ТӨЛЕГЕННІҢ БІР ТОЙЫ
2017 ж. 02 тамыз
4651
1
КазГУ-де оқып жүргенде Төлеген ағамның үйіне жиі барып тұрдым. Марқұм Үрниса жеңешем өте емен-жарқын адам еді. Шай үстінде әңгімеміз бітпейтін. Менің барлық сұрақтарыма ерінбей жауап беретін. Бірде «Бір тойым бардың» жазылу тарихын сұрадым.
— Біздің ауылда (Ташкент жақта, — Б.Б) үлкен той өтті, — деді жеңешем, — бәйге, көкпар, бәрі болды. Төлеген Бөрібектің (Жеңешемнің інісі, — Б.Б) атын мініп, көкпарға да араласып көрді. Аттан құласа да, мәз болып келді. Сол той оған ерекше әсер етті.
Алматыға оралдық. Егіз қызға аяғым ауыр кез. Ағаң үйге келген жігіттермен әңгіме айтып отыр. Сол той туралы көп айтты. Шай үстінде жігіттердің бірі: — Үрниса ұл туатын сияқты, — деді қалжыңдап. Сонда Төкең: — Әй, білмеймін. Әкем жалғыз екен, мен де солаймын. Дәуренім бар ғой. Бірақ кейде жалғыздығым жеті атаға дейін созыла ма деп қорқамын, — деп мұңайып қалды. Бір кезде күрт серпіліп: — Егер, айтқаның келіп, Үрниса ұл тапса, мына тұрған лашығымды, бар дүние-мүлкімді сатып, той жасаймын. Уәде, — деді. Жігіттер біраз дуылдады. Қонақтар кеткесін де жер-көкке сыймай, қанаттанып жүрді. Сосын осы «Бір тойым барды» жазды... Төлеген ағаның осы өлеңі сан тойлардың шымылдығын ашты. «Қазанында бір асым ет қалмайтын» тойды қазақ қана армандайтын шығар! Ақын армандаған бір той енді оның атамекені — Ақтөбе өңірінде болмақ. Байғанин ауданында өтетін шарада аламан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, атан жарыс болады. Білегінен күш саулаған палуандар түйе палуанды анықтайды. Жеңімпаздарға бәйгені Төлеген ағамның ұрпақтары тапсырады. Қарауылкелдіде, Миялы ауылындағы Т. Айбергенов атындағы мектепте кездесулер өтеді. Ондаған киіз үй тігіліп, барлығында ақынның өлеңдері оқылады. «Ешкімді де билетпей қайтармайтын», «Кемпірлерге қыз күнін сағындыртатын», «жеңілген палуанға да» бәйге берілетін, «жанам деген жүрекке от беретін» тойдан қапы қалмаңыздар. 12-13 тамыз күні Байғанин ауданын бетке алайық!
Бауыржан Бабажанұлы,
Фейсбук парақшасынан
БІР ТОЙЫМ БАР
Бір тойым болатыны сөзсіз менің, Дәл қай күні екенін айта алмаймын. Бірақ... бірақ... Ешкімді де билетпей қайтармаймын. Онда ортаға тасталар ұран сондай: Қайта алмайды қартың да бір ән салмай, Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам, Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам... Сәбилерге ағаны үлгі етемін, Жеңгейлердің толтырам гүлге етегін. Менің жарым бұл түні кірпік ілмей, Ақ көңілімен қуаныш бүртігіндей, Омырауынан бір сәуір шайқап есіп, Ажырасқанды жүреді қайта қосып. Мен өзім де ән салам түн ауғанша, Менің жаным бұл күнге құмар қанша! Бәйгі берем жығылған палуанға да, Адалдығы сезіліп тұрар болса. Қыз қуатын жігітке ат беремін, Жанам деген жүрекке от беремін. Мен әйтеуір бар жиған-тергенімді Бір тамаша той қылып өткеремін. Біздің үйді сол күні бетке ал, қауым, Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын. Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып, Қазанымда бір асым ет қалмауын. Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін, Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін. Кім білсін талай күнгі арманым ед, Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның.
Төлеген Айбергенов