, сен мынаны қой да, соған бар! – деді Жұмекен. – Мен келісіп қойдым ғой, – дедім, қалайша олай дегенімді өзім де аңғармай. – Келісіп қойғаның қалай? «Үй-ішіммен ақылдаспай не дей аламын» дегенің қайда? – Келетін шығармын деп ойладым да. – Тәйір-ай, «келісіп қойдым ғой» дегенің сол ма? – деп Жұмекен ақырын ғана күлді де: – Әдебиет газетіне барғаның дұрыс болады, онда да жауапты хатшының орынбасары керек екен, жаңа анықтап білдім, аптасына бір рет шығатын газет. Мәкет-сәкет дегенің – өзіңнің қолың, сызы-ы-ып отырасың. Әңгімеңді жазуға да уақытың жетеді, – деді. – Мені не қылады олар? Мен жазушы емеспін ғой? – Барып көрсеңші, тоныңды шешіп алмас. Бар, редакторы Нығмет Ғабдуллин деген жазушы, жақсы адам, тура өзіне барып сөйлес, мен де сөйлесейін. – Жұмекен-ей, сен қызық екенсің? – дедім шын таңданып. – Ғабекесі-ей, сен де қызық екенсің, жан тыныштығыңды білмейтін! – деп Жұмекен қарымта қайтарды. Үнінен реніш табы аңғарылды. – Жарайды, барып көрейін, – дедім. – Сөйт, молодец! – деп Жұмекен жайдарлана қалды... «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы Нығмет Ғабдуллин мән-жайымды тәптіштеп сұрап алды да, басын сәл қисайта шалқайыңқырап отырып: – Орынның бары рас, жауапты хатшымызға орынбасар керек. Оның міндетін өзіңіз білесіз, сіз өткен мектеп. Ал ол орынға алсақ, осында да адам жеткілікті, журналист дейсіз бе, жазушы дейсіз бе, бірақ... ашық сөйлесейік, сіз арақ деген пәлемен қалайсыз? – деді. – Ол пәлемен әуестігім жоқ! – Рас қой? – Сенсеңіз де, сенбесеңіз де – осы. Бар-жоқ шынымды айтып отырмын. Бас редактор күлді. Сонсоң: – Қызметке алындым деп есептей беріңіз. Пәтер мәселесін де шешерміз, – деп қолын ұсынды. Мен Өскеменге жетісімен үй-ішіммен ақылдасып, хабарын дереу беретінімді айттым... Сөйтіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына бір аптада қайтып оралып, қызметке кірісіп те кеттім. Жауапты хатшы ақын Ғаббас Жұмабаев екен. Мен оған орынбасар болып, ұзынды-қысқалы екі Ғаббас дізе қостық... Үш күннен кейін, түс әлетінде, жауапты хатшы Ғабекең: – Ұзын Ғаббас, жүр, баспаханаға кеттік. Терім цехындағы қыз-келіншектермен танысасың, осы нөмірден бастап газетті шығарудың басы-қасында өзің боласың, мен әбден шаршадым, дем аламын, – деді маған. «Әбден шаршадымын» түсінбедім. Күнде шығатын облыстық газет редакциясының азаннан іңірге дейін толастамас қарбаласынан «Қазақ әдебиетіне» келген мен болсам, кешіккен көктемнен соң жайлауға шыққандай бір мамыражай күй кешіп, тіпті екі қолым алдыма сыймауға айналған-ды. Облыстық баспахана цехының қолқаңды қабатын қорғасын иісін іздей бастағандай да едім. «Қысқа» Ғаббасқа қуана ілестім. Баспахана «Көк базардың» қасында екен. Көп қабатты үй. Бұл – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің газет-журнал баспаханасы. – Республикалық газеттер мен журналдардың бәрі осында басылады, қазір көресің. Әрине, әуелі өзіміздің газеттен бастайсың, – деді жауапты