Серік Қирабаев еңбектеріндегі «Әдебиетті қайта оқу» мәселелері
2017 ж. 10 сәуір
8769
0
Кеңестік жүйеде ғұмыр кешіп, таптық көзқарас кезеңінде әдебиет тарихын жазуға мәжбүр болған қазақ әдебиеттанушылары тек тәуелсіздік алған тұстан ғана ұлттық әдебиеттанудың қайнар көзін табуға мүмкіндік алды. Солардың бірі әрі бірегейі, әдебиеттану ғылымының алыбы – академик Серік Смайылұлы Қирабаев еді. Бүгінгі таңда жасы тоқсанға толып отырған ардагер ғалымның азаттық алған жылдары жазған зерттеу мақалаларына, ғылымға сіңірген ерен еңбегіне зер салмай өту мүмкін емес. Әдебиет пен тарихқа өзінің адалдығын сақтай отырып, С.Қирабаев кеңестік дәуірде жазылған әдеби зерттеулердің біршамасының, Абай тілімен айтсақ, «іске татырлығы һәм іске татымайтыны» да бар екенін ашып айтты. Міне, осы кезден бастап қазақ әдебиетінің тарихын қайта жазу, әдебиетті қайта оқу деген мәселелер өздігінен күн тәртібіне қойыла бастады.
Кеңестік идеологияның әсерінен ғасырға жуық уақыт қазақ әдебиеті тарихынан алынып тасталған аяулы есімдер халыққа қайта қайтырылды. Оның ішінде Алаш қозғалысының белді өкілдері Шәкәрім, Ә. Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ғ. Қараш, Х. Досмұхамедұлы, М.Дулатұлы, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, Қ. Кемеңгерұлы, С. Сәдуақасұлы және тағы басқа ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен ғалымдарды айта аламыз. Осы азаматтардың есімдері 1988-89 жылдары толық ақталған соң, ғалымдардың алдында енді тұрған басты мәселе – шығармашылығын зерттеу, әдебиет тарихындағы орнын айқындау еді. Ғылыми нысана айқындалған соң, ғалымдардың осы бағыттағы зерттеу жұмыстары басталды.
Академик С. Қирабаев болса, алдымен, қазақ әдебиетінің көркеуіне зор үлес қосқан жазушы, драматург, ақын, ғалым Ж.Аймауытовтың шығармашылық мұрасын жинақтау, жариялауды қолға алады. 1989 жылы С.Қирабаев Ж. Аймауытовтың есімі толық ақталып, дүниеге келгеніне 100 жыл толған уақытта қаламгердің алғашқы бір томдық шығармалар жинағын құрастырады, жинақтың алғы сөзін жазады. Осылайша, Жүсіпбек сынды Алаш алыбын қазақ әдебиетінің тарихына қайта енгізеді. Зерттеуші осы бағыттағы зерттеулерінің нәтижесі ретінде «Жүсіпбек Аймауытов» атты монографиясын да жазады. Бұл еңбек жазушы шығармашылығына арналған тұңғыш ғылыми зерттеулердің бірі еді. Аталмыш еңбегінде академик С.Қирабаев Ж. Аймауытов өмірбанына шолу жасайды, жазушыны «үлкен прозаның тұңғышы» ретінде бағалайды. «Қартқожа», «Ақбілек» сынды романдары һәм «Күнікейдің жазығы» повесіне ғылыми талдау жасайды. Сонымен қатар, С. Қирабаевтың жазушы туралы мына пікірі ерекше тоқталуды қажет етеді: «Жүсіпбек – көп жағынан жаңашыл жазушы. Ең алдымен, ол революциядан бұрын дамып, қалыптасып үлгермеген әдебиеттің жаңа жанрларын ашудағы еңбегін айтуға болады. Ол –
