Жадыра Дәрібаева: Сүмбіл көкке күнде жүрем ынтық боп...
2018 ж. 12 қараша
5353
0
Белгілі ақын Жадыра Дәрібаева жетпіс жасқа толды. Шайырдың жырлары өзінің ұяң мінезі іспеттес үлбіреген биязылығымен, жұпар самалдай желпіген нәзіктігімен, терең сыршылдығымен ерекшеленеді.
Тағы бір ғажабы, Жадыра өлеңі асқақ рухтан да кенде емес.
Жадыра Дәрібайқызы 1948 жылы 4 қыркүйекте Қызылорда облысының Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданынының орталығында дүниеге келген.
1964-1968 жылдары Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы Қыздар педагогикалық училищесінде, 1970-1975 жылдары Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқып, тәмәмдаған.
1976-1981 жылдары Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтында дәріс берген.
1982 жылы Алматы қаласына ауысып, Қазақстан Жазушылар одағында, «Қазақстан әйелдері» журналында, Біріккен Ұлттар ұйымының Даму бағдарламасында жұмыс істеген.
1990 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Гүлжайна», «Мейір», «Біздің жақтың аспаны», «Қасиеттілік шырағы» жыр жинақтары, «Ақ бура сезімдер» атты әңгімелер жинағы, «Сырдария кітапханасы» сериясымен бір томдығы жарық көрді.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік Әнұраны мәтіні авторларының бірі. «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері.
Оқырман назарына ақынның бір топ өлеңдері ұсынылып отыр.
Найзағайлы, ай қабақты от жалын...
Жарық дүние, кереметсің, керемет,
Сен де мені, мен секілді керек ет.
Күрең-күрең көбейттірмей күндерді,
Қуатың мен берекеңнен бере кет.
Сүмбіл көкке күнде жүрем ынтық боп,
Сезімдерім төгіледі мың шық боп,
Жалт-жұлт еткен ұшқын – әлем ішінде,
Тірі жанға тиер титтей қырсық жоқ.
Бәрі-бәрі жердің сілем төсінде,
Адамдығың ұшырасып кесірге,
Уыз таңмен оянасың уылжып,
Бүлінесің жетпей жатып бесінге.
Таңдай қағып, таңырқаудан басталған,
Нұрлы әлем, сені сүйіп қарсы алғам.
«Жеті қабат аспан үстін көрсем», – деп
Сәби көңіл қиялдаған, тамсанған.
Тазалық пен пәктік бар деп тек сонда,
Жүрсін деумен Тәңір салған ақ жолда.
Жақсылыққа баулып келем жақынды,
Түспесін деп сайтан құрған мың торға.
...Найзағайлы, ай қабақты, от жалын,
Білдім енді бұл дүниеде бақ барын,
Әрбір ізгі адам үшін хақ әлем
Көзін ілмей күресіп-ақ жатқанын!
***
Дауылға тосып кеудемді,
Дедім мен: «Сендім өзіңе!»
Ұшықтап көңіл – меңіреуді
Оралдым кәусар кезіме.
Ашынып кеттім біртүрлі,
Жалындап шықпай жас үнім,
Жоғалтып күндей күлкімді,
Жылаудан қанша жасыдым.
Біреуге сеніп соншама,
Түптемей, ұқпай түбірін,
Именіп кірдім ортаға
Күншілдің естіп күбірін.
Айдыны айқын болмады,
Сұңғыла еді сезімім,
Әбіржітті де қорлады,
Сүрініп қалды-ау сенімім.
Сарқылмас іңкәр сағыныш,
Түлейді жүрек сан күйген,
Жан дүниемдегі жарылыс
Мен үшін артық бар күйден!
АНА КӨҢІЛІ
Күлкі астында жатар, кейде, өксік те,
Қамкөңіл боп, әлде, біздер өстік пе?
Көз жасымды көрмесін деп жан адам,
Төгемін кеп күәгерім – көпшікке.
Аралайды жан түкпірін сағыныш,
Болып барам күннен күнге налығыш,
Күресіп те жүрген жоқпын ешкіммен,
Бойымды бір билеп алған бағыныш.
Аңсауменен жылылықты, шаттықты,
Қауырсындай кеудем әбден аптықты,
Ойлап па едім жанымдағы жақыннан
Көрем-ау деп соншалықты жаттықты.
Салғаныңа, тағдыр, көндім тағы да,
Есесіне қол сұқпашы барыма,
Имансызға ұшыратпа қызымды,
Дақ түсірме ұлдарымның арына.
Не қиындық берсең, мейлі, бер маған,
Құрығың да аз емес қой салмаған,
Бүлдіршінім бүгілмесін бүрісіп,
Менен алшы, өшің болса алмаған!
***
Абайды да таяқтатып ұрғызған,
Біржанның да аяқ-қолын буғызған,
Жаны ызғар, зәрге толы көкірек,
Қорқады ғой жарқыраған жұлдыздан.
Сондықтан ол бар жарыққа өшігер,
Қолдан келсе, жарқын үнді өшірер,
Өзінде жоқ нұрды көрсе басқадан,
Аласұрып, арпалысып, есірер.
Амалы жоқ алыстағы Күн, Айға,
Көріп, білсе азу салар Құдайға,
Түнегіне тұншықтырар шуақты,
Тізгініңді берме, дүние, мұндайға!
ЖАСЫЛ БАҚ ХИКАЯСЫ
Көктемде
Көктем келді жәудіретіп гүлзар бағын,
Балаң гүлдер сылдыратып шылдырмағын.
Әсемдікке тағзым етіп, тіледім мен
Сол бақтағы өсімдік ынтымағын...
Ымыртта
Баяу ғана жылжиды ымырт бүркеніп ап шапанын,
Етегімен кәрі еменнің сипап өтті сақалын.
