МҰҚАҒАЛИҒА АРАША КЕРЕК
2018 ж. 10 ақпан
3165
0
Анабір жылы Оралхан Бөкей атындағы байқаудың облыстық кезеңіне қазы ретінде қатысқаным бар. Бір кезде бір жігіт шығып өлең оқыды. Келісті бозбала екен. «Мұқағали Мақатаев...» деп бастап, өлеңнің тақырыбын айтқанда-ақ залда отырғандар дүр сілкінді. Қоп-қоңыр, әдемі дауысқа сүйсініп еді. Әдемі оқиды екен. Тек... Біраздан соң «Мұқағалидың өлеңі...» деп басталған өлеңге Күләш апайдың бірнеше шумағы араласып, әрі қарай ұзынсонар арзан ұйқаспен жалғасты. «Кімнің өлеңін оқыдың?» — дедім оқып біткенде. «Мұқағалидың». Бозбаланың таңырқап тұрғаны байқалды. Өйткені алдын ала авторын ескертті ғой. «Қай кітабынан алдың?». «Кассетадан тыңдап, жаттадым». Содан қазылар арасында дау туды. Бәрі жаңағы бозбаланы жақтады: «Өлең оқуы керемет. Бас бәйгені соған берейік». «Бас бәйгеңіз не, бұл жігітті сайыстан алып тастау керек. Не оқып тұрғанын білмейді ғой...» — дедім мен. Жаңа танылып келе жатқан ақын жігітке бүйрегім бұрып еді. Бірақ өзгелер қарсы болды. Театр жағындағы бауырымыз мынадай уәж айтты: «Жас бала, болашақта қателігін жөндейді. Республикалық сайысқа осы жігітті жіберейік. Мына дауыспен топ жарары анық...». Зал шулап кетті. Қостағаны. Ана бала да сахнада тұрып, Мұқағалидың кітабын оқуға уәде берді... ...Екі-үш жылдан кейін әлгі батырымыз сахнадан өлең оқыды. Тағы да... «Мұқағалидың өлеңін». Тырнақшаға алып отырғанымнан-ақ байқаған шығарсыздар, тура екі-үш жыл бұрынғы «өлеңді». Күйіп кеттім. Өзгермепті. Кейін де талай сахнаның «шаңын қаққаны» хақ... Қазір осылай оқылатын «Мұқағалидың өлеңі» көбейді. Кейбіреуін тыңдап отырып ұлы ақынды аяйсың... «Ағытшы КӨЙЛЕГІҢНІҢ түймелерін...» — деген әнді де шімірікпей тыңдай беретін болдық. «Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған...» дейтін әнге айналған сөзінің де жұлым-жұлым бірнеше нұсқасы бар... Меніңше, бұған тоқтау салу керек. Әйтпесе, ақынға обал. Мұқаңның туған күнінде еске түсіп жатқан ой ғой...
Бауыржан Бабажанұлы, Фейсбук парақшасынан