қазақтың алғашқы драматургы, романшысы. Оның пьеса жазуы 1916 жылдардан басталса, «Қартқожа», «Ақбілек» - ұлттық әдебиетімізде революциядан кейін туған көп салалы реалистік романның алғашқы үлгілері болып табылады» [1,258]. Көргеніміздей, С. Қирабаевтың бір ғана пікірі Ж.Аймауытовтың жазушылық болмысын түгел ашып тұр. Әсіресе, ғалымның жазушыға берген бірнеше объективті бағасы («тұңғыш қазақ драматургы», «тұңғыш реалист романшы») бүгінгі таңға дейін өзінің өзектілігін жоймаған. С.Қирабаевтың осынау ой-пікіріне үндес пікірді осыдан 90 жыл бұрын, Жүсіпбектің көзі тірісінде Ұлт көсемі, әдебиет сыншысы Ә. Бөкейханның қаламгердің «Қартқожа» романына арнайы жазған рецензиясынан табуға болады: «Кітаптың ұзын бойында бай мен кедейдің, құл мен қожаның, жеуші мен желінушінің, төре мен қараның, би мен шаруаның тілектерінің қайшылануы суреттеліп отырады... Бұл реттен де «Қартқожа» тұңғыш роман» [2,252]. Жүсіпбектің тұңғыш рецензенті әрі серіктесі Ә. Бөкейханның да, жазушы жайлы тұңғыш монография авторы С. Қирабаевтың қозғап отырған ортақ мәселесі – қаламгерді тұңғыш реалист жазушы ретінде бағалауы. Ғасырлар сабақтастығын осы жерден көруге болады.
Жалпы алғанда, бұл кезеңде Алаш қайраткерлерінің шығармаларын жинақтап, оған талдау жасамақ түгіл, олардың есімдерін ақтаудың өзі ғалымдар үшін оңай болған жоқ. Оған себеп, бұл тақырыпқа қалам тербегісі келген зерттеушінің алдынан міндетті түрде бірнеше кедергі шығып отырды. Бірінші тосқауыл - кеңестік кезеңдегі солақай саясаттың ызғары.Бұл дегеніміз, қазақ әдебиетінің тарихындағы елеулі тұлғаларды оқытпауға бағытталған бірнеше қаулы мен қарарлардың болуы. Кедергілердің ішіндегі ең күрделісі осы еді. Бұл қатерлі үкімдер мен бұйрықтардың күшін жоюға академик Қирабаев тікелей атсалысты. Ол жөнінде академик С.Қасқабасов былай дейді: «Серағаның (Серік Қирабаевтың) тағы бір қасиетінің бірі көзі жеткен, өзі анық білетін мәселеге өте принципшілдігі және соны дәлелдей алатындығы. Бірде Өзбекәлі Жәнібековке компартия тарапынан 1950 жылы қабылданған бірнеше солақай, қате қаулыларды атап, солардың күшін жою туралы өз ойын дәлелді түрде әңгімелеп береді. Содан Өзбекәлі Жәнібеков нұсқау беріп, қажетті құжаттар дайындалып, 12 қаулы бірден жойылды»[3]. С. Қирабаев жөнінде айтылып отырған С.Қасқабасовтың пікіріне сүйенсек, Серік Смайылұлының қайраткерлігіне көз жеткіземіз. Қайраткер ғалымның жоғарыда айтылған 12 қаулының күшін жою туралы билікке айтқан уәжінің көмегімен қазақ әдебиетінің тарихы қайта жазылды десек, артық кетпейміз. Екінші зор кедергінің бірі – репрессия құрбандары болып кеткен Алаш қайраткерлерінің шығармаларының жоғалып немесе жойылып кетуі. Оған себеп жаппай қуғын-сүргін жылдарында осы азаматтардың шығармалары тәркіленді, өртелді. Тек санаулы ғана үлгілері халық жадында жатталып қалса да, қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығы түгелдей дерлік Ресей және басқа да ТМД мұрағаттарында сақталды. Бұл ғылым үшін орны толтырылмас олқылық еді. Ол жөнінде ғалым өзінің шәкірті профессор Д. Қамзабекұлына арналған мақаласында ашып жазады: «Бізді қинағаны – Алаш арыстарының көптеген мұрасы кезінде жойылып, газет-журналдарда басылғандары жыртылып, кітаптары жоғалып кеткені еді. Әдейі жыртып алып, жоқ қылып тастаған нәрселердің барлығын біз жан-жақтан іздеп таптық қой» [4,6].Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында академик С. Қирабаев өзінің жас шәкірттеріне қолдау көрсетіп, оларды Мәскеу, Петербор, Ташкент, Қазан, Омбы, Уфа және басқа ТМД мемлекеттерінің қалаларындағы мұрағаттарға іс-сапарларға аттандырды. Бұл жөнінде профессор Д.Қамзабекұлының академик С.Қирабаев туралы жазған мақаласынан жақсы білеміз: «Институт директоры, академик Серік Смайылұлы Қирабаевтың тікелей көмегімен жас ғалымдар ТМД елдерінің мұрағаттарын қарастыруға мүмкіндік алды...Мағжан, Жүсіпбек, Ахмет, Шәкәрім, Әлихан, Міржақып, Смағұл, Қошке, Ғұмар, Халел, тағы басқа арыстардың шығармалары, оларға қатысты құжаттар осы кезде жиналды»[5,369]. Түсінгеміздей, Алаш арыстарының ақталуы, шығармалары мен оларға қатысты құжаттардың жинақталуы оңайлықпен жүзеге асқан жоқ. Ал соның басы-қасында жүрген С.Қирабаев бұл үдерістің тез арада жүзеге асуына сүбелі үлес қосты.
Сонымен, ғалымның «Әдебиетті қайта оқу» мәселелеріне бағытталған еңбегінің алғашқысы осы еді. Алайда бұл тек бастамасы ғана болатын. Зерттеуші өзінің ізденісін әрі қарай жалғастырып, «Әдебиеттің ақтаңдақ беттері» атты монографиясын жазды. Бұл кітабында ғалым идеологияның әсерінен ұзақ жылдар бойы әдебиеттен тыс қалған ақын-жазушылардың шығармашылығына талдау жасайды. Кеңестік дәуірде «ескішіл», «кертартпа» саналған Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір, Нұржан, Мәшһүр-Жүсіп, Нарманбет сияқты ақындардың шығармашылығына жаңаша ұлттық бояуы басым, тәуелсіз көзқарасын білдіреді. «Ұлтшыл», «байшыл» деп таптық көзқараспен бағаланған Алаш арыстарын «қазақтың тұңғыш революцияшыл-демократтары» ретінде бағалайды. Бір сұхбатында зерттеші бұл еңбектің жазылуы аса тереңде жатқанын қозғап кетеді: «Ақтаңдақтармен байланысты жұмысқа көбірек араласу, бір жағынан, менің әдебиет институтындағы қызметіме қатысты болса, екінші жағынан, әдебиет тарихшысы есебіндегі бұрыннан істеп жүрген жұмысымның жалғасы тәрізді.Олардың шығармашылық жолымен мен бұрыннан таныс едім...Сәкенмен айналысып жүргенде ол күрескен «ұлтшылдықтың» сырын түсіну үшін Ахмет, Міржақып, Мағжандарды іздеп таныстым» [6,187]. Демек, ғалымның «ақтаңдақтар» өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми қызығушылығы өткен ғасырдың 50-60 жылдары басталғанына көзіміз жетті. Дәл сол жылдары С. Қирабаев «Сәкен Сейфуллин» тақырыбындағы докторлық диссертациясын жазып қорғаған еді. Сәкенді докторлық диссертация тақырыбына алып, оны бүге-шүгесіне дейін зерттесе де, зерттеуші Алаш арыстарына объективті көзқараспен қарайды: «Олар ойлы, білімді, көреген азаматтар еді – сондықтан ұлтшылдыққа барған жоқ. Оларды ұлтшыл етіп көрсету, істеген істерінің бәрін қара бояумен бояу – белгілі бір кезеңде таза идеологиялық мақсаттан туған біржақты пікір еді. Ол қазақ халқының ой-пікірі бар, елге ықпалы бар азаматтарын шеттету ниетін көздеді. Тарихты бұлай бұрмалау, оны белгілі бір топтың ыңғайына бейімдеу сталинизмнің үлкен дерті болатын» [6,57]. Ғалымның айтып отырған пікірінде сол кезеңнің ащы шындығы көрініс береді. Әйтпесе, сол Кеңес үкіметіне адал қызмет етіп, қызыл туды көкке көтерген С. Сейфуллин де сол «сталинизм дертінің» құрбаны болмас еді ғой. Қатыгез жүйе, өкінішке орай, ешкімге рақымшылық көрсеткен жоқ.
