Ғалым Жайлыбай қандай ақын?!
2017 ж. 23 ақпан
8887
1
[caption id="attachment_65324" align="aligncenter" width="504"] Ғалым Жайлыбай[/caption]Ғалымның қай өлеңiн оқысаң да халық әнiн естiп, соның әуенiне елтiп отырғандай күй кешесiң. Әр өлеңi халық әнiндей қарапайым, табиғи, жатық.
Қасиеттi кiтаптарда адам баласының топырақтан жаралғаны хақында тектен-текке айтылмаған. Тарихтың небiр өткелегiнен өтiп, бүгiнде homosapiensке айналған адамзат қауымдастығының айтулы бiр өкiлi Ақынның да поэтикалық болмыс-бiтiмi де сол жарық жалғанға шыр етiп түскен топырағынан бастау алады. Топырақ – ақынның төркiн жұрты. Ұлты – алпыс алты тамыры, жұлын-жүйесi, жан жүрегi. Мына жарық дүниеде ұлт пен ұлысқа ақыннан етене жақын ешкiмнiң болмайтыны сондықтан. Алысқа ат шалдырмай-ақ, он бесiншi ғасырдағы қазақтың жыраулар поэзиясын алыңыз: арада алты ғасыр өтсе де, неге ол осы күнге дейiн дүниежүзiлiк поэзияның шедевр үлгiсi қатарында тұр? Одан сол кездегi көшпелiлер өркениетiнiң ешбiр елге ұқсай қоймайтын көркем ойлау жүйесi көзге ұрады. Ол сонысымен ерекше, өнердегi қайталанбайтын ғажайып құбылыстардың қатарын түзейдi. Оны басқа тiлге тәржiмалап, одан түпнұсқадан алатын рухани ләззатқа кенелу, мүлде, мүмкiн емес. Топырақтың киесi деген – осы.
Поэзия – ұлт рухының шырқау биiкке көтерiлiп, шиыршық атқан тұсы! Басқа түк те емес! Ақын туған топырақтың адамзат туған топырақпен егiле, емiрене табысар бiр сәтi ғана! Ғалым Жайлыбайдың жыр кiтаптары ақынның кiндiк қаны тамған топырақтың киесi қандай, иесiнiң кiм екенiн дүниеге паш етiп танытатын осы заманғы поэзиясының озық бiр дүниесi: “Белiм шықпай жатқанда бесiкте мен, Керуен соққан кездерден көшiптi өлең. Астанада, ақпанда, ақ боранда, Аппақ-аппақ түстердi кешiп келем. Ақпан әнi, Астана, көшеңде кең, Ақ боранды аппақ нұр десем бе екен? Ел қондырған Есiлдiң жағасында, Есiл де, есiл, есiл жұрт десем бе екен? Барысқа да ұмтылар, бақанды алып, Қазақ деген – нар халық, атан халық. Ұтылмаса жарады, жұтылмаса – Жалмауыздың аузында жаһанданып?! Тиер жерге мың тиiп мына маңдай, Сыңар арман сыңсиды сыналанбай. Құйқылжытқым келiп тұр қыстың әнiн, Құстың әнiн жырлаған Тұмағаңдай. Үмiтiңнiң үрлетiп үр шырайын, Нұр сұрайын саған кеп, жыршы қайың. Айтулы ағам Айтұлы секiлденiп, Бәйтеректiң басына бiр шығайын. Айдындардай жағада кеме қашқан, Ортаймайын... көзiмде – көне дастан. Қара өлеңнiң қазанын қайнатайын, “Қара өткелде ақын жоқ менен асқан!” Қара өлеңнiң қазаны қайнағасын, Астананың әз жұртын айналасың. Ақпан киiп кiрер ем Ақ ордаға, Онда менi күтедi қай нағашым?.. Есiл жұртта тосайын арысымды, Есiлге әкеп қосайын ағысымды. Ақ дүниеге сыйлайды ақын бақыт, Жақындатып кетейiн ағысымды. Қоңсы қонғым келедi... қосұдай жыр, Тоңған шығар жолымды тосып Ай-нұр. Астанада, ақпанда, ақ боранда, Өлеңдетiп қояйын осылай бiр....”
