Сәбеңмен болған сол бір кез
2017 ж. 15 наурыз
3216
1
Ахат Жақсыбаев, жазушы
Мен Сәбеңнен қырық жас кіші екенмін. Елуінші жылдардың басында – бала кезімізде мектеп оқулығынан алғаш рет Сәбеңнің суретін көріп, өмірбаянымен танысып, өлеңдерін жаттап, мұғалімнен баға алып жүрдік. Ол кезде қазақтың жазушылары да, жазған кітаптары да аз секілді еді. Жаңадан шыққаны болса, алдымен үлкендер, одан кейін мектеп оқушылары – біз қолдан қолға тигізбей, кезектесіп оқитынбыз. Үлкен ағам Сәбит Мұқановтың «Менің мектептерім» (кейін «Өмір мектебі» атанды) романын әкеліп, «өте қызық кітап» деп, бас көтермей оқыды. Ағам үйде жоқта тығып қойған жерінен тауып алып, батар күннің соңғы жарығымен таласып, терезе алдында отырып, мен оқимын.
Алғашқы оқыған қалың кітабым да – осы «Менің мектептерім» еді. «Боранды түнде» тарауын бітіргенде ымырт қараңғылығы қоюланып, кітаптың беті бұлдырап, әріптер көрінбеді. Жәбір көріп, Мұстафаның үйінен қашып шыққан бала Нұртазаның үйін таба алмай, адасқанын біледі. Далада ұйтқи соққан жынды боран. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғыда амалсыздан моланы паналаған балаға жаның ашиды, аяйсың. Қасқырға кездесе ме деп, сенің де зәрең ұшады. Сол күні біздің қалада да қатты боран соғып, сыртта жел гулеп тұрды. Желдің бе, қасқырдың ба, ұлыған үні сенің де құлағыңа келеді. Боранды түндегі бала мен терезе аддында отырған сенің де көңіл-күйің үйлесіп, соның бәрін өзің бастан кешкендей қатты әсермен қозғала алмай, сол бала үшін күйзеліп отырасың. Бұл менің суреткерлік қуатты алғаш рет сезініп, жазылған оқиғаны өмірдегідей қаз-қалпында қабылдап, көз алдыма келтіріп, анық елестетуім еді. Сол сәттен бастап Сәбит Мұқанов менің де сүйікті жазушыма айналды. Кейін әр кітабын іздеп тауып, сан қайталап оқитын болдық. Бұл да бір арман еді, кейін Алматыға оқуға келгенде, өзін де көрдік...
60-жылдарда көзі тірілерден әдебиеттің басында Сәбең тұрды.
1967 жылдың жаз айында «Лениншіл жастан» (қазіргі «Жас алаш») кетіп, «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке орналастым. Содан бастап, кейін «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы, сол «Қазақ әдебиетінде» бас редактор болған кезімде – отыз жыл бойына үнемі Қазақстан Жазушылар одағы үйінде қызмет атқарыппын. Сол жылдарда Сәбеңнің тірі кезінде онымен жүздесіп, сәлем беріп, сөйлеген сөзін, айтқан әңгімесін тыңдап жүрдік. Кейін де – күні бүгінге дейін Сәбең туралы небір әңгімелерді естідік, пікір қалыптастырдық деуге де болатын сияқты.
Сол жылдары Жазушылар одағы үйінде түрлі әдеби шаралар, мерекелік жиындар, мерейтойлар жиі өтетін де, жазушылар соған көптеп жиналатын. Бүгіндері ойлап қарасақ, ол да бір тамаша дәурен екен.
Бірде алыс, бірде жақын, бірде кетісіп, бірде қайта табысатын, ұзақ жылдар бойына бір-бірімен байланысын үзбейтін әдеби орта, жазушылар қауымы бар екенін сезінетінсің. Сол ортада ақ жарқын, ашық мінезімен, көл-көсір жомарт көңілімен Сәбең ерекше дараланып-ақ тұратын. Ол кісі Жазушылар одағының үйіне кіргенде-ақ әлдебір серпіліс туғызып, жиналған жұртты еріксіз өзіне тартатын. Танысын-танымасын, сондағы елдің бәрімен тоқтап тұрып амандасып, бәріне де назар аударып, түгел шолып шығатын. Оның «Дұрыс!», «Әй, сен қай баласың?», «Қашан келдің?» деген дағдылы сөздеріне жұрт та үйреніп алған, қызықтап, мәз боп күледі.
