ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАҒЗЫМ – АҚЫНДЫҚ ҰСТАНЫМ
2018 ж. 21 шілде
6175
0
Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалар
Белгілі ақын Өтеген Оралбайұлының «Шуақты шақ» жыр жинағы Егемендікке қызмет жасаудың, Тәуелсіздікке тағзым етудің ақындық, азаматтық ұстанымы
Үстіміздегі жылғы 20-маусым күні «Егемен Қазақстан» газетінде биылғы жылғы Әдебиет және өнер саласында мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, іріктеу кезеңінен өтіп, ақтық сынға жолдама алған авторлар шығармаларының тізімі жарияланды. Өз қатарларынан оза шығып, көп дауыс жинаған туындылар иелерінің бағы мен бабы сыналатын уақыт алда. Дегенмен, ел жүрегі – Астананың 20 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында топтан озған шығармалардың жұртшылық талқысына ұсынылуында қоғамдық-саяси мән бар дер едік. Халқымызда: «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» деген әдемі, қанатты сөз бар. Бәйгеге түскен шығармалардың саны біршама көп болғанын да білеміз. Соның ішінде оқырмандардың өз тарапынан қызығушылық пен құрмет танытатыны – әдебиет. Өйткені, сөз өнері халқымыздың ежелгі ұлттық коды, жады мен тарихы десек, оған берілер бағаның да бәсі биік бола түседі. Оның үстіне биылғы жылы әдеби сыйлыққа әбден танымал, өңшең талантты, тұлғалы қаламгерлер: ақындар мен прозашылар түскен екен. Бұл әдеби жарыстың деңгейін одан әрі көтере түсетіні сөзсіз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап мәдениетті дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев егемендіктің ерте кезеңінің өзінде, нарық заңы қысып, жоқ пен бардың ара салмағы алмағайып болып тұрғанның өзінде әдеби-мәдени, рухани өркендеудің ел үшін аса маңызды екенін түсіндіріп, өзі үлгі көрсетіп, осы саланы үнемі қолдап отырды. Қаржы-қаражаттың ең қиын кезінің өзінде 100 ақын-жазушы, өнер қайраткерлеріне президенттік стипендия тағайындап, оны міне, 25 жыл бойы үзбестен беріп келеді. Арнайы «Мәдени мұра» бағдарламасын бекітіп, руханияттың жаңа замандық белеске көтерілуіне барынша қолдау-көмек көрсетті. Осындай сындарлы саясаттың нәтижесінде отандық әдебиет пен өнер жаңа кезеңге шықты. Тәуелсіздіктің жаңа туындылары өмірге келді. «Әдебиет ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды» деген ұлы қаламгер Ғабит Мүсіреповтің қанатты қағидасы іс жүзінде өзінің өміршеңдігін көрсетті. Қазақ әдебиетіне жаңа, жарқын туындылар келді, жастар тобы жетіліп, дәстүрді жалғастырып, ел руханиятына еңбек етудің биік белесі қалыптасты. 90-шы жылдардың басында талантымен көзге түсіп, танылған кешегі күнгі жастар бүгінде әдебиеттің абыройлы жүгін арқалайтын аға буынға айналды. Әдебиетіміз жанрлық, мазмұндық, идеялық жағынан кемелдене түсті. Бүгінгі әңгіме осынау талантты топтың бел ортасында келе жатқан, өзінің ақындық, азаматтық, қайраткерлік деңгейін биіктен көрсетіп, туған әдебиетке толағай олжа салып келе жатқан қазақ жырының көрнекті қайраткері Өтеген Оралбайұлы туралы, атап айтқанда, әдеби сыйлықты беретін арнайы комиссияның сенімі мен ілтипатына бөленіп, жарыстың келесі кезеңіне өткен оның «Шуақты шақ» деп аталатын жаңа жыр