СЕРІК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ - АЛАШТАҒЫ «АЛДАМЖАРОВ АУРУЫ...»
2017 ж. 20 сәуір
4720
5
Өткен жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған "Ұзан" жинағына күтпеген жерден "шабуыл" басталды... Бір таң қалғаным, оны басқа емес, Аманхан Әлім досым бастапты. Сөйтсем, бұл сыйлықтан оның өзі де дәмелі екен... Бір кезде қол ұстасып, бірге туған егіздей болған қаламдас еді. 1970-ші жылдардан білемін, Дәуітәлі таныстырған. Ол кезде құрлысшы. Талапты, адал азамат сияқты көрінген...
Мәскеуден "бұзылып" қайтты. Сондағы ат төбеліндей бір топтың қолына түсіп, Ю.Кузнецов пен Н.Рубцовтан басқа ақындарды «мойындамай», орыс поэзиясын Пушкиннен кейін әлемдік деңгейге шығарған А.Вознесенский, Р.Рождественский, Евг. Евтушенколарға тісін қайрап қайтыпты. Келе сала маған да адырая қараған...
Тоталитарлық қоғамның іргесін сөккен, "Поэты в России - больше чем поэт!" деген асау да, асқақ буын еді бұл! Ресейде Пушкин мен Некрасов, Блок пен Ахматова, Мандельштам мен Цветаева, Маяковскийлерден кейін дәл осылармен иық тіресетіндей ұлы ақындар болған жоқ! Бұлар орыс поэзиясын алақандай пәтерлер мен салондардан стадионға шығарып, тоталитарлық жабық қоғамның қара пердесін жұлып сыпырып алған, адамзат поэзиясындағы айтулы құбылыс еді!
Аманханның жыл қорытындысындағы баяндамасынан кейін іле-шала Аян Нысаналиннің "Күріш пен күрмек" деген мақаласы шыға келді (Абай КЗ). Мен Аян ағаны бір кісідей жақсы білуші едім. Әдебиеттің, оның ішінде өлең деген сиқыр дүниенің қыр-сырын бір шама сезінетіндей, Аманханнан гөрі ақылдырақ, өрелілеу адам сияқты еді. Мынаны сол кісі жазды дегенге сене алмай отырмын, бұл сауатсыз, "іші толы қулық ой" (Абай) бір іштар, дарынсыз жазарманның шаруасы. Осы ойымды, Аянмен бірнеше жыл тізе қағысып, "Соц. Қаз" газетінде еңбек еткен Нұртөре (Жүсіп) бауырыма айтқанымда:
-Аянның өз биігінен осыншалық төменге түсуі мүмкін емес!-деді!
"Сынының" түріне қараңыз:
Мен – Хас Сақпын!Түбіне жетіп тексіздің,Жүзімді – желге, Жүрегімді – Тәңірге өпкіздім. Исламның өзін Әзірет Әлі Сұлтан мен, Абайдың Ұлы Миынан сүзіп өткіздім. Бұлтағына көнбей дінсіз һәм ділсіз кәпірдің, Бұлттың үстінде Бұқардай өлең сапырдым. Алланың алдына араб боп барса ел, қайтейін, Мен оған Һас Сақ – Қазақ боп бара жатырмын" - деген өлеңді қалай "талдағанына" көз салыңыз: "...тағы да «Исламның өзін Әзірет Әлі Сұлтанмен, Абайдың ұлы миынан сүзіп өткіздім» деп жаңсақ жолда жүр. Қаймананың да қаперіне: жер бетіндегі ең үлкен ми И.С.Тургеневке тән. Гиннестің рекордтар кітабына кіретін басқа да мәліметтер бар шығар. Бірақ, ми ұлылықпен өлшенбейді. Абайдың өзі ұлы болса да, миы үлкен бе, кішкентай ма ешкім білмейді. "("Күріш пен күрмек"). Мұнда Абайдың миы пәлен кг деген сөз жоқ қой?!. Күлесің бе, жылайсың ба?! Сіз не түсіндіңіз бұдан? Осыдан кейін не айтуға болады бұларға?! Аян Нысаналин емес бұл - Аманхан Әлімнің өзі ғой! Ағасы емес, - інісі! Егер мұны Аян жазса... оның да "деңгейі" белгілі болды бізге!Бір кезде ұлттық руханияттың төрінде ақ маңдайы жарқырап менің де ағаларым жүрген: Әлжаппар Әбішев, Ісіләм Жарлығапов, Қапан Сатыбалдин, Ақселеу Сейдімбек т.б. бірақ, олардың бірде біреуі өзгенің таңсығына тисіп, өзінің қаңсығын басына көтермей кетті!
