Ойшыл суреткердің он томдығы
2017 ж. 09 мамыр
3614
0
ҚР Ұлттық кітапханасының үлкен залында елдің қоғам қайраткерлері, жазушылар, баспагерлер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен көрнекті ақын, танымал драматург, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалинның «Ан Арыс» баспасынан жарық көрген он томдық шығармалар жинағының және Мәскеу қаласындағы «МИК» баспасы шығарған «Избранное» кітабының «Ғарыш мінезді жырлар» атты тұсаукесер рәсімі өтті.
Қазақ жырына олжа салған, өз үні, өз қолтаңбасы айқын Нұрлан Оразалинның жарты ғасырдан асып жығылар қаламгерлік ғұмырбаянын қамтитын бұл көптомды шығармалар жинағы ойшыл суреткердің жаратылысын танып, тұлға табиғатын ашуға мол мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қоғам, заман, тұлғалар туралы жазылған дүниелер мазмұн тереңдігімен, салиқалы ойларымен ерекшеленеді.
Сонымен бірге осы жиында Нұрлан Оразалинның Мәскеу қаласындағы «МИК» баспасынан жарық көрген «Избранное» атты орыс тіліне аударылған өлеңдер жинағының да тұсауы кесілді. Алғы сөзін әйгілі ақын Олжас Сүлейменов жазған аталмыш жинақтағы өлеңдерді орыс тіліне С.Мнацаканян, В.Антонов, Н.Чернова, Л.Шашкова, А.Матвеев, Б.Жылқыбаев, О.Жанайдаров, Т.Васильченко, Қ.Бақбергенов сияқты тәжірибелі аудармашылар тәржімалаған.
Тұсаукесер рәсіміне Сәбит Оразбаев, Мұрат Әуезов, Сәбит Досанов, Бексұлтан Нұржекеұлы, Марал Ысқақбай, Смағұл Елубай, Шөмішбай Сариев, Қуанышбай Құрманғалиев сынды басқа да бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысып, сөз сөйледі.
Әдеби-мәдени шара аясында Ұлттық кітапхананың қорынан Нұрлан Оразалинның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кеште Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенттері ақын шығармашылығынан өлең оқып, қойылым көрсетті.
Кешті Қазақстан Жазушылар одағы басқарама төрағасының орынбасарлары ақын Ғалым Жайлыбай мен ақын Жанарбек Әшімхан жүргізіп отырды.
***
Көрнекті жазушы Смағұл Елубай:
– Қазақ әдебиеті, әсіресе, қазақ поэзиясы жетпіс жылдық кеңестік кезеңде үлкен құдыретінен айырылды. Және бұл кесапат елдің өз еркімен емес, идеологиялық тоқпақ астында жүзеге асырылған еді. Ол қасиеттің аты – Иман болатын. Өкінішке орай, 1930-шы жылдары Әдебиетте де, мәдениетте де, барлық саладан тәрбие тек Павлик Морозов рухында жүргізілді. Сол себептен, біздің поэзиямыздың контексінен «Құдай» деген сөз кетіп қалды. «Иман» деген сөз кетіп қалды. Кетірді. Оның салдары сұрапыл болды. Әлбетте, Қазақ әдебиетіндегі бұл жағдай басқа да әлем әдебиетінің басына түскен қасірет-тін. Мұндай идея әдебиетімізге революция арқылы келді. Ал революция Батыстан келді. Ол идеологиялық майдандағы құдайсыздану революциясы еді. Президентіміз кешегі мақаласында коммунизм мен фашизмді либерализммен қатар қойды. Либерализм – сонау Батыстың 200-300 жыл бойы көтерген туы болатын. Сол тудың астында фашизм өмірге келді. Сол тудың астында коммунизм өмірге келді. Коммунизм бізге жеткен бойда бәрімізді Құдайдан ажыратты. Мен Қазақ поэзиясының өз контексінде бір құдыретінен айырылуын солай ұғамын.
Ертеректе өзіміздің қалыбымызға қашан түсер екенбіз деп армандайтынмын. Сол қалыпқа Тәуелсіздік жылдары ақырындап түсе бастаған екенбіз. Нұрлан өлеңінде 2000-2001 жылдан бастап Тәңір тақырыбы, Иман тақырыбы пайда болды. Осылайша, жетпіс жыл бойы бір құдіретінен айырылған поэзия сол киелі қасиетімен қайта қауыша бастады. Бұл – үлкен бетбұрыс еді. Оны біз іштей ұзақ күттік. Нұрланның «Тәңірмен кездесу» атты жинағы шыққан кезде қатты қуанғанымыз есімізде. Осы қуанышымыздың белгісіндей – бүгінгі он томдықтың ішінде біздің көлемді мақаламыз жүр.
Жаңа көрсетілген қойылымда жастар оқыған жырлардан көбінесе «Тәңір» сөзі естіліп отырды. Сондай-ақ, Тәңірге қарама-қарсы Ібіліс сөзі де кездесіп отырды.
Адам ата, Хауа ана ұрпағы,
Ібілісті мақтады да шырқады, – дейтін өлең жолдары бар. Бұл сонау 1960-шы жылдары Америкада басталған сексуалды революция тұсындағы көрініс еді. Сонда «Сайтанның шіркеуі» дейтін шіркеу пайда болды. Сондай орын қазір Мәскеуде бой көтерді. Ал сол шіркеу бізде болмаса да, сайтанның ізін басқан қылмыскерлер өмірге келіп жатыр. Оны біз күн сайын көріп отырмыз. Яғни, бізден иман кеткен тұс – жетпіс жылдық кезең өз «жемісін» бере бастады. Адам естімеген, Ұлы Далада ғұмыры болмаған оқиғалар күн сайын болып жатыр. Тәңірден ажырағаннан кейін Ібілістің ізіне ерген ұрпақ келетіні сөзсіз. Міне, осындай тұста біздің Сөз өнері Иманға бет бұруы зор қуаныш еді. Халық зарыға күткен үлкен бетбұрыс еді. Сол бетбұрыс Нұрлан поэзиясында төбе көрсетіп қана қана қоймай, оның үлкен тақырыбына айналуы Әдебиетіміздің жарқын болашағына деген үмітімізді жақты. Оқырманды осы бір қуанышымен құттықтағымыз келеді. Әрине, ең алдымен ақынның өзін құттықтаймыз.
Қ.САҒАТҰЛЫ
qazaquni.kz