жинағы жөнінде болмақ. Бұл кітап туралы жан-жақты жақсы пікір айтуыма менің осы «Шуақты шақ» жинағына арнайы редактор болғандығым моралдік жағынан толық құқық береді дер едім. Өйткені, кітаптың редакторы болғандықтан мен бұл еңбекті қадағалап, сараптап, зерделеп оқыдым. Және осындай сындарлы да салмақты, көркем де көшелі еңбекпен жұмыс жасағанымды өзіме де тәлімді әдеби сабақ болды деп санаймын. Оқырман тез оқып тастағанда, кейбір жайттарды байқамай кетуі мүмкін, ал редактордың оқуы мен тоқуы тіптен басқа болатынын әдебиетші қауым жақсы біледі. Мен бұл жыр жинағына осы тұрғыдан келіп, пікірімді жан-жақты, дәйекке сүйене отырып айтпақпын. Ең алдымен айтарым, «Шуақты шақ» тәуелсіздікке, мемлекеттік мүддеге, елдік қарекетке қызмет етудің айқын айғағы деп ой түйдім. Өтеген әдеби ортада әбден танылған, толысқан, өз деңгейіне шыққан, қазақ жырының қазынасына лайықты қолтаңбасын басқан талантты топтың алдыңғы легінде келе жатқан талғампаз тұлға. Қара мақаласының өзі өлеңдей болып төгіліп тұратын, тіл байлығы, көркемдік қабылдауы терең де тапқыр, әр өлеңінің өзі қанатты ойға қазық қағатын ақын өлеңге келгенде төгіліп, жан дүниесі мөлдіреп көрініп, алған тақырыбын еркін меңгеріп, астарлы, образды түйін тудырып, шығармасының шырайы мен шұғыласын қатар өрнектейтін ақын. Кітаптан кітапқа, жырдан жырға өсіп отыратын ақынның азаматтық ұстанымы айырықша көрініп, рухани биіктен тіл қатады. Үш бөлімнен тұратын жыр жинағының өне бойғы алтын арқауы – егемен ел, туған жер, туған Отан, тәуелсіздік, әділдік пен адалдық, мемлекет өмірінің болмыс-бітімін көркем кестелеген шындық пен сыншылдық. Ақынның басты ерекшеліктерінің бірі оның ұйқастарында, өлең ырғағында толымсыз ұйқас, толғағы жетпеген сөз болмайды. Бұл жағынан келгенде ол жорға жырдың жүйрігі, аса талантты ақын Сағи Жиенбаев ағасының шынайы шәкірті десе болғандай. Өтеген Оралбайұлының ақындық ерекшелігі неде деген сауалға нақты жауап беретін болсақ ол – ашық азаматтық көзқарас, отаншыл, елшіл сезім, туған әдебиеттің бұған дейін шыққан биігіне өзінің үлесін қосқан үйлесімділік пен көркем келісім, шынайылық пен поэетикалық-лирикалық қолтаңба. Оның өлеңдеріндегі образды ойлар, астары тереңге тартатын теңеулер мен эпитеттер, тақырыпты жаттанды түйінмен аяқтаудан қашық тұратын тың тұжырым, «сылдырап өңкей келісімнен» тұратын жұмыр жолдар. Оқып қараңыз: Аспан биік, одан да арман биік, Көне сазды көңілім алған құйып. Сағымына даланың кетті сіңіп, Жыр дегенің жеткізбес – жалған киік. Уықтарым – үміттің пернелері, Түндік аштым, тынысқа жел береді. Бақан тиген басына бойын бұғып, Жетім жырлар желбауда тербеледі. Ой мен сезімнің, арман мен үміттің өмірлік ағысы осы өлеңде бар қырынан көрінеді. Немесе: Пенде жолы күрделі, Сөзді ұғатын адам бар ма тілдегі. Ала жердің ашық-шашық омырауы, Салынбай тұр дүниенің ілгегі. Бүгін қара, ойлан, көргін, зерделе, Қандай ақыл керек қорқау пендеге. Ақ пен қызыл әлі атысып жатыр ғой, Ақ пен қара орнығып ап кеудеге. Өмірдің күрделі құбылысын қапысыз басып, танып, пендеге ой салар, заманға уәж айтар мұндай азаматтық жырлар бұл жинақта өте мол. Алмағайып заманның алашапқын