Материалды дайындауға бар "күш-жігерін" салған. Менің өзім таба алмай жүрген алғашқы жинағым "Көктем тынысы" (1975 ж."Жазушы"), "Қарлығаш" (1977 ж. "Жалын") кітаптары да осы кісінің қолында екен! Қадағама (Қ. Мырза Әлі) жазған хатым да ("Ағысқа қарсы", "Лениншіл Жас",1991 ж ) қаңғырып осында жүр... Шіркін, қолқа салып, сұрап алар ма еді?!
А. Әлім "Күріш пен күрмегін" "Абай КЗ", Фб әлеуметтік желілеріне шығарып қана қоймай, өзі редактор болып жүрген, бір кезде Нұрағаң (Нұрмахан Оразбек) алтынмен аптап, күміспен күптеген "Ақиқат" журналының бетіне де құсып жіберді...
Бұл Аманхан Әлім бір кезде Мұхтар Мағауин мен Олжас Сүлейменовті де "талқандаған..." Оған Мұхаң да, Олжекең ләм деп жауап қатпады. Бұларға үнсіз қалудың өзі жауап екенін жаңа түсінгендеймін, қарымта қайтаруға да тұрмайтын дүние екен. Мен де бір жылдай шыдап, үндемей қойып едім, - Аманхан қояр емес. Күні кеше ғана «Әдебиет порталында» «Ақсұңқаровщина» деп, айқайлатып, тағы бір материал жариялады. Графомандардың (талантсыз жазарман) "граф-Аманы" Аманхан Әлім бірнеше мәрте Тыныштықбек Әбдікәкімовтің "ақын еместігін"(?!) "дәлелдеп" шықпақ болған-ды. Енді бес қаруын асынып маған келіп тұр: "... оның поэзиясы туралы биылғы жыл қортындысында айтқанбыз, (оған тоқталып жатпаймын. Сондағы пікір - пікір), - дейді Аманхан - ол Жұмекенше айтқандай, Совет жоспарымен поэзияға кездейсоқ кіріп кеткен жан....", - дейді А. Ә. тағы да мен туралы.
Өзімнің ішкі сезімімше, мен Сальери-Аманхандардан гөрі, Моцарт-Жұмекенге бір елі жақындау секілді едім; жарықтық Жұмекен дүниеден қайтарының алдында жыл қорытындысында жасаған бір баяндамасында алғашқы қадамыма тәнті болып, Аманханға емес, маған біраз ыстық лебізін айтып еді : "Серік Ақсұңқарұлының өлеңдері әлі өз алдына, дербес мұқаба алып көрмеген: «Қарлығаш» атты жалпы жинақта ғана жарияланған. Мына шумақтар ақынның кез келген өлеңінің кез келген жерінен алынды. Мақтау үшін емес, жас жыршының аяқ алысын, сөз саптасын аңғарту үшін осы келтірілген үзінділердің өзі жеткілікті сияқты. Серік өлеңдерінде еркін, көтеріңкі үн бар. Ол үн кейде романтикалық сарынға ауысып кетеді. Бірақ ақын романтикасы реалистік деталь-образдармен, бояулармен қанықтырылып отырады екен. Мұндай ақындар карьеристік талаптан, лауреаттық медальдар қуу әрекеттерінен аулақ болса – талай жерге барады деп үміт етуге негіз бар " ( қараңыз: Жұмекен Нәжімеденов, 7-том,1981 ж.21-22 беттер).
Бұл - Жұмекеннің 1980-ші жылдары бір топ жастардың "Қарлығаш" жинағына шыққан алғашқы балауса өлеңдерім туралы пікірі. Содан бері 40 жылға тарта уақыт өтіпті. Жұмекен Нәжімеденов пен Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиевке ұнаған өлеңдер А. Әлімге ұнамай қалыпты!