Ғалымның лирикалық қуаты қандай болса, эпикалық қарымы да соған жетеғабыл, тiптi одан да артылып жататынын “Ақ сиса”, “Киiк қашқан”, “Бiрегейдiң қызылы”, “Қара орамал” поэмаларынан анық көруге болады. Оларда сөздiң салмағынан гөрi ойдың салмағы ауыр. Интимдiк лирикасын азаматтық лирикасындай, азаматтық лирикасын интимдiк лирикасындай жазатын ақын дастандарында да қазақтың атойлаған асқақ рухы алдымыздан шығады да отырады.
Ғалым жырларын парақтаған сайын ерлiктi – айқайға, идеяны – ұранға, жүректiң лүпiлiн – өкпенiң алқынысына жеңдiрмейтiн Ғалымға ғана тән хас шеберлiкке тәнтi боласың. Постмодернистiк ағымды бетке алған кейiнгi толқын өлең техникасындағы өзгерiстер оны миллиметр, сантиметрлеп қана алға оздырса, өлеңдегi адам рухының алай-дүлей аласапыран сәттерi оны бiрнеше шақырымдарға шырқатып, шығандатып әкететiнiн осы ақынның шығармашылығынан шырамытар едi.
Поэзия дегенiмiз – Рух! “Жаныңды жан қала ма жан ұққанша, Зарымды жырға айтайын зарыққанша. Көктемдi Көкше қырда билетейiн, Қонғаның өлең шiркiн, анық болса. Арманның арғымағын төске өрлеткен, Өлеңiм өзектегi өшкендi өпкен. Көгертiп кеттi ме екен көңiлiңдi, Көкшеден көкжиекке көшкен көктем? Көңiлiм көктем туса көк тiрептi, Оранған ормандарым отты лептi. Бұл даумен жүрген кезде бұлалықты, Бiр дәурен басымыздан өттi-кеттi. Бiр дәурен өттi-кеттi мына бастан, Сыр ашып, сырнай тартып... сынамастан... Жырыма жыр қосады жылымық күн, Мұңыма мұң қосады мұнар аспан. Көңiлдiң көктем туса сенде алаңы. Сенделдiм сергелдең ғып ен даланы. Көгiңнен көктем есiп көгердiң бе, Керiлген Көкше қырдың кер маралы? Бiр әндi Бiржанша айтып дүркiреген, Бұланды бұлтыменен бiр түнеген. Көктемдi Көкше қырдан көгертейiн, Қонғаның анық болса, шiркiн, өлең...”.
“Жүректiң соғысы – физиология, ал жүректiң не қуаныштан, не үрейден барып бас алатын лүпiлi – эстетика, өнер – өмiрге бергiсiз қайран сөз” – деген аузы дуалы Асқар Сүлейменовтiң сөзi осындайда еске түседi екен. Мұқағалидың “Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта...” – дейтiнi содан. Бiздiң буын осыны өзiне Темiрқазық етiп ұстана бiлдi. Ендi бiздiң соңымыздан келе жатқан жас өркен сол жұлдыздың жарығынан көз жазып қалмаса болды...
Ғалымның “Түрiкменнiң төрiнде” атты жырларын тебiренбей, емiренбей оқи алмайсың. Түбi бiр түрiкменнiң Гүлрайхан атты ару қызын көрген ақын парсының Шаганэсiн көрген Сергей Есенинше толғанады. Ақын ұлтының ғана емес, адамзаттың ұлылығы мен сұлулығының қызғыш құсына айналғанда кемелiне келедi. Қазақ оны басқалардан ерте сезiнiп, бұрын аңғарған. Абай “Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп” – деген. Ғалымның түрiкмен жырларын оқығанда махаббат пен ғаделет сезiмге кенелген шайырдың шығармашылықтың шырқау шыңына жеткенiне көзiң жетiп, көңiлiң қанығады: “Ташауызда талшыбықтай Гүлрайхан, Жан сырымды сiзге деген кiмге айтам? Тереңiнде тербететiн тектi қыз, Жанарыма жарық сыйлай кеттiңiз. Iзгiлiктiң iзiндейсiң, Гүлрайхан, Үзiлесiң... үзiлмейсiң Гүлрайхан, Сенi көрген бағым– ерен, Гүлрайхан, Ташауызға тағы келем, Гүлрайхан! Көңiлi аппақ, дидары аппақ, тiсi аппақ, Түрiкменнiң болашағын құшақтап, Талшыбықтай ырғаласың, Гүлрайхан, Бағы ашылар бiр баласың, Гүлрайхан! Көйлегiңдi кестелеген қай шебер, Қабақ шытсаң жұлдыз ағып, Ай сөнер? Ақ жүзiңнен қарай көрдiм Гүлрайхан, Топ iшiнен қалай көрдiм, Гүлрайхан? Уылжыдың, үлбiредiң, Гүлрайхан, Жетер ендi, бүлдiремiн, Гүлрайхан! Сенi көрген бағым – ерен, Гүлрайхан, Ташауызға тағы келем, Гүлрайхан!”
