АРДАКҮРЕҢ АҚЫН ТОЙЫ АРҚА ТӨРІНДЕ
2018 ж. 25 мамыр
7496
0
Қаз дауысты Қазыбек бидің, Бұқар жыраудың елі, ақиық ақындар Сәкен мен Қасымның, Алаш көсемдері Әлиxан мен Әлімxанның елінде – қасиетті Қарағанды өңірінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Ресей Жазушылар одағы С.Есенин алтын медалінің иегері, ақын Ғалым Жайлыбайдың 60 жылдық мерейтойы аталып өтті.
«Ақын Ғалым Жайлыбай Қарағандыға шақырады» атты Халықаралық поэзия мерекесінің ашылу салтанаты Қасым Аманжолов ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым жасаумен басталды. Поэзия мерекесіне Башқұртстанның Халық ақыны Қадым Маралбай, Татарстанның көрнекті ақыны Рафиз Құрбан, өзбек ақыны Әбдірахим Пратов сынды алыс-жақын шет ел қаламгерлерінен бастап есімдері Алашқа танымал Серік Тұрғынбекұлы, Нұрлан Оразалин, Иран-Ғайып, Несіпбек Айтұлы, Көпен Әмірбек, Жүрсін Ерман, Серік Ақсұңқарұлы, Шәкизада Әбдікәрімов, Ертай Ашықбай, Қасымхан Бегман, Қазыбек Иса, Әміре Әрін, Бақыт Беделхан, Маралтай Райымбекұлы, Мағиза Құнапия, Мақпал Мыса сынды басқа да ақын-жазушылар, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып, сөз сөйледі.
Дүбірлі шара шымылдығы белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлының жыр шашуымен ашылды. Жыр мерекесінің аясында қаладағы «Сарыжайлау» кинотеатрында белгілі журналист, ақын Серік Сағынтайдың жүргізуімен «Мыңжылдықтар поэзиясы: Кеше. Бүгін. Ертең» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бас қосуда аға буын өкілдері мен поэзиядағы кейінгі толқын жастар еркін сұхбат құрып, бүгінгі қазақ поэзиясының жай-күйі турасында пікір алысты. Сонымен қатар, К.Станиславский атындағы орыс драма театры, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалы-драма театры Ғ.Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасы бойынша қойылым қойып, жиылған жұртшылықты бір серпілтіп тастады.
Мерейтой иесінің шығармашылық кеші одан әрі Қарағандыдағы Кеншілер Мәдениет сарайында жалғасын тапты. Қарағанды облыстық әкімдігінің қолдауымен өткен жыр кешіне облыс әкімі Ерлан Қошанов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Оралбай Әбдікәрімов, Әлихан Бәйменов, әйгілі әнші Қайрат Байбосынов, Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков және т.б зиялы қауым өкілдері қатысып, ардакүрең ақынға ақжарма тілек-лебіздерін білдіріп жатты.
ТӨРТ АТТЫЛЫ
Соғыстың шарпып өткен өрті-ай, жылдам,
Естияр ағалардан ерте айырылған, –
Төрт бала –
Қазақ дейтін жыр-еліне,
Төрт атқа мініп келдік – төрт ауылдан.
Дәуітәлі1 деген, шіркін, қандай жігіт,
Жырлады Жыландысын хандай қылып!
Көргені көзін ашып жылан еді,
Жұтты ғой сол соңынан қалмай жүріп...
Қарасаң, тау басында – обалары,
Әр жерде бір-екі-үштен молалары;
Жүрсіннің2 туған жері – жер түбінде,
«Жер жоқ-деп өзі айтады – одан әрі...»
Көрсетпей өркениет қарасын да, –
Мен туғам Қызыларай даласында.
Өскенмін Мауглидей3 асыр салып,
Арқар мен арландардың арасында!
Көгілдір Ақсораңның аспаны мен, –
Көк жасыл! –
Көрмедім ғой басқаны мен!
... Ғалымның4 туған жері – станция,
Пойыздар жүйткиді онда составымен...
Жұт болса, малдан талай бас қырылып,
Арқаның үсті – боран, асты – бүлік;
Ақырып пойыз мұнда өткен сайын,
Ал, бізде жатады ылғи қасқыр ұлып...
Соғыстың шарпып өткен өрті-ай, жылдам,
Естияр ағалардан ерте айырылған, –
Төрт бала –
Қазақ дейтін жыр-еліне,
Төрт атқа мініп келдік – төрт ауылдан.
1 Маугли – қасқырдың асырауындағы бала, (Р. Киплингтің кейіпкері).
2 Д. Стамбекұлы. 3Ж.Ерман. 4 Ғ.Жайлыбай.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
АРҚАНЫҢ АҚ САМАЛЫ
Ғалым Жайлыбайға
Жүрек дертін жыр менен ән жазатын, Туған елден Ақынға бар ма жақын, Дарыныңа Сәкеннің даңқын қоссын, Маң далада туылған маңғаз ақын. Таңда мынау таңдаулы тарланы кем, Батыраштар басса да қанға кілең, Ұмтылады дүлдүлдер алға, білем. Жауыздықпен шабысқан шабысы бар, Ауыздықпен алысқан ардакүрең, Өлең – мәңгі, тереңде жатса мәні, Ақындарға бас иген патша-дағы, Бабында олар бағасын тапса, кәні, Алатауды жіберді желпіндіріп, Аңқи соққан Арқаның ақ самалы. Дүбір тілеп тыпыршып тұрған шағың, Бауыр жазар кең жазық қырды аңсадың. (Айналмада тыз етпе жүр қанша мың...) Сол бір екпін құратпай құрғақ сөзді Мөлдіреттің бұлақтай жыр моншағын. Ісі болмай тұрмыстың не дерімен, Сырласатын сырбазсың өлеңімен. Кеңістіктен бояулар көре білген, Теңіздің де ой аулар тереңінен... Заман мынау болмай тұр жанға жайлы, Таланттыны тап басып талғамайды. Толқып жүріп күтеміз толған айды, Алдымыздан ашылар ақмаңдай күн, Ақындардың сезімі алдамайды!.. 1994 жыл.Қазыбек ИСА
qazaquni.kz
- Жүрсін Ерман
- өзбек ақыны Әбдірахим Пратов
- Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов
- Серік Ақсұңқарұлы
- Ертай Ашықбай
- Көпен Әмірбек
- Бақыт Беделхан
- нұрлан оразалин
- Қасымхан Бегман
- Иран-Ғайып
- Қазыбек Иса
- Ғалым Жайлыбай
- Маралтай Райымбекұлы
- Мағиза Құнапия
- Мақпал Мыса
- Жанарбек Әшімжан
- Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өміроғлы
- мемлекет және қоғам қайраткерлері Оралбай Әбдікәрімов
- Несіпбек Айтұлы
- Шәкизада Әбдікәрімов
- Башқұртстанның Халық ақыны Қадым Маралбай
- әйгілі әнші Қайрат Байбосынов
- 60 жас
- Татарстанның көрнекті ақыны Рафиз Құрбан
- Серік Тұрғынбекұлы
- Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков
- Әлихан бәйменов