Ол, тіпті, поэзиядағы пафос дегенге өлердей қарсы екен: оның ойынша, пафос деген совет поэзиясының "қалдығы" көрінеді?! Пафос деген сөз (гр. pathos — сезім, құмарлық) құлшыныс, құштарлық, асқақтық, қуатты сезім мен терең шабыт мағынасында қолданылушы еді. Ежелгі грек әдебиетінде пафосты қаламгердің шығармашылық ойының сын-сипатын айқындап, туындыларындағы заман бейнесінің бейнелеу деңгейінің негізгі көрсеткіші ретінде қарастырған. Пафос арқылы ақын-жазушының қоғамдық-әлеуметтік идеалын анықтау қалыптасқан-ды. Пафос - қаламгердің “соты” мен “үкімі” деген де көзқарас бар. Қысқаша айтқанда, ол - терең сезім, асқақ ой деген сөз! Тіпті, Түріктің Күлтегін Жырының өне-бойы - Түрік Өлеңімен өрілген асқақ пафос қой!
Аманханның сол сөзін естіп алған осындағы шала сауатты бір дәлдүріш жас ақындарға: "Пафосқа жоламаңдар! Ол - Совет Одағының қалдығы!" - деп ақыл айтып жүрген көрінеді... Оны Мәскеудің білім-ілімін "тауысып" келген ғұлама-оқымысты деп ойлайтын болуы керек... Мен "ХХ ғасырдың жиырма сәтін" совет өкіметі тұсында жалғанның жарығына әзер шығарып едім. Мұны сол кездегі әдеби орта жақсы біледі. Енді ел егемен болғанда, сол Совет Одағында қалып қойған көрінем... Сондағы қанды балақ тоталитарлық жүйеге жөнді бір ауыз сөз айта алмаған Аманхандар арада 25 жыл өткеннен кейін елге "герой" болып отыр?!
"СОВЕТ ОДАҒЫ"
"Жалған пафос...сүйеді - деп - оданы...",- Сыртымнан кеп, іштар - өсек соғады; Таздан - тарақ, Менен қайда қалғалы, - Совет Одағы?!Жүрек айнып құдайсыздың құлынан, Тұранымнан жүрегіме тұнып - ән, - Сол сұм Совет Одағының кезінде, Мен аспанға Көк Бөрі* боп ұлығам... Содан әлі көгере алмай көсеге, Бұлдыр бейнем бұлтпен қоса көше ме? Мен Қасқыр боп ұлығанда, бұл қулар, Ит боп үріп жүрген еді-ау, - көшеде... Сол ғасырдан - бұл ғасырға ұшып кеп, Содан - Жерге түсіп жатқан түсік көп: Буаз болған Қаншық-Халтурадан сол, Неше түрлі дәлдүріштер күшіктеп... ... Мені емес қой, - Соны қимай ол әлі, Соңымыздан салпылдаған болады; Таздан-тарақ, менен қайда қалғалы,- Совет Одағы... *"Қасқырдың монологы" (1975 ж).Facebook-те А.Ә. күн сайын алдымнан шығады да отырады. Ханбибі Есенқара қахындағы эссемнен ("Егемен Қазақстан") іліп алар ештеңе таппапты... "Бүгінде «окололитературные дамы» өз алдына, «окололитературные мужчины» дегендер көбейіп кетті! Ақылы мүлде аз, ажары адам көргісіз, сауатсыз, адамгершілігі өте төмен, бойы – бұлғаң, түсі – жылмаң… Өздерін «қанатты ақын», «талантты жазушы», «санатты сыншы» сезінеді. Сөйтіп жүріп, Абайды «айналдырғысы» келеді бұлар...." деген сөз шамына тиіп кетсе керек, ер-тоқымын бауырына алып, тулап отыр: "Жалпы, ақын шығармашылығы туралы айтқанда, оның түр түсінің қандайлығы керек пе, осы! Оның шығармашылыққа қандай қатысы бар. Егер, поэзияға Ақсұңқарұлы көзімен қарасақ, Пушкин аласа бойлы, көріксіз, тіпті, кейбір қатарлары оның әйелінен бойы аласалығын айтып, қалжыңға айналдырған. Солай, Серік мырза! Сіздіңше ойласақ, Пушкин де өзің айтқандай "«окололитературные мужчины»" қатарына жатады ма, қалай? ""Қарға бойлы Қазтуғанды" қайда қоямыз?!" - дейді ақылгөйсіп! Мынау Мәскеуден екі жыл оқыған "оқымыстының" сөзі емес, Сергей Есениннің "Москва кабацкаясынан" миы ашып келген есірік ойлы пенденің сөзі ғой! Абайдың "Бойы - бұлғаң, түсі-жылмаң" дегені - "оның түр-түсінің қандайлығы" мен "бойдың аласа-биіктігін" білдірмейді, Хакім бұл жерде адамның аярлығы мен алаяқтығын айтып тұрған жоқ па еді?! Абай әулие қалай дөп айтқан: "Әуреге қалма езбеден, Күншілдігін қоздырып..."-деп?!