Алды кең, айтары көп Сәбеңнің ешкімді жатсынып, жатырқамай, өзімен тең ұстап, еркін сөйлесетін қасиеті былайғы жұртқа мейлінше ұнап, адамның мәртебесін өсіретін. Кей-кейде менменсіген біреулерді көз алдында аласартып, кішіні жылы сөзбен көтермелеп, зорайтатыны да бар.
Осының бәрін өз көзіңмен көріп, көңілге түйгенде, Сәбеңе одан сайын тәнті боп, тартыла түседі екенсің.
Сәбеңмен бірге алыс жол жүремін, сапарлас боламын дем кім ойлаған. Ақыры, тағдырдың сыйындай, соның да сәті түсті. 1971 жылы желтоқсан айының басы болса керек, жұмыста отырғанымда, Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов мені өзіне шақыртты. Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі боп істейтін едім. Ал Әнуар аға дәл сол жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметінен Жазушылар одағының басшылығына ауысқан болатын. Содан бері бойымыз үйренген, бағамызды білетін басшының кабинетіне бірден кіріп бардым.
Әнекең кісілік мәдениеті жоғары, бітімі бөлек жан еді ғой. Мені көрген бойда әншейін әңгімедей етіп, бірден:
– Сәбит Мұқановпен Ашхабадқа барасың. Түркіменнің классик ақыны Кеминенің 200 жылдық мерейтойы болады, – деп, мән-жайды қысқаша түсіндірді.
Мен үшін мүлде күтпеген жағдай. Не дерге білмей үндемей тұрдым. Әнекең іш пікірін сездірмейтін, ой-толғамы терең, көп сөзі жоқ, істің адамы болатын.
– Барасың, – деп, кесімді сөзін қайталап айтып, иығын қозғалтып, жымиып күлді.
Осымен-ақ бұл сапардың мен үшін қаншалықты мағыналы екенін ұқтырған тәрізді. Әйтпесе, «Сәбеңмен бірге барасың» десе ұшып кеткелі тұрғандар көп екенін мен де білмейді емеспін. Көптің арасынан мені тандап, үлкен кісіге серік еткеніне іштей риза боп, Әнекеңе рахметімді айтқандай басымды изедім де, кете бардым. Айтары жоқ, іштей қуандым.
Осының бәрін қорытып алайыншы дегендей, Жазушылар одағы үйінің үшінші қабатындағы кабинетіме келіп, ойланып біраз отырдым. Көз алдыма «Менің мектептерімдегі» боранды түнде адасып, моланы паналаған бала елестеді. Сол баланың маған жаны жақын секілді. Әр нәрсе ойға оралады. «Әкеміздей адам, өзіміздің Сәбең ғой» деп, ертеңгі жолдан еш жүрексінген жоқпын. Бірақ көңілде, «қалай болар екен?» деген алдын-ала қобалжу бар.
Сәбеңнің пәтеріне телефон соғып, өзімен сөйлесіп, бірге баратынымызды айттым. Мені түстеп тани қоймағанын сездім. Ұсыныс Әнуар аға тарапынан болған секілді. Сәбең «қай баласың?» деп тәптіштеп жатпай, қарлығыңқы дауысымен: «Ашхабадқа ұшатын самолеттің рейсін біл де, менімен хабарлас. Маған билет алмайсыңдар. Депутаттық куәлігімді көрсетемін. Айтпақшы, тойға апаратын тарту деген болады. Соны ұмытпа», – деді...
Бізді аэропортта Берді Кербабаевтың өзі қарсы алды. Екеуі де ескі достар екен, құшақтасып, қауқылдасып, жарыса сөйлеп, әзілдесіп жатыр. Түркімен ағайындар Сәбең Мәриям апай екеуі келеді деп ойласа керек, қонақ үйде жеке люкс бөлме дайындап қойыпты. Сәбең мені басқа бөлмеге жібермей өзінің қасында қалдырды. Сонымен, Ашхабадта болған төрт күн бойына екеуміз екі көрпе жамылып, бір төсекте қатар жаттық.