хатшымыз. Үшінші қабатқа көтеріліп, еңселі кең залға кірдік. Жап-жарық, тап-таза, иіс-қоңыс сезілмейді. – Ғабеке, біздің облыстық баспаханаға қарағанда мынау ханның сарайындай екен! – дедім. – Рас, рас, – деп «қысқа» Ғаббас қырылдап күлді. Зал газет беттелетін цех екен. Көзіме таныс станоктар тізіліп тұр, әрқайсысының жанында шұқынған метранпаждар – газеттің металл беттерін құрастырушылар. Жауапты хатшы ұзын қатардың орта тұсындағы бір станоктың қасына тоқтады да, қысқа жең сарғыш көйлек киген, қоңыр алжапқыш байлаған сұңғақ бойлы, қыпша белге: – Зина, хал қалай, айналайын? Набор дайын ба екен? – деді. – Сәлеметсіз бе, аға? Бүгін жағдай жаман болмас, газет ерте шығатын шығар, – деді ол, бізге асықпай бұрылып. Қасы-көзі қиылған сұлудың өзі екен! – Зина, айналайын, танысып қой, мына жігіт, – деп жауапты хатшы мені иегімен нұсқады да: – біздің секретариатқа жұмысқа алынды, бүгінгі макетті сызған осы жігіт, аты – Ғаббас, тек фамилиясы – Қабышев, – деді күліп. – Сізбен аттас екен ғой, – деді Зина сызыла қарап. – Иә, мұның да аты – Ғаббас. Бұл келісімен мен «қысқа Ғаббас» атандым, көріп тұрсың ғой, бұл сорайған ұп-ұзын, – деп хатшы маған күле қарады да: – ал мына қарындасымыз – Зина Сапарханова, біздің метронпажымыз, яғни гәзет беттеушіміз, – дей беріп, кенет өзіміз келген жаққа қарап; – Ә, Кәке, қалайсың, денсаушылық па? – деді. Бұрылып қарасам, Кәкең, Кәкімжан Қазыбаев тұр! Өне-бойым дуылдап кетті. Кәкең Жұмабаевпен, Зинамен сәлемдесіп, сонсоң маған қолын ұсынып: – Иә, келіп те қалдың ба? Жақсы. Мен бүгін кезекші едім, жағдайды біліп шығуға кірдім, – деді. Мен не дерімді білмей, сірә, қапияда қолға түсіп қалған қашқынға ұқсаған болармын: – Кәке, мен... кешіріңіз... «Қазақ әдебиеті» газетіне... әдеби орта ғой деп... сонда орналастым... – деп міңгірледім. – Өй, таныстырайын десем, өздерің де таныс екенсіндер ғой! Ғаббас – дүйсенбіден бастап біздің қызметкер, менің орынбасарым, – деді Жұмабаев. – Солай ма?.. Жөн-жөн... – деп Кәкең жайлап бұрылып жүре берді. Мен қысылғанымнан, әй, терлеп кеттім білем. Әй, түйсіксіздік-ай, Кәкеңе барып, мән-жайымды айтып, кешірім өтініп шықсамшы! Өшім бардай алдап кеткен болдым-ау!.. Орталық Комитеттің бюросында «Ара-Шмель» журналының бас редакторлығына бекітілдім. Журналистік өмір жолым жөніндегі ресми ақпарды бюро мүшелеріне Кәкең оқып берді. Бюроны басқарып отырған Димекең, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев: – Қабышев жолдасқа сұрақтарыңыз бар ма? – деп көпшілікке қарады. Сәл-пәл үнсіздіктен кейін әлдекімдер: – Түсінікті ғой. – Сұрақ жоқ, – десті. – Онда бекітеміз бе? – деп Димекең қолын көтерді. Бюро мүшелері болар, он шақты адам қосыла қол көтерісті. – Ғаббас Қабышев жолдас, сіз республикалық «Ара-Шмель» сатира журналына бас редакгор болып бекітілдіңіз, құттықгаймын! Журналдың абыройын көтеретін болыңыз! – деді Димекең. – Сенім білдіргендеріңізге рахмет! – дедім. – Сіз бара беріңіз, боссыз, – деді Кәкең. ...