Мен енді осыдан соң А.Ә-нің менің шығармашылығым туралы айтқан басқа "сыни ойларына" тоқталып, жауап беріп жатуды бойыма ар көріп отырмын, Олжастың: "Үнсіздіктің өзі-дауыс!"(О, молчание! Это тоже-голос!" ) дегені есіме түсіп тұр!
Қазір-ХХІ ғасыр. Елдің екі көзі ғана емес, төбе көзі де бар. "Мағжан-халық жауы" дегенге сене қоятын баяғы ел жоқ."Мен білгенді- кім білерге?!" салған А.Ә. көзі қарақты қалың оқырман, қазақ әдебиетінің білгірі Мұхтар Құл-Мұхамед, Қуанышбай Құрманғали, Әуезхан Қодар, "Егемен Қазақстан" т.б. жоғары бағалаған "Ұзан" жинағын іске алғысыз қыла салды... Қиқу басталды. А.Ә-ді қолдап, қолпаштағандардың қарасы да -өзінше... әдебиетте жолы болмаған, аты-жөндерін мен түгілі, ел де біліңкіремейтін қайдағы біреулер..."Ұқсамасаң-тумағыр!"-дейді қазақ мұндайды! «Бұлбұл- гүлге, қарға- қоқысқа қонады» (Жалаладдин Руми) екен...
1964 жылы «Самое Молодое Общество Гениев» деген бір топ Мәскеуде:
«Смерть Евтушенко и Вознесенскому!» (внизу, как сообщили очевидцы, было приписано: «и Ахмадулиной» ФБ) —деген ұран көтеріп шыққан...... Біздің дәлдүріштер де таланттармен әлі-солай "күресіп" жүр!
Жазушының дүниедегі ең киелі орыны-жазу үстелі. Бұл-арқасына аруақ біткен пенде баласының Тәңірімен бетпе-бет келіп, сөйлесетін жері. Мұсылмандардың Мекке-Мәдинасы секілді.
Жазу үстелінде ұзақ отырған, таланты жұтаң, білім өрісі тар, шарқ ұрған ізденістерің жемісін көзі тірісінде һәм өлгеннен кейін көре алмайтындардың көпшілігі келе-келе өзінен көш ілгері озып кеткен қаламдас, замандастарының, міншіл, күншіліне қалай айналып кеткенін өзі де сезбей қалады. Ақын Алланың алдынан кеткен кезде оны албасты басады! Бір кезде қалам мен қағаздың ғажайыбына көз жұмып сеніп, соңында шығармашылық қуаты сарқылған жазарман енді сол өзі сүйген әдебиеттің қас дұшпаны болып алады! Талант суала бастаған кезде көкірекке жиналған дүние... лас, кір суға ұласып, іріңдеп, құрттайды да, жан-жағына жағымсыз иіс шығарады...
Жазу үстелінде Суреткер Алланың алдында отырады! Мешітке қалай дәрет алып кірсең, жазу үстеліне де соған барабар, таза, періште күйде отыру керек. Әйтпесе,-бітті... Талант-саф алтын, кіршіксіз таза дүние! Зұлымдық пен сұлулық арбасқан қамшының сабындай қысқа ғұмырда жүрегіңді кірлетіп алсаң, жазу үстеліңнен тұрып кету керек! Отыра берсең, өзің де оңбайсың, өзгені де оңдырмайсың...
90-шы жылдары бізде Бекділда Алдамжаров деген "ақын-сыншы" болған. Мұқағали, Қадыр, Тұманбайлардан бастап, Мұхтар Шаханов, Темірхан, Ұлықбектерден іліп алар ештеңе таппай, қазақ жырын "қырып-жойған"-ды... Бір кезде өзі де өлең жазып, орташа жазарман деңгейінде қалып қойғаны ойында жоқ, қазақ жырындағы қарымды тұлғаларды көзінен тізіп, күресінге лақтырып жібергісі келген-ді.... Енді соның "аруағы" Аманхандардың арқасына қайта қонғалы жатыр!