Төрт күн бойына жүріп-тұрудың билігі менде болды. Қайда баратынымызды, не істейтінімізді – бәрін сұрап-біліп, атқарар міндетімді лезде меңгеріп алдым. Сәбең бетіңнең қақпайды, ескерту жасамайды, адамға қысымы жоқ, кең мінез екен. Қайда барсақ та біргеміз, қасынан бір елі тастамайды, не істесең де өзіңмен-өзің, еркінсің. Байқаймын, мені баласынбай үлкенге санайды. Берді Кербабаев күнде бір мезгіл Сәбеңе келіп кетеді. Әңгімелерін тыңдап, бір шетте мен де отырамын. Кейде қонақ үйдің бірінші қабатындагы ресторанға барып Сәбең, Берді аға үшеуміз бірге тамақтанамыз. Кеминенің мерейтойына келген қонақтардың арасында СОКП Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі де болды, көбіне-көп Түркіменстан Жазушылар одағының басшысы Рахым Есеновпен бірге жүргенін көретінмін. Бірде ресторанда тамақтанып отырғанда, әлгі жігіт біздің столға келіп, бос тұрған төртінші орындыққа отырды. Сәл масаңдау екен. Мені өзіне тең көрмеді ме, ірілігі ұстады ма, қалай дегенмен Мәскеуден, Орталық Комитеттен келгендігі бар, Сәбеңе, Берді ағаңа қарады да, тыжырынып, жақтырмай сөйлеп: «Сәбит Мұқанович, мына бір жігіт (молодой человек) Сіздің соңыңыздан қалмайды екен», – деді. «Бізбен қалайша қатар отыр» дегенді аңғартқысы келді. Сәбең заматта оған көзін тіктеп қадап, ызбармен: «Бұл кісі Кеминенің салтанатына келген Қазақстан делегациясының басшысы!» – деп, аты-жөнімді атады.
Сонда Мәскеуден келген партия қызметкері не дерге білмей, әлденеден сақтанғандай қипақтап, тез тайып тұрды. Бар әңгіме осымен тынды. Кейін де әлгі жігіт кете-кеткенше маңымызға жолаған жоқ. Сәбең туралы менменсігенді аласартып, кішіні зорайтады дегенде осы бір оқиға да ойыма оралады.
Ашхабадқа келген күннің ертеңінде кешкісін Моллане-пес атындағы академиялық драма театрында Кеминенің 200 жылдығына арналған салтанатты жиында Сәбеңнің кісілік қасиетіне тағы да табындым. Бұл салтанатқа одақтас республикалар жазушыларының көрнекті өкілдері келіпті. Бірінің өзін, бірінің шығармаларын танисың. Әйтеуір, осалы жоқ. Өздерін ірі ұстайды. Сәбең болмаса менің көзге түсетін, еленетін түрім жоқ. Солардың арасындағы, байқауымша, ең жасы екенмін. Әдебиетте тындырып тастағаным да шамалы. Әйтеуір, Сәбеңнің сүйреуімен алдыңғы қатарда жүрмін. Жиналыста залда отырайын деп едім, Сәбең қоярда қоймай, президиумге алып шығып, екінші қатарға отырғызды. Бірінші қатарда Сәбеңнің өзі, Берді ағаң, Түркіменстан Орталық партия комитетінің Гапуров бастаған бюро мүшелері, үкімет басшылары отыр.
Тойға тарту ретінде біздің Жазушылар одағы Жамбылдың суреті бейнеленген дөңгелек қалайы табақша беріп жіберген еді. Егер қысып ұстамасаң шынжыр ілгегі салдырлап мазаңды алады. Тартуды көргенде Сәбең «осы ма?» деп, көңілі толмағанын да білемін. Амал жоқ, әкелгеніміз, қолда бары осы. Іштей мен де қысылып, тезірек беріп осы бір салдырлаған табақшадан құтылсам екен деймін.