Кәкең біраз күннен кейін «вертушка» телефоны арқылы өзі хабарласып, құттықтап, журналдың беделін күшейту, тиражын көбейту қажеттілігіне қатысты пікірлерін білдірді. Менің жаңа қызметке кіріскеніме екінші апта басталғанда болар, бір күні Жүсекең, Жүсіп Алтайбаев, келіп, құшақтап құттықтап: – Қызылорда жаққа бір туыстардың шаруасымен барып келдім, әйтпесе, сені сол күні-ақ құттықтамаймын ба?! – деді, құдды кешірім сұрағандай болып. – Ай, Жүсеке-ай, тыныш жүрмейсіз, ә?! Осы «пәлені» бастаған сіз емей, кім? – дедім, жорта қинап. – Шынымды айтайын, «Кім лайық?» деп сұраған Кәкімжанның өзі, ал мен – кандидатураны ұсынушы ғанамын. Оны қойшы, жалпы, Кәкімжанның сол орынға апарылғаны өте дұрыс болды. Өзі идеологияның адамы ғой, жазушы ғой, өте дұрыс болды! – деді Жүсекең, айызы қана. «Дұрыс болдының» ақыры қалай болғанын кім білсін, Кәкеңнің хатшылық ғұмыры ұзаққа созылмады. Жиыны үш жылға жетті ме, жетпеді ме, ол орыннан сырғытылып, «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторлығына тағайындалды. – Кәке, егер мен бірдеңе білсем, творчествоңыз үшін осы орныңыздың өзі қолайлы болар, – дедім кабинетіне барып, сырттай құттықтау, іштей жұбату айта отырып. Кәкең қалайда біртүрлі ашыла күлді. Кәкеңнің Орталық Комитеттегі хатшылық қызметінде кінәрат болды дей алмаймын. Ол өткізген мәжілістерге үнемі қатысып жүргенде оның мәдениет, әдебиет, өнер мәселелерінің арғы-бергісін, мән-маңызын, күн тәртібіне қойылу ретін, шешімін табу дегендеріңізді қапысыз білетініне көзім жетті. Кәкең әрқашан сабырлы, салмақты, татымды сөйлейтін. Басқалардың пікірін мұқият тыңдайтын. Қаншама қисынсыз, қиын сөз туындаса да, оның өктемденгенін, дауыс көтергенін көрген емеспін. Сол тұстағы гәзет-журнал редакторларының бәрі де Кәкеңнің алдында еркін отырып, ашылып сөйлеп, көңілденіп тарасатынбыз. Зейнеткер қарт журналистер: «Идеология жөніндегі хатшы дегенде марқұм Ілияс Омаровтан берідегі білімдары, орнықтысы – осы Кәкімжан» деп дән риза болып жүретін. Олар кейінде «Хатшы іздесең, енді Өзбекәлі Жәнібековтен артықты таба алмайсың!» десіп, әділ бағаларын айтып еді. (Сөз реті мынаны айта отыруымды қалайды: өзі ырықсыз апарған компартиям «Ара-Шмельден» өзі қуған соң бір жарым жыл жұмыссыз жүргенмін, сондай «керексіз» кезімде Орталық комитетке хатшы болып оралған Өзекеңе бардым бір күні. 1988 жылдың орта тұсы-ау деймін. Жылы қарсы алды. «Ә, Ғабеке, сәлеметсіз бе?» деп ақырын ғана сөйлеп, орындықты мегзеді. Бірінші рет жүздескенім. Сырттай ғана білетінмін: комсомолда, мәдениет министрлігінде, партияның Орталық комитетінде, Торғай облысында, Алматы облысында нендей қызметтер атқарғанынан хабардармын. Әсіресе, Торғайдағы азаматтық, адамгершілік игі істеріне қанықпын. Мен уақытын көп алмасымды мәлімдедім де, өзімнің қайда, кім болып істегенімді, сатиралық журнал басшьшығынан қалайша «өз өтінішіммен» кеткенімді қысқаша айттым да: – Өзеке, әңгіме осылай. Біздегі қитұрқылықтың ықпыл-жықпылын өзіңіз де жақсы білерсіз, мені түсінген шығарсыз. Колбин-камалиденовтердің зорлығы өтті-кетті, құрысын, бірер коммунистің иттігін бүкіл партиядан көруден аулақпын. Пенсияға дейін сегіз жылым бар, өзімді кадрым деген Орталық комитеттен қызмет сұрамай жүре беруге жағдайым жоқ, осыны қаперіңізге аларсыз, – деп орнымнан көтерілдім. Ол да түрегеліп, қолын ұсынып: – Ойластыралық, көрелік, – деді, әуелгі ақырын сөйлеген мәнерінде. Ал мен жағдайымды баяндаған мезетте маған анда-санда салмақты қарап қойып, қолына алған карындашын баяу айналдырып отырды, бірер сұрақ бергеннен басқа дәнеңе демеді. Мен ол селқостығын іштей ұнатпай, оғаш мінез-ғадетіне жорып шықтым. Сонымен тындық. Өзекең жақтан хабар-ошар болған жоқ. Мен есігін екінші рет қақпадым. Өзекеңнің өзіммен жүздескендегі мәнерінің мәнін кейін ұқым. Қоянқолтық қызметтес болмаған соң кімнің болсын тірлігін сырттай ғана білесің ғой, мен Өзекеңнің Д.А.Қонаевқа қалайда ұнамай қалып, бір жарым-екі жыл сайын орын жаңартып жүргені жайында әрқилы әңгіме еститінмін. Сөйтіп, жоғарыдағыларға сенімі жоғалған ол менімен шешіліп сөйлеспеген болса, онысы маған жәрдем жасау кепілдігі жоқтықтан екен. Өзекеңнің «Тағдыр тағылымы» кітәбін оқып шыққаннан кейін осындай тұжырымым туды. Алматының «Рауан» баспасы 1996-1997 жылдары шығарған шағын екі кітәбінде Өзекең бүкіл тірлігін айтып берген. Қазақтың мәдениетіне, өнеріне аса мол еңбек сіңірген Нағыз Азамат Аға Өзбекәлі Жәнібеков десем керек!.. Қолындағы мүмкіндігіне қарай халқына қыруар жақсылық жасаған Өзекеңнің әлі де жасары бар екен, амал не, жасап үлгірмепті, жасатпапты. Қонаев оның ерекше іскер, жігерлі екенін тани тұра бір ғана қарсы әрекетін кешіре алмаған, ал қашанда бірінші басшының алдында өзі ғана жақсы болып көрінуді көксейтін басқалар, әсіресе, Өзекеңнің өзі айтқандай, «бір бюро мүшесі» оны үнемі аяқтан шалып, етектен тартып, Димекең екеуінің арасына сына қағып отырған (ол жылдары Қонаевқа аса ықпалды болған сол «бір бюро мүшесі» Асанбай Асқаров көрінеді. Сондай сорақылыққа саналы түрде жем болған (бір рет қана емес-ау!) Димекең бірде Өзбекәліні Орталық комитеттің бөлім меңгерушілігінен жиырма минутта босатып жіберген. Жазықсыз жәбірлеген. Өзінің орынсыз нұсқауын орындамаған сонау бір әрекетін ұмытпаған, кешірмеген. «Бір бюро мүшесі» сияқтылар ұмыттырмаған, кешіртпеген. Димекең өзінің тақтан одан да тез, небары он сегіз минөтте түсіп қаларын қайдан білсін!..). Әдебиет, өнер, ғылым саласында еңбек еткен зейнеткерлерде бір қызық та жақсы әдет бар. Олардың бірсыпырасы күн ашықта, жылыда опера және балет театрының оң қапталындағы Мұхаң (Мұхтар Әуезов) ескерткіші жанына жиналып отырып, әңгіме-дүкен құрады, өткен-кеткен оқиғаларды әңгімелейді, пікір алысады, естелік айтады, әзілдеседі. Орталық Комитеттің хатшыларына қатысты тұжырымдарды сол кісілерден естіген едім. Көп жыл хатшы болған Саттар Имашев туралы: «Е, ол қазақтың рухына қызмет етпей-ақ кетті емес пе?!» десе, Нұрымбек Жанділдинді: «Ол мынау Камелиденев екеуі тасырандаудан басқа не бітірді?!» деседі. Мен Имашевты да, Жанділдинді де сырттай ғана білдім, ал Зақаш Камалиденов жалпыға мәлім. «Студенттердің басым көпшілігі – қазақтар!», «Ауыл шаруашылығында награда алғандардың көбі – қазақтар!» деп партияның бір құрылтайында беталды лаққан-ды. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінде, одан соң да оның қазақ жастарына, қазақ зиялыларына колбиншіл шоқпар болғанын ешкім ешқашан ақтай алмақ емес! Имашевқа қатысқы бір ғана деректі айта аламын. «Қазақ әдебиеті» гәзетінің редакциясында істеп жүргенімде Бас редакторымыз жазушы Нығмет Ғабдуллин бір күні бәрімізді жиып алды да, Орталық Комитеттің хатшысы Имашев жолдаспен сөйлескенін, одан гәзеттің көлемін ұлғайтуға, жалақыны, қаламықыны көбейтуге көмектесуін сұрағанын, хатшының уәде бергенін қуана хабарлап, жауапты секретарьға тиісті баспаханалық-қаржылық документтерді тез әзірлеуді тапсырды. Қажет документтер тез дайындалып, Д.А.Қонаев жолдастың атына хат жазылды (әрине, Жазушылар одағы атынан), Нығаң оның бәрін Имашевқа табыстап келді, бірақ, ешбір жақсылық өзгеріс болған жоқ. Кейініректе Нығаң өтінішті, басқа құжаттарды жаңалап, Димаш Ахметұлына барып шыққан соң ғана мәселе тездетіліп, оң шешімін таба алған. Ал редактор-әріптесім болған Кәкеңмен кейінде бір әзілдесе әңгімелесіп отырып: – Кәке, шыныңызды айтыңызшы, анау үлкен үйден мына кіші үйге тез келуіңізге не себеп болды? – дедім. Ол жымыңдап қарады да: – Оны қайтесің? – деді. – Енді... біле салайын да! Кәкең күлді. Сонсоң: – Бәрін білмей-ақ қой, шет-жағасын айтайын. Бір жағымнан «қазақтың тұңғыш профессионал режиссері менмін!» деп буырқанып, Жұмат Шанинның аруағынан аттап кетіп жүрген анау ағаң шабуыл жасады. Ал жол, ақиқатында, Жұматтікі. Қай салада болсын тұңғыштың аты – тұңғыш. Кейінгілері оны қастерлеуге тиіс. Мәселе дипломда емес. Сірә, бара-бара Абай мен Жамбылды да дипломы болмаған деп қомсынатын шығармыз. Екінші жағымнан шабуылдағаңдар да – нағыз «профессионалдар», жоғарыға арыз жазуға әбден төселгендер. Олар – өзіміздің әйгілі топшыл қаламдастарымыз. Отыз шақтысы қол қойып, қатырып арыз жазыпты. Политбюроға, Мәскеуге. Мені саяси дайындығы кем, ортақол журналист, оның үстіне рушыл депті. Басқа жақтан шыққан редакторларды қуып, өзінің руластарын қоя бастады депті. Ақселеу Сейдімбеков екеуіңді мысал етіп көрсетіпті. Қызық, ә? Ақселеудің «Білім және еңбекке» баруы маған дейін шешілген, ал сені «Араға» апару сатиралық журналдың кешегі Ғабең, Жүсекең шығарған биіктен құлдырап кеткеніне жанымыз ауырған соң жасаған шарамыз еді, при чем тут рушылдық? Менің бойымнан рушылдық «тапқандары»... – деп Кәкең мырс-мырс етіп, басын шайқады. – Ой, Кәке-ай, иттің басы неге ауыратынын білесіз ғой! – деп едім, қолын үстелге тірей шалқайып күлді. qazaquni.kz