Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ: Наурыз күні қазақтың бәрі Қыдыр
2018 ж. 24 наурыз
7567
4
Кірпігінен аспанның нұр төгіліп,
Ынтығады сол нұрға жұрт емініп.
Тіршіліктің керуені жылжиды алға,
Бір ілгерлеп, бір тоқтап, бір шегініп.
Уақыттың теңізін кешіп өткен,
Келді, міне, әз-Наурыз - тоты-көктем.
Кірпік қақпай күзетіп бұл ғаламды,
Қырсықтарды болдырмай шырғалаңды.
Самал болып сыбырлап бата беріп,
Қыдыр ата аралап жүр даламды.
Ошақ асқан бірге жүр анамен де,
Бірге жүр ол ойнаған баламен де...
Ару - көктем, бұл көктем – Ана - көктем,
Тас балқиды демінен жанап өткен.
Көктемге еріп ұмытып қайғы-мұңды,
Кеткім келіп тұрғаны-ай, бала боп мен.
Еркелетер, жұрт мені еркелетер,
Көктем сұлу ұнатар, ерте кетер...
Асыра айтып қойдың деп сөкпе мені,
Болса болар ойымның жетпегені.
Наурыз күні қазақтың бәрі Қыдыр,
Алғыс болып дариды ақ дегені.
Қыдыр деп біл жасты да, кәріні де,
Періштедей кіршіксіз бәрі, міне.
Иманғазы Нұрахметұлы,
Қазақ үні