Сәбеңе сөз кезегі келіп, мінбеге беттегенде орнымнан тұрып табақшаны қолына ұстатып жібердім. Тәжіктер кілем, өзбектер де бағалы бұйымдар әкелгенін көзім шалды. Табақшаны салдырлатып Сәбең мінбеге шыққанда өзімді кінәлі жандай сезініп, «әттең» деп, намыстанып отырғам. Сәбең мінбеге шыққан бойда, оң қолын сермеп, «Ассалаумағалейкүм, Жайылхан!» деп сол қолын сермеп, тағы да «Ассалаумағалейкүм, Сейілхан!» деп сәлемдескенде, зал дүрліге қол соқты. Жиналған жұрттың бәрінің назары бір мезгілде түгелдей мінбедегі Сәбеңе ауды. Өзіне керегі де сол болса керек, Сәбең аруақтанып, арқасы қозып сөйлеп-ақ берді. Түркімен мен қазақтың бауырластығын айтты, Кемине мен Жамбылды айтты, әйтеуір, бәрін де айтты. Сөзінің соңында қалайы табақты залдағыларға көрсетіп, бейнелеп сөйлегенде, әлгі затымыз алтын табақтай асыл бұйым боп көрініп, той иелері ризалықпен қабылдады. Қалайы табағымыз Сәбеңнің әспеттеуімен қымбат дүние ретінде қолдан-қолға тиіп кете барды.
Салтанатты жиыннан кейін концерт көруге қалып, Сәбеңмен бірге ең алдыңғы қатарға отырдым. Дәл концерт басталарда, біреулер абыр-сабыр жүгірісіп, біздің бетімізге қарады. Сәбеңді танып, бата алмады-ау деймін, менің қасымдағы кісіні орнынан тұрғызып жіберіп, бір орын босатты. Концерт басталғанда, сол орынға Түркіменстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Гапуров келіп отырды. Келген бойда Сәбеңе бұрылып, ілтипат білдірді.
Концерт кезінде қасымда отырған Гапуровқа аракідік сұрақ қойып, артистерін мақтаймын. Ол кісі де кішіпейілденіп, сахнадағы кейбір артистермен сырттай таныстырып, менімен әңгімелесіп қояды. Концерттен кейін ол кісімен қол алысып, қоштастық.
Жиналыстан соң театрдың дәл қасындағы қонақ үйге жаяу келе жатқанда, Сәбең сәл бөгелді де:
– Сенің Гапуровпен сөйлесіп отырғанынды ұнатып қалдым, – деді.
Басқа ештеңе айтпады. Сәбеңнің осы бір сөзі әлі де құлағымда, ұмытқан жоқпын. Талдап, таратып жатпайын, сол сөз маған үлкен тәрбие боп көрінді.
Үйреншікті дағдысымен Сәбең таңертеңгі сағат бес-ал- тыларда оянады. Орнынан тұрғанын, терезені айқара ашып тастағанын, мәйкешең төсекте малдас құрып отырғанын ұйқылы-ояу сезіп жатамын. Кеш жатып, кеш тұруға үйренген басым, ұйқы қысып, бүркене беремін. «Қашан тұрасың?» дегендей Сәбең жөткірініп, қозғалақтай бастағанда, көрпені иығыма жамылып, көзімді жұмып-ашып, мен де малдас құрып, қасында шоқайып отырамын.
Таңғы салқын ауа бойды тоңазытады. Соны аңғарып, Сәбең:
– Тоңған жоқсың ба? – деп, терезені жабуға ыңғай білдіреді. Солтүстіктің қазағымын ғой, суыққа үйренгенмін, – деймін.
Бұл сөзім Сәбеңе ұнайды.
– Е, бәсе, – дейді де, – баяғыда елде жүрген кезімде, – деп, бір әңгімені бастайды...