Алдамжаровтың «айыптау актісі» «Жұлдыз» журналына бірінен соң бірі іркес-тіркес жарияланып, сол кездегі әдеби ортаның төбе шашын тік тұрғызып еді... 60-шы жылдары ұлттық әдебиетімізде айтулы оқиға, айрықша құбылыс болған классиктерден іліп алар ештеңе таппаған белгісіз ақын Алдамжаров бір күнде «белгілі Белинскийге (?!) » айналып шыға келді! Атам да—аң-таң, апам да—аң-таң...
Елдің бәрі оны «Мағауиннің киллері» деп ойлаған...Ұлы жазушыға киллердің қажеті қанша?! Киллер –кемталантқа ғана керек нәрсе! Сол кезде көкейде сондай бір күдікті ой қалғаны рас. Бірақ, оны тарқатып, таратып айта алмай қалдық. Бір жағынан, ішімізде тар пиғыл, тарпаң ойлы біреуге журналдың бір емес, бірнеше санын беріп қойған классик жазушыға деген өкпе-наз да болған-ды. Арада 20-шақты жыл өткенде 90-шы жылдардағы сол келеңсіз оқиғаға ой көзімен қарап отырсақ, Айсбергтің мұхиттың бетіндегі сұлбасын ғана көріппіз де, астындағы мұздақтың астарына көзіміз жетпей қалған екен. Мағауин — прозаик. «Бақталастарымен» есеп айырғысы келсе, ақындарда несі бар?! «Айтқанға — көніп, айдағанға — жүретін Алдамжаровын» Ғабиттен бастап, Ілияс Есенберлин, Сайын Мұратбеков, Әкім Таразилерге «айдап салып» қоймай ма?!
Меніңше, Алдамжаровты біреулерге ешкім де «айдап салған» жоқ. Ғұмыр бақи «өлең» жазып, көптің бірі ғана болып қалған орташа жазарман талант атаулыға деген қу қарақан басының қарау ой-пиғылын жалғанның жарығына шығарып, ішінде пәленбай уақыт бойы қордаланған қоясын ақтара салды! Мұндайлар берісі - көрші орыс, әрісі — әлем әдебиетінде де болған. Бірақ, дәл осындай, классикалық әдебиеттің інжу-маржанын аяғының астына таптап, оның үстінен қиқу салып өте шыққан өлермен ешбір елде жоқ! Бізден басқа... Мұны Алаштағы «алдамжаров ауруы» - дейді! Бұл дерт әдебиетте ғана айқұлақтана көрініп тұрған жоқ, қазақтың бүкіл жұлын-жүйесіне, әлеуметтік желілерінен бастап, ас үйіне дейін дендеп кіріп алған...
Евтушенкода «поэзияның қас жаулары» деген бір сөз тіркесі бар еді. Достоевскийдің бір романында «осы адамзатқа ақын дегендердің бір тиынға керегі бар ма, қандай пенде ұйқаспен ойланып-толғанады?!», - дейтін бір типтік образ бар; «поэзияның осындай жаулары» «ақындардың» өз ішінде де жетіп, артылады. Совет өкіметі кезінде том-том кітап жазып, Ленин мен Сталинді ғана «жырлап», поэзияның не екенін түсінбей кеткен «шайырлар» қаншама?!. Мына Аманхандар солардың бірі һәм бірегейі десе болады. Өлеңде өз соқпағын таба алмай, өзінен көш ілгері озып кеткендерге өршелене қарсы өре түрегелген А.Ә-дерді көргенде орыстың "Кто-то из грязи -в князи"- деген қанатты сөзі еске сап ете түседі. Өздері қара басып, халтураның қара батпағында қонышынан шалшықтап жүріп, өнер өріндегі болмыс-бітімі өзгешелеу өрелі талант иелеріне тілін безеп, жөн-жоба айтады! Бұлар "Первая обязанность стихотворного критика - не писать самому плохих стихов. По крайней мере - не печатать..." деген Марина Цветаеваны оқымаған немесе оны да көзіне ілмейтін болуы керек?! Алпыстан асқанша ел сүйсінетін алты ауыз өлең жазбаған А. Әлімнің «шығармашылығы» көз алдымызда тұр ғой; онда екі-ақ «лирикалық герой» бар: біреуі—бала жасында өзін тәнті қылған бір қыз, екіншісі—есек мінген шал, екеуі де Аралда қалған... Поэзия деген—күйбең тірліктің күйкі көлеңкесі дегенді оған кім айтқан? Юрий Кузнецов па?! Онда Абайдың «Ызалы жүрек, долы қол, Улы сия, ащы тіл, Не жазып кетсе, жайы сол, Жеккөрсеңдер, өзің біл»-деген ұлағатты дәстүрі қайда қалады?!
