Азамат Тасқараұлы - АҒА немесе ЖАЛҒЫЗДЫҚ ТУРАЛЫ СӨЗ
2017 ж. 26 ақпан
4515
2
"Менің өмірімде жалғыз гений бар, ол - Пастернак!". Орыс поэзиясының "бас архитекторы" Андрей Вознесенскийдің бұл пікірін біреу білсе, біреу білмес. Бұл библиографияға тәуелді болу керек деген сөз емес. Бірақ, өзіңді қалыптастыруға мемуарлық білімнің де қосары көп.
[caption id="attachment_65447" align="alignleft" width="395"] Андрей Вознесенский Н. Хрущевтің алдында өлең оқып тұр[/caption]Тас-төбесіне Хрущевтің жұдырығы төнсе де өлеңі мен өзіне адал болған Вознесенский Нобель сыйлығынан бас тартқан жалғыз орыс ақыны екенін де білмейтін шығарсыз...
"Я голос тераю" - дейді бір өлеңінде. Лық толған стадиондарда жалындап жыр оқыған ақынның күйініші ғой.
Мейірхан Ақдәулет бір сұхбатында "Бізде Вознесенский секілді кемінде он ақын бар" деп еді. Бұл төл әдебиетке деген үлкен үміттен шыққан сөз-ау. Онын қайдам, бірін мен білетін секілдімін.
Мені Вознесенскиймен таныстырған да сол еді. "Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады" - деп басталатын ұлы Мәдидің қайғылы әнін естіген сайын да сол ақын ойыма оралады. Серік Ақсұңқарұлы. Серағам!
[caption id="attachment_65446" align="aligncenter" width="520"] Серік Ақсұңқарұлы[/caption]"Орта сондай..." дегенді қынжылыспен, кекпен айтатын адам аз-ау. Бірақ, қуаты Вознесенскийді он орайтын ағам дұрыс насихатталғанда бұл мақаланы мен жазбас пе едім. Бұл мақаланы өзге елдің өрені бұдан да артық қылып жазар ме еді?..
Менің бұл екі ақынды қатар атауым да тегін емес. Ағаның Вознесенскийге деген ерекше сыйластығына сүйсінемін. Ақынның ақынға деген көзқарасы, тілегі, ниеті осындай болу керек шығар деп ойлаймын әрдайым.
[caption id="attachment_65444" align="alignright" width="344"] Эрнест Хэмингуэй[/caption]Әдебиетте мұндай достық аз болса да, бар! Әйгілі Хэмингуэй мен Ирландияның ұлы жазушысы Джойстың достығы туралы білесіз бе? Бұл туралы талай естелікті оқыдық, Джойстың сүйікті ісі - төбелесу. Әсіресе, Хэмингуэй екеуі сыралатып жүргенде Джойстың төбелесуге деген құштарлығы ерекше артатын ұқсайды.
Денсаулығы мықты болмаса да жұдырығын ала жүгіретін Джойс төбелесті бастауын бастайды, алайда қанды қырғында досының намысын Хэмингуэй қорғайды екен. Хэмингуэйдің жұдырығы тигенді сұлатып түсіретіні бұл күндері нақты дерекпен дәлелденген.
Бұларды кім түсініпті, Андрей мен Серағамның арасында не тылсым барын кім білсін, бірақ, ағасындай-ақ құрметтейді енді.
Қай жылы екені есімде жоқ, Өскеменде тұратын кезім. Айлығым түскенде кітап дүкеніне баратын әдетім бар. Бірде дүкеннен Вознесенскийдің кітабын сатып алып, ағама телефон шалдым.
- Аға, Вознесенскийдің кітабын сатып алдым. Кілең жаңа өлеңдері екен. Сіз оқымағансыз бұларды.
- Қойш, мен оқымағаны жоқ шығар. Жіберші маған.
Біз де бір жүрген қияли, ішіндегі өлеңдері 70-шы жылдың өнімі екенін білемін ғой. Оның алдында бір-екі рет телефон шалғанымда ағаның дауысы біртүрлі мұңлы естілді. Көңілсіздеу көрінді. Содан кейінгі қу інінің алқауы да... Байтақ Қазақстанда бір қаладан бір қалаға автобус арқылы кітап жіберіп жүрген ақын демей-ақ қояйын, адам көрдіңдер ме?!.
Менің ерекше ілтипатпен ойлап жүретін санаулы ағамның бірі ғой. Әрине, пәлен-пәштүген әңгімені жаны сүйетіндер бұл жазғанымды өздерінше түсінуге түрлі себеп іздеп табар. Оған күмәніміз жоқ. Мәселен, кезінде "Қазақ әдебиеті" газетіне Серағамның "Азамат Тасқараұлы - қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған құбылыс" деп сұхбат бергені біреулерге әлі күнге дейін жаңалық.
Бірде есімі таныс емес бір мықтым хат жазып жіберді маған. "Сондағы Мариямның айтқан сөзі": Серік Ақсұңқарұлы сізді қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған құбылыс деп атады, сіз соны білесіз бе?..
- Қап-ай, ә. Тағы он шақты жау таптым-ау, - деп жазып жібердім хат иесіне.
Басқа не деймін?..
Жау демекші. Ағаның тағы бір үлкен ағалығын айтайын. "Жусан Қыз" деген тұңғыш кітабым жарық көрді. Содан Астанада тұсаукесері өтті. Бардым.
"Думан" қонақүйіне тоқтадық. Содан, фойеде келе жатсам Серағам біреумен сөйлесіп тұр. Жүгіріп барып сәлем бердім. Жанында тұрған адамға айтып жатыр: "Мынау Азамат Тасқара деген ақын, бұның жасы 45-те...", - деп. Екеуара әңгіме таусылғасын, ағам "жүрші былай" деп жеке алып кетті.