Жоғарыда бірнеше мәрте айтылғандай, тәуелсіздік алған тұстағы қазақ әдебиетінің тарихын жазу мәселесін бірінші болып күн тәртібіне қойған ғалымдардың бірі – академик С. Қирабаев еді. Ғалым өзінің «Әдебиеттің ақтаңдақ беттері» кітабын «қазақ әдебиеті тарихын қайта жазуға дайындық» есебінде жазғанын айтады. Сондықтан бұл еңбек сол «дайындық» жүргізуші міндетін толық атқарып, бірнеше жылдын кейін жарық көретін «Қазақ әдебиеті тарихының» он томдығына жол сілтеуші еңбек болғанын көреміз. Біз меңзеп отырған «Қазақ әдебиетінің тарихының» он томдығы - тәуелсіздік кезеңінде жазылған іргелі еңбектердің бірі. Бұл еңбек бірлесіп жазылған академиялық ғылыми зерттеу еді, осы уақытқа дейін қазақ әдебиетін тарихын білуге, зерттеуге тапсырмас дүние екені сөзсіз. Ғалым С. Қирабаев он томдықтың Бас редакциясын басқарды. Әр томның тез арада шығуына тікелей араласты. Жинақтың 7,8,9 томдарының алғы сөзін, түсінктемелерін өзі жазды. Нәтижесінде, 1960–1967 жылдары басылып шыққан он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихына» белгілі себептермен кірмей қалған іргелі қаламгерлер мен ғалымдардың есімі жаңа тарихқа қайта енгізілді. «Әдебиетті қайта оқу» үдерісі шарықтау шегіне жақындай түсті.
Жақындай түсті дегеніміз, ғалымның жеке зерттеулеріне қатысты айтылған пікір еді. Себебі 2010 жылы С.Қирабаевтың «Әдебиетті қайта оқу» атты іргелі зерттеуі жарық көреді. Бұл еңбек жоғарыда айтылған ғалымның барлық ізденістері мен зерттеулерінің қорытындысы іспеттес көрінеді. Қазақ әдебиетінің зерттелуіне бар күш-жігерін салып, оның тарихының жаңаша жазылуына ұйытқы бола білген ардақты ғалым аталмыш еңбегіне өзінің жан-дүниесін түгел ақтарып, өзі бастаған істі одан әрі жалғастырғанын байқаймыз. Ғалым ол жөнінде еңбегінің кіріспесінде баяндайды. Содан кейін екі бөлімнен тұратын негізгі бөлімнің алғашқысында расында да бұл зерттеудің бұрынғылардың жалғасы екеніне көзіміз жетеді. Әсіресе, «Тәуелсіздік идеясы және «ұлтшылдық» әдебиет» атты бөлімдерінен ғалымның өмір бойы аялап, ардақтап өткен Алаш қайраткерлеріне арналған тағы бір ілтипатын көруге болады. Бұл жолы С.Қирабаев Алаш арыстарының көзқарастарын тәуелсіздік идеясының іргетасы деп есептейді. Ғалымның пікірінше, асылдарымыздың шығармашылығы арқылы Отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына оп-оңай сіңіруге болады. Ғалым осыған меңзейді: «Ұлттық әдебиетіміздің бүкіл даму жолына тұтқа болған, XX ғасыр ғасыр басында айрықша өткірлікпен қойылған тәуелсіздік идеясы, шындап келгенде, біздің әдебиетіміздің реалисттік дәстүрін қалыптастырды... Осыған жалғас туған жаңа әдебиет азаматтық рухтың биіктігін, гуманизм мен демократтық көзқарасты, Отан сүюшілік пен туысқандық идеяларын жырлады. Мұның барлығы XX ғасыр басындағы
Ахмет пен Міржақып бастап кеткен жолдың өміршеңдігін танытты. Солар аңсаған тәуелсіздік қазір біздің қолымызда» [7,51]. Ендеше, жоғарыда бірнеше рет аталған «Әдебиетті қайта оқу» дегеніміз осы. Кешегі өткен қақармандарымыздың үлгісін ала отырып, тәуелсіздік идеясын насихаттау, «Мәңгілік ел» болуға ұмтылу.