Әдебиетте жолы болмаған дәлдүріштер - махаббатта жолы болмаған сексуаль маньяк, педофилдер сықылды; өнерге кеткен "өшін" өздерін қара шаңға көміп, қара үздіре жөнелген дүлділдерден алады! Қалай алады? "Жақтым күйе, жаптым жаламен" алады! Соған-мәз-мәйрәм... Баяғы аты шулы 37-ші жылдары осындай болған... Қазір де-сондай болғалы тұр ма?! Мына нарық заманы бұларды, тіпті, құтыртып жіберді! Пенде болған соң, кінә арқаламай жүре алмайсың. Кінәңнің кейде күнә екенін біліп, іштей азап шексең, бойыңда бір адамдық қасиет бар деген сөз! Ал, мыналар албасты басып, өздерінің сол кінәсі мен күнәсіне мақтанып, мағұмұрланатын "дәрежеге" жете бастады! Күлкілі һәм аянышты...
Мәскеуде екі жыл оқып келген "ғұлама ақын-сыншы" Маяковскийдің бір-біріне ұқсамайтын мықты ақындар көп болсын»- деген ұлағатты ойын да түсінбей қайтыпты. Шама-шарқы өзімен деңгейлес, айтар ой, ағытар сыры жоқ қайдағы біреулерге өзінше жан тартып, оларды Темірхан мен Ұлықбек, Жәркен мен Несіпбек, Ғалым мен Тыныштықбек, Светқалилардың төбесіне қойғысы келеді! Бойындағы баяғы табиғилық, кісілік із-түзсіз жоқ болған. Кеуде көтерілген... "Мен Мәскеуден оқып келдім..." деген бір көкірек пайда бопты... Ол оқыған оқуды Ұлықбек те оқып келіп еді, бірақ, бүйтіп аманханшылап кеткен жоқ еді! Осындайда Париждің Сорбонна университитетінің маңдайындағы: "Құдай саған түк бермесе, оны саған Сорбонна университеті де бере алмайды!" - деген жазу еске түседі. Осындай өресіз пендеге бір кезде Нұрмахан Оразбек редактор болған «Ақиқат» журналының тізгінін ұстатып қою — көрер көзге ұят емес пе?!
Кейінгі кезде осы А. Ә. секілді типтер азаматтық лириканы құрғақ публицистика деп ойлап, оған мұрнын шүйіре бастады. Бұл күндердің күні әдебиеттің қасиетіне емес, қасіретіне айнала ма деп қорқасың. Мұқағалидың: "Айтып өткен ақында арман бар ма?!" дегенін құлағына да қыстырар емес. Басқасын айтпағанда, біздің Абайдың өзі-азаматтық лириканың атасы еді ғой?! Таяуда орыстың осы замандағы ірі ақыны Юнна Морицтің кекесінге толы бір өлеңін оқып, бір мағұмұрланған едім. Сол өзің сүйсінген дүниеге өзге ел де сүйсінсе ғанибет емес пе: «Публицистика – сказка Пушкина, О рыбаке и, Пьеса Гоголя "Ревизор". Публицистика – это игра на скрипке, Где трагедия и позор. Это мифы народов мира, Льва Толстого "Хаджи Мурат", Публицистика – Дантов "Ад", Чехов, пьеса "Вишнёвый сад", "Скифы" Блока, его "Двенадцать", Пушкина "Медный всадник", Грибоедова "Горе от…" Публицистика – виноградник, Там Некрасова кислород, Там Крылов и его зверятник, Там Вергилий, Шекспир и "Репка", Девять муз, "Колобок", привет – Эту публику любит крепко, Дух поэзии, звёзд, планет!»
Аманхан енді бізді қойып, Пушкиннің өзіне ауыз сала бастады!