әрекеті өлеңге түскенде былай болып шығады екен: Елбегей де, желбегей, Желке ойығын көрмегей. Ызым-қайым уақыт бұл, Ықыласын бермеді-ей. Елбегей де, желбегей, Сынақ шапқан жер де өгей. Құлақ біткен тас керең, Кісендеулі тіл-көмей. Елбегей де, желбегей, Тұмса жырым желдегей. Көңілімде қақпан тұр, Қауып алып жүрмегей. Жалпы, Өтеген ақында ойлы, астарлы, мағынасы бір тұтас шығармаға жекедара жүк боларлық өлеңдер баршылық. Ырғақ пен өлеңнің ішкі динамикасы, ақын жанының энергетикасы жан-жақты көрініп, ойлы оқырманның жан дүниесін байытатын баянды жырлар жинақтың өне бойында алтын арқау құрайды. Ақынның үлкен мемлекеттік қызмет мектебінен өткені, қайраткерлік деңгейге жеткені «Шуақты шақта» өзінің бар болмыс-баянымен көрінеді. Өтеген осы еңбегімен қазіргі қазақ поэзиясының іргелі, ізденісті, қуатты, қабырғалы ақыны екенін қапысыз дәлелдеген. Редакторлық жұмыс кезінде оның талай тамаша өлеңдеріне шығармашылық қызығушылықпен, әріптес ретінде риза көңілмен қарағанымды баса айтқым келеді. Жинақтың үшінші бөлімінде оның 3 дастан-толғауы топтастырылған. Бәрі де тың тақырыптар. Мысалы, елімізге ұзақ жылғы үзілістен кейін көзайым болып қайта оралған наурыз мейрамы туралы «Нығмет айы – Наурыз» этнографиялық дастаны бүгінгі күні жалпыұлттық мерекеге тұғыр боларлық туынды. Наурызды лайықты қарсы алу үшін осы толғауды үлкен деңгейде әдеби-рухани монтаж ретінде түрлендіріп, жаңа режиссерлік шешіммен пайдалануға болар еді. Кезінде атақты ақынымыз Мұхтар Шахановтың өзі «Желтоқсан эпопеясы» атты көлемді тарихи еңбегінде Өтеген Оралбайұлының 1988 жылы, Колбиннің кезінде, наурыз мерекесін қайта тойлауда қаламгерлік қайрат танытқанын атап өтетіні бар. Біз соғыс тақырыбын бұған дейін біржақты қарап келдік. Мұны тек үлкендер қатысқан алапат деген түсінік болды. Отан соғысында тылдағы майдан да алдыңғы шептен осал болған жоқ. Соның ішінде қазақ балаларының ерен еңбегі мен ерлігі арқау болған бұл дастан өзінің патриоттық-реквиімдік, эллегиялық-эстетикалық болмысымен адам жанын баурайды. Ал, «Ұлт ұраны – Ұлытау» атты тарихи толғауы рухани жаңғырудың негізін қалаған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ұлытау сұхбатынан өріс тартып, өміршеңдегімен, қоғамдық-саяси қуатымен ерекше есте қалады. Біз тәуелсіздік тақырыбы аз жазылды деген сөзді естіп қаламыз. Бұл шығарма сондай асығыс пікірлерге оппонент болатын озық туынды. Рухты, ізгі мақсатты, шынайы шындықты боямасыз көрсеткен көркем шығарма. Бұл дастанға ақын барынша талант күшін салған. Мен өзім редакторлық жасап, зер салып әрі қуана оқыған «Шуақты шақ» жинағының әдебиет саласы бойынша мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, алғашқы іріктеу кезеңінен абыройлы өткенін қуанышпен қабылдадым. Тәуелсіздікке талантымен қызмет етуі ақындық ұстанымы болып қалыптасқан Өтеген Оралбайұлының «Шуақты шақ» жыр жинағы шуағы мол, ел назарын өзіне аударатын, қазақ жырының қатарына қазына болып қосылатын көркем де көшелі еңбек. Жолы болып, мәреден мәртебесі биік болып озып келуіне тілектеспін. Жақсылық Айжан, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Ақтөбе қаласы qazaquni.kz