Бұл академик С.Қирабаевтың ғылыми һәм азаматтық пікірі және сол пікірге қайраткер әрдайым адалдығын сақтап келеді. Өткен жылы ғана әлемдік даңқты тұлға ретінде ЮНЕСКО көлемінде мойындалып, 150 жылдығы атап өтелуге тиіс болған, алайда іс-жүзінде тіпті мемлекеттік деңгейде ескерілмеген Ұлт көсемі, әдебиеттанушы Әлихан Бөкейханның мерейтойында да қайраткер-ғалым Серік Қирабаев осыны тағы бір мәрте дәлелдеді. Сөзі мен ісі бір жерден шығатын ардақты ғалым мерейтойға қатысты пікірін осыдан үш жыл бұрын ашып айтты: «Ахмет Байтұрсынұлын, Міржақып Дулатұлын зерттейік десек, Әлихан Бөкейхансыз дерекке қол жеткізу мүмкін емес. Біз сондықтан Алаш тарихын зерттеуді Әлихан Бөкейханнан бастауды жөн көрдік. Әлихан – барлық тақырыпқа жүйрік адам болған. Әлихансыз Міржақып пен Ахметтер саясатқа қадам баспаған. Бүгінгі айтып жүрген «Мәңгілік ел», «Қазақ елі» деген идеялардың басында Әлихан тұрғанын ұмытпауымыз керек. Сондықтан Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтуіміз керек» [8]. Өткенсіз болашақ болмайтынын жақсы білетін академик қазақ әдебиетін, тарихын Алаш қайраткерлері тұрғысынан оқудың қаншалықты маңызды екенін ұғындырды. Осындай әрі қайраткер, әрі ғалым Серік Смайылұлы сияқты азаматтардың ғылыми танымы мен азаматтық болмысынан әрдайым үлгі алатын болсақ, әдебиет пен тарихымызды оқу мен зерделеудің, Отанға қызмет етудің тағылымды тұтқасын ұстап, болашаққа нық сеніммен басарымызға сенім мол.
Ғазизов Ғибрат
Л.Н. Гумилев атын. ЕҰУ магистранты
Қазақ үні
Пайдаланған әдебиеттер
1. Қирабаев С. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, - 2007. Т.4.
2. Классикалық зерттеулер: Көп томдық. – Алматы, «Әдебиет Әлемі», 2012. Т.9: XX ғасыр басындағы Алаш әдебиеттануы.
3. old.adebiportal.kz/Қасқабасов С. «Академик Қирабаев» мақаласынан
4. Тағылым тұтқасы (Дихан Қамзабекұлының азаматтық болмысы мен шығармашылық портреті). Құраст. Әбдікәрімов Ш., Омарұлы Б., Әлқожа Р. Алматы: «Arna-b», 2016.
5. Әдебиеттанудың өзекті мәселелері: Академик Серік Қирабаевтың 75 жылдығына арналған ғылыми жинақ. Алматы; «Комплекс» баспасы, 2002.
6. Қирабаев С. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, - 2007. Т.5.
7. Қирабаев С. Әдебиетті қайта оқу. Әдебиеттік зерттеулер мен мақалалар. Алматы: «Балауса» баспасы, 2010.
8. baq.kz/kk/news/zhazushilar/a-bokeikhannin-150-zhildigi-memlekettik-dengeide/atlip- otilui-tiis-442