Күн демалыс болатын. Ертең Алматыға қайтуымыз керек. Сәбең бұрын да Ашхабадта болған екен. Осында қазақ әдебиетінің күндері де өтіпті. Ал менің бірінші келуім. Бір күн бұрын түркімендердің мақтанып көрсететін курортты аймағы – Ашхабадтан отыз шақырым жердегі Фирюзаға барып, табиғатымен танысып, жақсы әсермен оралғанбыз. Ертеңінде, яғни, демалыс күні Сәбең Ашхабадтан тыс бір жерге барып қайтуға машина сұратып, бөлмеде күтіп отырдық. Түске дейін машина болмай, Сәбең мазасыздана бастады. Мен қонақ үйдің екінші қабатындағы мерейтой комиссиясының штабына барып, көлік күтіп отырғанымызды естеріне салдым. Машина сонда да келе қоймады. Ойлаған жағына Сәбеңнің неге сонша барғысы келгенін түсіне алмадым. Маған салса, басқа жаққа барғанды қойып, Ашхабадты тағы бір араласам ба деймін. Бірақ ол кісінің қас-қабағын бағып, үндемеймін. Қайда барғысы келгенін ол кісі де айтпады. Дегенмен, қайткенде баруға бекінген секілді.
Сол екі ортада Берді ағаң келіп, мәселені тез шешті. Үкімет үйімен хабарласып, машина алдырды. Сәбеңнің қасына бір түркімен жазушысын қосып беріп, жолға шығарып салды. Қайда бара жатқанымызды Сәбең жол үстінде ғана айтты. Ашхабадтан 80-90 шақырым жерде Бахарден станциясы бағытында Небит-Дағ тауының етегінде жер асты көлі бар екен. Соны көріп қайтуға шыққан екенбіз. Мен үшін жол бойына қарап отыру да қызық. Жолдың оң жақ беті кең жазық, әріректе құм төбелер бір-бірімен жалғасып, Қарақұм шөліне ұласады. Шөл даланы бірінші рет көруім еді, реңі, бедері еріксіз қызықтырады. Ал жолдың сол жағында Небит-Дағ тауының бергі сілемдері өркештеніп, тас қамалға ұқсайды. Едәуір жол жүрдік. Күн кешкіріп, аспан қарауытып барады. Үлкен жолдан бұрылып, тау етегіне бастайтын тар жолға түскенде, шекаралық күзет орны тоқтатып, барар бағытымызды, кім екенімізді сұрап, машинаны тексерді. «Сәбең осынша қиын жолға шығып несі бар еді» деп, іштей кейіген болдым. Сәбең сыр бермей, сөзге зауқы соқпай, өз жайымен үнсіз отыр. Машина таудың қойнауына қарай жоғары өрлеп келеді. «Айтқан көлі қайда?» деп жан-жағыма қараймын. Көл түгіл бұлақтың да ізі жоқ, қатпарланған жалаңаш тастар ғана.
Жол тұйықталып, тас қабырғаға тірелді. Машинадан түсіп, Сәбең бас боп, соқпақ жолмен жоғары қарай жүрдік те, тас үңгірдің алдына келіп тоқтадық. Сәбең демігіп, екі иығынан дем алып, біраз тыныстап тұрды.
– Мына үңгірмен төмен қарай түссең ең түкпірінде көл бар. Сен соны барып көріп кел, – деді.
– Сіз ше? – дедім.
– Мен бұл көлді бұрын бір келіп көргенім бар. Әдейі сен көрсін деп келдім. Бара ғой, – дегенде, не дерімді білмедім.
Айтар сөзім тамағыма кептеліп, Сәбеңе бір қарадым да, басқышпен төмен қарай жөнелдім. Үңгірдің қабырғалары кең төбесі биік, ішіне шам орнатқан. Бейне бір метроның станциясына бастайтын түсіп-шығатын көлбеу сияқты. Тас баспалдақ аумағы едәуір көлге барып тіреледі. Суы жылы, бір-екі адам шомылып жүр. Әрі қарай түпсіз-түңғиық секілді, қараңғыланып тұр. Ер Төстік жүретін жер астының ертегі әлеміне ұқсатып, таңырқап, таңданып қарайсың.
«Сәбең күтіп қалды-ау» деп, жан-жағыма тағы бір көз тастап, кеткім келмесе де, асыға басып жоғары көтерілдім. Сәбең әлі де сол орнында тұр. Алғысымды айтып, құшақтағым келді. Бірақ бата алмадым. Іштей шексіз риза болсам да сыртқа білдірмей, машинаға қарай үнсіз аяндадық. «Сен көрсін деп әдейі келдім» деген бір сөздің өзі неге тұрады. Сол үшін жарты күн мазасызданып, машинаның келуін күтті. Бүгіндері соны еске алғанда, еріксіз «Қайран Сәбең» дейсің. Біреуге жасаған жақсылығын елеусіз етіп, ешбір міндетсінбейтін еді.