Қайырды да қалампырдың тікірейген шаштарын,
Ақ қайыңның түбіне кеп аяқтады сапарын.
Түнде
Түн де жетті дамылдатып тіршіліктің базарын,
Төңкеріпті жер бетіне алып қара қазанын.
Жапырақтар діріл қағып, бір-біріне жабысып,
Үркіп тұрған нәзік гүлдің көрсең етті азабын!
Түсте
Түс кезі еді, қалмағандай бақ ішінде береке,
Бір-біріне ағаштар да түсірмейді көлеңке.
Раушан гүлі қызғалдаққа шүйіреді мұрынын,
«Құлақтарың қалқиған», – деп, етеді кеп келеке.
Күні бойы күндейді кеп, намысына тиеді,
Байғұс оған өрттей болып, қызараңдап күйеді.
Сондықтан да екі сұлу сыймай басы бір жерге,
Жақындаспай, әрқайсысы бөлек өмір сүреді.
Үйеңкі де бәйтеректі шудалы деп, менсінбей,
Қарағай да қала ішін тұр оншама жерсінбей.
Көкірегін жайып тастап: «менікі, - деп, - кеңістік!»
Қарайды емен басқаларды бір өзіне теңсінбей.
«Қойсайшы бұл көңіл деген көтеріңкі шіркінді,
Ғұмыр қысқа, қайтесіңдер керегі жоқ күңкілді!» –
Деді де тау, ала көзбен қарап қойып бақ жаққа,
Шарасыздан, амалсыздан күңіреніп, күрсінді...
Күзде
Жасаураған көзі күздің бақ ішіне түсіпті,
Ағаштардың саусағына салып алтын жүзікті.
Гүлдердің де алаулаған беттерін кеп өпкен жел
Үлбіреген үкілерін аямай-ақ үзіпті.
Қыста
Мазалап, түсіме еніп гүл-жапырақ,
Тұр екен жап-жалаңаш бақтар жылап,
Еңсем түсіп кетті ғой, қандай қиын
Сарқылып қалса егер бойда шуақ?!
Ақ қайың ұялып тұр бүркеп төсін,
Қыс келді, жер бетінен алып өшін.
Жас ағаш, бір-біріңе қамқор болшы,
Бастайтын өздерің ғой өмір көшін...
***
Махаббатпен дүние есігі ашылған,
Ақша бұлт тұр асау шыңға асылған,
Таң шапағын шабыттана қарсы алдым,
Жүрегіммен жұмыртқадай аршылған.
Қимастығым құштарлықпен қайралған,
Өжеттігім нәзіктікке айналған,
«Ризамын», – деп, еміренемін Тәңірге,
Күндеріме тіршілікке байланған.
Күміс айдың сәулесімен ымдасқан,
Жер бетінің бар мұңымен мұңдасқан,
Жартастың да тас жүрегін жібітер,
Өмір жайлы жазсам деймін Нұр-Дастан!
***
Жалғанды жалпағынан басқандар аз,
Арбайды алшаңдатқан алаөкпе жаз.
Жердегі жазықтылар кешкен ғұмыр –
Көктегі мәңгілікке бағынған саз.
Тұтқыны құлқынменен құндылықтың,
Ей, пенде, ғұмыр кешіп, нені ұқтың?
Өмірден «алам» деп кеп бос кетуің
Тәкаппар заңы ма әлде ұлылықтың?
Қалғанда қамауында қайшылықтың,
Талықсып, үгітіліп, таусылып шын,
Зер салып байқадың ба бойыңдағы
Қуатын қолдаушы күш-қарсылықтың?
Бардың да берекесін тілей алмай,
Жоқтың да күркесінде түней алмай,
Көрмейтін көктегенін көркемдіктің,
Жүргендер аз ба ешкімді сүйей алмай?
Бәріне риза болып кетеріңде,
Жөнелесің тылсым күш жетегінде,
Өмір сүру дегенің леп белгісі –
Қойылар жанкешті мен жетеліге!
***
Жақсылықты бір-біріне қимаған,
Дөкейлерін амалсыздан сыйлаған
Жаны жайсаң тұлғаларын тұқыртып,
Күн көрсетпей қызғанышпен қинаған,
Ел болдық-ау құндылығы қираған...
Сұлқ түсірер сұлулыққа сұқтанса,
Қарсыласын сөзбен түйрер жыққанша,
Басқалардың бәрі жақсы көрінер,
Өз қадірін қашан өзі ұққанша,
Шашылар-ау береке мен құт қанша...
Байығаны менсінбеген туысын,
Ақша бүркеп кеудесінің қуысын,
Бас қатырып пайымдап та жатпайды
Ұғымының дұрысы мен бұрысын,
Ортаймайды деп ойлайды ырысын...
Құмарына қанамын деп қызықтың,
Құрбаны боп айлакер мен бұзықтың,
Нұрлы сана, адамдық пен ұлттыққа
Салынғанын сезбей жүрміз құрықтың,
Лайланғанын «иман» атты тұнықтың...
Құныққанның тоқтамы жоқ құламай,
Бұл өмірден өткендер аз жыламай,
Мен үшін ғой сенен артық халық жоқ
Кей қылығың жүргенімен ұнамай,
Киелім-ау, болсаң етті қырағы-ай...
***
«Сіз-бізі» мол салтанат,
Болмысыңнан айныма,
Шаттық құшқан шартарап,
Жол бермеші қайғыға.
Ынтызармын пәктікке,
Ойлағым жоқ мұң жайлы,
Иіп шексіз мәрттікке
Жер тәні де бусайды.
Ығысады ызғар да,
Лебіздерден шуақты,
«Сіз – бізіміз» тұрғанда
Көркем дүние қуатты!
qazaquni.kz