Әдебиет сыншысы: Тыныштықбек - қазақтың ғажап ұлттық ақыны
2018 ж. 23 шілде
8027
0
Арифметикалық есепке көнбейтін, ауыз екі деңгейде айта салуға жарамайтын, әрқашанда тек түбегейлі терең зерттеуге тұратын поэзияның үлгісі.
Тыныштықбек Әбдікәкімовтің поэзиясымен танысқан ең соңғы қазақ мен шығармын. Қазір Тыныкеңнен басқа ешкімді оқымайтын болдым. Кеш танысуымның себебі - жастау шағымда орыстілді едім. Сосын ол кезде Жұматай (Жұматай Жақыпбаев - ред.) мен Өтекең (Өтежан Нұрғалиев - ред.) тірі, екеуімен де өте жақын дос болдым. Осы екі сері, ақыры, менің қазақша жаза бастауыма да себепкер болды. Соңғы кезде Facebook-ті көп кеземін, өз жырларымды жариялаймын, өзгелердікін оқимын, сондай бір сапарымда көзіме Тыныкеңнің өлеңі түсіп, өзіне магниттей тартып алды. Содан Әдебиет порталына кірсем, Тыныштықбектің өлеңдеріне Әбіш Кекілбаев кіріспе жазған екен. Әрине ол ақынды мейілінше тануға тырысқан, бірақ, ең ғажабы, Тыныш ақынның Әбекеңді шынымен таңырқатқаны көрініп тұр. Оны әріптесін «біртүрлі ақын» деген анықтамасынан-ақ байқауға болады. Қазақта «біртүрлі» деп норманы бұзған, мінезді болмысымен сананы қытықтайтын нәрсені айтады.
Тыныштықбектің де өлең жолы тым ұзын, гректің гекзаметріндей, және осы бір жолға неше түрлі суреттемелерді сыйғызып, ақырында ең соңғы мағынамен осының бәрін ой қалыбын бұзып, қопара жарып жібереді.
Кезінде Мартин Хайдеггер назар аударғандай, әр құбылыстың өз бастауы болады (грекше «архэ») және сол бастау әлгі құбылыспен үздіксіз жасай береді. Сол сияқты Тыныштықбек поэзиясында қазақ поэзиясының бастауы өз-өзін қайта тапқандай. Ежелгі поэзия бізге белгілі грек және ұрым (римдік - ред.) нұсқаларында табиғаттан, жануар әлемінен, космостан ажырамаған күйінде көрінеді. Мысалы, ұрым ақыны Тит Лукреций Кар үшін бәрі бірдей: жұлдыздар бораған аспан, кемелердің желкенін сабалаған самал жел, бәрі бір ағында суреттеле береді. Тыныштықбектің де өлең жолы тым ұзын, гректің гекзаметріндей, және осы бір жолға неше түрлі суреттемелерді сыйғызып, ақырында ең соңғы мағынамен осының бәрін ой қалыбын бұзып, қопара жарып жібереді. Міне, «біртүрліліктің» сыры - көз алдымызда қалыптасқан мағынада! Мысалы, мына жолдар бір өлеңінің қортындысы:
Жетісіп бір тұр дейсің сайсала қай?
Болар ма екен бұл Көкек ең сорақы Ай?
Қой - ашқарақ, төл - тоңғақ, жусан - өлі,
Тал - жалаңаш, бұлт - үркек, жел - солақай.
Бәлкім қайта билігін құрмақ Ақпан?
(жалықты ғой бала да сырғанақтан)
Бір пәле бар әйтеуір келмей тұрып,
Босағаны мысыққа тырмалатқан
Міне, мазасыздық, жетім көңіл, бейберекеттік туғызатын картиналар тізбегін жасап, осы қам көңілдің жиынтық бейнесіндей бәрін босағаны тырмалаған мысыққа тірейді. Бұл арада Тыныштықбектің тәңіршілдігі жөнінде сөз қозғаудың да реті келіп тұр. Зерттеушілердің көбісі бұл мәселені тым абстрактылы қылып жіберген. Ал Тыныштықбек болса Тәңіріні, немесе жазуға, ойлануға бастайтын Құдыретті жан-тәнімен сезетін сияқты. Болмаса әлгі мысықтың аласұрғаны тегін дейсіз бе?
Ақынның аңқыма туралы ілімі де, өзінің кішкентай немересін аңызға айналдырған жазбалары да, бәрі де оның тәңіруи тылсым нәрселерге жақындығынан деп ойлаймын. Жалпы, ақын кез келген нәрсені әспеттей, қасиеттей біледі. Оның бүкіл дүниемен қарым қатынасында бір ғажайып діни, тәңіруи тылсым сезілетіндей.
Жұмыс бөлмемде домбырам,
Бақсылансам даңғырам.
Шайтантиегі Ұмайтеректен.
Ата тегі Бәйтеректен.
Еріккенімде сөйлемей қоятын жыны бар.
Пернелерінде Бақ құсының үні бар.
Ішегін Сексек ата ызып берген.
Қуанышым мен қайғымда ғана қызып берген.
Мына жолдардан Тыныштықбектің ғажап ұлттық ақынымыз екені көрініп тұр. Бейнелер үйлесімі ақаусыз, бәрі тек келісіп тұр, бірі біріне жарасып. Не деген ірі теңеулер, тура Қазтуғанның аузынан түскендей! Бұл арада мен әлемдік поэзиядан аналог іздегім кеп жатқан жоқ. Өйткені қалай болғанда да
Тынекең бәрін қазақыландырып жібереді, қашан болсын бір икемін тауып, өзінің төл мәдениетіне, төл дәстүріне келтіріп жатады. Әрине, Тыныкең де қазіргі ақпарат заманының тұлғасы, бірақ ол білімімен мақтанбайды, тек сол арқылы ұпай тапқысы келмейді. Ол мүлде басқа жақтан келіп, бар жиған тергенін оңай қорытып, барлық болмысты таза ұлттық нақышта бере салады. Егер қазақ арасында ешбір сыртқы ықпалға түспеген бір ақын болса, ол - Тыныштықбек. Осыған байланысты ол таза ұлттық негізде әлемдік деңгейге апаруға лайық дүниелер жазады. Сондықтан бұл енді үлкен құбылыс, шынымен де біраз әңгімеге арқау болатын, диссертация қорғауға тұратын биік өлшемдегі поэзия. Тіпті, аударма жағынан келетін болсақ, қалай аударуды білмеймін, аударуға еш көнбейтін поэзия. Осымен де оның ұлттық құндылығы асады.
Қазіргі Батыс Еуропада метафизикаға негізделген кейбір дүниетаным сыртқары әлемнен бас тартып, күнбе күнгі өмірге тіреліп отыр ғой. Ал бірақ күнбе күнгі нәрсені мифке айналдыра алатын поэзия ол - Тыныштықбектің поэзиясы.
Тыныштықбек Әбдікәкімұлының поэзиясы жөніндегі ойларымызды қорытатын болсақ, бұл шынымен барлық қатынастарға ашық, барлық дүниеге пара пар, тең келетін поэзия. Және, ең ғажабы, онда түк пафос жоқ, қазақ жырларында жыраулар поэзиясының пафосы әлі сезіліп тұрады ғой. Ал Тыныштықбектікі күнбе күнгі тіршілікті басқа қырынан көрсете білетін ақындық. Қазіргі Батыс Еуропада метафизикаға негізделген кейбір дүниетаным сыртқары әлемнен бас тартып, күнбе күнгі өмірге тіреліп отыр ғой. Ал бірақ күнбе күнгі нәрсені мифке айналдыра алатын поэзия ол - Тыныштықбектің поэзиясы. Бірден домбыраны даңғыра қылады, оның шайтан тиегін табады, ата тегін тура Бәйтеректен таратады, сөйтіп кете береді. Соңғы кездегі қазақ поэзиясының үлкен табысы Тыныштықбектің поэзиясы деп ойлаймын. Өйткені ол - арифметикалық есепке көнбейтін, ауыз екі деңгейде айта салуға жарамайтын, әрқашанда тек түбегейлі терең зерттеуге тұратын поэзияның үлгісі.
Әуезхан Қодар,
мәдениеттанушы, жазушы һәм аудармашы
13 мамыр, 2016