Ашхабад сапарынан аман-есен Алматыға оралған соң, көрген-білгенімді, алған әсерімді келген бойда жазып «Қазақ әдебиетінде» жарияладым. Келесі бір күнде жазушы Тәкен Әлімқұлов жолығып, «жазғанынды оқыдым, жақсы екен» деді. Бірақ ненің жақсы екенін ашып айтпады. Бәлкім, Сәбеңнің кісілік қасиетін «жақсы екен» деген болар. Мен осы сөзге әбден сенген едім. Марқұм Тәкең ағамыз да сыншыл, әрнені аңғарымпаз адам еді.
Осы сапардан кейін кездесе қалғанда, Сәбең жылы жүзбен, атымды атап амандасатын болды.
Мен де бір жолғы сапардағы таныстықты бұлдамайын деп оншалық үйірсектенбей, атағынан қаймыққандай алыстау жүремін.
Арада жарты жыл өтер-өтпестен, 1972 жылдың мамыр айының алғашқы күндерінің бірінде тағы да Әнуар Әлімжанов шақыртты.
– Сәбит Мұқанов Мәриям апаймен Солтүстік Қазақстан облысына жүргелі жатыр екен. Сол кісілермен бірге барып қайтасың, жолға әзірлен, – деді.
Бұл ұсынысты өзіме артық санап, көпсінгенім бе, әлде мен үшін күтпеген жағдай екенін мойындағаным ба, әйтеуір, жұмыс басты екенімді айтып, бүгежектеп тұрдым.
– Сәбең әлгінде ғана сенің атыңды атап, қызметтен аз күнге босатуымды өтінді. Үлкен кісіге «бара алмайды» деп қалай айтамын?!.
Әнуар аға «мәселе солай» дегендей қолын жайып, жымиып күлді. Бұл жолы ұсыныс Сәбең тарапынан болғанына іштей қатты қуанып, сол сәтте-ақ көңілім алып-ұшып, бар ой-қиялыммен Солтүстік Қазақстан облысына аттаңдым. «Өмірдің бұл да бір қызығы шығар, көрейін» деп ойладым. 11-мамыр күні ұшақпен Қызылжарға келгеннен бастап, қашан қайтқанға дейін Сәбең мен Мәриям апай он күн бойына алты-жеті ауданда боп, ағайын-туыстарын, ескі таныстарын аралап, кездесулер өткізіп, жиналыстарға қатысып, үнемі жол үстінде болды. Бұл жақта аудан-ауданның арасы жақын, кейде қаладағы қонақ үйге келіп түнейміз.
Осы он күн бойына тынымсыз жүріс, толассыз жүздесулер. Сәбең бәріне шыдап, «шаршадым» демейді. Көтеріңкі көңіл-күймен көптің ыңғайына бағынып, солардың жетегімен жүрді. Елі де оған риза болды, келгеніне қуанды.
Бүгіндері ойлап көрсем, сол сапар – оның туған жеріне соңғы рет баруы екен. Арада тура бір жыл өткен соң аяулы, асыл Сәбең 18-сәуірде дүниеден өтті. Сонда бұл оның туып-өскен елімен, жерімен армансыз аралап, жұртымен алаңсыз жүздесіп, қоштасқаны ма екен деп те ойлайсың...
Жол бойында Сәбеңнің назарынан ешнәрсе тыс қалмайды. Кейде жан-жағына қарап, ұзақ үнсіз отырады, кейде жер тарихын, осында нендей оқиғалар, қандай адамдар болғаны баяндап, әңгімеге байытып тастайды. Біраз оқиғаның желісі бізге бұрын да таныс, «Өмір мектебі» трилогиясынан оқығанбыз. Бірақ жол үстінде ол оқиғаларды Сәбеңнің өз аузынан естіп, көз алдыңа келтіру тіптен әсерлі. «Осы жерде бір қызық болды» дейді. Кейде «әлі есімде» дейді де басқа бір әңгімені бастайды. Немесе «Күні бүгінге дейін көз алдымда тұрады» деп, әлдекімнің тағдыры туралы сөз қозғайды. Арасында көңіл көтеру үшін ел адамдарының күлдіргі қылықтарын еске түсіреді. Отырыстарда да жиналған топтың көңілін аулау үшін әдейілеп әңгіме айтып береді. Жүрген жолында ол арнайы бұрылып, біреулермен әдейілеп жүздеседі, біреулерге сәлем береді, біреулерге көңіл айтады.
Бірде ауылдың ортасында машинаны тоқтатып, арбамен кетіп бара жатқан шағын денелі бір шалды бөгеп, амандық-саулық сұрасты. Қандай қырағы, қандай байқағыш десеңші. Осыдан қырық сегіз жыл бұрын әлдебір жағдайда кездескен, көрген адамы екен. Бірден танып, «сен сол емеспісің?» деп, аты-жөнін атап, өткен-кеткенді сұрады, ата-тегін жіліктеп таратып берді. Әлгі арба үстіндегі мықырайған шал үшін Сәбеңді көру өң мен түстей боп, есі шығып, не дерге білмей тұрды.
Түс мезгілінде Қызылжардан жүз шақырым жердегі «Талапкер» ауылында тұратын жалғыз жиені Әшкардың денсаулығын білуге келді. Әшкар Сәбеңнің туған апасы Дәмештің баласы, жасы сонда жетпіс үш жаста. Қатты ауырып, төсек тартып жатыр екен. Сәбеңнің келгеніне қуанып, төсектен басын көтеріп, «енді ертең өлсем де арманым жоқ» деп, едәуір бойы сергіді. Осы ауылға қонатын болдық. «Бұл – менің өз үйім, ал, сендер – қонақсындар» деп, жатарда Мәриям апай екеуі ауыз жақтағы шағын бөлмені иеленіп, бізге төсекті төр жаққа салғызды.
Қандай ортада, қайсы бір жағдайда болса да, қашан көрсең де сол бір қалпы, өз болмыс-бітімінен өзгермейді. Бір айтқанын қайталай бермей, әр жерде әр басқа әңгіме қозғайтыны да қызықтыра түседі. Сол түстенген не қонған ауылдың кезінде көзі көрген, естіген елеулі адамдарын, солардың мінез-қылықтарын, қызықты оқиғаларын бүгінгі тұрғындарының есіне салады. Сипаттап, суреттегенде, күні кеше болғандай жанды бейнелері көз алдыңа елестейді. Тыңдаушының еркін билеп, еріксіз аузына қаратуы да әңгімешінің асқан шеберлігі шығар.
Түске жақын Қызылжардан шығып, күншығысқа қарай елу шақырымдай жер жүріп, Булаев су құбыры жүйесін түгел аралап көрдік. Сол кезде Есіл өзенінің суы тазаланып, сала-сала боп тармақтанып, құбырлар арқылы жер астымен ауыл-ауылдарға тарайтын еді. Жалпы ұзындығы 1750 шақырымға созылған Булаев су құбыры жүйесі Көкшетаудың, Солтүстік Қазақстан облысының екі жүзден астам елді мекендерін сумен қамтамасыз етіп тұрғаны айтылды. Бірінші насос станциясында болдық. Сәбең тазарған судың дәмін татып, лаборант әйелдердің аты-жөнін, қайдан келгенін, қанша жыл істегенін сұрап, әңгімелесіп отырды. Арасында қалжыңдасып та қояды. Естігендерін өзінің қойын дәптеріне жазып алып жатыр.
«Бұл кісіге осының бәрінің не керегі бар екен» деп ойладым. Адамдардың тағдырын білуге деген құмарлықтың бұл да бір көрінісі болар. Кешке қарай қалаға оралған соң облыстық теледидар арқылы сөйлеп, елге келгендегі алған әсерлері туралы айтты.
Ертеңгісін Сәбең Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде Москва ауданына барып, өз сайлаушыларымен кездесті.
Осында келгелі күн ашық боп, топырақ аралас жел көзді ашырмап еді. Біраз уақыттан бері шаң көтеріліп, жер қуаң тартып, шаруаға қолайсыздау боп тұр екен. Қайда барсақ та ауылдағылар «жауын болса» деп тілеп отырды. Ал бүгін күн бұлыңғыр, қоңырсалқын. Кешкісін селдетіп жауын жауған...
Ертеңіне түс мезгілінде ауылдан екі шақырым жердегі, айналасын қайың ағашы қоршаған көкмайса алаңда Сәбеңмен кездесу басталды. Осы кезде аспан бұлттан тазарып, айнала жарқырай ашылып, шақырайып күн шықты. Трактордың төрт тіркемесін жазып жіберіп, мінбені, президиум столын сонда орнатыпты. Жұрттың бәрі түрегеліп тұр. Алдыңғы жақта шалдар, қартаң адамдар шөп үстінде малдас құрып отыр. Қолдарына Сәбеңнің кітаптарын ұстаған жас жігіттер, балалар шеткеріректе әрлі-берлі жүр. Елді осында әкелген машиналар алыстау жерде шеп құрып, тізіліп тұр. Біреулер салт атпен келіпті. Не керек, жайлаудағы, табиғат аясындағы әдемі көрініс. Той өтіп жатқан секілді.
Жиналған осы топтың алдында елдің сүйікті жазушысы әлдебір толғаныспен ұзақ сөйледі.
– Сендердің басты тапсырмаларың – «жақсы кітап жаз» деген сөз еді. Соны жақсы орындауға күш-қуатым жеткенше тырысып бағудамын. Шоқан туралы романның үшінші кітабын жазып жатырмын, – деді.
Осы ауылда түнеп шығып, ертеңгісін Тораңғұл кеңшарында тағы бір кездесу өткізіп, тағы бір рет ел-жұртымен дидарласты.
Кешкісін Қызылжарға қайттық.
Солтүстік Қазақстан облысына келгенімізге он күн болды. Ертең – 21-мамырда Алматыға аттануымыз керек.
Қазақта «Адасқандар» (кейін «Мөлдір махаббат») романын оқымаған адам кемде-кем шығар. Романның алғаш 1928 жылы жазылып бітіп, «Адасқандар» деген атпен жарық көргені, соңғы жазылған нұсқасы «Мөлдір махаббат» делініп, жарық көруі 1959 жыл екені де белгілі. Әр буын өкілінің қолдан-қолға таратып, қызығып оқыған кітабының бас кейіпкері Бәтесті көремін деп кім ойлаған. Бәтестің шын аты Бәтима екенін, сол кезде көзі тірі, Қызылжардың бір көшесінде тұратынын мен қайдан білейін. «Ертең Алматыға қайтамыз» деп, Сәбең қалған бір күңді Қызылжардағы ескі таныстарын аралап көруге арнады. «Көз көрген» дегенге үлкен мән беріп, ескі таныстарын қатты қадірлейтінін де айтпасқа болмайды.
Кітаптағы Бәтес пен бүгінгі өмірдегі, өзім қарсы алдында отырған Бәтима апайды салыстырғым келгендей көз астыммен бет-жүзіне ұрланып қараймын.
Бәтима апай 1909 жылы туған, әлі де ажары таймаған. Кескін-кейпінде сұлулық сымбаты сақталыпты. Сабырмен, салмақпен асықпай сөйлейді. Қырық жыл отасқан күйеуі Жанахмет өткен жылы дүние салып, Сәбең бұл үйге көңіл айту үшін келіп отыр. Дастархан басында ақсақалдық жолмен бата жасап, жақсы тілегін білдірді.
– Мен – осы үйдің иесі Жанахмет Ақпанбетовпен қатар өскен, Орынборда бірге оқыған адаммын, – деді.
Кетерінде сөзін Бәтимаға арнап:
– Көңіл баяғыдай. Хабарласып, қатынасып тұрыңдар, – деп, жылы жүзбен қоштасты.
Солтүстік Қазақстанда болған сол бір күндерде Сәбеңнің қасында жүріп көп әңгіме естіп, көп нәрсе көргендеймін.
Кейін өзіміз де талай сапарда боп, біраз жерді араладық. Талай алдыңғы толқын ағаларымызбен бірге алыс жолда жүрдік. Бәрі де дұрыс секілді, әркім өзінше жақсы. Бірақ, бәрібір, Сәбеңе ұқсамайды.
qazaquni.kz