Астанада Дүниежүзілік кітап күні аталып өтті (ФОТО)
2017 ж. 25 сәуір
4963
2
Бүгін Дүниежүзілік Кітап және авторлық құқық күні аясында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «КІТАПХАНА – РУХАНИЯТ ОРДАСЫ» тақырыбында Ашық есік күні өтті.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы кітапхананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл күні кітапханада «ЕХРО-2017 – Болашақтың қуаты», «Түркістан – елдігіміздің ақ ордасы», «Коран: притяжение гармонии», «Жаңа кітаптар», «Латын әліпбиіндегі қазақ кітаптары» кітап көрмелері мен «Рухани жаңғырудың жарқын жолы» атты мерзімді басылымдар көрмесі, баспалардың қатысуымен Кітап жәрмеңкелері ұйымдастырылды.
Сондай-ақ «Бір ел – бір кітап»-2017 акциясы аясындағы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» дәрісі мен «Қоңыр: үн, тіл, діл» атты жасөспірімдерге арналған ақпараттық сағатымен жалғасын тапты.
Ашық Есік күніне Ғарифолла Есім, Болат Көмеков, Алдан Смайыл, Серік Тұрғынбекұлы, Тұрсын Жұртбай, Айтмұхамбет Бейсембеков, Баянғали Әлімжанов, т.б. зиялы қауым өкілдері және мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының студенттері, кітапхана оқырмандары қатысты.
Кітап күнінің шығу тарихы 1995 жылдың 23 сәуірі күні пайда болған. Қазіргі таңда бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні деп аталады және 100-ден астам елді қамтиды. Идеяның мақсаты – әлемдегі кез-келген жастағы адамдарды кітап оқуға ынталандыру. Мерекенің жыл сайынғы атап өтілуі кітап адамның ой-өрісін кеңейтіп, оның мүмкіндігін шексіз ететінін, жақсы өмір сүруге жол ашып, бейбітшілікті сақтауға көмектесетінін көрсетеді.
Ашық есік күні аясында алаштанушы ғалым, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Боль моя, гордость моя – Алаш» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Автордың бұған дейін осы тақырыпты қаузаған «Ұраным – Алаш» атты кітаптар сериясы қазақша жарық көрген болатын. Жоғарыдағы орыс тілінде шыққан 1100 беттік көлемді туынды «Ұраным – Алаштың» толықтырылған аудармасы.
Ашық Есік күні шет тіліндегі кино көрсетіліммен жалғасын тапты.