Қыз Жiбек, Құртқа, Баян сұлулары бар қазақ жырының галереясына Ғалым Жайлыбай түрiкменнiң Гүлрайханын алып келдi. Қазақ жырының ырғағына ұқсай қоймайтын Мақтымқұлдың әуенiне салып келдi! Ұлтты да, жұртты да жаратқан – Құдай! Әрбiр ұлт өзiнiң сұлулығымен, ұлылығымен ерек! Бiр жұртты екiншi бiр жұрттың құлдануға қақысы жоқ. Бiр-бiрiн сүюi керек. Бiр-бiрiнiң қасiретiне күюi керек-тi. Жұмыр басты пенде ғана емес, iргелi мемлекеттер де сол Абай айтқан Алланың хикметiн сезiнетiн заманға келiп тұр. Ғалым Жайлыбай түрiкмен жырларында осыны жерiне жеткiзе жырлайды. Оның ақындық, азаматтық кредосының мықтылығы, мiне, осында!
Ақынның паспорты – азаматтық лирикасы. Қазiргi қарақұрттай қаптаған өлеңшiлердiң бәрiне тән осалдық – азамат болмай жатып, ақын болсам деп арамтер болып жүргендiгi. Арғы-бергi классикалық әдебиетке жүгiрте көз салсаңыз, адамзатты алаң ойға салып, махаббат пен әдiлет сезiмi төрткүл дүниенi тебiренткен небiр iрi-iрi тұлғалар алдыңыздан шығады: Гомер, Гете, Пушкин, Абай, Достоевский, Мағжан, Қасым, Мұқағали... Қу қарақан басының ойы мен мұңын “жырлайтын” ұсақ-түйек пенде Әдебиет дейтұғын Әлемдiк Рентген алдында кеудесiн ашып тұруға тиiс емес! Тұрса, күйкiлiгi көрiнiп қалады...
Кейiнгi кезде азаматтық лириканы құрғақ публицистика деп ойлап, оған мұрын шүйiре қарау белең алып барады. Бұл күндердiң күнi әдебиеттiң қасиетiне емес, қасiретiне айнала ма деп қорқасың. Ал бiр қуанатынымыз, қазақтың тағдыр-таланы – Ғалым жырының алтын өзегiне айналған: “Айдарынан жел еспей кекiлдiнiң, Еңку шалды еңiске екiндi күн. “Протонның” уынан енесi өлген – Көлеңкеде жылайды жетiм құлын. Тамылжыса таң нұры кие көрген, Бiр-бiрiне, қос мұңлық, сүйенер ме ең? Жетiм құлын иесi – жесiр әйел, Өз-өзiне қол жұмсап, күйеуi өлген. Үмiт жiбi үзiлсе – үгiлер ең, Ғұмыр оның батпандай жүгiменен. Жетiм құлын қаңғиды әр аулада, Жесiр әйел жылайды түнiменен. Жалғыз жiпке байлаған – Тағдыр ұлы; Зымыранның зымыстан жаңғырығы. Жетiм құлын жетiлiп кетер болса, Сойып алмақ соғымға арғы жылы. Замананың соққанда жегi желi, Босағаның бос қалған желiлерi. Серiлерi ауылдың не бiледi? Осы сұрақ жанымды кемiредi. Сағыныштың сазындай – саған, далам. Хабар жетiп жатады әр арнадан. Көлеңкеде көз жасын көлдетiп тұр – Жетiм құлын – кекiлi таралмаған. Шаңырақ бұл – iндетке iрге түрген, Үзiлердей жетедi күнге түннен – Құлыныңды қаңғытпай қамасаңшы... – Кiнә iздейдi ағайын кiл жетiмнен. Аман шығу ақ таңға бас амалы, Оғы тиген тағдырдың тасадағы. ...Жесiр әйел сипаса маңдайынан, Жетiм құлын көзiнен жас ағады. Беу, қос мұңлық, жолыңда сортаң iз көп, Қай қиырға тұрады тартамыз деп, Кезек-кезек көз жасын сығады да, Тiрлiгiне кетедi талқан iздеп. Қайран ауыл, құшағын жайған Ана, Алладан нұр күтедi айдалада. Жетiм құлын жетiлiп – тарлан ашып, Арғымаққа бiлмеймiн, айнала ма? ...Еңку шалса еңiске екiндi күн, Шемен күйiн шертедi шетiн мұңын. Күн керуен соңында соры қайнаған – Жесiр әйел, жегi жел, жетiм құлын...”
