Астанада Смағұл Елубайдың шығармашылық кеші өтеді
2017 ж. 24 маусым
3094
5
25 маусым күні сағ. 16.00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі жазушы кинодрамматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубайдың 70 жылдық мерейтойына арналған «Тұғыры биік тұлға» атты шығармашылық кеші өтеді.
Қаламгер қаламынан туған түрік тілінде («Arasat Meydan?») «Ақ боз үй» романының Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің тікелей қолдауымен «Bengu» баспасынан басылып шыққан және Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» («End of the legend») ағылшын тіліне аударылып, жарық көрген кітаптарының тұсау кесері өтеді. «Аңыздың ақыры» – әйгілі ортағасырлық ӘмірТемір ордасындағы қайғылы махаббат жәйлі аңызға құрылған ғажайып роман. Жазушының ұшқыр қиялынан туындаған «Ақ боз үй» романы бүгінгі таңның ең үздік, шоқтығы биік өз оқырмандарын тапқан, халықтың көңілінен шыққан тартымды дүниелері, қазақ руханиятына қосқан сүбелі еңбектерінің бірі болып табылады. Әдебиет сүйер қауым, зиялы орта бұл шығарманы рухани жеңіс, ғажайып жаңалық, айтылмаған ақиқат және көзсіз ерлік деп бағасын берді.
Кешті белгілі ақын, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, "Ақ жол" ҚДП төрағасының орынбасары, "Есениннің алтын күзі" Орденінің иегері, "Қазақ үні" Президенті Қазыбек ИСА жүргізеді.
Аталмыш кешке Мырзатай Жолдасбеков, Әкім Тарази, Сұлтан Оразалин, Төлен Әбдік, Ғарифолла Есім, Серік Тұрғынбеков, Қажығали Мұхамбетқалиев, Қойшығара Салғараұлы, Серік Сейдуманов, Тұрсын Жұртбай, Бекболат Тілеухан және т.б. зиялы қауым өкілдері қатысады. Смағұл Елубай 1947 жылы Түркменстанда өмірге келген. 1961 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Алматыдағы 12 мектепте оқыған. 1971 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 1974-1975 жылдары Мәскеудегі сценаристер дайындайтын жоғарғы курсын тәмамдаған.
Қаламгердің әдебиет саласындағы, кино өнері саласындағы елеулі еңбектері, халқына қажетті, келелі ой, түйінді толғамдары көп. Өзінің қаламынан туған шығармалары 1982 жылы «Қызыл отау» (режиссері Қ.Қасымбеков), 1983 жылы «Ай астындағы үй» (режиссері Б.Омаров) және басқа да көрнекті ақын-жазушылардың шығармаларын кино тіліне аударды. 1991 жылы «Сұрапыл Сұржекей» (режиссері Д.Манабай), 2006 жылы Қазақстанның халық жазушысы Ә.Кекілбаевтың ілгеріде жазылған «Күй» атты хикаятын негізге алып (режиссері Д.Манабай), «Кек» атты тарихи кинотуындысының сценарийін жазды. Ал бұл кинофильм – қазақ кино өнеріндегі ұлтымыздың көшпенді өмір салты мен тақырып аясының үйлесімділігі көрініс тапқан кинотуынды, үлкен табыс деген жоғары бағасын алған шығармалардың бірі.