Әбдіжәміл Нұрпейісов: Әдебиет сабақтарына көп көңіл бөлу керек
2018 ж. 11 қыркүйек
5153
1
Жаһандану ғасырында ұлттық әдебиетті сақтап қалудың жолдарын Алматыда әлемнің түкпір-түкпірінен келген жазушылар талқылауда, деп хабарлайды BNews.kz.
Алматыда халықаралық жазушылар форумы өтуде. Оған 17 елден 70-тен аса белгілі жазушылар келді. Кездесудің негізгі тақырыптары – "XXI ғасырдың сын-тегеуріндері мен әдебиет" және "Ұлттық әдебиеттің жаһандануы".
"Біздің кездесуіміздің тақырыбы "Өзгерістерге толы уақыттағы қазіргі заманғы әдебиеттің рөлі". Тақырып өте өзекті. Бұл тақырыпты жазушылар мен филиософтардан өзге бүкіл дүниежүзі талқылауда. Қазірге өзгеріске толы өмір туралы айтатын болсақ, жаһандану үдерістерін назардан тыс қалдыру мүмкін емес. Жаһандану процестері дүниежүзі бойынша шапшаң дамып келеді. Бүгінгі мәдени әлем әлдеқайда көпқырлы", - деп атап өтті шара ұйымдастырушысы Бигелді Ғабдуллин.
Форумның мәртебелі қонақтарының қатарында 2019 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының номинанты Атанас Ванька, белгілі ақын-жазушылар Тарык Гюнерсель, Михаил Делягин, Владимир Карцев, Януш Вишневский және тағы басқалар бар.
Форумға қазақтың белгілі жазушысы Әбдіжаміл Нұрпейісов те қатысты. Оның айтуынша да, дәстүрлі оқырмандар қатары азайып барады.
"Мұндай кітап оқитындар қатары күн санап азайып, "Бір күнмен өмір сүр", "Өмірден бар қалағаныңды ал" деген ұранды Интернетте таратушылар қатары шапшаң өсіп келеді. Адамзаттың бар күш-жігері қуатты машиналарды дамытуға бағытталғандай әсер етеді. Сондықтан мұндай заманда әдебиет сабақтарына көп көңіл бөлген дұрыс. Өйткені адамның рухани байлығы мен адамгершілігі, өнегелілігі адам зердесі мен ақыл-парасатының көрсеткіші болып табылады", - деді Әбдіжаміл Нұрпейісов.
Ең өзекті мәселелерді жазушылар екі күн бойы талқылайды. Жазушылар форумы "Рухани жаңғыру" бағадарлмасы аясында жүзеге асырылуда. Оны халықаралық клуб пен Алматы қаласының әкімдігі бірлесе өткізіп отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауының "Адами капитал – жаңғыру негізі" атты бөлігінде "Рухани жаңғырудың" мән-маңызы ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керектігінде екенін атап өткен болатын.