Поэзия деген – адам рухының маңдайдағы пешененi тәрк қылып, Алла тағаланы бетке алып, атойлаған бiр сәтi! Қазақтың қара өлеңi – қазақтың халық әнiндей! Әлiмсақтан осылай болған, осылай бола бередi! Мұқағали дүниеден қайтқан бетте оның жырлары неге әнге айналып кеттi?! Бұл оның жырларындағы халықтық, ұлттық қасиеттiң молдығынан едi. Ең ұлы ақын — Халық! Мына дүниедегi ұлыс, ұлт, халық атаулы бiрi-бiрiнен қалайша бөлек, ерек, бiртуар болса, бiр-бiрiне солайша етене, егiз қозыдай ұқсас келедi. Орыстың ұлы ақындары Пушкин, Есенин, Пастернак, Евтушенколардың өлеңдерi әнге айналып кеткелi қашан? Оларды оқығанда құлағыңа сыңсыған орыс орманының орасан шексiздiгi мен запыран зар мұңы, күңiренген күрсiнiсi құлаққа шалынып, өзектi өртейдi. Бiздiң Ғалым Жайлыбайдың жырлары да осылармен рухтас, одан қазақ даласының дара кескiн-келбетi, қазақ халқының ұзаққа созылған қайғы-қасiретi айқұлақтана көрiнiп, жусан, жуалы жасыл жайлауының иiсi аңқиды: Жүйткiсiн жүйрiк жырым Құлагердей, Көнерген көңiлiм бар құба белдей. Кешеден бүгiнгiге жеткен өлең – Қаз мойын қасиеттi құрама ердей. Шабыттың шалқып жанған шырағы өлмей, Бiлгенге бiздiң ғұмыр – бiр әлемдей. Несiне жыр қыласың деп ойлама, Тұныққан тұғырласым, – тұма көрмей...Сызылтып сыр айтайын мұрагердей, Сөзiмнiң арасынан сына бермей. Құла дүз құзғын қонар құзға айналса, Құлагер қайтедi ендi құлап өлмей?!”
Қазақ жырының саңқылдаған сұңқары Сәкеннiң Жаңаарқасында дүниеге келген Ғалым Жайлыбай қазақ өлеңiндегi “Кел, кедей, басың қос жалшымен,Байларды қойдай қу қамшымен” – дейтiн қара дүрсiн сарынды төрден қамшылап қуып шыққан қаракөктердiң қатарын түзейдi. Бiз “совет әдебиетi – социалистiк реализм” дейтiн елден келгенбiз. Қазақстан Жазушылар одағының Коммунистер даңғылы, №105 үйдегi ғимаратының есiгiнен ентiгiмiздi баса алмай кiргенде, осындай өлеңсымақтар төбемiзде ойран салып жүрген. Қайран Қасым жалғыз өзi жағасынан алып, кейiн Мұқағали, Қадыр, Тұманбай, Өтежан, Фаризалар бiраз сiлкiлеген бұл сiлiмтiктiң сiлiкпесiн шығарған осы Ғалымдар едi! Маралтай, Дәурен, Жарас, Бақытжан Алдиярларға қанатын қомдап, қияға самғау оңайлау болды. Бiзге қиын болған...
Қазаққа Тәңiрi мына дүниедегi игiлiктiң бәрiн берген. Алтайдан Атырауға дейiнгi ұлан-ғайыр аймақтың асты да – алтын, үстi де – алтын. Онда ғұмыр кешкен Алтын Киiмдi Ханзадалардың атының ер-тұрман, жүгенiне дейiн алтынға апталып, күмiске күптелген. Бұл – Адам ата, Хауа ана жаралғалы бiр-бiрiмен алтын үшiн арбасып, неше түрлi қырғын соғыстар жасаған былайғы адамзат нәсiлiнiң өңi түгiлi түсiне де кiрмейтiн дүние. “Аз сөз –алтын, көп сөз – көмiр” деп, ауызынан шыққан лебiзiнiң өзiн саф таза алтынға балайтын да осы жұрт. “Өлең – сөздiң патшасы, сөз сарасы” (Абай). Содан болар, қазақтың мандайына Құдай тағала жазған ырыс-құттың iшiндегi ең кереметi – қара өлеңi. Оның мына жарық жалғанда қай аттың үстi, қай түйенiң қомында, қандай дуалы ауыздан қалай түсе салғанын бiз әлi бiлмеймiз. Белгiлiсi – VII-VIII ғ.ғ. тасқа таңбаланған Тоныкөк, Күлтегiн, Бiлге Қағанның қаһармандық жырлары, Жүсiп Баласағұнның “Құтадғу бiлiгi”. Бұлар бiздiң елдiң жан-жүйесiн тебiрентiп, ет жүрегiн елжiретiп жатқанда, бүкiл Еуропада мұндай шедевр туындылар мен озық үлгiлер болмаған. Бұған халық эпосын қосыңыз. Одан Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағалилар шығады.Осыншама ұлы тұлғалар жайғасқан қазақ жырының төрiне шығу түгiлi, босағасынан сығалаудың өзi жұмыр басты пендеге қиямет қайыммен пара-пар дүние. Ананың құрсағынан жарық дүниеге келумен сол анаң, әкең, ата-бабаң жүрген ұлттың рухани айнасы Ұлы Мәртебелi Поэзиясына келу – жер бауырлаған пенде баласының соның тартылыс заңын талқандап бұзып, ғарышқа көтерiлгенiне ұқсас құбылыс. Әсiресе, дәстүрi берiк, тарихы терең, тұлғалары бiрiнен-бiрi өткен iрi, ұлттық бояуы мың құбылып, көздi арбап, көңiлдi алаң етiп, көкiректi көл-көсiр сезiмге бөлейтiн қазақ жырының қақпасын айқара ашудың азабы, тiптi бөлек.
Ғалымның қай өлеңiн оқысаң да халық әнiн естiп, соның әуенiне елтiп отырғандай күй кешесiң. Әр өлеңi халық әнiндей қарапайым, табиғи, жатық. Ғалым – Қасым жырымен қанаттанған қазақ поэзиясының ХХ ғасырдың 60-жылдардағы асқақ буынның дәстүрiн мықтап ұстанған ақын. Оның тұла бойына Тұманбайдың сыршыл нәзiк лиризмi мен Қадырдың биiк интеллектiсi, Жұмекеңнiң терең философиясы мен Өтежанның кең эпикалық сарыны, Мұқағалидың асқақ пафосы тоқайласа тоғысқан.
Қазiр қазақ жырында қара жолда туғандар мен тас жолда туғандардың аражiгi ашылып, ақ пен қарадай, бiр-бiрiнен ажырап, алшақтап барады. Дүниеге жалмауыздай қасқая қарап тұрған жаһандану кезеңi қазақ руханиятына қара пәледей бас салғалы тұр. Кейiнгi буында азаматтық лирикадан ат тонын ала қашып, бiздiң ұлтқа ,мүлде, жат абстракциялы дүниенiң аламанына ат қосып, сөзбен ойнау ойыны басталып кеттi. Қазақтың мақсат-мүддесi далада қалды! Қазақ өркениет өрiне жетiп, адамзат қауымдастығы ортасынан ойып орын ала ма, жоқ әлде Iбiр-Сiбiр жұрттары сынды адамзаттың жадынан iз-түзсiз құрып кете ме деген қатал сауал алдымыздан адырая қарап тұр. Қазақ жыры, қазақ әдебиетi осынау алмағайып заманда осы сұраққа жауап беруге тиiс-тi. Оның тарихи миссиясы – осы!
Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығы – сол сауалдың бiр жауабы, қазақтың бүгiн көркем ойлау жүйесiнiң шоқтығы биiк бiр үлгiсi.
Серiк Ақсұңқарұлы,
Дереккөз: Әдебиет порталы