ТӨЛЕГЕННІҢ «ТАЛАЙ ТҮНГІ ТІЛЕГІ»
2017 ж. 15 наурыз
6723
2
Осы наурыз айында аса көрнекті ақын Төлеген Айбергеновтің туғанына 80 жыл толды. Ақынның «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» деп жырлағаны бар. Жыл басынан бері Алатау мен Арқаның, Алтай мен Атыраудың арасындағы өлең сүйер қауым Төлегеннің «Талай түнгі тілегін» беріп келе жатқандай.
ӨЛЕҢГЕ РЕФОРМА ЖАСАҒАН АҚЫН
Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы да ақын мерейтойын ескерусіз қалдырмай, «Сен мені ізде, аяулым» атты ән-жыр кешін ұйымдастырды. Кешке ақынның қыздары Салтанат, Айнар және Хұсни Айбергеновалар арнайы келіп қатысты.
[caption id="" align="aligncenter" width="789"] Т. Айбергеновтың қыздары[/caption]Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқов. Өмірде айнымас дос болған қос талант сазы мен назы бөлек «Ақ ерке – ақ Жайық» әнің туындатқаны белгілі. Кітап ордасы бізді осы әнмен қарсы алды. Ақынның өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндері шырқалған кеште көзін көрген ізбасарларының естеліктері мен шығармашылығын құрметтейтін жұрттың жылы лебіздеріне де орын табылды.
[caption id="" align="alignleft" width="165"] С. Тұрғынбекұлы[/caption]«Төлеген Айбергеновтің өлеңдерің Торғайда жүргенде-ақ жаттайтынбыз. Ал Алматыға келгенде Кеңшілік екеуіміз ақынды Жазушылар одағынан алғаш көрдік. Бізді танымайтын шығар деп ойлағанбыз. 1964 жылғы сәуір айында журналға Төлеген Айбергенов бастаған бір топ ақындардың өлеңдері басылды. Оның «Космонавт монологы» атты өлеңімен ашылған топтамалардың арасында менің де жырларым болды. Бір қызығы, сол өлеңдерімді әлі күнге дейін жатқа білмеймін. Ал Төлеген екі-үш жолын жатқа айтып, мені бауырына басты. Содан жақын араласып кетіп, қасынан қалмауға тырыстым. Төлеген Айбергенов пен Қайнекей Жармағамбетов жақсы дос болды. Ақынды көру үшін Қайнекей ағамыздың үйіне жиі баратынбыз. Айта кетерлігі, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында, жетпісінші жылдарының басында өлең өлкесіне сапарын бастаған ақындардың түгелге жуығы Төлегенге еліктеді. Бізге де оның әсері аз болмады» дейді халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы.
[caption id="" align="alignright" width="194"] Н. Айтұлы[/caption]Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы қазақ поэзиясының өрістеуіне ықпалын тигізген ақындарға, Төлеген Айбергеновтің поэзияға әкелген жаңалығына тоқталды. «Шын ақындар сирек кездеседі. Әр заманның қадау-қадау ақындары болады. Мәселен, Абылай заманында Бұқар жырау. Содан кейін Махамбет пен Дулат Бабатайұлы. Бүкіл Батыс пен Арқа солардың ауызына қарап отырды. Бері келгенде Абай. Абайдан төмен түскенде Мағжан мен Ілияс. Бұдан соң Қасым, Төлеген мен Мұқағали. Бұл ақындықтың, өлеңнің құдыреті. Төлеген Айбергенов өлеңге реформа жасаған ақын. Ол қазақ поэзиясына жаңа тіркес, жаңа ырғақ, жаңа тыныс әкелді» деді Н. Айтұлы.
ЖЫРЫ ИСПАН ТІЛІНЕ АУДАРЫЛДЫ
Жуырда Мадрид қаласында испан тіліне аударылған қазақ поэзиясының антологиясы жарық көрді. Оған кірген елу ақынның шығармаларының арасында Төлеген Айбергеновтің «Сағыныш» атты өлеңі де бар. Бұл жобаны жүзеге асырған ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Танакөз Толқынқызы аталмыш сыйлықты қалай алғанын еске алды.
Үйлендім, балалықтан із қалмады,
Жаңа өмір қол бұлғады бізге алдағы.
Өмірге сен келдің де гүлін жарды
Менің жас семьямның қызғалдағы...
Төлеген Айбергеновтің тұңғыш қызы Салтанат туғанда ақын өзінің қуанышын осы жыр жолдарымен сездірген. Кеште ақын Маржан Ершу жүргізген әдемі сұхбатта Салтанатқа сөз тигенде әкеден 7 жасында қалғанын айтқан ол ақынның еркесі болғанын, соны ойлағанда үнемі үйде домбыра тартып отыратын әке бейнесі көз алдына келетінін жеткізді. Қазір аты көп атала қоймайтын Төлегеннің досы Өмірзақ Қожамұратовтың өлеңін оқып, көпшілікті сүйсіндірді.
АЙБЕРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ САҒЫНЫШ
Шәмшіден кейін талай композитор ақынның өлеңдеріне ән жазды. Тіпті, бір өлеңінің өзіне жазылған әндер қаншама. Мәселен, Мансұр Сағатовтың «Сен мені ізде, аяулым» әнің білеміз. Бауыржан Смағұловтың осы аттас тағы бір шығармасын кеште автордың өзі орындады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова Төлегеннің «Ақ қайындар», «Ақ жаңбырлар» өлеңдеріңе жазған өз әндерін шырқады.
[caption id="" align="alignleft" width="155"] Ш. Қалдаяқов[/caption]Осыдан бес жыл бұрын Төлеген Айбергеновтің 75 жылдығына орай ақынның өлеңдеріне жазылған әндер байқауы ұйымдастырылды. Сол байқауда әнші Ажар Сейтенова орындаған композитор Аманбек Ақаевтың ақын өлеңіне жазылған Ғарифолла Құрманғалиевке арнауы үздік шықты. Бұл туындыны да естідік.
«Кейде маған Төлеген ақынның өлеңдеріне ән жазу артық сияқты көрінеді. Әннен де биік жырлар болады. Сол биіктік Төлеген Айбергеновтің өлеңдерінен көрінеді. Сондықтан оның өлеңдерінің көпшілігі өлең күйінде оқылса екен деген тілегім бар» деген ақын, композитор Елена Әбдіхалықова әйтсе де өзі де «О, адамдар біргемін мен сендермен» атты өлеңіне ән жазғанын жеткізді.
Ақын Бекжан Әшірбаевтің бір өлеңі: «Бір білерім менен ақын жасаған, Айбергенов атындағы сағыныш» деп түйінделеді. Сол сияқты кеште Жанат Әскербекқызы, Дәулеткерей Кәпұлы сияқты ақындар Төлеген туралы тебіреніп сөйлеп, жыр оқыды.
...Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,
Көп кещеге қай бетіммен кектенем.
Бізге өлімнің, сірә, қолы жетер ме,
Мұқағали, Төлегенге жетпеген – деп Жұматай Жақыпбаев жырламақшы, осы кеш соған анық көз жеткізді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ,