Дара да, дана еді
2017 ж. 28 ақпан
4600
0
Серік ҚИРАБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі
Менің Ғабиденмен жақын танысуым –1951 жылдың басы еді. Одан бұрын кітаптары арқылы ғана білетінмін. «Өмір, не өлім» жас кезімде қолдан қолға тигізбей оқыған кітаптарымның бірі болды. 1945 жылы елден Қарағандыға бір келіп кеткенде, кітап дүкенінен «Шығанақты» сатып алып оқығам. Кейін студенттік кездерімде әуелі «Әдебиет және искусство» журналынан, одан соң кітап болған нұсқасынан «Миллионерді» қызығып оқығандардың бірімін. «Миллионер» кезінде шулы, мақтаулы шығарма болды. Газет-журнал беттерінде ол жайлы мақалалар көп басылды, оқушылар конференциялары өтті. М.Әуезовтің КазПИ-де болған бір кездесуінде оны қазақ әдебиетінің бүгінгі тақырыпқа арналған жаңа туындыларының елеулісі деп бағалағаны есімде. Шығарма орысшаға аударылып, одақтық көлемде табысқа ие болды.
1951 жылдың қаңтарында мен институттың соңғы курсының студенті болып жүріп, ашылғанына бір жыл ғана болған Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында – проза редакциясының редакторы болып жұмысқа орналастым. Сонда менің қолыма тиген алғашқы дүниелердің бірі – жаңа ғана аяқталып, баспаға ұсынылған Ғабиден Мұстафинның «Қарағанды» романының қолжазбасы еді. Мен оның тұңғыш редакторы болдым. Романды баспаға дайындау кезінде Ғабиденмен бірнеше рет кездесіп әңгімелесуге тура келді.
Бірақ романның мен редактор болған нұсқасы жарық көрмеді. Оның ар жағында ол кезде ашып айтыла бермеген сырлар бар еді. Шықпай жатқан романның қолжазбасы маңында әртүрлі әңгімелер туып, арыздар жазылды. Соның алдында ғана «Есеп» деген скетчі үшін қатты сынға ұшыраған Ғабиденнің жаңа шығармасына қатаң талап қоя қарау туралы нұсқау алынды. Романда орыс адамдарының суреттелуін құбыжық көрген, одан ұлтшылдық іздеген жалаларға жол берілді. Оның үстіне роман кейіпкерлерінің прототиптері болған адамдардың жақындары мен туыстарының арыздары қосылды. Елуінші жылдардың саяси-әдеби атмосферасы белгілі ғой – осылардың бәріне жоғарыдан мән беріліп, романды авторға қайтарып жөндету керек деген ұйғарым жасалды. Жазушы қазақша тексті баспаға бере отырып, орысша аударылып жатқан нұсқасына елеулі өзгерістер жасады. Осыны да сылтау етіп, роман екі тілде бір нұсқамен шығуы керек деген шешім болды.
Романның жаңа жөнделген нұсқасы 1952 жылы ғана жарық көрді. Бұл кезде мен басқа қызметке ауысып кеткем. Бірақ роман түгелдей өзіме таныс-ты. Соңдықтан, «Қарағанды» туралы арнайы сын мақала жаздым. Ол «Лениншіл жас» газетінде (23-қараша, 1952) басылып шықты. Бұл – менің Ғабиден творчествосына арнап алғашқы қалам тартуым еді.
Көп кешікпей менің Ғабиден творчествосын тұтастай зерттеуіме жол ашылды. Қазақ ССР Ғалым академиясының Тіл және әдебиет институты «Қазақ совет әдебиеті тарихының очерктерін» жасау мәселесін қолға алды да, маған Ғабиден Мұстафин творчествосы туралы тарауды жазуды тапсырды. Осы еңбекті жазу, материал жинау кезіндегі кездесулер менің жазушымен творчестволық мәселелер жөнінде пікірлесуіме мүмкіндік туғызды. Арамызды жақындастыра түсті. Мен «Очеркке» тарау жазумен шектелмей, жазушы творчествосына арнап алғашқы еңбегімді аяқтадым. «Ғабиден Мұстафин» деп аталатын сын-биографиялық очерк 1956 жылы жарық көрді. 1958 жылы ол Қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвада өтетін он күндігіне арналып орыс тілінде басылып шықты. Сол жылы «Қазақ совет әдебиет тарихының очерктері» де (екі тілде) басылды.
Біздің арамызды жақындастырған тағы бір жағдай болды. «Қазақ әдебиеті» газетінің бір әзіл-анкетасының «Құмар машығыңыз қандай?» деген сұрағына Ғабекеңнің «Тек жақсыны көру. Бірер жаман да машығым бар, оны айтуға ұялам», – деп жауап бергені бар.
Ол машығы – карта еді. Бір кездерде қазақ зиялылары ішінде карта ойнау (әсіресе, преферанс) кең тарады. Оған әсіресе, Ғабит пен Ғабиден құмар еді. Жоғары аталған демалыс үйіндегі жазғы уақыттың көбі соған кететін. Кейінгі ұрпақ өкілдерінен екі шал (оларды «Қара шал», «Сары шал» деуші едік) Жұбан Молдағалиев екеуімізді көбірек тартатын. Ойын үстінде біздермен құрдасыңдай әзілдесіп, бізді де еркін сөйлеуге үйретті. Ғабиден бір сөзді, айтқанынан жалтармайтын, біреудің нұсқауын емес, ар-ұжданның айт деген сөзін ғана айтатын, табанды азамат еді. Оның жеке адам жөнінде немесе белгілі бір мәселе жайлы өз түсінігі, пікірі болатын. Егер ол пікірін шындық деп ұғып, оның дұрыстығына көзі жетсе, одан ешуақыт қайтпайтын. Оны мен алғаш рет 1950-952 жылдардың қайғылы уақиғалары тұсында көрдім. Қазақ зиялылары ортасынан, соның ішінде жазушылар қатарынан ұлтшылдық іздеп бір сапырылысқан кездерімізде, Ғабиден Жазушылар одағы жанындағы партия ұйымының секретары еді. Осы кезде, «Ұлтшылдық қатері» үшін талқыға түскен талантты ақындарымыз Ә.Тәжібаевқа, Х.Бекхожинге, Қ.Аманжоловқа ол қамқор бола білді, оларды Ғабиден партиядан шығару жөніндегі нұсқауға қарамастан КПСС қатарында сақтап қалды.
Жазушылар ортасы жікке бөлінбей жүре ме, Ғабиденмен сыйлас өскен, онымен жақын жүретін бір ақынның маңында сөз көтерілгені де есімде. Бұл – алпысыншы жылдардың іші болатын. Ғабиден Жазушылар одағы басқармасының бірінші секретары. Сөз көтерушілер оның Ғабиденмен арасын ажырату мақсатын көздеп, одақ басшысына бірнеше рет кісі барды. Ғабиден сыйлас інісіндей, талантты ақынды жамандыққа бермеді, оны жамандаған сөздердің ешқайсысына көнген жоқ.
«Мен ақынды білгенімше жамандап, оны қорғауға алудың қажетсіздігін дәлелдеуге тырыстым, – дейді Ғабиденге соңғы барған адамдардың бірі. – Сол тұста үйге Ғабиденнің Жанар деген қызы кірді. – Әй, – деді жазушы маған бұрылып, атымды атап. – Анау келген – менің балам. Менің сондай үш балам бар. Сен айтып отырған адам – осы үйдің төртінші баласы». Осы арқылы Ғабиден маған баласын жаманатқа бермейтінін сездірді. Мен түсіндім де, кетіп отырдым».
Ғабиден Жазушылар одағы басшылығына екі рет сайланды. Бұл тұс Жазушылар одағында әділдік үшін, творчество үшін, жақсы кітап, адал еңбек үшін, творчество адамының моральдық тазалығы үшін күрестің өрістеген кезі еді. Осы күресті Ғабиден табандылықпен жүргізді. Әдебиеттің шын жанашырлары, таланттылар тобы басшысын қорғап, оның позициясын жақтады. Оның маңына үйірілді. Ал, әлсіз авторлар Ғабиден күресіне қарсы шықты, әр түрлі сылтау, кінәлар іздеп, оның үстінен арыздар жазды. Ақыры арызқойлардан маза кетіп, жоғарыдан қолдау таппаған жазушы өз еркімен қызметтен кетуге мәжбүр болды. Ғабиденнің Жазушылар одағында істеген кездерінде жасы мен беделіне қарамастан көптеген үлкен жазушылардың шығармалары кең талқыға түсті.
Жазушылар одағын басқарған жылдары Ғабиден қазақ жазушылары шығармаларын оқуға көп уақытын арнады. Оның көзі ауырып, ылғи қызарып жүретінін, сондықтан, жазушының қара көзілдірік киетінін онымен таныс адамдар жақсы біледі. Сол себептен де ол кітаптарды жас жігіттерге, қолжазба болса, автордың өзіне оқытып тыңдайтын. Жұмысы көп бола тұра, оқуға арнаған уақытын Ғабиден басқа іспен бөлмейтін. Уақыт режимін қатты сақтайтын. Алғашқы жылдары ол оқу ісіне сол кезде Жазушылар одағында консультант боп істейтін Сафуан Шәймерденовті пайдаланып жүрді. Құрбылары Сафуанды «Ғабиденнің көзі» деп әзілдейтіні де есімде. Елуінші жылдардың орта тұсында «Дауылдан кейін» романын жазып жүрген күндерінде менің біраз уақыт жазушының қасында болғаным бар. Ол таңертең ерте тұрып жазуға отыратын. Содан таңертеңгі тамақ болмаса, басқа ешнәрсеге алаңдамай түскі екіге дейін жұмыс істейтін. Ал, түстен кейінгі уақытын қыдыруға, газет-журнал, кітап оқуға, басқа да ермектеріне жұмсайтын. Жұмыс істейтін кезінде кісі қабылдауға, не бір жиналыстарға баруға да уақытын қия бермейтін.
Ғабиден табиғатында кішіпейіл, қарапайым адам болатын. Не нәрсені болсын, дабырлатып, шулатып жүруді ұнатпайтын. Әсіресе, жазушының өзіне жасалған құрметті де шусыз, айғайсыз, жұпыны өткізуді ұнататын. Менің онымен сапарлас болған кездерім де болды. Ондайда көбінесе Ғабиден елге салмақ салмауға тырысатын, көп адам жиналып, мадақтау тостылар көтеріліп, дабырласып жатпауын ескертетін. Ел адамдарымен әңгімелесуді, ән-күй тыңдауды жақсы көретін. Сәкен Сейфуллинның 90 жылдығын тойлау күндерінде Жаңаарқа ауданында болдық. Қонақтарды аудан совхоздары бөліп алып күткенде, екеуіміз бірге «Дружба» совхозының еншісіне тиген едік. Сәкен тойына қатысты бағдарламадан бос кездерімізді Ғабиден көбінесе өзен жағасына тігілген киіз үйде шусыз шағын топ ортасында елдің сөз білетін адамдарымен әңгімелесумен өткізді. Әсіресе, ел азаматтарының әзіл-қалжыңдарына көңіл бөлді. Тапқыр, ұтымды сөздермен бірін-бірі қағытып, қажап, әзілдесіп отыратын мінездерді көрді.
Осындай әзілдер – қазақтың тіл, сөз байлығының бір бай саласы. Қазір азайып барады. Жаңаарқада бұл жақсы сақталған екен, – деп, оған өзінің ризалығын сездірді.
Ел ішінде аты әйгілі жазушыны көріп, онымен дастарқандас болып, әңгіме тындағысы келетіндер әдетте көп болады. Ғабиден ондай жиындардың ұзаққа созылып, даурықпа қошеметке айналуынан сақтандыратын.
– Осы елдің жұмысы жоқ па? Ел жиын қуып, жұмыстан қалып қоймасын. Еңбектің қызу кезі, – деп ескертіп отыратын. «Әр нәрсенің мерасы» бар дегенді көп айтатын («мера» деген сөзге салмақ түсіре).
Ғабиден онша қонақшыл да болмайтын. Қонақтың да көңілді әңгімемен, жұпыны өткенін дұрыс көретін. Тамақты талғап, там-тұмдап қана жейтін. Арақ-шарап ішпейтін. Аздап шампанға су қосып ішетіні бар-ды. Оны «күшейтіп ішемін» деп әзілдейтін. Бас ұстау, бата беру сияқты әдеттерге мән бермейтін. Бас ұстаудан көбінесе қашатын, ырымын жасап, біреуге өткізіп жіберуге тырысатын. Ал, бата жасауға ықылассыз болушы еді. Қонақ үстінде, әсіресе, ел арасында жас жігіттердің бірі «Әумин!» – деп қолын жайып, бата тілеп қалғанда:
– Бата дегеннің өзі тілек қой. Тілекті бағанадан бері айтып жатырмыз. Сол тілектер қабыл болсын! – деген сияқты жай сөздерге айналдырып, бітіре салатын.
Өзі қол жаймайтын. Мен оны кезінде «қажы баласы» деген сөзге ұшырап, маңында әртүрлі әңгімелер көтерілген әр қилы ауыр заманды бастан кешкен адамның қалыптасқан сақтығы шығар деп ойлайтын едім.
Қонақ үстінде жазушының өз басына әртүрлі тілектер айтылады. Оның ақсақалдығына, беделіне құрметтер жасалады. Ұзақ өмір тілеген пікірлер болады. Сонда Ғабең:
– Ұзақ жасау мұрат емес. Адам қанша жасаса да, алжымай өлуі керек. Елге күлкі болып жүргеннің несі қызық? – дегенді көп айтушы еді.
Тағдыр оның сол тілегін қабылдағандай болды. Жасының едәуір ұлғайғандығына қарамастан Ғабең әлі тың, сөзінен, ісінен, жүріс-тұрысынан жаңылмаған қалпында өмірден өтті.
Жайшылықта сөзге сараң адам өзімсінген достарымен ылғи әзілдесіп отыруды жақсы көруші еді. Кейде бір ұзағырақ хабарласпай кетсек, ол кісі телефон соғар еді:
– Әй, сен ана Жұбанның айтып жүргенін естідің бе?
– Не депті?
– Сені сараң боп кетті. Үйінен су ауыз тигізбейтін болды деп жүр ғой...
Бұдан біз оның келгісі, көргісі келетінін сезуші ек. Кейде Жұбанға солай телефон соғады.
– Сен жөнінде Серік пен Әлия жағымсыз бір әңгімелер айтып жүр ғой, – деп бастайды оған сөзін.
Үйі алыс және жалғызілікті болғандықтан, Зейнел келе алмай, Ғабекеңнің қонаққа жалғыз келетін кездері болады. Ондайда қонақжай үй иелері Зекеңнің сыбағасын ала кетуді өтінеді. Біздің үйдегі келіні Әлия осыны айтқанда, мен қасақана:
– Ой, үлкен кісі түйіншек ұстап жүре ме, ұят болады ғой, – дейтінмін. Маған қарсы Ғабекең де дүрсе қоя беретін:
– Өй, сенің нең бар әйелдердің шаруасына араласып?!
«Кейде сондай әкелген сыбағаны екеулеп жеп отырып, «осы сенің бармағаныңнан ұтылған жоқпыз-ау», – деп күлетін еді, – дейді Зекең.
Сыйласқан ағамызбен солай әзілдесіп жүретін кездеріміз көп болатын. Әсіресе, ол карта ойыны үстінде тым сөйлеуік еді. Жайшылықта көп сөйлемейтін адам біздерді қағытып, қажап отыратын.
Карта үстінде көп әзілдесіп, қажасатын адамы – Ғабит болатын. Бірде Ғабит «мизер ойнаймын» десе, Ғабиден «тоғыз ойнаймын», – деп ойын басып алыпты. Бірақ жерден карта шықпайды. Соған қарамастан, Ғабиден онға ойнады. Ғабит қорқып, картасын тастай береді. Сөйтсе, Ғабиден қолындағы сегіз картамен он ойнап, Ғабитті алдап кетеді. Картасын ашып көрсетіп, Ғабитті мазақ қылады.
Бірде Жұбан екеумізге осы мінезін қайталамақ болғаны бар. Оны сезіп қойып, біз ұстап алдық. Сонда:
– Екеуіңді де Ғабитке ұқсайтын деп едім, – деп күлген.
Ғабит пен Ғабиденнің құрдастығы, жарастықты әзіл-қалжыңы жұрттың бәріне мәлім. Біз соның бірқатарының куәсі де болдық. Бұл қазақтың құрдастық әзілдерін этнографиялық зерттеуге көп материал берер еді. Ол ылғи Ғабиттің бойынан, ісінен бір кемшілік тауып отыруга құмар болатын, соны күлкіге айналдыратын.
Алпысыншы жылдардың бас кезінде Ғабит үйінде бір отырғанымыз есімде. Құсни қайтыс болып, Ғабеңнің Рая Мұхамедияроваға үйленген кезі. Жаңа түскен келіншек сірестіріп тұрып стол жасапты. Арақ-шараптың да неше түрі тұр. Ғабекең стол жанына келіп, оның үстіндегі жасауға қарап тұрды. Оның бірдеме іздеп тұрғаны ондайда бірден белгілі еді. Бір кезде кіріп келе жатқан Раяның алдын бөгей:
– Лимонад бар ма? – деді.
Рая сасып қалды.
– Ағай, лимонад алған жоқ едік...
– Бұл иттің үйінде ең аяғы лимонад та жоқ! – деді Ғабекең.
Бір жолы Қарғалыдағы Ғабиден дачасында бір сөздің ретін келтіріп, Ғабит Ғабиденге:
– ...нетейін! – деп қалды.
– Әй, қолыңнан келмейтін істі несіне ауызға аласың? – деді қарсы дау айта Ғабиден.
– Неге қолымнан келмейді? Қолымнан келмесе, анау не? – деп Ғабит Раяға қарады. Сірә, Раядан туған қыздарын да еске алды-ау деймін.
– Ой, ол – жас адам. Үстіне шыбын қонса да, бала көтереді. Ал, сен қолыңнан келсе, менің кемпіріме бала тапқызшы!
Жұрттың бәрі ду күлді.
Алпысыншы жылдары екі құрдас демалыс күндері тау арасы биіктік жасайды деп, қырға, далаға қарай шығып демалып қайтуды әдетке айналдырып жүрді. Көбіне Талдықорған жолымен барып, Дмитриевка селосының арғы жағасындағы өзен жағасына (қазір ол жер су қоймасына айналып кетті) тоқтайтын. Ылғи мол, шөбі қалың, өзені қасында ағып жатқан осы бір алқап жаздың ыстық күндерінде демалуға әбден қолайлы жер болатын. Әйелдер ас қамдап, еркектер ойын-әзілді кәсіп қылып, далада бой жазып қайтатынбыз.
Бір жолы Жазушылар одағының «Зимі» және бір машинамен солай қарай бет алдық. Әйелдер екінші машинада. Еркектер «Зимде». Машина іші кең, жол едәуір ұзақ боған соң жігіттер картаны ермек етуге кірісті. Ғабиттің аяғында жаңа сатып алған туфлиі бар екен, аяғын аздап қысқан соң шешіп отырды. Ғабиден білдірмей оның біреуін аяғымен сырғытып өзіне тартып алды да, машина есігін ақырын ашып түсіріп кетті. Ғабит оны машина тоқтаған жерде бір-ақ жоқтап, шөптесін үстінде жалаңаяқ жүре алмай, отырды да қалды.
Ғабиденді боқтап жүр, бірақ құрдасы ештеме мойындаған жоқ. Ақыры жүргізушіні жіберіп, Дмитриевка селосынан аяққа ілуге жарарлық басқа бір аяқ киім алдырып қайттық.
Келесі жексенбіде тағы да сол араға бардық. Ұзақ отырып қалып, бой жазып, суға түсуге барып ек, Ғабит асығыс-үсігіс киініп тұра жөнелді.
– Ал, анау бірдеме бүлдіруге кетті, – деді Ғабиден.
Артынан біз де қайттық. Келсек, Ғабиденнің пиджагін тығып тастапты. Ғабиден Ғабиттің жерде жатқан көзілдіріктерін жинап салып алды. Анау көзілдірігін сұраса, мынау пиджагін тауып беруін тілейді. Бірақ Ғабит қай ағаштың түбіне тыққанынан адасып қалып, пиджакты таба алмады. Бәріміз де қарадық, ақыры пиджакты тастап қайттық.
Ғабиденнің ағалық, адамгершілік сипаттарын оның семьясы, ондағы жарастықты өмірі, жолдасы Зейнелмен ұзақ жылдарғы сыйластық, татулығы әрқашан толықтырып тұратын. Зейнел де аралас ағайын-туысқа, қаламгер құрбы-құрдасқа, інілеріне мейірімді, қадірлі ана бола білді. Ғабиден екеуі өзара әзілдесіп, күлісіп отыратын. Осы мінездері бұл семьяны жұртқа жарастықты етіп көрсетті.
Ертеректе (ол кезде Ғабиден семьясы қалада тұратын) кешке қарай сол үйге әлдеқалай соққаным бар. Барсам, алакөлеңкеде, қараңғы кабинетінде Ғабекең диван үстінде жатыр екен. Мен кіріп, кабинетке шам жақтым. Ғабекең басын көтерді.
– Қараңғы бөлмеде неғып жатырсыз?
– Бұл әйел халқы сын көтермейді екен! – деді Ғабиден маған жауап беру орнына, бір әңгімені бастап.
– Не боп қалды? – деп мен де дегбірсіздендім.
– Үнемі жұмыс істей бермейсің. Жалғыз отыра беру де қиын. Содан ас бөлмеге кіріп, Зейнелдің не істеп жатқанын көріп, сандықтың үстіне қисайдым (сол үйдің ас бөлмесінде үлкен бір сандық болатын). Қарап жатқан адам оны-мұны көрмей жата ала ма? «Ананы былай неге жасамайсың?», – деуім-ақ мұң екен, «сенің кабинетіңдегі қағазыңа мен араласпаймын ғой, менің ас бөлмемде нең бар?», – деп Зейнел мені қуып шықты, – деп шағынды ағай.
Екеуіміз шәй ішуге ас бөлмеге қайта кірдік. «Жаңа ғана ағаңды қуып шығып ем» деп Зекең әңгімені қайталап айтып шықты. Біраз күлдік. Ұлғайған адамдардың күлкілі мінездері көп болады ғой. Кейде маңдайына көтеріп қойған көзілдірігін іздеп әуре болады, кейде істеп жатқан ісін аяқтамай, екінші бірдемеге ауысып алданады, ұмытшақтық та жиі жаңылыстырады. Ғабиден мен Зейнел үй ішінде бірінің осындай мінезін бірі әзілге айналдырып, үй ішін күлкіге толтырып отырушы еді. Біз барғанда бірінің күлкілі ісін бірі айтып мәз болысатын. Кейінгі жылдары Ғабиден күлкіге тым құмар болды. Оның өзі өмірге деген құштарлықтан туған еді. Күлкінің адам жасын ұзартатыны жайында оқығандарын, ұлы адамдардың өмірінен алынған үлгілерді ол ылғи әңгіме етіп отыратын.
Ғабиден творчествосын өлеңнен, газетке ұзақ хат-хабарламалар, әңгімелер жазудан бастаған жазушы. Менің ескі газеттерді қарап жүріп, Ғабиденнің бір-екі өлеңіне тап болғаным бар. Көшіріп әкеліп, өзіне көрсеткенімде:
– Сен де қайдағы бірдемені тауып алғыш екенсің, – деп күліп теріс айналған.
Асылы, Ғабиден қолынан келмеске ұмтылмайтын, ал келген нәрсені ұқыпты жасайтын, өмірге шындық шеңберінен шықпай қарайтын нағыз реалист адам болатын. Ол өлеңнің биік өнер екенін білетін де өзінің ертерек жазған өлендеріне көңілі толмайтын. Сондықтан, оны жасыратын. Ал, кейін соғыс кезінде «Жас қазақ» әнінің текстін майданда, басқа өлең жазар ақын жоқтықтан, уақытгың қажет етуімен жазғанын айтатын. Содан ба, кейінгі жастар Ғабиденді өлең жазбаған адам деп түсінеді.
Ғабиден есімі соғыстан кейінгі дәуірде, әсіресе, «Шығанақ» пен «Миллионер» шыққан кездерден бастап қазақ әдебиеті шеңберінен шығып, одақтық көлемде кең тарады. «Шығанақ» та, «Миллионер» де, «Қарағанды» да шетел тілдеріне көп аударылды. А.Фадеев Ғабиден романдарын шетелдерге мақтады. Сол бір тұста орыс оқушылары үшін Ғабиден Мұхтар Әуезовтен кейінгі есімі кең жайылған қазақ жазушысы болды. Бірақ ол сол кездегі Қазақстан басшылығы тарапынан қолдау көрмеді. СССР Жазушылар одағының Ғабиден романдарына СССР мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі екі ұсынысын да біздің Орталық Комитет қолдамай алдырып тастады. «Әуезов жаман, Мұқанов жаман, Мұстафин жаман. Мен Шаяхметов жолдасқа түсінбеймін, – депті Фадеев жазушымен әңгімесінде. Ғабиденнің жұлдызы 1954 жылы П.К.Пономоренко келгеннен кейін ғана жанды. Сол жылы ол Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының председателі болып сайланды, депутаттыққа, Орталық Комитетке мүшелікке өтті.
Бірақ жолында көп бөгеттер, жабылған жала, жазылған арыздар болды. Ондайларды жанында жүрген «достары» ұйымдастырды.
Мінезі кең, ұстамды Ғабиден сол «достарына» өле-өлгенше сыр бермеген күйінде өтті. Ешкімге шағынған жоқ. Өмірдің күрделілігін жақсы түсінетін, оның ойы-қырын көрген жазушы өзіне тән көреген, дана мінезімен басына түскен жайларды сабырмен қабылдады. Болған кезінде аспады, болмаған кезінде саспады. Жай өмірінің өзінде күйіп-пісу, асығыс сөйлеу немесе шапшаң шешім қабылдау дегенге ол бармайтын еді. Ернін жымырып, ыңыранып қойып, ойланып отырып қалатын. Бір-екі ауыз сөзбен ғана шешімін айтатын. Көп сөзге жоқ-ты. Оның кеңдігі мен мінезділігіне қайран қалушы едік. Жарықтық-ай, карта ойнап жүрген кездерімізде күні бойы қолы жүрмей титықтаған тұстарының өзінде сыр бермей ойыны-ойын, әзілі-әзіл, күлкісі-күлкі боп отыра беретін. Қара шал ондайда күйіп-пісіп қалатын. Бұл оны әзілге айналдыратын.
Ғабиденді біз, сүйген халқы, қаламдас дос-бауырлары әдеби еңбектеріне қоса, осы мінездері үшін жақсы көруші едік.
qazaquni.kz