"... Бетховен Сальеридің Моцартты өлтірмегені жөнінде мақала да жазды. Бұл өсекті таратқандар Сальеридің жаулары еді. Оны жергілікті сенсация қуған басылымдар (бүгінгі "сары" басылымдар секілді), желауыз, жеңілауыздылардың ауызынан іліп алып жариялап жібереді. Ол ұзынқұлақтың бір парасы Пушкинге де жетіп, ол өзінің атақты шағын поэмасын жазады да, бүкіл патшалық Ресей, одан бері СССР, оны одан әрі іліп ала жөнеледі. Кезінде сол үшін Пушкинді айыптаушылар да болған.(Ондай жағдай бізде де жетіп артылады). Содан бері сол өсектен өрген оқиға талайға азық болып жүр. Әйтпесе, ... Сальери корольдің де, со кездегі музыка шеберлері мен жұртшылықтың сүйікті композиторы болған. Әрбір өнер адамына тән оның да кемшілігі болғанын қатарлары жазады, бірақ, оның Моцартқа у беретін жағдайда болмағанын ескертеді. Ол туралы материал көп... Сондықтан, мен де ол өсекке сене қоймаймын. Әйтпесе, сол Пушкинінің де Құдай сүйер қылығы аз болмаған...."(Аманхан Әлім,"Ойтоғыс", ФБ, 24. 11. 2016 ж.).
Сальери Моцартқа у берді ме, бермеді ме? Мәселе онда емес қой?! "Құдай сүйер қылығы аз"(А.Ә.) Пушкин "Моцарт пен Сальери" атты трагедиясында данышпандық пен дарынсыздықтың классикалық образын жасады! Барлық қоғамдық формацияларда қайта-қайта түрленіп, тіріліп, туа беретін типтік бейнелерді сомдады! Аманхан ақынша ойлау өз алдына, ХХІ ғасырдағы көзі қарақты, көңілі ояу қарапайым, сауатты оқырман құрлы да ойлана алмайды екен: өмірдегі қарабайыр шындықтан өнердегі шындық (Пушкин. "Моцарт пен Сальери) мың есе артық емес пе еді?! Мәселе-осында тұр! Аманхандар Сальериді жанындай жақсы көре ме, тіпті, оны "жаладан" ақтап алғысы да келе ме, онда "құдай сүйер қылығы аз"(А.Ә.) Пушкиннің де, біздің де қахымыз жоқ; бірақ, олардың осы оспадарлығы ұлы орыс ақынының адамзаттың көркем ойына олжа салған классикалық туындысына көлеңке де түсіре алмайды! Сезіктілер секіре береді! Әлем әдебиетінде Пушкиннің Моцарты-таланттың, "... королдің де, со кездегі музыка шеберлері мен жұртшылықтың сүйікті композиторы болған Сальери" (А.Ә.)-кемталанттың керемет сомдалған типтік бейнесі болып қала береді! Аманхандар сальерилерге жан тартты екен деп, адамзаттың әлімсақтан келе жатқан ұлағатты ұстанымы өзгермейді енді... Мәселе-осында!
"Моцарт пен Сальери. (Осы заманғы нұсқа)»- деген поэманы 27 жыл бойы жазып едім, қатарлас қаламдастарым оған онша мән бере қоймады. Сыншы, академик ғалым Серік Қирабаев ағам оны "Егемен Қазақстаннан" оқи салып, терең талдап шықты. Мұхтар, Сәбит, Ғабиден, Ғабит, Қасымдардың көзін көріп, өзі де талай шайқастың ішінде болған абыз аға, әдебиет-Моцарт пен Сальеридің айқасы екенін көзге шұқып көрсетті десе болады! А.Ә-дер одан өздерінің прототиптерін көріп, маған одан сайын өшігіп алды! Поэма нысанасына дөп жетті! Авторға керегі осы ғой! Құдайға тәубә, геройларым өзіммен қатар өмір сүріп жатыр! Жай жүрмей, солардың шамына от түсіріп қоям...
Бізді қойшы... Оның біз түгілі, ұлы Мұқағали қахындағы «сыни ой-толғамдарының» өзі көңілге көлеңке ұялатады. Ол Мұхаңның «Отыз бесінші көктемім» атты өлеңін Өмірзақ Қожамұратовтың осы әуендес өлеңімен салыстыра «талдап»: «Мұқағалидың «Автограф», «Аққулар ұйықтағанда», «Мен басымнан қорқамын...»-деген өлеңдері Өмірзақтың «осы тақлеттес өлеңдерінен бағыт-бағдар алған!»-деп «жаңалық» ашады! («Адырна»,3-ші саны, 2017 ж.). Кім—кімнен алған? Біріншіден, Мұқағали 35 жасқа келгенде, Өмірзақ бар-жоғы 30 жаста еді ғой?! Екіншіден, Мұқағали мен Өмірзақтың «Отыз бесін...» салыстыруға да келмейді; Мұхаңның жырына бір пенденің ғұмыры өз алдына, -қазақтың бір дәуірі сыйып кеткен, Өмірзақтікі—соған егіле еліктеуден аса алмаған шала дүние. Аманханның айтуынша, қазақ жырына төңкеріс жасаған Төлеген Айбергенов, Кеңшілік Мырзабеков те сол Өмірзақтың бір жаңғырығы ғана көрінеді... Ө.Қожамұратов—жақсы ақын, тағдыр-таланы ауыр ақын, бірақ, ол Мұқағали, Төлеген, тіпті, Кеңшілік жеткен биікке жете алмаған-ды. А.Әлім қыза-қыза келе М.Мақатаев «Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін...» деген жолды Сейсен Мұхтарұлынан көшіріп алған деп мәз-мәйрам болады... Онысы сендердің алақанға салып отырған ұлы ақындарыңның да біз секілді ұсақ ақындардан асып кеткені шамалы деген пенделік пиғыл...