- Сенің жауың масқара көп екен. Өте сақ болғайсың. Ешкімге сырыңды айтпа. Жалғыз жүр. Ақын деген жалғыз жорту керек, - деп барып бөгеліп қалды. Біраз ойланып, бір күрсініп барып, - Мен ертең тұсаукесерде сені әдейі сынаймын. Сен ренжімейсің! - деді.
Төбеме жай түскендей болды. Іштей мүжіліп қалдым. "Адам деген айтпай сынаушы еді. Ескертіп барып, сынағаны қалай? Ешкімге, тіпті маған да сенбе дегені ме?" - ойым онға бөлінді.
Ертесінде ел алдында сынады да. Залдың іші мыш-мыш әңгіме. Күбір-күбір. Тісімді қарш-құрш етіп мен отырмын.
Ағаның сондағы үлкен ағалығын кейін түсіндік қой. Әсілі, бұл сын емес, бұл сақтандыру, қорғау еді. Бүркіт өз балапанын өзгеге жем болсын деп ұядан тастай салмаса керек-ті. Жоғарыда өзі айтқан көп жаудың тіл-көзінен сақтағысы келгені де.
Әйтпесе, тас-талқан ғып сынаған адам, ертесін кітабын сыйлап, кітабына "Алаш деген - Ұлы ағзам, Азаматым - Мағжан айтқан Граждан!!!" деп қолтаңба жазып береді ме? Мені Мағжанның баласына, өзінің баласына теңеген сол сәті есіме түскен сайын жон-арқам шымыр ете қалады.
"Алдияр біткеннің алдында, Айдаһардай айбарланып сөйлейтін" ағалардан үйренеріміз көп қой.
- Ағаңның мінезі сұмдық қой, - деді тағы бірде жолыққанымызда. Бұл да ақында аласұрған мінез, көктектілік болуы керек дегені де.
Сол тұйықтау, жабайы мінезден бе екен, көп адаммен ішек-қарынымыз араласа қоймайды. Бірақ, осы қазақ әдебиетінде есімі алтын әріппен жазылып қалады-ау деген тұлғалардың жақсылығы мен тәлімін көріп келеміз. Әрқайсысынан өзіңе керегін аласың.
Кімге қалай екенін білмеймін, маған келгенде ағам жалғыздықты көп айтады.
- Сақ жүргейсің. Ешкімге сенбе. Әсіресе, мақтайтындарға. Сыртыңнан пышақ салып кетеді. Ақын - жалғыз. Қалғаны - тобыр...
Кейде сол жалғыздықтың ауыр екенін айтқың келеді. Айтасаң - "жекіп" тастайды-ау. "Жекігеннен" бұрын, өзіңді кешірмейсің ғой.
Маңдайы ашық халықпыз ғой. Бірақ, ақындардың маңдайға сыймайтынына қайран қаламын. Әйтпесе, ақсақалмен тете жастағы Ақсұңқарұлының Мемсыйлықты алмауы сізді білмеймін, ал, менің ақылыма қонбайды. Жоғарыда айтқан Вознесенскиіміз Ресейдің Мемсыйлығын 45-де алып қойған еді. Мемсыйлық демекші, баяғыда ақын ағам Сұраған Рахметұлына бір өлеңімді жіберіп ем, артынша "Мұндай бір өлең үшін ғана Қытайда Мемлекеттік сыйлық алған ақындар болған" - деп қалжыңдағаны бар еді. Ұяттың қандай қуатты дүние екенін сонда білдік қой. Көршілес Ресейдің мәдениеті ол жағынан бізден әлдеқайда әділетті екенін, өкінішпен, мойындауымыз керек. Лайықты ма, береді. Ал, бізде ақсақал жасына келгендердің өзін "кезегі" келмесе тізімге қоспайды ғой.
[caption id="" align="alignleft" width="191"] Тыныштықбек Әбдікәкімұлы[/caption]Бірде осы Фейсбукте Серағам мен Тыныштықбек ағам әлдебір мәселе бойынша қызу пікірталас ұйымдастырып, әзілдесіп, бір-біріне комментарийді қарша боратып жатыр екен. Тыныш ағама "Пікірлесіп жатқандарыңызға бір сағат болды ғой" деп жазып жіберіп ем, "Бұнда сенің бүкіл өміріңе жетерлік азық бар" деп жауап бергені...
Менің жазғаным да сол, қасымда жүрген бауырлар ой түйсе деген ниет еді. "Қолда барда алтынның қадірі жоқ" деп сан соғып қалу ең оңай іс.
Айтарым тәмам болған секілді. Күні бойы күйкі тірліктің күйбеңімен жүріп жазуға қол тимейді. Осындай жеті қараңғы түнде жазбаса...
Уақытқа қарасам түнгі 3-тен асып кетіпті. Айтпақшы, әлгі Вознесенскийдің тағы бір өлеңі есіме түсіп отыр.
"В окошках свет погас, умолкнул пустобрёх. Пошёл мой лучший час — от трёх до четырёх.
Люблю я в три проснуться, в душе — переполох, Конфуция коснуться и спать без задних ног".
Өзінің жұмыс істеуге арналған сүйікті уақыты ғой - түнгі 3 пен 4-тің арасы.
Ағаның маған жазған хаттарын парақтап отырмын. Соңғы рет "Хабарласып тұрғайсың. Сен менің жүрегімнің төріндесің ғой..." деп жазған екен.
Хабарласып тұрамын ғой, аға!
Хабарласып тұрамын...
Құрметпен,
Азамат - Гражданыңыз...
Азамат Тасқараұлы,
Фейсбук парақшасынан