2000-шы жылдары Қазақстан Жазушылар одағының бір құрылтайында бір топ жас ақын-жазушыларды одаққа қабылдады. Сонда осы А.Ә. орынынан ұшып түрегеп, талантты жас ақын Танагөз Ілиястың одаққа мүше болуына үзілді-кесілді қарсы шықты. Танагөз өзінің қызымен жасты бала. Өте талантты ақын. Арада он шақты жыл өткенде Аманханды бірінші рет көруім. Жас ақынды етегінен тартқанды жаным жақтырмаушы еді. Талантты жас ақын Ақберен Елгезекке күн көрсетпей қойды! Өзі соның марқұм әкесімен бірге оқыған. Қазақ "Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін"-деуші еді. Ылғи талантты, қанатты ұл-қызға тиседі де жүреді! Баяғыда басымыздан өткен құқай, -күйіп кеттім... Көз алдымда бір кездегі бір періштем... қазақ жырындағы қиқулаған қалың дүбірден саяқ қалған сайқымазаққа айналып сала берді...
«Заманауи козел провокаторлар!» -депті Арман Қанидың ФБ-дағы парақшасында-"...заманауи козел провокаторлар..." Кейінгі кезде маған керемет ұнап барады осы сөз! Қазақшаны белінен басып, одағай орысша қосқанына қарамастан! Соны талантты ақын Арман Қанидың ФБ-дағы парақшасынан ұрлап алдым! Арманның ғана аузынан шығатын сөз! Мұнда мінезі тұр оның! Балақтағы битті басқа шығармайтын мінезі! Енді бермеймін оған! Қолыма шырақ ұстап, таба алмай жүрген сөзім! "...заманауи козел провокаторлар!!!" Бұлар барлық жерде жүр! Дүниені бүлдіреді де, түк болмағандай жүре береді! Бұрын Политбюрода жүрген... Қазір дүниежүзілік саясаттың тізгінін қолына ұстап отыр! Балалар бақшасынан бастап, институт-университеттер мен ұлттық руханиятқа дейін кимелеп, кіріп алған!
ӘДЕБИ-КИЛЛЕР
Ұлттың қазір Күні де жоқ.Ай да жоқ,Руханият кеңістігін жайлады от;Өртеп жатыр!Өзегінде-қызғаныш,Күншілдердің киллерлері пайда боп... Дарынсыздар-Арландайын араны,Бетіне алып шықты қиян даланы.Мұқағалидан бастады да, бас салып,,Ұлықбекке дейін итше талады... Мағжандардың қаны ақса да жосылып,Көрген емес ойындары осылып;Барлық елдің пролетары сықылды,Барлық елдің дәлдүріші қосылып! - Қара құрттай халтуршиктер-соңында.Кім болса да таптап өтпек жолында;Бір-бір киллер жалдап алып мәз-мәйрем,Қалам емес,-қара пышақ қолында... Менің-дағы қоймай ... қазып түгімді,Тыныштықбекке күрек ала жүгірді;Халық қалды,Қара тобыр алдында,(Қарабет боп) - соған келіп жүгінді... Бір кездері қарасудай тулаған,Сәкенді де,Әкемді де... улаған;Түсі таныс,Дауыстары қарлығып:"Халық жауы - Мағжан!" деп шулаған... Қолға қалам алған, інім, байқашы,Ғұмыр бақи бітпейтұғын шайқасы;Әдебиет -Сону атамзаманнан,Моцарт пенен Сальеридің айқасы!Байқашы...